Құрметті оқушы!

   6-сыныпқа арналған «Информатика» пәні осы ғылымның негізгі бөлімдерімен таныстыруды әрі қарай жалғастырады. Сен осы оқулықта берілген жаңа білім және тәжірибемен танысу барысында түрлі сұрақтарға жауап табуға, топпен және жұппен бірлесіп талқылау арқылы ортақ тұжырымға келуге дағдыланасың. Практикалық-шығармашылық тапсырмаларды жеке орындау кезінде ақпараттық білімің мен мәдениетіңді қалыптастыруға, компьютерлік сауаттылығыңды жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік аласың.
   ​Оқулықтағы тақырыптар сені сыни ойлауға үйретіп, логикалық, алгоритмдік ойлау қабілетіңді шыңдай түседі. «Информатика» пәнінің 4 маңызды бөлімі бойынша жұмыс істейсің.
   ​Оқулықтың І бөлімінде эргономика, операциялық жүйелер, сымсыз желілер сияқты маңызды тақырыптармен танысасың. Ал ІІ бөлімде бүгінгі таңда кең тараған 3D технологиялар жайлы айтылады. SketchUp программасы көмегімен 3D графиканың объектілерін салу жолдарын үйреніп, 3D принтердің жұмысымен танысасың. ІІІ бөлімде жоғарғы деңгейлі программалау тілдеріне жататын Python программалау тілімен танысуды бастайсың. Сызықтық алгоритмдер туралы біліп, қарапайым программа кодтарын жазуды үйренесің. ІV бөлімде мәтіндік құжатпен жұмыс істейсің. Нұсқамалар (сноска), гиперсілтемелер, мазмұн сияқты мәтіндік құжаттарды өңдеуге қажетті тақырыптарды теориялық және практикалық тұрғыдан меңгересің.
   ​Оқулықтың электрондық СD қосымшасы бар. Онда оқулықтың теориялық бөлігінде қызықты тапсырмалардың электрондық нұс-қасы, ал программалау бөлімінде тапсырмалардың программасының ашық кодтары берілген. Оқулықтың электрондық қосымшасы тапсырмаларды компьютерде қайта жазып отыруға артық уақыт жібермей-ақ, бірден орындап, талдап, өз бетіңше өзгертуге мүмкіндік береді.
   ​Оқулықтың электрондық нұсқасы бар.
   ​«Информатика» пәнін оқуда ынта мен жігер, ықылас пен зейінділік таныт.

Оқуда сәттілік тілейміз!

Өтінемін күте тұрыңыз