Ауылшаруашылығын, өнеркәсіпті және қызмет көрсету саласын орналастыру түрткіжайттары

Cабақтың мақсаты:

  • Қазақстандық компоненттерді қосымша қамти отырып, ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өндірістерді, қызмет көрсету салаларын орналастыру түрткіжайттарына талдау жасау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Өндірісті орналастыру түрткіжайттарын;
  • Ауылшаруашылығы салаларын орналастыру түрткіжайттарын;
  • Өнеркәсіп салаларын орналастыру түрткіжайттарын;
  • Қызмет көрсету кәсіпорындарын орналастыру түрткіжайттарын білуіміз керек.

   Өндірістік күштерді орналастыру түрткіжайттары

   Түрткіжайттар – бұл сәйкесінше мәселелерді зерттеу немесе шешу кезінде назарда ұстау қажет маңызды жағдайлар.
   ​Өндірістік күштерді орналастыру түрткіжайттары деп жекелеген кәсіпорындарды, олардың топтары мен салаларын орналастыру үшін орын таңдауға әсер ететін барлық себептерді (дәлелдерді) атайды. Кәсіпорынды сәтті орналастыру өнімді өндіруге және таратуға жұмсалатын шығынды азайтады және оны сатудан түсетін табысты арттырады.
   ​Әрбір аумақтың жағдайлары, ресурстары, олардың қасиеттері басқаларынан ерекшеленеді. Олардың дұрыс есептелуі мен пайдаланылуы өндірістік кәсіпорындарды орналастыру және аудан шаруашылығын дамыту кезінде жақсы нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді.
   ​Түрткіжайттар құрамы өзгерген кезде нысандарды орналастыру орны да өзгереді. Әр аймақтың өзінің белгілі бір түрткіжайттар жиыны болады, сол арқылы аумақтың нақты бір нысандар мен өндірістерді орналастыруға жарамдылығы анықталады.
   ​Кәсіпорындарды орналастырған кезде мынадай негізгі түрткіжайттарға сүйенеді: шикізаттық, отындық, энергетикалық, ең бек, тұтынушылық, көліктік, экологиялық, ғылымды қа жетсіну түрткіжайттары. Тәжірибе көрсеткендей, өндірістің әрбір саласын орналастыруға бір мезетте бір емес, бірнеше түрткіжайт әсер етеді.

   Өнеркәсіпті орналастыру түрткіжайттары

   Шикізат түрткіжайты

   Белгілі бір тауарларды өндіру үшін өте үлкен мөлшерде алуан түрлі материалдар қажет. Шикізатты тасымалдау үлкен шығынды талап ететіндіктен, мұндай өнімді өндіретін кәсіпорындарды шикізат көздеріне жақын жерлерге: пайдалы қазбалар кен орнының, ірі су нысандарының, орманды аудандардың т.б. маңына орналастырады. Мұндай өндірістерге түсті металдарды байыту, сүректі алғашқы өңдеу, калий тыңайтқыштарын, цемент шығару жатады.

   Отын түрткіжайты

   Бірқатар зауыттар мен фабрикалар өнім өндіру үшін үлкен көлемде минералды отын: көмір, табиғи газ, мазут жұмсайды. Мұндай салаларға жылу энергетикасы, қара металлургияның, химия өнеркәсібінің жекелеген өндірістері жатады. Қазақстанда (Екібастұз ГРЭС) және басқа да елдерде ірі ЖЭС ірі көмір кен орындарына жақын жерлерге салынған. Көмір кендерінде шойын мен болат өндіретін көптеген кәсіпорындар орналасқан (Қарағанды металлургия комбинаты).

   Энергетикалық түрткіжайт

   Кейбір салалар өнімнің бір бірлігін әзірлеудің өзіне көп мөлшерде электр энергиясын тұтынады. Мұндай өндірістер энергия жұмсайтын өндірістер деп аталады. Оларға жеңіл түсті металдар (алюминий, титан және басқа), химиялық талшықтар, қағаз өндірісі жатады. Сондықтан бұл салалардың кәсіпорындары электр энергиясы арзан жерлерге, мысалы ірі ГЭС пен ЖЭС маңына орналастырылады.

   Еңбек түрткіжайты

   Белгілі бір тауарларды шығаруға өте көп адам, оның ішінде біліктілігі жоғары мамандар талап етіледі. Бұлар – көп еңбекті қажет ететін өндірістер. Оларға радиотехника, аспап-құрал жасау, білдек жасау, пластмасса өңдеу, тоқыма, трикотаж, аяқкиім, тігін өнеркәсіптері, күрішшаруашылық, көгөнісшаруашылық, жемісшаруашылық т.б. жатады.
   ​Оларды тұрғындары тығыз орналасқан еңбек ресурстары арзан аудандарға орналастырады, не болмаса сырттан жұмысшылар тартады.

