Еліміздің топырағы туралы бізге не мәлім?

Жаңамен танысу
Сен Қазақстанның топырақ түрлерінің орналасу заңдылығын айқындай отырып, "Топырақ картасын қалай оқу керек? Қазақстан аумағында топырақтың таралуы қандай заңдылықтарға бағынады? Қазақстан аумағында топырақтың қандай түрлері таралған?" деген сұрақтарға жауап аласың.

Топырақ картасы

Топырақ картасы – бұл кез келген аумақтағы топырақтың кеңістіктік орналасуының белгілі бір масштабта картографиялық негізде графикалық бейнеленуі. Қазақстанның топырақ картасын, физикалық картасын (атлас) және 10-суретті пайдалана отырып, төмендегі тапсырмаларды орында.

10-сурет. Алтай тауының топырағы.

1. Топырақ картасының шартты белгілерімен танысыңдар;

2. Жазық аумақта топырақтың қай түрлері таралғанын анықтаңдар;

3. Таулы аумақта топырақтың қай түрлері таралғанын анықтаңдар;

4. Топырақтың жазық аумақта әлде тауларда көбірек екенін көз мөлшермен анықтаңдар;
​5. Қазақстанның жазық жерлерінде топырақ … алмасады (ойды аяқтаңдар). Қорытынды жасаңдар.
​6. Тауларда топырақ ... алмасады (ойды аяқтаңдар). Қорытынды жасаңдар.
​7. Қазақстан аумағында топырақтың осылайша таралу себебін түсіндіріңдер.

Қазақстан топырағының таралу заңдылықтары

11-сурет. Жердің топырақ кескіні

a) Топырақтың бұл түрлері қандай жазықтардың аумағында таралған?

ә) Топырақтың бұл түрлері қай облыстардың аумағында таралған?

-1-

Қазақстанның алуан түрлі табиғат жағдайлары топырақтың кескіні мен қалыңдығына, құрылымы мен механикалық құрамына, қарашіріктің мөлшеріне әсер етеді.

Топырақ картасымен жұмыс істеу барысы көрсеткендей, топырақ түрлері ендік бағытта таралған. Яғни олар елдің солтүстігінен оңтүстігіне қарай өзгереді.

Осы заңдылық ендік зоналық деп аталады. Бұл – табиғат компоненттерінің экватордан полюске қарай заңды өзгеруі деген сөз.

-2-

Тауларда топырақ түрлері тау етегінен шыңына қарай өзгереді. Абсолютті биіктіктің артуына қарай табиғи жағдайлардың заңды өзгеруі немесе биіктік белдеуі байқалады. Тауларда топырақ түрлерінің атаулары өсімдік түріне сәйкес келеді. Бедерлі және климаттық жағдайға сәйкес, Қазақстан аумағының 86%-ы зоналық жазық топырақ: қара топырақ, қызғылт топырақ, қоңыр топырақ, сұрғылт топырақ. Ал қалған 12,5%-ын таулы облыстардың топырағы алып жатыр.

Қазақстанның топырақ түрлері

13-сурет. Қара топырақтың қосымша түрлері

-1-

Қара топырақ. Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс бөлігінде және 52–53° солтүстік ендігіне дейінгі жерлерін қара топырақ алып жатыр. Бұл топырақ түрі Қазақстан аумағының 9,5%-ға жуық аумағында, яғни 25,5 млн гектарға таралған.  В.В. Докучаев қара топырақты құрамында қарашірінді көп болатындықтан, «топырақтың патшасы» деп атаған. Сондықтан бұл топырақ жамылғысы – елдің басты жер байлығы. Ел аумағында қара топырақ үш қосалқы түрге бөлінеді: кәдімгі, сілтісіз және оңтүстік қабат (12-сурет). Егер қара топырақты қолға алып, жайлап илесең, алақанда майлы қара дақ қалады. Бұл – құрамында қарашірік мөлшері жоғары топырақ құнарлылығының бірінші белгісі. Қара топырақтың барлық үш қосалқы түрі де құнарлы болады. Қарашірік мөлшері алғашқы екі түрінің құрамында 6–8%, ал оңтүстік қара топырағының құрамында 4–6%-ға жуық болады. Қара топырақтың үш түрі түйіртпекті немесе кесек топырақтан тұрады және қоректік заттарға, өсімдіктерге пайдалы микроорганизмдерге бай. Қара топырақ өсімдіктерінің тамыр жүйесінде оттегі көп. Қара топырақты жерлер жауын-шашынның жылдық жиынтық мөлшері 300–600 мм-ді құрайтын жақсы ылғалды аумақтарда таралған, елімізде өсімдікке бай белесті-жазық бедер басым.

