Ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өндірісті, қызмет көрсету аясын ұйымдастыру түрлері

Cабақтың мақсаты:

  • Қазақстандық компонентті қосымша қамти отырып, ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өндірісті, қызмет көрсету аясын ұйымдастыру түрлерін сипаттау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Өндірісті ұйымдастырудың негізгі түрлерін;
  • Ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастыру түрлерін;
  • Өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру түрлерін;
  • Қызмет көрсету аясын ұйымдастыру түрлерін білуіміз керек.

   Өндірісті ұйымдастыру

   Өндірісті ұйымдастыру – бұл қолда бар ресурстарды, жағдай мен түркіжайттарды есепке ала отырып, нақты бір жерде және белгілі уақыт ішінде өнім шығаруға бағытталған еңбек түрі мен тәртібі.
   ​Өндірісті ұйымдастырудың негізгі түрлеріне мамандану, кооперативтендіру және құрамдастыру жатады.

   Мамандану кәсіпорынның бір нақты өнім шығаратынын білдіреді. Мамандану бір кәсіпорында және оның әрбір бөлімшесінде болуы мүмкін. Мысалы, тек автомобиль ғана шығаратын компаниялар бар. Бұл – олардың соған мамандануы. Алайда мұндай компаниялардың әрбір цехы бар-жоғы бір ғана немесе бірнеше операцияны орындауы мүмкін, мысалы тек мәшиненің есіктерін орнату. Бұл – сол цехтың маманданған ісі.

   Кооперативтендіру барысында бірігіп, өнім шығаруды мақсат тұтқан түрлі кәсіпорындар өзара тұрақты өндірістік байланыс орнатуды көздейді. Сонымен бірге әрбір кәсіпорын ортақ өнім үшін өзіне бөлініп берілген қандай да бір белгілі істі орындайды. Мысалы, автомобиль зауытының бояу, әйнек, автомобиль тетіктерін жеткізетін компаниялармен байланысы бар.

   Құрамдастыру – бір кәсіпорында бір-бірімен тығыз байланысқан түрлі бағыт пен сала өндірістерін біріктіру. Мысалы, автомобиль зауыты мәшинелерге арналған жиһаздарды сатып алмай, өздері өндіруге шешім қабылдайды. Немесе металлургиялық зауыт, шикізат қалдықтарынан күкірт қышқылын өндіруді бастады, алайда, әдетте онымен химия өнеркәсібі айналысады.

   Ауылшаруашылығын ұйымдастыру түрлері

   Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорын ферма деп аталады. Ол, ереже бойынша, бір меншік иесіне тиесілі болады. Жер бетінің түрлі бөліктерінде және мамандануына байланысты фермалардың түрлі атаулары болуы мүмкін.
   ​Тропиктік және субтропиктік аудандардағы өсімдікшаруашылығының фермалары плантация деп аталады. Олар жалдамалы еңбекті пайдаланады және ауылшаруашылық дақылдарын сату үшін өсіреді. Негізгілері – кофе, шай, қант құрағы, каучук, банан, какао, кокос жаңғақтары, жержаңғақ, мақта өсімдігі, темекі, цитрусты жемістер, майлы пальма, гүлдер, ананас және басқалары. Плантациялардың ауданы, әдетте 5 га-дан артық болады және 10-нан астам жалдамалы жұмысшылар еңбектенеді.
   ​Солтүстік Америкада малшаруашылық фермалары ранчо деп аталады. Онда ірі қара мал өсіріледі. Бразилияда кез келген ірі ауылшаруашылық фермасын фазенда деп атайды.
   ​Аустралиядағы қойшаруашылығы фермалары шипстейшнз делінеді. Онда жайылымдар сым торлармен жекелеген жер телімдеріне (шетен қора) бөлініп қоршалған. Қойлар бір жер теліміндегі шөпті жеп тауысқанда, оларды басқасына айдап апарады. Ал алдыңғы жер теліміне мал азықтық шөптердің тұқымдары себіледі.
   ​Қазіргі уақытта Қытай, Жапония, Корея, Филиппин, Индонезия және басқа да елдердің жағалық зоналарында марифермалар пайда болған. Онда балықтар мен моллюскілердің алуан түрлері өсіріледі және балдырлардың плантациялары құрылуда.
   ​Кішігірім жер үлесінің иегерлері ауылшаруашылық кооперативтеріне бірігеді. Олардың мақсаты – жер ресурстарының мүшелерінің әрқайсысында бар дүниені, өндіріс құралдарын, тұқым қорын бірлесе пайдалану.
   ​Көптеген азаматтардың өздерінің кішігірім жер үлестері бар. Онда көгөністер мен жемістер өсіреді немесе өздері тұтыну үшін үй жануарлары мен құстарды ұстайды. Мұндай түрі үй жанындағы шаруашылық деп аталады.
   ​Мамандану, кооперативтендіру және құрамдастыру ауылшаруашылығының қызмет көрсетуші салаларымен бірігуіне әкелді. Соның нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) қалыптасты. Ол ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге, оны өңдеуге және тұтынушыға жеткізуге қатысқан шаруашылықтың барлық салаларын біріктіреді.

