§ 3. Сараптамалық бағалау әдістерінің негізгі топтары

Оқу мақсаты:

  • зерттеу тақырыбына сәйкес сараптамалық бағалау әдістерін қолдану.

МАҚСАТТАР АҒАШЫ • ТАЛДАУ ӘДІСІ

1. Сараптамалық бағалау әдістерінің жіктелуі

Есіңе түсір!

1. Сараптамалық бағалаудың негізгі түрлері мен қызметі.
​2. Географиялық сараптаманың табиғатты қорғаудағы рөлі.

Сараптамалық бағалау әдісін ұтымды пайдалану белгілі дәрежеде жауаптарды жинау және өңдеу әдістерін таңдауға, білікті мамандардың мақсатты топтарын қалыптастыруға негізделеді. Сараптамалық ақпараттарды алудың көптеген тәсілдері бар. Олар үш топқа бөлінеді (1-сызба).   

Сараптамалық әдістердің жіктелімі

Сараптамалық бағалау әдісі

Жеке

Ұжымдық

Құрамдасқан

Сауалнама

Сұхбат алу

Аналитикалық шолу

Тест

Комиссия шешімі

«Миға шабуыл»

«Дельфи» әдісі

Іскерлік ойындар

Мақсатты ағаш құру. Болжамдық сценарий жасау

   1-тапсырма

   Мәтінді, 1-сызбаны және қосымша ақпарат көздерін талдау негізінде анықта:
   ​а) Жеке және топтық сараптаманың негізгі түрлері мен қолданатын әдістерін.
   ​ә) Аралас, жеке және ұжымдық әдістерді пайдалану ерекшеліктері мен бір-бірінен айырмашылықтарын.

   2. Ұжымдық сараптама әдістерінің тобы

  «Комиссиялар» әдісі (дөңгелек үстел). Ұжымдық сараптаманың негізгі қағидасы – нысандарды дамыту болашағы бойынша сарапшылардың ұжымдық пікірін анықтау. Олар қазіргі заманауи ғылыми әдістер болғандықтан, әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды болжау үшін кеңінен қолданылуы мүмкін.

Комиссиялар әдісі шешілетін мәселені бірлесіп талқылау барысында ортақ шешімге келуді көздейді. Оның құрамына енетін арнайы комиссия әртүрлі көзқарастарды келістіру және олардың негізінде біртұтас ортақ пікір құру мақсатында туындаған мәселені талқылайды. Талқылау еркін пікірталас тәртібінде өтеді. Топты ұжымдық жұмысқа алдын ала үйрету ұсынылады.

   «Дельфи» әдісі  сауалнама, сұхбат, «Миға шабуыл» деген әдістерді қолдану арқылы жоғары нәтижеге жетуге бағытталған. Бірнеше топтан тұратын сарапшылар ақылдаса отырып  ортақ шешімге келіп,  мәселеге қатысты нақты ұсыныс  жасауы тиіс. "Дельфи" әдісі сарапшыларға бейтарап көзқарас ұстануды үйретеді, алайда көп уақыт талап ететін және көзқарастардың субъективті болатындығы сияқты кемшіліктері де бар. 

   ​«Дельфи» әдісімен сырттай және көп айналымды болжау. «Дельфи» әдісімен бірнеше айналымнан тұратын сырттай сауалнама жүргізу арқылы болжам жасауға болады.
   ​Бастапқыда сарапшыларға  сауалнама сұрақтары  жіберіледі. Сарапшылар жауаптарын электронды пошта арқылы қайтарады. Сарапшылардың жауаптарын алғаннан кейін, сауалнаманы ұйымдастырушылар оларды өңдеп, ортақ бағалау жасайды.

   Сауалдың екінші айналымында сарапшылар тобының мүшелері сауалнамада берілген пайымдарды ғана емес, оқиғалардың жүзеге асырылған күнін де бағалайды. Сарапшылардың жауаптары қатаң негізделуі тиіс. Сауалдың екінші айналымынан кейін топ жетекшісі пікірлердің статистикалық жиынтығын дайындап, топтық баға береді.
   ​Сауалдың үшінші кезеңінде сарапшылар тобының мүшелері жетекші дайындаған пікірлердің сипаттамасы мен сәйкес келетін статистикалық жиынтығын алады.

