Құрлық суларының шаруашылық маңызы

Сабақтың мақсаты:

  • Құрлық суларының негізгі түрлерінің шаруашылық маңызын түсіндіру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Құрлық суларының неге пайдаланатынын;
  • Құрлық суларының немесе су тұратын объектілердің  маңызды қасиеттерін білу керек.

   Жерасты суларының тәжірибелік мәні

   Қазіргі уақытта тұщы жерасты сулары көптеген елдерде тұрғындарды шаруашылық-ауызсумен жабдықтауда маңызды рөл атқарады. Сумен жабдықтау үшін жерасты немесе салыстырмалы түрде аса терең емес орналасқан арынды сулар пайдаланылады. Заманауи су-көтеру сорғылары суды 150–200 м тереңдіктен көтеру мүмкіндігіне ие. Жерасты суларының жерүсті суларымен салыстырғанда бірқатар артықшылықтары бар. Олардың сапасы жоғары, ластанудан және зақымданудан әлдеқайда сенімді қорғалған. Маусымдық және көпжылдық ауытқуларға азырақ ұшыраған және көпшілік жағдайда қосымша тазалауға қымбат шаралар талап етпейді.
   ​30 жыл ішінде әлемде су алу үшін 300 млн-нан астам ұңғыма бұрғыланған. Сулар шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер, суландыру, техникалық сумен жабдықтау үшін қолданылады.
   ​Жерасты сулары – еуропалық елдердің көпшілігінде қалаларды шаруашылық-ауызсумен жабдықтаудың негізгі көзі. Еуропаның Будапешт, Вена, Гамбург, Копенгаген, Мюнхен, Рим тәрізді ірі қалаларын (тұрғыны бір миллиондай және одан да көп адам) сумен жабдықтау толықтай немесе толықтай дерлік жерасты суларына негізделген, ал Амстердам, Брюссель, Лиссабон сияқты қалалардың суға жалпы қажет тілігінің жартысынан астамын жерасты сулары атқарады.
   ​Жерасты сулары тек ауызсу ретінде ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіпте, ауылшаруашылығында, көлікте – іс жүзінде адамның іс-әрекетінің барлық түрінде қолданылады.
   ​Климаты құрғақ және жартылай құрғақ елдерде жерасты сулары суландару үшін кеңінен қолданылады. Жерасты сулары есебінен барлық жердің шамамен 1/3-і суландырылады. Суландырылатын жердің жалпы ауданының АҚШ-та 45%-ы, Иранда 58%-ы, Алжирде 67%-ы жерасты суының есебінен суландырылады, ал Ливияда суармалы егіншілік толықтай жерасты суларына негізделген.
   ​Минералды су – емдік мақсатта қолданылады және химиялық шикізат (глаубер тұзы, бура, йод және басқалары) көзі. Жылы сулар ғимараттар мен жылыжайларды жылыту үшін қолданылады.

  • тұщы
  • мөлдір
  • ластанудан және зақымданудан қорғалған
  • температураның ауытқуына тәуелді емес
  • құрамында минералды тұздар бар

   Өзендердің шаруашылық мәні

   Елді мекендердің басым көпшілігі, өндірістік кәсіпорындар мен айрықша қарқынды ауылшаруашылығы өзенге жақын жерлерге орналастырылады. Бұл олардың өндіріс үшін едәуір қолайлы табиғи база жасап беретіндігіне байланысты.
   ​Өзен – табиғи су жолы, ауызсу және өнеркәсіптік су көзі, гидроэнергетика көзі, іргелес жатқан батпақты жерлерді құрғату кезінде су коллекторы және суландыру кезінде суқоймасы бола алады. Адамдар өзенде балық өсіреді және аулайды. Өзен аңғарында, әдетте, топырақ құнарлы болады. Бұл қолайлы режиммен (жерасты суларының жақындығымен) және бұл топырақтарда құнарлы заттардың шоғырлануына байланысты. Құнарлы заттарды суайрықтарынан еріген қар мен жауын-шашын суы әкеледі және өзен суының маусымдық тасуы кезінде шығарылады. Өзен аңғарларында тамаша суармалы шабындық – сүтті малшаруашылығының табиғи базасы қалыптасады. Егіншілік қолдан суаруға негізделген зоналарда өзен аңғарларының, әдетте, суландыруға арналған табиғи жағдайлары өте жақсы болады.
   ​Көптеген өзендер тектоникалық аңғарлардан ағып өтеді және де олардың жағалауларында пайдалы қазбалардың кен орындары бар тау жыныстары аршылып жатады. Бағалы пайдалы қазбалардың бірқатары өзен 