   Тұтынушылық немесе нарықтық түрткіжайт

   Бірқатар кәсіпорындар тұрғындар арасында кеңінен пайдаланылатын, кейде күнделікті сұранысқа ие болатын өнімдерді өндіреді. Бұлар тағам өнімдері, киім, аяқкиім, тұрмыстық техника және басқалар. Мұндай өндірістер тұтынушыға бейімделеді және ірі елді мекендерде орналасады. Сақтау мерзімі шектеулі өнімдер шығаратын салалар да тұтынушыға бейімделеді.

   Көлік түрткіжайты

   Өндірілген жерінде тұтынылмайтын өнімдер басқа аудандарға жеткізіледі. Кәсіпорындар дайын өнімді тұтынатын аудандарға тасымалдауға жұмсалатын шығынды азайтуға мүдделі. Сондықтан көптеген өндірістер ірі көлік торабының маңына, теңіз айлақтарында, магис тральды теміржол желілерінде, мұнай құбыры желілерінде орналасады. Өндірісті кооперативтендірумен бай ланысы бар автомобиль жасау, теміржол мәшинелерін жасау, ұшақ құрастыру салалары да транспорт мәселесін есепке алады.

   Экологиялық түрткіжайт

   Ластандырушы заттардың үлкен шығарылымы орын алатын немесе қоршаған ортаға зиянды әсер беретін өндірістерге көтеріңкі экологиялық талаптар қойылады. Ірі қалалар мен халқы тығыз орналасқан аудандарда мұндай өндірістердің құрылысы салынбайды. Экологиялық тұрғыдан қауіпті өндірістерге жылу энергетикасы, атом өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, негізгі химия, мұнай өңдеу өнеркәсібі және целлюлоза-қағаз өндірісі тәрізді салалары жатады. Заңнама бұл салалардың кәсіпорындарын аз қалдықты технологияны пайдалануға және шығарындыларды тазалайтын құрылыстар салуға міндеттейді.

   Ғылымды қажетсіну түрткіжайты

   Өнеркәсіптің бірқатар салалары тұрақты түрде ғылыми әзірлемелер мен жоғары білікті жұмыс күшін қажет етеді. Оларға электроника, робот құрастыру, компьютер құрастыру, әуе-ғарыштық, фармацевтикалық өнеркәсіп және биотехнология жатады.

   Геосергiту

   «Бір әріптен басталатын географиялық сөйлем»

   Жүргізуші бір әріпті атайды. Оқушылар географиялық нысандар, құбылыстар немесе үдерістер туралы барлық сөздері берілген әріптен басталатын сөйлем құрауы қажет.

   Ауылшаруашылығын орналастыру түрткіжайттары

   Ауылшаруашылығын орналастыруға белгілі бір деңгейде шикізаттық, отын, энергетикалық, еңбек, тұтынушылық, көлік, экологиялық түрткіжайттар, ғылымды қажетсіну түрткіжайты әсер етеді. Бірақ оның салаларын орналастыруға алдыңғыға қарағанда көбірек әсер ететін айрықша ерекшеліктері бар.
   ​Бірінші ерекшелігі – ауылшаруашылығында жердің өндіріс құралы болуы. Жер – осы сала өнім өндіретін орта. Шаруашылықтың басқа салаларында жер тек нысандарды орналастыратын орын ретінде ғана алынады. Пайдалы жердің ауданы қаншалықты үлкен болса, үлкен көлемде өнім өндіру мүмкіндігі соншалықты жоғары болады. Егер де техника, тыңайтқыштар, тұқым бар болып, оны егетін жер жоқ болса, онда ауылшаруашылығымен айналысу іс жүзінде мүмкін емес.
   ​Екінші ерекшелігі – ауылшаруашылығы тірі ағзалармен (жануарлар мен өсімдіктер) тікелей байланыста болатындығында, сондықтан мұнда шынайы (табиғи) түрткіжайттар үлкен рөл атқарады. Осы ерекшеліктеріне байланысты ауылшаруашылығы экономиканың басқа салаларына қарағанда табиғи ортаның түрткіжайттарына әлдеқайда көбірек тәуелді.
   ​Ауылшаруашылығы салаларын орналастыру географиялық зоналылық заңдарына бағынады. Әрбір ауылшаруашылық дақылына және өнімді мал түріне қарай оларды өсіру үшін айрықша қолайлы болатын географиялық белдеулер мен зоналарды атауға болады. Олардан тыс жерлерде дақылдарды немесе мал түрін өсіру техникалық тұрғыдан мүмкін емес немесе экономикалық тұрғыдан пайдасыз. Ауылшаруашылығын мамандандыру аймақтың орналасқан географиялық белдеуі мен зонасына байланысты анықталады. Ол өсімдіктің белгілі бір түрін өсіруге, малшаруашылығының табиғи жем-шөп қорын дамытуға жеткілікті болатын жылу мен ылғалдың мөлшерін анықтайды.
   ​Осылайша, табиғи түрткіжайттар ауылшаруашылығы салаларының зона бойынша орналастырылуы мен мамандандырылуын айқындайды.

