Климат және адам

Сабақтың мақсаты:

  • Жергілікті компонентті қосымша қамти отырып, климаттың адамзат өміріне және шаруашылық әрекеттеріне әсерін бағалау;
  • Адамзаттың іс-әрекетінің атмосфера мен климатқа жағымсыз әсерлерін топтау және оларды шешу жолдарын ұсыну.

Мақсатқа жету үшін:

  • Климат адамның тіршілігіне қалай әсер ететінін;
  • Адамдардың іс-әрекеттері климатқа қалай әсер ететінін білуіміз керек.

   Климаттың адам денсаулығына әсері

   Климат адамға тікелей және жанама әсер етеді.
   ​Температура – тіршілікті дамыту үшін қажетті маңызды түрткіжайт. Адамдардың тіршілік ету мүмкіншілігінің шегі – ең жоғарғы және ең төменгі температуралар. Оның шегінде адамдарға аптап ыстық немесе суық ауа әсер етеді. Егер кейбір айрықша жағдайларды есепке алмасақ, адамдар 0 мен 50°С аралығындағы температурада өмір сүруге қабілетті. Бұл адам ағзасы үшін белоктың маңызды компонент болып табылатындығына байланысты. Ол 45°С-тан жоғары температурада бұзылады және 0°С кезінде қатады.
   ​Белгілі бір температура жағдайында ұзақ жылдар бойы өмір сүргенде адам ағзасында қорғаныс механизмі қалыптасады, ол жылуды реттеу деп аталады. Бұл сыртқы ортаның температурасында айтарлықтай өзгешелік бар болса да, адам ағзасының белгілі бір шеңберде дене температурасын сақтап тұру қабілеті.
   ​Гипотермия (қалыпты температураға қарағанда дене температурасының төмендеуі) кезінде жылу түзілуді арттыру және жылу жоғалтуды төмендету, ал гипертермия (қалыпты температураға қарағанда дене температурасының көтерілуі) кезінде қоршаған ортамен жылу алмасуды арттыру және жылу түзілуді төмендету қабілеті қалыптасты.
   ​Суықтан немесе төтенше қапырық ыстықтан қорғанудың әлдеқайда қолайлы радикалды түрі бар – жайлы өңірлерге қоныс аудару.
   ​Адам ағзасы белгілі бір температуралық режимге барынша бейімделгенін ескерсек, температураның күрт ауытқуы үлкен маңызға ие. Ауа температурасының 1–2ºС-қа өзгеруі әлсіз, 3–4ºС-қа өзгеруі қоңыржай, ал 4ºС-тан артық өзгеруі күрт өзгеруі болып саналады.

   Сыртқы ортаның температурасында айтарлықтай өзгеріс болып жатса да, адам ағзасының белгілі бір шеңберде дене температурасын сақтап тұру қабілеті деп аталады.

   Қалыпты температураға қарағанда дене температурасының төмендеуі  деп аталады.

   Қалыпты температураға қарағанда дене температурасының көтерілуі  деп аталады.

   Комфортные и дискомфортные условия

   Адамдардың өздерін қолайсыз сезінуі мен жылуды реттеу жүйесінің шиеленісі орын алмайтын климат параметрлері жайлы немесе тиімді деп аталады.
   ​Адамның қалыпты жылулық күйі бұзылатын жағдайлар қолайсыз жағдайлар делінеді.
   ​Жылуды реттеу жүйесінің болмашы шиеленісі мен азғантай қолайсыздық кезінде метеорологиялық жағдайлар болуы мүмкін деп саналады.
   ​Едәуір қолайлы жағдайлар ауа температурасы 16–18ºС болған кезде байқалады. 11ºС-тан төмен және 26ºС-тан жоғары температуралардың ұзақ уақыт сақталып тұруы адам ағзасына, әсіресе тұрғылықты емес адамдарға кері әсер бере алады.

   Графикалық мәліметтерді ұсыну

   Температураның қолайлылық шәкілін әзірлеңдер. Онда әртүрлі түстермен қолайлылық, қолайсыздық және төтенше мәндер аймақтарын белгілеңдер. Әрбір аймақтың қарама-қарсы жағына тиісті арнайы жолақтарда адам ағзасының оған бейімделу механизмін, адамдардың қолданған іс-шараларын, сонымен қатар осындай мәндер тиесілі болатын жер шарының аудандарын көрсетіңдер. Онда орналасқан климаттық белдеу мен орографиялық бірліктерді көрсетуге кеңес беріледі (§10).