аңғарларының үйінділеріне шоғырланады: алтынның шашыранды кен орны, платина және басқа металдар мен минералдар (алмаз және т.б.). Бұл тұрғыда, әсіресе ежелгі, құрғап қалған өзен аңғарлары үлкен қызығушылық тудырады.
   ​Қазіргі уақытта адамдар өзендерді бөгеттермен қалқалап, суқоймаларында жинақтайды. Жинақталған суды су электрстансыларыныңжұмысы үшін және суда кеме қатынасына қажетті тұрақты су деңгейін ұстап тұру үшін пайдаланады. Адамдар өзен арналарын тегістеп, тереңдетеді, кеме жүру үшін өзендерге шлюздар орнатады, балық жолын тұрғызады, бір өзен бассейнін екіншісімен қосатын кеме жүретін каналдарды теседі, суландыру каналдарын төсейді және олардың бойымен егістікті суландыратын су жібереді. Адамдар өзендерде қолдан балық өсіреді.
   ​Өзендер арқылы бұрыннан мемлекеттердің шегарасы өткен. Бұл қорғаныс тұрғысынан өте ыңғайлы болған – өзендер сыртқы жаулардан сенімді қорғаныс ретінде қолданылған. Кеме жүретін өзендер мемлекеттік шегаралар не фарватердің ортасы бойымен, не аңғар түбі сызығының бойымен өтеді. Егер өзен кішігірім болса, онда шегара аңғарының ортасымен немесе басты тармағы бойынша 

жүргізіледі.
   ​Өзендер тұрғындардың демалыс орны ретінде де пайдаланылады.

Ақсу-Джабаглинск қорығындағы өзені
  • ауызсу ретінде қолданылады
  • су электрстансыларының жұмысына пайдаланылады
  • егіндікті суғаруға қолданылады
  • балық аулау
  • аң аулау
  • пайдалы қазбалардың кен орындары
  • жаудың жолындағы тосқауыл

   Геосергiту

   «Өткен тақырыптар» сұрақ-жауап ойыны

   Бірнеше топқа бірігіңдер. Әрбір команда өткен тақырыпқа қатысы бар үш тұжырымды табуды ұсынады. Тақырыпты еш қиындықсыз анықтап қоймауы үшін, тұжырымда тақырыптың негізгі сөздері мен басқа да белгілері болмағаны дұрыс. Қалған командалар осы тұжырымдамаға қатысты болатын тақырыпты табады. Тұжырым ретінде оқулықтағы мәтіннің сөйлемі, ұстаздарың немесе оқушылардың бірі айтқан қызықты, есте қаларлық фраза алынуы мүмкін.

   Көлдердің шаруашылық маңызы

   Көлдердің шаруашылық мақсатта қолданылуы тіптен алуан түрлі және сол суқоймасының типіне байланысты. Бұл жерде олардың пайдаланылуы мақсатын белгілеу қажет:

  • балықшаруашылығы үшін;
  • тұз өндіру мақсатында;
  • су жолы ретінде;
  • сумен жабдықтау көзі ретінде;
  • гидроқондырғылар үшін энергетикалық резервуар ретінде;
  • шірік тұнба өндіру мақсатында;
  • медициналық мақсатта (кейбір көлдердің лайлы балшықтарының емдік қасиетін пайдалану) және т.б.
Баскунчак көлінде тұз өндіру

   Батпақтардың шаруашылық маңызы

   Батпақ биоценоздары биомассаның айтарлықтай көлемін құрайды, бұл осы немесе басқа түрде де экономикада қолданылады. Батпақ – дәрілік, жем-шөптік және азықтық өсімдік шикізатының, сонымен қатар кен қазбалары мен қазба отынның кейбір түрлерінің көзі. Шымтезек бүкіл әлемде тыңайтқыш ретінде бағаланады. Шымтезек микробиологиялық өнеркәсіпте жемшөптік белок, малшаруашылығына арналған дәрумендер, физиологиялық белсенді қосылыстар және басқа да көптеген заттар өндіру үшін қолданылады. Құрғатылған батпақты жерлерде шөптесіндер, көгөністер, астықты техникалық дақылдар және басқалары өсіріледі. Батпақтарда кәсіптік маңызы бар аңдар мен құстар тіршілік етеді.