  • Ауылшаруашылығының салалары және географиялық зоналар мен Жер белдеулерінің арасындағы сәйкестікті айқындаңдар.

Ауылшаруашылығының бағыты

Табиғи зоналар

1. Талшықты зығыр, сүт және ет-сүт бағытындағы ірі қара мал;

а) Тропиктер мен ылғалды субтропиктер зонасы;

2. Қант қызылшасы;

ә) Тайга зонасының артық ылғалданған аудандары, жалпақ жапырақты және аралас жапырақты қоңыржай белдеу зоналары;

3. Бидай, күнбағыс, ет-сүт және ет бағытындағы малшаруашылығы;

б) Орманды дала зонасы;

4. Шай, кофе, какао, мақта өсімдігі, қант құрағы, гевея, күріш.

в) Дала зонасы.

   Картамен жұмыс

   Дүниежүзінің ауылшаруашылық картасының көмегімен ауылшаруашылығының әр бағыты бойынша көшбасшы-елдерді атаңдар.

   Қызмет көрсету кәсіпорындарын орналастыру түрткіжайттары

   Қызмет көрсету кәсіпорындарын орналастырудың өнеркәсіптік кәсіпорындарды байластырумен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері болады. Егер өнеркәсіптік кәсіпорындар көптеген түрлі – шикізатқа, материалға, энергияға, суға, көлікке, газбен жабдықтауға, еңбек күшіне, кооперативтендіруге, құрамдастыруға, экологиялық қауіпсіздікке т.б. бейімделетін болса, қызмет көрсету саласының бейімделетін тек бір ғана бағдары болады. Ол – тұтынушы. Сондықтан қызмет көрсету саласының кәсіпорындары тұтынушыға қарай бейімделеді.
   ​Мемлекеттің тұрақты түрде дамуы үшін, қызмет көрсету саласының кейбір кәсіпорындары кез келген аумақта ұйымдастырылуы қажет. Сондықтан үкімет пен жергілікті билік оларды табыс көзінің деңгейіне қарамастан ұйымдастырады. Бұлар – әлеуметтік маңызды және мемлекеттен кепілдендірілген білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, пошта, қаржылық және басқа да қызметтер көрсететін ұйымдар. Бірақ басты мақсаттары коммерциялық табыс болып табылатын жеке меншік кәсіпорындар әрқашан клиенттердің бар болуын бағдарда ұстайды. Сонымен бірге өндірістік қызмет көрсетуші компаниялар өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындарына жақын жерлерге, ал әлеуметтік қызмет көрсететін фирмалар – тұрғындарға жақын орналасады.

  • Өзің тұратын аймақты мысалға ала отырып, қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының тұтынушыға қарай бейімделуне дәлелді фактілер келтіріңдер.

   Геодерек

   Бір этностың өкілдері түрлі елдердің аумағында тұрып, тіршілік ете алады. Оларды диаспораға және ирреденттерге бөледі. Диаспоралар – өздерінің тарихи отандарынан басқа мемлекеттерге қоныс аударған тұлғалар. Ирреденттер – өз туған жерінде тұрып, алайда шегараны бөлу нәтижесінде басқа мемлекеттің аумағында қалып қойғандар.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Өздерің тұратын аймақта өнеркәсіп, ауылшаруашылық және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарын орналастыру себептеріне талдау жасаңдар.
  2. Қосымша ақпарат көздері, карталарды қарау негізінде түрткіжайттардың әрқайсысы басты түрткіжайт болатын өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және қызмет көрсету салаларына мысал келтіріңдер.
  3. Ауылшаруашылығы мен қызмет көрсету кәсіпорындарын орналастыруға өздерің тұратын аймақта, кем дегенде, екі түрткіжайт әсер ететіндігіне дәлелді мысал келтіріңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз