§ 97-98. Геосаясаттағы аудандастыру әдістері

   Оқу мақсаты:

  • зерттеу тақырыбына сәйкес аудандастыру әдістерін қолдану.

   Сарамандық жұмыс

   Сабақтың мақсаты:
   1. Геосаясатқа әсер ету көздері мен ықтимал түрлерін анықтап, бағалау.
   ​2. Геосаясаттың әлеуетті маңызды әсерін анықтау әдістерін қолдану.
   ​3. Орындалған жұмысты қорғау.

Жабдықтар:

жұмыс дәптері, қалам, қарындаш, географиялық атлас, тақырып бойынша қосымша әдебиеттер, интернет.

   Нормативтік құндылық әдісі мемлекет, жеке тұлға үшін қандай да бір фактілердің, құбылыстардың мәнін анықтауды; елдің, жеке тұлғаның игілігі үшін фактілерді немесе құбылыстарды бағалауды қамтиды; ол көбіне шындықтан алшақтау болады.
   ​Бағалау әділдік немесе әділетсіздік, құрмет немесе басқа елдер халықтарының еркіндігі тұрғысынан беріледі. Нормативтік әдіс әдетте дүниежүзінің геосаяси бейнесін түбегейлі өзгертетін, кейде ойланбастан саяси шешімдер қабылдайтын саясат пен саяси көшбасшыларды идеализациялайды. Кеңестер Одағының сол кездегі басшылары Горбачев пен Шеварнадзенің Беринг теңізіндегі КСРО-ға тиесілі 60 мың шаршы км-ді АҚШ-қа беру туралы шешімі, Варшава келісімі ұйымын таратуы, Ельцин, Кравчук, Шушкевичтің КСРО-ны тарату және ТМД құру туралы шешімі осыған мысал бола алады. Құнды пікірлердің салыстырмалы түрдегі әдісінің болмауы, олардың әлеуметтік мәртебесі мен адамдардың жеке ерекшеліктеріне тәуелділігі геосаясатқа адами өлшем береді, оған белгілі бір моральдық принцип енгізіледі.

   ​Функционалдық әдіс қоғамдық өмірдің түрлі салалары немесе елдер тобы арасындағы қатынастар – олардың экономикалық, саяси қатынастары, әскери байланыстар немесе қарсы тұру деңгейлері, халықтың урбандалу дәрежесі, оның тығыздығы, саяси белсенділігі, моральдық-психологиялық рух биіктігі, т.б. жағдайларды мұқият зерделеуді талап етеді. Бұл әдісті алғашқылардың бірі болып атақты итальяндық саясаткер, ойшыл Н. Макиавелли кеңінен қолданды. Ол өзінің «Мемлекет басшысы» кітабында шынайы саясатта діни догмалар мен этикалық құндылықтардан бас тартуға шақырды.
 ​   Құрылымдық-функционалдық талдау қоғамды, мемлекетті, мемлекеттер одағын күрделі құрылымға ие жүйе ретінде қарастырады, оның әрбір элементі жүйенің белгілі бір қажеттіліктері мен болжамын қанағаттандыратын ерекше функцияларды орындайды. Жүйенің элементтері ұйым құрылымының өзі беретін белгілі бір бағдарламаға сәйкес жұмыс істейді. Оның мақсаты – жүйенің тепе-теңдігін сақтау, ұйымның элементтері мен функцияларын (рөлдерін) тиісті түрде орындау.

   ​Институционалдық әдіс саяси қызмет жүзеге асырылатын мекемелердің қызметін, мемлекеттің, партиялардың, ұйымдар мен бірлестіктердің қызметтерін, т.б. зерттейді. «Әлеуметтік институт» ұғымының өзі ғылымға әлеумет танудан келді, ал бұл терминді ағылшын әлеуметтанушысы Г. Спенсер (1820–1903) ғылымға енгізген болатын.

Өзіңді тексер!

   1-тапсырма. «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі» тұжырымдамасы­ның мәнін ашып көрсет. 

   2-тапсырма. Мерзімді баспасөз, радио және телехабар материалдарын пайдаланып, дүниежүзінің саяси картасында болып жатқан өзгеріс­терді бейнелейтін мысалдар келтір. 

 3-тапсырма. Карталарды, анықтама әдебиеттерді пайдаланып, жоспар бойынша дүниежүзі елдерінің бірінің саяси-географиялық жағдайына сипаттама бер:

1. Мемлекеттік шегараларды саяси және экономикалық бағалау:
​а) көрші елдердің экономикалық даму деңгейі;
​ә) елдің және көрші елдердің экономикалық және саяси блоктарға қатыс-тылығы;
​б) мемлекеттік шегараны стратегиялық бағалау.

​2. Көлік жолдарына, шикізат пен өнім нарықтарына қатынасы:
​а) теңіз өзен көлігін пайдалану мүмкіндігі;
​ә) көрші елдермен сауда қатынастары;
​б) елдің шикізатпен қамтамасыз етілуі.

3. Ғаламшардың шиеленіскен нүктелеріне қатынасы:

а) елдің халықаралық қақтығыстарға тікелей немесе жанама қатынасы, шегаралық аймақтарда «шиеленіскен нүктелердің» болуы;
​ә) әскери-стратегиялық әлеуеті, шетелде әскери базаларының болуы;
​б) елдің халықаралық шиеленісті бәсеңдетуге, қарусыздануға қатысуы;

4. Елдің саяси жағдайын жалпы бағала.
​Елдің саяси-географиялық жағдайын өзгерту мүмкіндігі туралы қорытынды жаса.

Өтінемін күте тұрыңыз