   Ылғалдылық

   Ылғалдылық – адам денсаулығына әсер ететін маңызды климаттық көрсеткіштердің бірі. Ол құбылыстармен сендер 7-сыныпта таныстыңдар. Адам өзін қалыпты сезіну үшін салыстырмалы ылғалдылық 40–60%болуы тиіс.

   Төмен ауа ылғалдылығы

   Өте құрғақ ауа теріні құрғатып жіберуі және ағзаны жылдам сусыздандыруы мүмкін. Ең бірінші кезекте ашық ауамен байланысатын шырышты қабықтар зардап шегуі мүмкін, оларда микрожарықшақтар пайда болады және кеуіп қалады, сөйтіп зиянды бактериялар мен вирустардың ағзаға енуіне жол ашылады.
   ​Ылғалдылық тер бөлінуге және жылу алмасуға, сонымен қатар атмосферадағы ауаның тығыздығына әсер етеді. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 10%-дан төмен болған кезде, тіптен дені сау адамдардың өзі жұтқыншағының құрғау, көзінің «бүріп» ауыру сезімін басынан өткереді, мұрнынан қан кетуі де мүмкін.
   ​Алайда құрғақ ауа төмен және жоғары температураларда өзіңді жеңіл сезінуге мүмкіндік береді. Мысалы, салыстырмалы ылғалдылық төмен болғанда жаздың аптап ыстығына, температурасы дәл сондай, бірақ ылғалдылығы жоғары аудандарға қарағанда төзу оңай. Төмен температуралармен де тура осылай болады. Ылғалдылық төмен болғанда қатты аяз, ылғалды ауа жағдайындағы азғантай «минус» температураға қарағанда әлдеқайда қолайлы.

   Ауаның жоғары ылғалдылығы

   Әсіресе, жоғары ылғалдылық гипертониясы бар науқастарға, атеросклерозбен, түрлі жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратындарға қатты әсер етеді. Ауа ылғалдылығы өте жоғары (80…95%) болғанда, асқынулар мен аурулары қозуы мүмкін.
   ​Қоршаған орта температурасы +25°С және одан жоғары, сонымен бір мезгілде ауа ылғалды болса, теріден жылу берілу бұзылады да, ағза қызып кетуі мүмкін. Артық жылудың алғашқы белгілері: қапырық пен ауырлықты сезіну, хал-жағдайының нашарлауы, жұмысқа қабілетсіздік. Адамның ылғалдылығы жоғары ғимаратта тұрақты болуы ағзаның инфекциялық және суық тию ауруларына қарсы тұра алуының төмендеуіне, сонымен қатар әлдеқайда күрделі зардаптарға: бүйрек ауруларына, туберкулезге, ревматизмге және т.б. ауруларға әкеліп соқтырады.
   ​Ендік өзгергенде салыстырмалы ылғалдылық салыстырмалы түрде аз өзгереді: 0–10° ендікте ол ең көбі 85%-ды, 30–40° ендікте 70%-ды және 60–70° ендікте – 80%-ды құрайды. Салыстырмалы ылғалдылықтың айтарлықтай төмендеуі тек солтүстік және оңтүстік жартышарлардағы 30–40° ендіктерде байқалады.
   ​Полярлы аймақтарда температура төмен болғандықтан ылғалдылық жоғары, экватор маңы аймақтарында оның мәні жоғары болуына жоғары абсолюттік ылғалдылық себепші болады; ең кіші салыстырмалы ылғалдылық субтропиктерге тән, ол бұл ендіктерде қысымның жоғары болуымен және төмендемелі ауа қозғалысы мен пассаттардың басым болуымен тығыз байланысты. Төмендемелі қозғалыс кезінде ауа адиабаттық түрде қызады, пассаттар да ауа массасын едәуір суық жерлерден әлдеқайда жылы жерлерге тасымалдайды, демек, екі жағдайда да ауа қанығу күйінен аулақта болады.
   ​Салыстырмалы ылғалдылықтың ең үлкен жылдық орташа шамасы (90%) Амазон сағасында, ал ең кіші шамасы (28%) – Хартумда (Ніл аңғары) байқалған.

   Графикалық мәліметтерді ұсыну

   Ауа ылғалдылығы көрсеткіштерінің қолайлылық шәкілін әзірлеңдер. Онда әртүрлі түстермен қолайлылық, қолайсыздық және төтенше мәндер аймақтарын белгілеңдер. Әрбір аймақтың қарама-қарсы жағына тиісті арнайы жолақтарда ылғалдылықтың өзгеше мәндеріне адам ағзасының жауап қату механизмін, сонымен қатар осындай мәндер тиесілі болатын жер шарының аудандарын көрсетіңдер. Онда орналасқан климаттық белдеу мен орографиялық бірліктерді көрсетуге кеңес беріледі (§ 3.2).

