Ақпараттың сипаттары

Ақпараттың өзектілігі, құндылығы мен нақтылығын анықтаудың қандай жолдары бар?

Ақпарат

1-сызба                                                                                                                             2-сызба

Ойлан

1. Ақпарат дегеніміз не? Оны қандай қасиеттері бойынша сипаттауға болады?
2. ​Ақпаратты қабылдаудың қандай түрлері бар?
3. ​Ақпараттың адам өміріндегі маңызы жайлы не айтуға болады?

-1-

Ақпарат (лат. informatio – түсіндіру, мазмұндау) – күнделікті өмірден бастап әртүрлі салаларға дейін пайдаланылатын көп мағыналы ұғым. Жалпы алғанда бұл шектеу, байланыс, бақылау, форма, нұсқаулық, білiм, мағына, құрылым, бейнелеу, сезіну сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Біз төменгі сыныптарда ақпаратты қабылдаудың 5 түрімен таныстық (1-сызба). Осы қабыл-даған ақпараттың қасиеттерін білу өте маңызды (2-сызба).
Біз күнделікті өмірде қандай да бір ақпаратты қабылдаймыз. Ақпаратты қабылдап, сақтап және оны өңдеп, басқалармен бөлісу арқылы ақпараттың көзі бола аламыз.​

-2-

Адамның барлық қызметі ақпаратпен байланысты болғандықтан тамақ пісіру, автомобильді басқару, үй тұрғызу және т.б.с.с. қызметтер үшін ол қажетті ақпарат жинап отырады. Ақпарат жинау барысында адам ақпараттың түсініктілігіне, анықтылығына, өзектілігіне, құндылығына және нақтылығына мән береді. Бұл өз кезегінде ақпарат алмасушылардың бір-бірін жақсы түсінуіне, әртүрлі жағдайларды дұрыс талдап, шешім шығаруына көмектеседі. Ақпарат – қоршаған ортаның бір бөлігі, оның нысаны. Ал кез келген нысан сияқты, ақпаратты басқа нысандардан ерекшелеуге мүмкіндік беретін белгілі бір қасиеттері болады. Ақпаратты сипаттау үшін оның қасиеттерін білуіміз керек.

Есіңізде сақтаңыз

Ақпарат – адам үшін қоршаған ортадағы нысандар мен құбылыстар, олардың параметрлері, қасиеттері мен жағдайы туралы хабар.

Ақпараттың қасиеттері

1-сурет                                                                                          2-сурет                                                               3-сурет

-1-

Ақпарат сенімділігі қабылданған ақпараттың нақты жағдайға сәйкестігін анықтайды. Сенімді емес ақпарат дұрыс түсінбеуге немесе дұрыс емес шешім қабылдауға алып келуі мүмкін.

Ақпараттың толықтығы – шешім қабылдауға қажетті ақпарат мөлшерін анықтайтын сипаттама. Ақпараттың толық болмауы нәтижесінде көптеген қателіктерге жол беріледі. Ақпараттың толық болмауы немесе шамадан тыс көп болуы сапалы ақпарат алуға кедергі келтіреді.

-2-

Ақпараттың өзектілігі – ақпараттың уақыт ағымына сәйкестігін анықтайтын қасиеті. Шындыққа сәйкес, бірақ ескірген және керексіз ақпарат өзекті емес, яғни қажетсіз ақпаратқа айналады. Мысалы, осы аптадағы телебағдарлама келесі апта үшін ескірген ақпарат болады.

-3-

Ақпараттың құндылығы – адамның көздеген қызметінің алуан түрлі саласында пайдалануға жарамдылық қасиеті.

Ақпараттың объективтілігі біреудің пікірі мен шешіміне тәуелсіз болуы.

Ақпараттың түсініктілігі. Ақпарат пайдаланушыға түсінікті тілде жазылуы керек. Мысалы, ағылшын тілінде сөйлейтін орта үшін қытай тіліндегі ақпарат түсініксіз.

-1-

Бүгінгі таңда компьютер көптеген адамдар үшін өмір сүру салтының маңызды және қажетті бөлігіне айналды. Әрине шамадан тыс компьютерді пайдаланудың, оның алдында ұзақ отырудың адам денсаулығына кері әсері мол екенін ұмытпауымыз керек.

Күндіз-түні мониторға қадалып отыру көзді шаршатып, көздің көруін нашарлатады. Монитордан шыққан сәулелер басқа да аурулардың пайда болуына ықпал етеді. Компьютердің алдында көп уақыт тапжылмай отыру, адам денесіндегі бұлшық еттерге баратын қан тамырларының жұмысын төмендетеді. Ең қауіптісі, адам омыртқасына зиян келеді. Көп отырудан омыртқа арасындағы дисктерге салмақ түседі. Омыртқалардың түскен салмақтан бір-біріне жақындауынан омыртқалар арасында ісіктердің (еттің қысылуы) пайда болуына алып келеді.

-2-

Компьютердің адамға келтіретін зияндарының ең қауіптісі адамның өмір сүру ортасынан (қоғам, жанұя, құрдастар) оқшаулануы, ешкіммен араласпай тұйықталып, виртуалды әлемде өмір сүруін айтуға болады.

Сонымен компьютер алдында мөлшерден тыс отыратын адам денсаулығына мынадай зияндар келеді:

• көздің көру қабілетінің төмендеуі;
​• саусақ және буын ауруларының пайда болуы (1-сурет);
​• жүйкеге салмақ түсуі;
​• омыртқалардың қисаюы (2-сурет);
​• шаршағыштық, әлсіздіктің пайда болуы (3-сурет).

Практикалық жұмыс

1. Өзің ақпарат алатын көздердін тізімін жаса.

2. Ақпаратты жинау, сақтау, талдау, өңдеумен айналысатын қандай мамандықтарды білесің? Олардың тізімін жаса.

3. Ақпарат көзі, ақпарат алушы өзің болатын жағдайларға мысалдар келтір.

4. Кешке қарай, сабақтан қайтқан кезде, сыныптасың күтпеген жерден қоңырау шалып, ертеңгі сабақ кестесі өзгергенін ескертті. Сыныптасың саған жаңа сабақ кестесін берді. Бұл ақпаратта сен үшін қандай қасиеттер бар (сенімділік, толықтық, өзектілік, құндылық, түсініктілік, объективтілік)?

Топтық жұмыс

Ақпараттың барлық қасиеттері маңызды десек те, түрлі мамандық иелері үшін осы қасиеттердің бірі басқаларына қарағанда айрықша маңыздылыққа ие. Ақпараттың жекелей алғандағы бір қасиеті ерекше маңызды болатын мамандық иелерінің қызметіне талдау жасаңдар. Мысалы, журналист үшін бірінші кезекте ақпараттың өзектілігі маңызды. Ал полиция үшін ше? Тағы да басқа сол сияқты.

Ойыңды тұжырымда

Жұптық жұмыс

Ақпараттың әрбір қасиетіне күнделікті өмірден алынған бір нақты мысалдан дайындап ұсыныңдар.

Жеке жұмыс

Компьютермен жұмыс істеудің зиянды жақтарын ескеріп, компьютер денсаулығыңа кері әсер етпейтіндей жұмыс істеу ережесін құрастыр. Құрастырған ережең денсаулығыңды қорғауға қаншалықты көмектесетінін бағала.

1. Ақпараттың қандай қасиеттері бар?

2. Ақпараттың өзектілігіне қандай мысалдар келтіруге болады? 

3. Компьютерде жұмыс істеу ережелерін сақтамау адам денсаулығына қандай зиян келтіреді? 

Өтінемін күте тұрыңыз