Қара топырақты жерлер ауылшаруашылық мақсатта игеруге мәдени дақылдар егу үшін пайдаланылады және республиканың негізгі астық өндіретін алқабы саналады.

-2-

Қызғылт топырақ. Қара топырақтың оңтүстігіне қарай қызғылт топырақ орналасқан. Олар Орталық Қазақстанның көпшілік бөлігін, Каспий маңы ойпатының солтүстігін, Батыс-Сібір жазығының оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Қызғылт топырақ республика аумағының 90,6 млн га жерін немесе 34%-ын алады. Қызғылт топырақ үш қосалқы түрге бөлінеді: қызғылт, күрең қызғылт, ашық қызғылт (14-сурет). Қызғылт топырақтың құнарлылығы оңтүстікке қарай азая түседі. Күрең қызғылт және қызғылт топырақтың құрамында қарашірік 3–4,5%, ашық қызғылт топырақтың құрамында 2–3% болады.

Қызғылт топырақ жылдық жауын-шашын мөлшері 200–300 мм-ге дейін болатын, ылғалдылығы жеткіліксіз және тұрақсыз жағдайда, сирек, аласа шөпті, шамалы белесті немесе жазық жерлерде түзіледі. Өсімдік төсемі аз болғандықтан, қарашірік те аз жиналады. Механикалық құрамы жағынан қызғылт топырақтың су өткізгіштік қабілеті төмен, сазды және құмды түрлеріне жатады.

-3-

Күрең қызғылт және қызғылт топырақ суарылмайтын егіншаруашылығы мен малшаруашылығына жарамды. Мұндай жерлерде бидайдың қатты сұрыптары, жүгері, сұлы, күнбағыс, бақша дақылдары өсіріледі.

Тұрақты астық өнімін алу үшін топырақтың ылғал мөлшерін арттыруға бағытталған іс-шаралардың маңызы зор. Ашық қызғылт топырақтың су режімі қолайсыз. Осы жерлерді суару немесе қарды бөгеу арқылы қосымша ылғалдандыру және өзге де іс-шаралар қолдану арқылы ғана пайдалануға болады. Сондықтан мұндай жерлер негізінен жайылым ретінде жиі пайдаланылады.

-4-

Қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақ. Қызғылт топырақтың оңтүстігіне қарай (48˚ с.е.) қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақ таралған. Олар Қазақстанның оңтүстік бөлігін қамтиды және 120 млн га немесе республика аумағының 44%-ын алып жатыр. Бұл топырақ түрінің құрамында қарашірік аз – 1–2%-ды құрайды және беткі қабаттан 15–25 см жерде сортаң және карбонатты қабаттар басталады, аналық тау жынысының құрамында гипс көп (15-сурет). Тұздың шоғырлануы топырақ ерітінділерінің жоғарыға жылжып, артынан буланып кетуіне байланысты болады. Сұрғылт қоңыр және қоңыр топырақтың құрылымы сазды және құмды болады және борпылдақ келеді.

Қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақ жазы ыстық және қысы суық жерлерде, жауын-шашынның жылдық мөлшері 80–100 мм-ді құрайтын континенттік климат жағдайында түзіледі. Қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақтың табиғи құнарлығы аз, олар жайылым ретінде пайдаланылады. Бірақ дұрыс суғарылып, минералды тыңайтқыштар тиімді пайдаланылған жағдайда, бұл жерлерден көп мөлшерде мақта, күріш, жүгері, көгөніс, бақша және жеміс өнімдерін алуға болады.