   Геосергiту

   «Жанды диаграмма»

   Географиялық құбылыстарды, нысандар немесе үдерістерді «жанды» диаграмма немесе динамика түрінде көрсетіңдер. Графикте диаграмма бағандарының орнында сыныптастарың тұратын болады. Көрсетілетін құбылысты, нысан немесе үдерісті мәндерінің кему немесе өсу ретімен динамика түрінде, өсуі немесе кемуі бойынша қоюға болады. Графиктің жетіспеген элементтерін түрлі материалдардан әзірлеуге болады.

   Климаттың адамдардың тіршілік әрекетіне ықпалы

   Аумақтың климат ерекшеліктері ауылшаруашылығының аймақтық мамандануын анықтайды. Өсімдіктердің өсуі климаттық сипаттамасына, жиынтық күн радиациясының шамасына және ылғалдылық коэффициентіне байланысты. Вегетациялық кезеңі ұзаққа созылатын жылусүйгіш өсімдіктер күні жылы оңтүстікте, ал суыққа төзімділері – солтүстік аудандарда отырғызылады. Селекционер және генетик ғалымдар шыдамды климат жағдайларына мәдени өсімдіктердің жаңа түрлерін шығарды, алайда оған толықтай тәуелсіз әзірге мүмкін болған жоқ.
   ​Малшаруашылығы климат жағдайларына аса тәуелді емес, алайда оларды өсіру мен жем-шөп базасын дайындауда климат ескерілуі керек.
   ​Климат өнеркәсіптік өндірістің жекелеген салаларының дамуын да анықтайды. Ол – төтенше табиғи жағдайлары бар аудандарда өнеркәсіптік өндіріс үшін негізгі түрткіжайт. Оларды игеру қажеттілігі жылыту мен жарықтандыру үшін жұмсалатын энергетикалық шығындарға қосымша экономикалық қаражатты талап етеді, мысалы, солтүстік аудандарда.
   ​Аумақтың гидроэнергетикалық әлеуеті, өзен алаптары суының молдығы, қатуы, сабалық кезеңі және суының тасуы тікелей климатпен байланысты.
   ​Климат түрткіжайттары көліктің жекелеген түрлерінің жұмысын қиындатуы мүмкін. Мысалы, күрделі метеорологиялық жағдай – ұшақтардың ұшуына кедергі келтіреді, өзен және теңіздерде кеме жүруі тек жаздағы қысқа кезеңде ғана іске асырылады, қар басып қалу немесе су басу жолдар мен теміржол магистральдарын істен шығарады.
   ​Климат адам қоныстанған орындардың ауқымды аумағын игеру және қоныстандыру реттілігінде рөл атқарды.