Осы негізде сарапшылар барлық пікірлерге шолу жасап, оларды ескеріп, нысанның маңызы туралы жаңа пайымдар айтып, оқиғаны жүзеге асыру уақытын көрсетуі тиіс.
   ​Төртінші айналым көбінесе соңғы қорытындылаушы болғандықтан, өткен айналымдардағы рәсімдер қайталанады.
   ​Сараптамалық әдіс барысында  сарапшылар қандай да бір мәселеге байланысты логикалық талдау жасап, алған нәтижелерін анықтама немесе баяндау хат ретінде ұсынуы керек. 

   Мәтінді, қосымша ақпарат көздерін талдау негізінде комиссия (дөңгелек үстел), Дельфи әдістерінің артықшылығы мен кемшіліктерін анықта. Өз ойыңды негізде, мысал келтір. 

   3. Жеке сараптамалық бағалау әдістері

   Жеке сараптамалық бағалау әдісі ақпарат көзі ретінде бір адамның көзқарасына негізделеді.
   ​«Сұхбат» әдісінің басты ерекшелігі – сұхбат алушы адам және сарапшы тікелей байланыста болып, қажетті ақпаратты сұхбат кезінде алады. Пікір алысу барысында сұхбат алушы қатысушыларға нысанның даму болашағына қатысты алдын ала құрылған сұрақтар қояды.
   ​Сұхбат алудың үш түрі бар. Олар: сұрақ-жауап, еркін әңгімелесу, тұс-тұсынан жауап алу. «Сұхбат» әдісінің артықшылығы – сарапшы- мен сауалнама алушының сауалды қажетті бағытқа бағыттау мүмкіндігінің болуы. Әдістің кемшіліктері: 1. Субъективті түрткіжайттардың болжамдық бағалауға ықпалының болуы; 2. Кейбір сарапшының білікті, құзыретті және сауатты сараптамалық тұжырымдар жасай алмауы.

   «Сауалнама» әдісі. Ақпарат алу үшін сарапшыға зерттеудің мақсаты мен міндеттерімен тікелей  байланысты  сауалнама ұсынылады. Зерттеу мақсатына сәйкес сауалнама құрау барысында ашық және жабық сипаттағы сұрақтар қолданылады.
   ​ Жабық сұрақтарды тұжырымдау барысында нысанға қатысты жауаптың бірнеше  нұсқасы беріледі. Ашық (еркін) сұрақтарда сарапшылар жауапы кез келген түрде беруі мүмкін. Жабық сұрақтары бар сауалнама сарапшылардың келісілген көзқарастарын алу қажет болғанда қолданылады. Ал мәселе  бірнеше жолмен дамитын  күрделі процестерге болжау жасағанда оны пайдаланған тиімсіз.

   4. Құрамдастырылған сараптамалық бағалау әдістері

     Бұл топқа қатар қолданылатын ұжымдық және жеке бағалау әдістері жатады.
   ​ «Болжамдық сценарий жазу» әдісі әртүрлі жағдайдағы уақыт ішіндегі экономикалық процестердің даму логикасын анықтауға негізделген. Сценарийде болжанатын нысан дамуының негізгі мақсаты көрсетіліп, әсер ететін жағымды және жағымсыз түрткіжайттар, оның дамуына қатысты әртүрлі процестерді бағалау өлшемдері анықталады.
   ​Оқиғаның жүзеге асырылуы мен процестің дамуы туралы сарапшылардың арасында келісу дәрежесі жоғары болған сайын сценарийдің құндылығы артады.