12-сурет. Қара топырақ
14-сурет. Қызғылт топырақтың қосалқы түрлері. Қызғылт
14-сурет. Қызғылт топырақтың қосалқы түрлері. Күрең қызғылт
14-сурет. Қызғылт топырақтың қосалқы түрлері. Ашық қызғылт
15-сурет. Қоңыр 
15-сурет. Cұрғылт қоңыр топырақ

Қара топырақтың басты ерекшеліктерін анықтаңдар.

Қазақстанның таулы аумақтарының топырағы

-1-

Тауларда топырақтың түзілуі биіктеген сайын климаттың өзгеруімен, тау жыныстарының мүжілуімен, соның есебінен топырақтың аналық жыныстармен ұдайы жаңарып тұруымен байланысты жүреді. Тау жыныстарына тән қасиет – олар тасты, шақпатасты, әлсіз келеді.

Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс таулы облыстарында құрылымы мен топырақ белдеуінің арақатынасы бойынша ерекшеленетін топырақ аймақтары бар (16-сурет). Мәселен, Тянь-Шань биік таулы аймағында сұр топырақ, таулы қоңыр, таулы шалғынды, субальпілік және альпілік топырақ араласып келеді. Сауыр-Тарбағатай және Алтай тауларында таулы қызғылт және таулы қара топырақ белдеуі көзге түседі. Одан жоғарыда таулы шалғынды, сұр орманды ортаңғы тау белдеуі, субальпілік және альпілік топырақ белдеуі орналасқан.

-2-

Таулы қара топырақ, таулы қоңыр және таулы қызғылт топырақтарды егіншаруашылығы үшін іріктеп алады. Мұндай жерлерді алдын ала тастан тазартып, дәнді-дақылдар, көгөніс және жеміс-жидек өнімдерін өсіру үшін пайдаланады.

Таулы-шалғынды субальпілік және альпілік топырақ аумағын жазғы жайылымға пайдаланады (16-сурет).

16-сурет. Таулы-шалғынды топырақ

Қазақстан кескін картасында адамның шаруашылық қызметін көрсете отырып, негізгі топырақ түрлерін белгілеңдер. Толтыру ережесін сақта.

Ойыңды тұжырымда

-1-

1. Топырақ картасы түсінігіне анықтама беріңдер. Топырақ картасын оқу кезінде қандай мәлімет алуға болады?

2. Топырақ түрлерінің таралу заңдылығын анықтау үшін қандай тақырыптық карта пайдалану қажет? Неліктен?

3. Топырақ картасы бойынша өздерің тұратын өлкеде топырақтың қай түрлері таралғанын анықтаңдар. Бұл топырақ ауылшаруашылығында қалай пайдаланылады?

-2-

Топтық жұмыс

Сұрақтарға ауызша жауап беріңіздер.

1. Топырақ картасынан қандай топырақтар 48ºс.е. бойынша орналасқанын анықтаңдар.

2. Қазақстан аумағында топырақтың таралу заңдылығын түсіндіріңдер.

3. Неліктен қара топырақты жерлер ең құнарлы болып саналатынын түсіндіріңдер.

4. Жазық жерлерде топырақ құрамында қарашірік мөлшері солтүстіктен оңтүстікке қарай неліктен азаятынын түсіндіріңдер?

5. Қандай шарттарды орындаған жағдайда ашық қызғылт, сұрғылт, қоңыр топырақты жерлерді ауылшаруашылығында пайдалануға болады? Неліктен?

1. Топырақ картасынан топырақтың қай түрлерінің таралуы зоналық сипатта болмайтынын анықтаңдар. Бұл топырақ түрлері туралы мәлімет дайындаңдар.

2. Тау топырағының ерекшелігі қандай? Неліктен таулы жерлерде қарашірік аз болады?

Өтінемін күте тұрыңыз