   АӨК мынадай негізгі салаларды қамтиды:

  • өндіріс құралдарын жеткізуші салалар – ауылшаруашылығы мәшинелерін жасау, химиялық, құрама жем өнеркәсібі және т.б.
  • ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын өсімдікшаруашылығы және малшаруашылығы.
  • ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізу салалары: тамақ өнеркәсібі, ыдыс-тоғанақ және қойма, көлік, көтерме және бөлшек сауда. Олар өнімдерді тұтынушыға дейін жеткізеді.
  • АӨК инфрақұрылымы – АӨК-тің барлық бөлімдерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін салалар мен ұйымдар. Бұлар – жолұйымдары, қаржылық және банктік желі, делдалдық, инвестициялық компаниялар және басқалары.

   АӨК деген не? 

   Неліктен АӨК-тің даму мүмкіншілігі орын алды? 

   Геосергiту

   «Ортақ нәрсені іздеу»

   Жүргізуші кездейсоқ тәсілмен таңдап алынған екі географиялық нысанды атайды. Оқушылар олардың ортақ ұқсастықтарын барынша көбірек табулары қажет.

   Өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру түрлері

   Өнеркәсіптік кәсіпорындардың «фабрика» және «зауыт» тәрізді атаулары бар. Оның өзгеше бір түрі – комбинат. «Фабрика» атауы жеңіл және өндіруші өнеркәсіпке (мақта-мата фабрикасы, кен-байыту фабрикасы) қолданылады. Ал басқа салаларда «зауыт» термині (май зауыты, автозауыт, механикалық зауыт) алынады.
   ​Барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар (зауыттар, фабрикалар мен комбинаттар) мәшине қолдануға негізделген, үлкен ауқымды өндіріс түрінде сипатталады.
   ​Олар саласы мен орналасқан аймаққа байланысты бір-бірінен айырмашылықта болуы мүмкін, бірақ басқа өндіріс түрлерінен ерекшелендіретін ортақ белгілері, сипаты болады.
   ​Олар бір-біріне жақын орналастырылған механикаландырылған немесе автоматтандырылған негізгі және қосалқы цехтардан тұрады. Негізгі цехтарда зауыттың басты өнімі өндіріледі. Қосалқы цехтар құрал-жабдықтармен жабдықтау, мәшинелерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету, энергиямен, сумен, газбен, бумен қамтамасыз ету үшін құрылған.
   ​Зауыттар мен фабрикаларда қоймалар, көлік құралдары, санитарлық-техникалық инфрақұрылым, шикізаттарға, өнімдер мен қалдықтарға бақылау жүргізетін зертханалар бар. Әкімшілік қызметкерлеріне арналған кеңсе ғимараттары, асхана, жұмысшыларға арналған тұрмыстық ғимараттар қарастырылған.
   ​Комбинат – түрлі салаларда өндірілетін өнімдерді шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорын. Сонымен бірге бір цехтың немесе өндірістің шығарған өнімі екіншісінің пайдаланатын шикізаты немесе материалы болады. Мысалы, ет комбинаттарында ет өнімдерін шығарады, ал өндіріс қалдықтарынан медициналық инсулин және гематоген препараттарын, техникалық желатин мен желім өнімдерін, тұрмыстық қауырсын-мамықты өнімдерін шығарады.