   Әр сценарий төменде берілген үш бөлімнен тұрады:
   ​1. Болжанатын процестер мен құбылыстардың шынайы қолданылуы мен динамикалық сипаттамасының берілуі.
   ​2. «Болашақ ағашын» құруға мүмкіндік беретін нысанның болашақтағы дамуы мен одан туындайтын салдарының нұсқалары.
   ​3. Әртүрлі уақыт көкжиегіндегі болжанатын соңғы нәтижелер.
   ​Болжам сценарийі көбінесе көп нұсқалы сипатта болады және әрекеттер оптимистік, пессимистік, жұмыс тұрғысынан қарастырылады. Біріншісі нысанның біршама қолайлы, ал екіншісі біршама қолайсыз жағдайын қамтиды.

   ​«Мақсаттар ағашы» әдісі адамға өз жоспарын реттеуге, топтағы өз мақсатын көруге мүмкіндік береді. Басты мақсат ағаштың басына (шыңына), ал жоғарғы деңгейдегі мақсаттарға жетуді қамтамасыз ететін жеке мақсаттары (міндеттер) бұтақтарына орналасады. Мақсат тармақтарын біріктіретін деңгейлерін анықтау үшін олар белгілі бір түспен боялады. Жоғарғы деңгейдің әр мақсаты белгілі бір түспен боялған мақсат тармақтарына бөлінеді. «Мақсаттар ағашын» құру процесі 8 кезеңге бөлінеді (2-сызба).

Мақсаттардың салыстырмалы маңызы мен олардың арасындағы байланысты анықтау сарапшылардың көмегімен жүргізіледі. Әртүрлі деңгейдегі мақсаттардың маңызын анықтау үшін бағалау өлшемдерін қолданады. Бір түрткіжайттың екіншісіне тигізетін ең төменгі деңгейі 1 ұпаймен бағаланады. Мақсаттар ағашын құру процесінің кезеңдері 8 ұпайға бөлінеді.

   Топтық жұмыс

   Сараптамалық бағалау әдістерінің негізгі ерекшеліктерін қарастырып, осы әдістердің әлсіз және күшті жақтарын анықта. Нәтижелерді постер түрінде орналастыр.
   ​1-топ: Сараптамалық бағалаудың топтық әдісі.
   ​2-топ: Жеке сараптамалық бағалау әдісі.
   ​3-топ: Сараптамалық бағалаудың аралас әдісі.
   ​Өз жұмысыңды қорға.
   ​Жұмыстың таныстырылымы. Басқа топтардың жұмысын бағала.

   Негізгі қорытындылар

   Топтық, жеке және құрамдастырылған сараптамалық бағалау әдістері сарапшылардың жеке қабілеттерін толық пайдалануға және кейбір қызметкерлер көрсететін психологиялық қысымын азайтуға негізделеді.

   Сараптамалық бағалау әдістерінде нысанды бағалау мен олардың әртүрлі салыстыру көрсеткіштерінің арасындағы байланыстарды анықтаудың маңызы зор. Ол салыстыру көрсеткіштерінің бір-бірімен өзара байланыстарын анықтауға, байланысу дәрежелеріне қарай топтастыруға мүмкіндік береді.

Сұрақтар мен тапсырмалар

   1. «Комиссиялар» және «Дельфи» әдістерінің қандай тәжірибелік маңызы бар? Олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ата.  
   2. Мәтін мен 2-сызбаны талдау негізінде жеке, ұжымдық және құрамдасқан сараптамалық бағалау әдістерінің негізгі кезеңдерін сипатта. Әрбір кезеңнің маңызын өз бетіңмен анықта. Қорытындыңды негізде.  
   3. Мәтін мен қосымша ақпарат көздерін пайдаланып, «Болжамдық сценарий жазу әдісі» тақырыбына эссе жаз. Қорытындыңды негізде.  
   4. «Мақсаттар ағашы» әдісінің артықшылықтарын дәлелде.  
   5. Ғылыми жоба жазу мақсатында аймақтарда географиялық негізгі нысандардың қазіргі жағдайын саралап, сараптама жұмыстарын жүргіз.  

Өтінемін күте тұрыңыз