§ 69-70. Қазақстан аймақтарының экономикалық дамуы

   Оқу мақсаты:

  • Қазақстан аймақтарында қосымша құны жоғары тауарлар мен қызметтерді өндіру бойынша бизнес-идеяларды ұсыну (жергілікті аудан мысалында).

ЖОСПАРЛАУ • БИЗНЕС-ЖОСПАР • МАТРИЦАЛЫҚ ӘДІС

Сарамандық жұмыс

Сұрақтарға жауап беріндер:

1. «Жоспарлау» терминін қалай түсінесің? Бұл ұғым географияда қандай рөл атқарады?
​2. Бизнес-идеяларды қалай жетілдіруге болады?

   Сабақтың мақсаты: ұсынылған жобаларды әзірлеу.
   ​Жабдықтар: жазуға арналған жұмыс дәптері, қалам, қарындаш, геогра­фиялық атлас, тақырып бойынша қосымша әдебиеттер, интер­нет ресурстары.

   Әрбір қала мен елді мекен оның экономикалық дамуына ықпал ететін немесе кедергі келтіретін бірегей жергілікті жағдайларымен ерекшеленеді. Бұл жағдайлар жергілікті жердің экономикалық даму стратегиясын әзірлеу мен енгізу үшін негіз болады. Тәжірибе көрсеткендей, экономиканы қалыптастыру мақсатында жергілікті қауымдастық аймақтың мүмкіндіктері мен тәуекелдерін түсіну және әрекет ету үшін стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруы қажет. Мұндай іс-әрекет өңірлерге жергілікті және шетелдік инвестицияларды тартуға және инфрақұрылымды дамытуға қолайлы болуы керек.

Жоспарлау 

   Жоспарлау – мақсаттарды қою және оларға қол жеткізу үшін не істеу керектігін анықтау процесі. Мақсаттарды қою мен оларға қол жеткізудің жолдары мен тәсілдерін таңдап, жоспарларды әзірлеп, қажетті ресурстарды бөлу.
   ​Жоспарлау түрлері:
   ​• стратегиялық (ұзақмерзімді жоспарлар алдағы 5 жылдан астам уақыттағы кәсіпорынның даму перспективаларын көрсетеді);
   ​• ортамерзімді жоспарлар (3-5 жыл);
   • ​қысқамерзімді жоспарлар (1 жыл) – өнімнің көлемін қолда бар ресурстармен байланыстырады (өндірістік қорлар, қызметкерлер саны).
   ​Бизнес-жоспар – бұл кәсіпорын қызметін жоспарлаудың барлық негізгі аспектілерін қамтитын және нақты инвестициялық жобаларды негіздеу үшін де, ағымдағы және стратегиялық қаржы қызметін басқару үшін де әзірленетін кешенді құжат.
   ​Бизнес-жоспар шеңберінде оған қол жеткізудің мақсаттары, жолдары мен құралдары айқындалады.

Нәтижесінде әзірленген құжатты әлеуетті кредиторлар, инвесторлар оқитын болады, бұл кәсіп­орынға сырттан қаржы тартуға мүмкіндік береді.
   ​I бөлім. Түйіндеме
   ​II бөлім. Кәсіпорынның жалпы сипаттамасы
   ​III бөлім. Тауарлар мен қызметтер
   ​IV бөлім. Маркетинг-жоспар
   ​V бөлім. Өндірістік жоспар
   ​VI бөлім. Басқаруды ұйымдастыру
   ​VII бөлім. Кәсіпорынның капиталы және ұйымдық-құқықтық нысаны
   ​VIII бөлім. Қаржы жоспары
   ​Матрицалық әдістер жоспарлау матрицаларын құруға негізделген (33-кесте). Кәсіпорынның әлсіз және күшті жақтарына, фирма үшін мүмкіндіктер мен қауіптерге талдау жүргізуге және стратегиялық даму жоспарының ережелерін жасап шығаруға мүмкіндік береді. Талдау идеясы кәсіпорынның ішкі мүмкіндіктері мен сыртқы жағдайларды, оның ішінде қауіп-қатерді байланыстыру қағидаты бойынша құрылуы тиіс.

   33-кесте

   Кәсіпорынның күшті және әлсіз жақтарының, сыртқы ортаның мүмкіндіктері мен қауіптерінің тізімін жасағаннан кейін, барынша пайда алу үшін оларды жұптап талдап, олардың арасындағы барлық ықтимал байланыстарды орнату қажет.

Өзіңді тексер!

  Жұмыс барысы:

   1-тапсырма. «Жоспарлау», «бизнес-жоспар», «матрицалық әдіс­» ұғымдарын өз сөзіңмен жаз (бұл сөздерді қайда қолданатыныңды түсіндір).
   ​2-тапсырма. Ұсынылған әдісті оқып, нұсқалардың бірін таңда (жоспарлау, бизнес-жоспар, матрицалық әдістер).

   ​Қосымша ақпарат іздеуге байланысты тапсырмалар

​   3-тапсырма. Тауар сату немесе қызмет көрсету саласындағы өз шағын жобаңды құрастыр.

   ​​4-тапсырма. Сен шығаруды жоспарлап отырған өнім немесе халыққа ұсынатын қызметтің танымалдығын арттыруға бағытталған шығармашылық идеяларыңды ұсын.

​​   5-тапсырма. Қалай ойлайсың, тауарыңа (қызметіңе) сатып алушы табыла ма? Алдағы уақытта оған сұраныс көп бола ма?

   Есептер шешеміз:
   ​1-есеп.
Кәсіпорын қаңтар, ақпан және наурыз айларында жоспарды 6%-ға асыра орындады, алдыңғы айларда өнім 5 млн-ды құраған еді. Бірінші тоқсандағы орташа айлық жоспар қанша пайызға асыра орындалды?
   ​2-есеп. Кения елінде тамыз айында 10 млн адам жұмыссыз және 90 млн жұмыспен қамтылған адам болды. (Жалпы халық саны – 49364000 адам (2017).
   ​1. Кения елінде жұмысшылар санын, жұмыссыздық деңгейін және жұмыспен қамту деңгейін анықта.
   ​2. Осы жылдың қыргүйек айында жұмыс істеген 90 млн адамның 0,5 миллионы жұмыстан босатылған. Бұл ретте қосымша жұмысқа жалдау қыргүйек айында тіркелген жоқ. Жаңа жағдайда жұмыспен қамтылғандар санын анықта.
   ​3. Қыргүйек айында жұмыссыздардың ішінен 1 млн адам жұмыс іздеуді тоқтатты, өйткені олар қартайғандықтан жұмыс орындарынан бас тартты. Қыргүйек айында Кения елінде жұмыс күшінің санын, жұ­мыссыздар санын және жұмыссыздық деңгейін анықта.

Өтінемін күте тұрыңыз