   Ұқсастықтары: 

   Айырмашылықтары: 

   Қызмет көрсету саласы кәсіпорындарын ұйымдастыру түрлері

   Қызмет көрсету саласының кәсіпорындары көбінесе кішігірім болады. Ұйымдастырылу түрлері бойынша олардың ішінен цехтық және цехсыз құрылымдағы кәсіпорындарды бөліп алуға болады.
   ​Цехтық құрылымдағы кәсіпорындар үлкен ауданды алып жатады және оларда құрылымдық бөлімшелердің толық кешені болады: цех – өндірістік телім – жұмыс орындары. Техникалық қызмет көрсету стансысында әрбір пост өзінше маманданады – диагностика, майлау, бөлшектерін ауыстыру т.б. Банктерде де заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсету бойынша жекелеген операциялық залдар болады.
   ​Цехсыз құрылымдағы кәсіпорынның өз құрылымының құрамында тек жұмыс орындары болады. Оларға шаштараздарды жатқызуға болады.
   ​Қызмет көрсету саласының кейбір кәсіпорындарында тапсырыс қабылдау мен оны орындау белгілі бір жерде – сол фирманың ғимаратында жүзеге асырылады. Ал басқа бір компанияларда тапсырыс қабылдау орындарының желісі бар, мысалы, химиялық тазарту немесе бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қабылдау орындары.
   ​Қызмет көрсету саласының кәсіпорындары клиенттерге көшпелі қызмет көрсете алады. Мұндай қызмет түрлерін мейрамханаларда, оқыту, демалыс-ойын сауық саласында, сұлулық салондарында кездестіресіңдер.
   ​Кейбір кәсіпорындарда өзіне-өзі қызмет көрсету қарастырылған. Фирма қызметкері тек кеңесші ретінде әрекет етеді. Мысалы, ғаламтор-салондарында клиент қызмет көрсету ақысын төлейді де, қызмет көрсетілуі үшін жабдықты, аспаптарды өзі қолданады.
   ​Фирмалар көрсетілетін қызметті пайдалану кезінде тұтынушыларға барынша қолайлы жағдай жасайды. Клиентке қызмет көрсету зонасы (тапсырысты қабылдау және беру) жайлы және эстетикалық тартымды түрде ресімделеді. Қосымша қызметтер немесе тауарлар ұсынылады, мысалы, сусындар тегін беріледі. Хауыздарда суға шомылуға арналған заттарды, ал моншада жуынатын және косметикалық құралдарды сатып алуға болады.

   Өздерің тұратын елді мекенде цехтық және цехсыз құрылымдағы қызмет көрсетумен айналысатын ұйымдардың тізімін жасаңдар.

   Неліктен кәсіпорындардың бір тобы өндірістің цехтық, ал екіншісі цехсыз ұйымдастырылуын артық көреді?

   Геодерек

   Плутонның үстіне Қазақстанның аумағындай аумақтың 6-дан астамы сыйып кетер еді.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өндірісін, қызмет көрсету кәсіпорындарын ұйымдастыру түрін таңдауға не әсер етеді?
  2. Өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындардың, қызмет көрсету ұйымдардың мамандануы, кооперативтендірілуі, құрамдастырылуы болмауы мүмкін бе? Өз жауаптарыңды растайтын дәлелдер келтіріңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз