§ 87-88. Қазақстанның геосаяси жағдайы

  • Оқу мақсаты:
    Қазақстан Республикасының геосаяси жағ­дайына кешенді баға беру.

   Сендер Қазақстан аймақтарының экономикалық дамуы әлеуетін (өз аймақтарыңның мысалында)     
   ​анықтауды үйренесіңдер.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымы

   1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес (1-бап) Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы демократиялық, құқықтық, біртұтас, зайырлы республика. Бірінші конституция 1993 жылдың қаңтарында қабылданды, 1995 жылдың тамыз айында ол жаңа конституциямен ауыс­тырылды. 1998 жылы оған түзетулер енгізілді.
   ​Қазақстан Конституциясы бойынша биліктің үш тәуелсіз тармағы (атқарушылық, заңнамалық және сот) бар демократиялық құқықтық біртұтас мемлекет. Парламент екі палаталы, Сенатқа 47 депутат, Мәжіліске 107 депутат сайланады.
   Сот ісін жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен​

белгіленген өзге де нысандары арқылы сот жүйесі жүзеге асырылады. Судьялар Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституция­лық заңға сәйкес сайланады немесе қызметке тағайындалады және тұрақты негізде өкілеттіктер беріледі (Конституцияның VII бөлімі). Конституциялық Кеңес сот билігіне қатыспай, Конституциялық Соттың функцияларын жүзеге асырады (Конституцияның VI бөлімі). Прокуратураға биліктің үш тармағының ешқайсысына қарамастан, мемлекеттік биліктің қадағалау органының функциялары берілген (Конституцияның 83-бабы). Атқарушы билікті президент Конституция­да көзделген тәртіппен құратын Үкімет жүзеге асырады (Конституцияның V бөлімі).

   2019 жылы 9-маусымда Қазақстанда алтыншы президент сайлауы өтті. Бұл сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Ол үшін рес­публика халқының 70-76%-ы дауыс берді. Бұл саяси оқиғаның алдында, 2019 ж. 19 наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми БАҚ арқылы мәлімдеме жасап, биліктен кететінін жариялады. Президент міндетінің орындалуы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысты, ол бұған дейін еліміздің Парламенті Сенатының төрағасы болатын. Президент МГИМО МИД түлегі, мамандығы – халықаралық заңгер. Үкімет басшысы премьер-министр Асқар Мамин (2019 жылғы 25 ақпаннан бастап).

   Қазақстанда ресми түрде 6 саяси партия тіркелген. Олар: «Нұр Отан» партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық- демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.

3. Әлеуметтік мәліметтер

   Қызмет көрсету саласы. Сауда кәсіпорындары халыққа тұтыну тауарларын сатады. Сауда жұмысының басты көрсеткіштері – оның көлемі (тауар айналымы) және құрылымы. Азық-түлік өнімдерінен адамдар ет, ұн және одан жасалған өнімдер, көгөніс, май, қант-кәмпит, ал азық-түлік емес өнімдерден киім, аяқкиім және тұрмыстық электр құралдарын сатып алуға көп ақша жұмсайды. Сауданың негізгі бөлігі (3/5) базарларға тиесілі. Елімізде шамамен 50 мың дүкен бар. Барлық тауардың жалпы көлемінің шамамен 2/5-сі Алматыда сатылады. Бұл – елдің басты сауда орталығы. Денсаулық сақтаудың басты орталықтары – Алматы (барлық дәрігерлердің 1/5), Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей қалалары. Алматы – еліміздің студенттері ең көп шоғырланған қаласы, мұнда елдегі 139 ЖОО-ның 45-і жұмыс істейді. Студенттер саны жағынан Шымкент, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Тараз қалалары да ерекшеленеді.
   ​Халықтың демалысын ұйымдастыру. Халықтың емделуіне арналған шипажайлар Сарыағаш, Алматы, Щучинск сияқты қалаларда салынған. Шаңғы тебу және альпинизм демалыс орындары Солтүстік және Батыс Тянь-Шань, Жетісу, Алатау, Алтай тауларында орналасқан. 

 Ал елдің шығысындағы – Алтай тауының Мұзтау шыңы, Көккөл сарқырамасы (50 метр, Қазақстандағы ең биік сарқырама) және Марқакөл көлі («Алтай інжуі») сияқты орындары демалушыларды өзіне тартады.
   ​Экономикалық қатынастар. Қазақстан – дүниежүзілік ұйымдардың мүшесі. Қазіргі уақытта Қазақстан Бүкіләлемдік қауымдастықтар мен ұйымдардың толыққанды мүшесі. Олармен қарым-қатынас халықаралық практикада қалыптасқан қағидаларға негізделген. Тәуелсіз Қазақстанды дүниежүзінің 115 елі таныды, 139 елмен дипломатиялық қатынастар орнатылды. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан мен Алматыда шет мемлекеттердің 70-ке жуық елшіліктері жұмыс істейді. Қазақстан, өз кезегінде, таяу және алыс шетелдердің көптеген елдерінде елшіліктер мен дипломатиялық өкілдіктер ашқан. Қазақстан БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), АЭХА (IAEA) (Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің), ТМД (Тәуелсіз мемлекеттер достастығы), ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы), ДДҰ (Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы), ЮНЕСКО , ЭСКАТО (БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы), ЮНЕП (БҰҰ- 

ның Айналадағы Орта Жөніндегі Бағдарламасы), ОЭР (Отын энергетикалық ресурстары), ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) сияқты халықаралық ұйымдардың тең құқылы мүшесі. Экономикалық және басқа да байланыстар орната отырып, Қазақстан нарықтық қатынастарға негізделген Дүниежүзілік экономикалық процеске қосылуға мүмкіндік алды. Кез келген фирма, мекеме мен жеке тұлға шетелдік компаниялар және фирмалармен сауда қарым-қатынас жасауға құқылы. Республикамызда көптеген елдермен бірлескен кәсіпорындар пайда болды (АҚШ, Түркия, Германия, Ұлыбритания, Жапония, т.б.), дүниежүзіндегі ең ірі компаниялардың өкілдіктері ашылды. Табиғи ресурстарды бірлесіп игеру және ауылшаруашылығына жаңа технологияларды енгізу бойынша жобалар жасалып, іске асырылуда. Елге шетелдік капиталды тартуға ықпал ететін басты түрткіжайттар – саяси тұрақтылық пен халықтар достығы, табиғи байлығымыз.
   ​Әскери қатынастар. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» №745 Жарлығы жарияланды. Ресей Федерациясының юрисдикциясында қалған бірнеше

құрамалар мен нысандарды қоспағанда, Қазақстанға ел аумағында орналасқан бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігінің барлық құрамалары мен әскери нысандары тартылды. Қарулы Күштердің жеке құрамы келісім-шарт негізінде әскери қызметке ерікті түрде түскен әскери қызметшілер негізінде толықтырылатын әскери қызметшілер мен азаматтық адамдардан; жалпыға бірдей әскери міндеттілік негізінде алынған әскери қызметшілерден; Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы негізінде алынған азаматтық адамдардан тұрады. ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы – ел президенті. ​2001 жылы Қазақстанда төрт әскери округ құрылып, ол 2003 жылы аймақтық әскери қолбасшылық (АӘҚ) болып өзгертілді – «Астана», «Шығыс» , «Батыс», «Оңтүстік»АӘҚ (55-сурет).
   ​Мәдени-діни қатынастар қазақ ұлттық мәдениетін, Қазақстанның басқа халықтарының мәдениетін құру, жаңғырту, сақтау, дамыту, пайдалану және тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.​ Қазақстандағы дін – Қазақстан Республикасының аумағында бекітілген діни ағымдардың жиынтығы (8-диаграмма). 

   Ел Конституциясы Қазақстан Республикасын зайырлы мемлекет деп нақтылаған. Негізгі дін – ислам діні. Қазақстанның аумағында дүниежүзі діндерінің бірнеше түрі бар (9-диаграмма).
   ​Демографиялық қатынастар. 2019 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша Қазақстан халқының жалпы саны 18 395 660 адамды құрайды. ҰЭМ Статистика комитетінің ағымдағы деректері бойынша, ҚР халық саны бойынша елдер тізімінде 74-ші орында тұр.
   ​Халықтың орташа тығыздығы 1км2-ге 6,72-ден астам адам келеді (елдердің халық тығыздығы тізімінде 184-орын).
   ​Экологиялық мәселелер. Қазіргі уақытта Қазақстанда экологиялық прорблема келесі бағыттар бойынша ерекшеленеді:
   ​• атмосфераның ластануы;
   ​• судың ластануы;
   ​• жердің ластануы.

55-сурет. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өңірлік қолбасшылықтары
​https://kk.wikipedia.org/wiki/Қазақстан_Республикасы_Қарулы_Күштері
 8-диаграмма. Қазақстан халқының діни құрамы, (2019 ж.), %
 9-диаграмма. Қазақстан халқының этностық құрамы, (2019 ж.), %

   Бұл қызық!

   Қазақстанда жастарға арналған бағдарламалар бар:
​   - «Жастар кәсіпкерлігін қолдау» бағдарламасы;
​   - «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы;
   ​- «Дарынды жастарды қолдау» бағдарламасы;
​   - «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы.

   Экологиялық проблемалардың себептері:

   1. Пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу, тазарту жүйесінің тиімсіздігі, автомобильдер санының көбеюі.
   ​2. Су ресурстарын тиімсіз және ысырапсыз пайдалану, тұздар мен улы заттар концентрациясының жоғарылауы, өзендер мен көлдерге бақылаусыз өнеркәсіптік шығарындылар, гидроэлектр бөгеті салынып, өзен арналарын бітеп тастауы.
   ​3. Радиоактивті ластану, топырақ эрозиясы, минералды тыңайтқыштарды шамадан тыс пайдалану.

4. Геосаясаттың мазмұны мен даму бағытын анықтайтын басты түрткіжайттар

   Геосаясат – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының, әскери доктринасының, өндіргіш күштердің даму деңгейінің, елдің географиялық жағда­йына байланысты экономикасы дамуының, қарулы күштер құрылысының, халықтың құрамы мен тілінің, мәдениетінің, қоғамдық құрылысының, халықтың көпэтностылығы мен көпконфессиялығының, саяси тұрақтылығының, мемлекетаралық қатынастардың сипатын айқындайтын саяси тұжырымдамасы.

   Тұжырымдар. Қазақстан үшін мынаны ескеру өте маңызды:
   ​1. Қазақстанның геосаяси өрісінің конфигурациясы – ішкі құрылымның теңгерілмеген жүйесін сыртқы саяси ортаның гетерогенді құры­лымымен біріктіретін кеңістік.
   ​2. Мемлекеттің қорғаныс іс-шараларын

ұйымдастыруы заң тұрғысынан стратегиялық маңызды болғандықтан, бұл түрткіжайт Қазақстан үшін саяси бейтараптықты сақтауды қиындатады.
   ​3. Қазақстанда халық санының аз болуы, аумақтың аз қоныстануы қорғаныс әлеуетіне теріс әсер ететін проблема тудырады.

   4. Еліміздің маңызды ұлттық мүдделі аспектісі – Қазақстанның әскери-стратегиялық өзін-өзі қамтамасыз ету негіздерін құру. Осыған байланысты басты міндет – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті қарулы күштерді құру. Жоғары жауынгерлік дайындығы бар жинақы, ұтқыр бөлімдер 

мен құрамалардан тұратын мықты армия құру көзделеді.

Өзіңді тексер!

   1-тапсырма. Картада Еуразия құрлығындағы Қазақстанның географиялық жағдайын көрсетіп, оның ерекшеліктерін сипатта.
   ​2-тапсырма. Қазақстанның кескін картасына шектесетін мемлекеттерді түсіріп, дәптерге жазбаша түрде ЭГЖ-ның тиімді және тиімсіз ерекшеліктеріне баға бер.
   ​3-тапсырма. Картадан құрлықта мына елдермен бірдей шектесетін Қазақстан облысын тап:
   ​1. Түрікменстанмен және Өзбекстанмен;
   ​2. Ресеймен және Қытаймен;
   ​3. Өзбекстанмен және Қырғызстанмен;
   ​4. Ресеймен және Өзбекстанмен;
   5. Қытаймен және Қырғызстанмен.

   Ресми ақпарат көздерін пайдаланып, кез келген елдің Қазақстанмен салыс­тырмалы сипаттамасын жаса (мұғалімнің қалауы бойынша). 

Өтінемін күте тұрыңыз