   Адамдардың іс-әрекетінің климатқа ықпалы

   Адамдардың климатқа ықпалы осыдан бірнеше мыңдаған жылдар бұрын байқала бастаған. Жаңа жерлерді игеру, ормандарды кесу және өртеу, аумақтың жерін жырту, қала құрылыстарын салу микроклиматты қатты өзгертті, кейбір жерлерді шөлге айналдырса, енді бірін батпаққа айналдырды. Көптеген аудандарда жерді өңдеу үшін ормандар жойылды. Бұл жер бетінде желдің жылдамдығының артуына, ауаның төменгі қабатының температурасы мен ылғалдылығының біршама өзгеруіне әкеліп соқтырды. Сонымен қатар топырақтың ылғалдылық, булану және өзен ағыны режимін өзгертті. Құрғақшылық аудандарында бірнеше жүздеген жылдар бойы қолдан суландыру жүргізілді. Суландыру булануды айтарлықтай арттырады, бұл температураны төмендетеді және ауаның салыстырмалы ылғалдылығын арттырады. Жүргізілген бақылаулардың нәтижесі көрсеткендей, ормандарды кесу мен суландырудың метеорологиялық жағдайларда әсері жергілікті климаттың өзгеруімен шектелді.
   ​Соңғы он жылдықта адамдардың метеорологиялық режимге ықпал етуі күшейді. Бұл егін даласын қорғайтын ағаш өсіру шаруашылығының кеңінен дамуымен, батпақтанған аудандарды құрғатумен және суқоймалары құрылыстарын салумен байланысты.
   ​Егін даласын қорғайтын орман жолақтары егіс арасындағы тың жерлерде желдің жылдамдығын тежейді және жер бетіне жақын жердегі ауаның тік қозғалысының қарқындылығын төмендетеді. Ол жазда шаңды дауылдан қорғайды және қыста қарды тежеп тұрады. Асыра ылғалдандырылған аумақтарды құрғату климатқа, әдетте суландыруға керісінше әрекет көрсетеді: топырақтың ылғалдылығы азаяды, оның температурасы артады, булану төмендейді. Климаттың біршама өзгерістері ірі суқоймалары орналасқан аудандарда да байқалады. Оларды салған кезде жердің беткі қабатының кедір-бұдырлығы төмендейді, бұл жердің күшеюіне мүмкіндік туғызады. Су алабын жасау, әдетте температураның тәуліктік ауытқуының төмендеуіне және буланудың артуына әкеледі. Мұның барлығы жергілікті немесе микроклиматқа әсер етеді.
   ​Ауаға түсетін зиянды заттар қатты түйіршіктер, газ және сұйықтықтың буы болуы мүмкін. Бұл заттардың ішінде улы заттар да болады.
   ​Көлік пен өнеркәсіптік кәсіпорындар көбірек орналасқан үлкен қалаларда ауа басқаларына қарағанда көбірек ластанады. Олардан басқа ауаны өрт, жылу электрстансылары, тыңайтқыштар, тұрмыстық химиялық заттар (мысалы, аэрозольдар) ластайды.
   ​Адамзат баласы көп жанармай (отын) жағады. Жану нәтижесінде оттек азайып, көмірқышқыл газының мөлшері артады. Тірі ағзаларға оттек тыныс алу үшін қажет, сондықтан ауада оның азаюы қауіпті.
   ​Атмосферада көмірқышқыл газының жинақталуы тұмшалау әсерін береді. Оның салдарынан атмосфераның төменгі қабаттарында температура артады. Көмірқышқыл газы жердің беткі қабатынан жылуды кері қарай – атмосфераның жоғарғы қабатына өткізбеуінен тұмшалау әсері туындайды. Сол себепті жылу жинақталып қалады да, температура көтеріледі. Жерде температураның жаппай көтерілуі мұздықтардың еруімен, мұхиттардың су деңгейі өзгеруімен және жағалауындағы құрлықтарды су басатындығымен қауіпті.
   ​Атмосфера ластануын төмендету үшін кәсіпорындар өздерінің зиянды қалдықтарын «ұстап қалуы» қажет.

Әсері

Мақсаты

Зардаптары

Шешім

   «Минто» пирамидасын қолдана отырып, кестедегі деректерді мәтінге айналдырыңдар.

   «Минто» пирамидасын

   Геодерек

   Аширит минералы (басқаша атауы – диоптаз) минералды Қазақстаннан Еуропаға алғаш жеткізген саудагер Әшір байдың құрметіне аталған. Сатпаевит минералының атауы академик Қ.И. Сәтбаев тың құрметіне қойылған. Тенгизит минералы Батыс Қазақстандағы Теңіз мұнай кен орнындағы өрт кезінде түзілген.

Аширит
Сатпаевит
Тенгизит

   Ойыңды тұжырымда

  1. Келесі тұжырымның дұрыстығын растайтын кем дегенде екі мысал келтіріңдер: «Адам ағзасына оқшауланған бір түрткіжайт қана емес, олардың жиынтығы әсер етеді және де негізгі әрекетті климат жағдайының қалыпты ауытқулары емес, олардың кенеттен өзгеруі көрсетеді».
  2. Неліктен ұзақ уақыт қолайсыз температура мен ылғалдылықта өмір сүрген адамдар, тұрғылықты емес адамдар шалдығатын денсаулықтың көптеген бұзылуларына шалдықпайды?
  3. Елді мекендегі тұрғын жайлардың, шаруашылық құрылыстарының, орналастыру шешімдерінің қандай ерекшеліктері туған өлкеңнің тұрғындарына климаттың әсерін дәлелдейді?
  4. 5–6-сынып оқушылары үшін адамдардың шаруашылық іс-әрекеттерінің атмосфера мен климатқа әсерін түсіндіру жобасын әзірлеңдер. Сенің түсіндіруің мақсатты аудиторияның жас ерекшелігін есепке ала отырып, қарапайым және түсінікті болуы тиіс. Жобаны сынып- тың алдында талқылаңдар.
  5. Графикалық модель құрастырыңдар:
    1. климаттың адамға ықпалы;
    2. адамның атмосфера мен климатқа ықпалы. «Лифт ішіндегі тұсаукесер» әдісі бойынша түсіндірме дайында.
Өтінемін күте тұрыңыз