  • биомассаның айтарлықтай көлемін құрайды
  • дәрілік шикізат көзі
  • азықтық шикізат көзі
  • шымтезек алуға пайдаланылады
  • ауызсу алуға пайдаланылады
  • кен қазбалары
  • балық өсіру мен аулауда маңызы зор
  • аңшылық

   Мұздықтардың шаруашылық маңызы

   Мұздықтардың шаруашылық маңызы олардың табиғаттағы рөлімен салыстырғанда үлкен емес. Мұздықтарда тұщы судың үлкен көлемі жинақталған. Тау мұздықтарының еруі жылдың жылы бөлігінде көптеген тау өзендерінің ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаһандық жылыну жағдайында тау мұздықтарының еруінің күшеюі жылдың құрғақ кездерінде суармалы егіншілік пен тұрғындарды сумен жабдықтауды жақсартады. Жамылғы мұздықтар мен көпжылдық тоңдардағы төменгі температура өнімдердің көптеген түрлерінің ұзақ уақыт сақталуына себепші болады. Мұздықтардың осы қасиетін пайдалана отырып, 2006 жылы БҰҰ-ның қамқорлығымен әлемдегі барлық ауылшаруашылық өсімдіктерінің тұқымдарын сақтау үшін Бүкілдүниежүзілік банк-тұқымқоймасы құрылды. Бұл өсімдіктер банкінде әрбір ел өздерінің жекелеген орындарын иеленді. Мұндай тұқым сақтау қоймасының мақсаты – мүмкін болатын астероидтың құлауы, ядролық соғыс немесе ғаламдық жылыну тәрізді жаһандық апат нәтижесінде олардың жойылып кетуіне жол бермеу. Ішінде тұқымның 4,5 млн түріне жететін орын бар.

   Қойма Лонгйир кентінде теңіз деңгейінен 130 м биіктікте, 120 метрлік тереңдікте орналасқан. Банк жарылысқа төтеп беретін есіктермен және шлюздік камералармен жабдықталған. Олардың сақталуын жергілікті көмірмен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар мұздатқыш қондырғылар мен мәңгілік тоң қамтамасыз етеді. Тіптен, жабдықтар істен шыққан күннің өзінде, температура 3°С-қа дейін көтерілуі үшін, кем дегенде, бірнеше апта өтуі қажет. Тұқымдар желімделген хатқалталарға салынған, ол өз кезегінде төртқабатты пластик пакетке оралып, металл сөрелерде тұрған контейнерлерге салынған. Төмен температура (−18°С) мен оттектің кіруіне қойылған шектеу төмен метаболиттік белсенділікті қамтамасыз етіп, тұқымдардың қартаюын баяулатады.
   ​Шпицбергенді тұқымдардың банк-қоймасы ретінде мәңгілік тоңы мен топарал аймағындағы аздаған тектоникалық белсенділігі үшін таңдап алды.

Шпицберген
  • тұщы судың үлкен көлемі
  • төменгі температура
  • ақ аюлардың мекені
  • мұздықтар
  • тау мұздықтарының еруі

   Геодерек

   Автомобиль жүргізушілерінің орны – жолдары оң жақты қозғалысты елдерде сол жақта, ал сол жақты қозғалысты елдерде оң жақта болады. Қазіргі уақытта Жер шарының 66 % тұрғындары оң жақты қозғалыспен, ал 34 % -ы сол жақты қозғалыспен жүреді. Үндістан, Индонезия, Пәкістан тұрғындарының санының есебімен алдыңғы қатарда тұр. Барлық жолдың 72%-ы – оң жақты жол, 28%-ы – сол жақты жол. Қазақстанда жол – оң жақты.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Эйлер шеңберлерінде құрлық суының шаруашылық мақсатта қолданылуының ерекшеліктері мен ұқсастықтарын көрсетіңдер.
  2. Параграфтың мәтініндегі әрбір тақырыпшаның басты идеясына сәйкес келетін иллюстрацияны таңдаңдар. Өзіңнің топтамаңды ақпараттық график түрінде көрсетіңдер.
  3. Өздерің тұратын өңірде шаруашылық мақсатта қолданылатын құрлық суларының арақатынасын бағалаңдар.

Шаруашылықта қолданылуы

Инженерлік-техникалық шешімі

Мысалы

Өтінемін күте тұрыңыз