§ 47-48. Ластанған қоршаған ортаның адам өміріне әсері. Денсаулық үшін қауіп-қатерлер: атмосфералық ауа, су ресурстарының сапасы, шөлейттену

Оқу мақсаты:

  • ластанған қоршаған ортаның адам өміріне әсерін бағалау компоненті.

АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕР

1. Адам денсаулығына әсер ететін түрткіжайттар

Сұрақтарға жауап беріндер:

   1. Қандай ластағыш түрлерін    білесің?
​   2. Бір ластағыш түрінің адам денсаулығы мен қоршаған орта компонентіне әсеріне мысал келтір.

  Адам денсаулығы дегеніміз – денеде ауру немесе ақаулардың болмауы ғана емес, ағзаның тазалығы, рухани және әлеуметтік әл-ауқаттың жағдайы.
   ​XX ғасырдың 70-жылдары ДДҰ деректері бойынша, әртүрлі елдердегі адамдардың 50-60%-ы жай-күйі орта есеппен экономикалық қамтамасыз етілу мен өмір сүру салтына, 18-20%-ы қоршаған ортаның жай-күйіне және 20-30%-ы медициналық қызмет көрсету деңгейіне байланысты болды.

Аурулардың сипаты бойынша статистикалық деректерді талдау негізінде «халықтың денсаулығының нашарлауы 43-45%-ға ауаның ластануымен тығыз байланысты» деген тұжырымға келген (Л.Г. Мельник және Н.С. Владимирова, 1991).
   ​Адам денсаулығына ауаның, судың, тағамның сапасы, ортаның сапасы мен жағдайына қатысты физикалық түрткіжайттар әсер етеді.

Қазіргі заманғы гигиена саласындағы зерттеулер қоршаған ортаның ластануы халықтың ауру деңгейін орта есеппен 20%-ға арттыратынын анықтады. Адам денсаулығының жай-күйіне саяси, әлеуметтік, экономикалық, техногендік түрткіжайттардың тұтас кешені әсер етеді  (46-сурет).
​​   Техногенез дәуірінде табиғи апаттар жиілеп, техногендік апаттардың саны, зақымдану алаңы және техногендік ластану әртүрлілігі артты (47-сурет).

46-сурет. Адамның денсаулығына әсер ететін түрткіжайттар
 47-сурет. Қоршаған ортаны ластаудың денсаулық үшін қауіптері

2. Қоршаған орта ластануының адам өміріне әсері

   Атмосфера – адамның негізгі тіршілік ету ортасының бірі. Адам денсаулығы, физикалық даму деңгейі, репродуктивті мүмкіндіктер, өмір сүру ұзақтығы, ауруға бейімділік көбінесе ауа сапасына байланысты.

   № 1 қауіп. Атмосфералық ауа
​   Бірінші ғылыми-техникалық революциядан қазіргі уақытқа дейін өткен уақыт кезеңінде елді мекендер ауасының химиялық-физикалық құрамында өзгерістер болды, бұл адам денсаулығы үшін елеулі зардаптарға ие. Алайда ауа құрамының өзгеруімен қатар әлеуметтік сала да өзгерді. Халықтың экономикалық өмір сүру деңгейі артып, медицина жетілдірілді. Бұл өз кезегінде қарқынды лас­танудың әсерін ішінара өтейді. Адамзат жаңа экологиялық жағдайларда өмірге ішінара бейімделді.
   ​Қазақстан үшін атмосфералық ауаның ластану проблемалары өзекті.
   ​Деректер бойынша, елімізде атмосфераға шығарындылар жылына 2,5 млн тоннадан асады. Көлік құралдары атмосфераға жылына 1 млн тоннадан астам ластаушы заттар шығарады. Қазақстанның шамамен 5 млн-нан астам адамы ластанған атмосфералық ауа жағдайында, ал ластанудың жоғары деңгейі жағдайында шамамен 2 млн адам тұрады. Қалалардағы ауаның ластануына ластану көздерінің тікелей әсері ғана емес, сонымен қатар қалалардың дұрыс 

жоспарланбауы да әсер етеді, әсіресе бұл агломерацияларда байқалады. Адам денсаулығына әсер ететін ауаның негізгі ластаушылары: шаң, күкірт диоксиді, азот диоксиді, фенолдар, қорғасын, формальдегид, хлор, фторлы сутегі, аммиак, диоксин, фуран, көміртегі оксиді, күкірт сутегі, хлорлы сутегі (22-кесте).
   ​Ластаушы заттардың бірнеше түрі болған жағдайда атмосфералық ластану әсері бірнеше есе өседі.
   ​Қазақстанда ауру жіктелімі бойынша тыныс жолдарының аурулары көп таралған. Аурудың жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында, Алматы қаласында тіркеледі.

22-кесте

Ауаны негізгі ластаушылар (ҚР ЭГТРМ)

   №2 қауіп. Су ресурстарының сапасы
   ​Халықтың ауызсумен қамтамасыз етілу сапасы мен деңгейі – халықтың денсаулығына әсер ететін негізгі түрткіжайттың бірі.
   ​Шаруашылық-ауызсу қажеттіліктеріне суды нақты үлестік тұтыну республика бойынша бір тұрғынға орташа шаққанда тәулігіне 167 литрді құрайды. Қызылорда және Атырау облыстары үшін тәулігіне 206 литрден 120 литрге дейін өзгереді. 

Қазақстанда орталықтандырылмаған көздерден 3 млн-нан астам адам (21%), 300 мың адам арықтар мен ашық суқойма суын, 500 мыңнан астам адам тасымалданатын суды пайдаланады. Жартылай шөлейт және шөлді аймақтар халқының 62%-ы орталықтандырылмаған сумен қамтамасыз етілген.
   ​Техногендік және антропогендік ластану жағдайында халықты сапалы сумен қамтамасыз ету проблемасы – маңызды міндеттердің бірі.

   Жұқпалы аурулармен сырқаттанушылық деңгейінің өсуі Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстарында байқалады.

   №3 қауіп. Шөлейттену

   ​Шөлейттену – өмір сапасын қалыптастыратын негізгі түрткіжайттың бірі. ​Климаты аридті аудандарда өмір сүру сапасы төмендеп, экстремалды сипатқа жетеді.
   ​Аридті климат немесе шөл климаты – үлкен тәуліктік ауытқулы ауаның жоғары температурасымен және атмосфералық жауын-шашынның аз мөлшерімен, жылына шамамен 100–150 мм немесе мүлдем жоқтығымен сипатталатын құрғақ климат.
   ​Шөлейттену Орал өңірі, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында таралады.

   ​Шөлейттену процестерінің халық денсаулығына және медициналық-демографиялық жағдайға әсері бірінші кезекте ауылшаруа­шылық секторындағы экономикалық жағдайдың нашарлауынан көрінеді. Орташа өмір сүру деңгейі төмендейді: азық-түлік жиынтығы қатаң шектелген; медициналық қызмет көрсету, санитарлық және гигиеналық көрсеткіштер ең төменгі деңгейде жүзеге асырылады. Қоршаған ортаның сапасы нашарлайды. Топырақтың жел эрозиясы, тұздануы және суармалы судың металл тұздарымен, хлоридтермен, нитраттармен, пестицидтермен ластануы салдарынан 

тамақ өнімдері ластанады. Аудандарда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай шиеленісуде.
   ​Адам денсаулығына кері әсері орасан зор: ауыр жасушалық өзгерістер (хромосоманың бұзылуы), иммунитеттің төмендеуі, генетикалық бұзылулар, ісік аурулары дамиды.
   ​Аридтік климаты бар аудандарда өмір сапасының экологиялық, экономикалық, әлеуметтік түрткіжайттары арасында тығыз өзара іс-қимыл байқалады (9-сызба).

9-сызба. Аридті климаты бар аумақтардың экологиялық-экономикалық-әлеуметтік өзгерістерінің себеп-салдарлары

Өзіңді тексер!

  Өзіндік жұмыс

   ​1-тапсырма
​   22-кесте мәліметтеріне талдау жасап, Қазақстан қаласы тұрғындарының денсаулығы үшін аса қауіпті түрткіжайттарды анықта. Таңдауыңды түсіндір. Қалалардың ластану себептерін анықта.

  

Топтық жұмыс!

2-тапсырма.

​ Қазақстандағы су тұтыну динамикасын түсіндіріңдер. «Ауызсуды нақты үлестік тұтыну орташа алғанда республика бойынша бір тұрғынға тәулігіне 167 литрді құрайды. Қызылорда және Атырау облыстары үшін тәулігіне 206 литрден 120 литрге дейін өзгереді» деген дерек бар. Алматы облысында су ресурстарын жоғары тұтыну және Қызылорда мен Атырау облыстарында су ресурстарын төмен тұтыну себептерін анықтаңдар.

3-тапсырма.

Экологтер шөлейттену мен топырақтың тозуын Қазақстандағы
​№ 1 кө­кей­тесті мәселе деп санайды. Осы пікірді растайтын дәлелдер келтір. Топырақ ластануының адам өміріне әсер ету деңгейін бағала.

Өтінемін күте тұрыңыз