Кеңістіктегі жағдай ел экономикасына қалай ықпал етеді?

Жаңамен танысу

Сен елдің экономикалық-географиялық жағдайын анықтауды үйренесің.

Экономикалық-географиялық жағдай дегеніміз не?

-1-

64–65-параграфтарда анықталғандай, елдің координаттар жүйесіндегі орналасуы математикалық-географиялық жағдай деп аталады. Жартышарда, материкте немесе дүниежүзінің бір бөлігінде орналасқан мекенжайы, елдің маңызды табиғи нысандарға қатысты жағдайы туралы мәлімет физикалық-географиялық жағдайды білдіреді. Енді сендер елдің нысандарға, құбылыстар мен антропогендік үдерістерге: тарихи-географиялық аймақтар, теңіз және құрлық жолдары, экономикалық даму, көрші елдердің халық саны, әскери қақтығыс орындары және т.б. қатысты жағдайымен танысасыңдар. Кез келген елді көптеген нысандар, құбылыстар, адам қолынан жасалған үдерістер қоршайды. Географтарды бұл тұрғыда елдің экономикалық дамуына тура немесе жанама әсер ететін нәрселер ғана қызықтырады.

-2-

Кез келген елдің экономикасы барлық өндірген тауарын тиімді әрі қымбат сатуға, ал қажет тауарын арзан сатып алуға мүдделілік танытады. Елдер көлікке кететін шығынды қысқартуға тырысады. Сондықтан елдің айналасы бұған айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, егер елді халық саны 30 млн адамды құрайтын бір ел және 15 млн адам тұратын екінші ел қоршап тұратын болса, онда тауарды халқы көп елде сатқан тиімді. Бірақ бұл елдің негізгі бөлігінің табысы төмен және тауар сатып алуға мүмкіндігі аз болса, онда басқа сатып алушылар іздеу қажет. Ал бірінші елге қарағанда халық саны аз, бірақ табысы жоғары мемлекет тиімді сауда әріптесі бола алады. Әлеуетті сатып алушылары бар, бірақ тура баратын жолдары жоқ елдер болуы да мүмкін. 

-3-

Ол ел мен сатушы елдің арасында өтуге қиын таулар, аса бауырмашылдығы жоқ мемлекеттің аумағы, не болмаса әскери қақтығыстар шиеленіскен елдер орналасуы мүмкін.

Осы мысалдар елдің айналасындағының бәрі оның экономикасына ықпалы барын көрсетеді.

Көптеген адамдардың өмірінде де осындай жағдай туындайды, ондайда өз айналаңның ерекшеліктеріне талдау жасау қажет.

Елдің экономикалық дамуы үшін не маңызды? Атақты ғалым, географ-экономист Н.Н. Баранский алғаш рет бұл сұраққа ғылыми түрде толық жауап берді. Ол экономикалық-географиялық жағдай туралы ілім әзірледі. Оны әрбір географтар ұрпағы өз мағлұматтарымен, идеяларымен, нақтылаулармен толықтырды.

-4-

Олар тармағының әрқайсысы жеке қарастыруды қажет ететін экономикалық-географиялық жағдайды талдау жоспарын әзірледі.

Жоғарғы сыныптарда сендер оны тереңірек оқисыңдар. 7-сыныпта біз үшін жалпы түрде экономикалық-географиялық жағдай сипаттамасының жоспарын білу маңызды.

Ұсыным түрінде берілген түрткіжайттар отбасының өміріне және үй сатып алу ауданын таңдауға ықпал ете ме?

Әрбір ұсынымға бір-екі ауыз сөзбен ойларыңды білдіріңдер.

Түрткіжайттардың әрбірі отбасына шығынды азайтуға және отбасы мүшелерінің әрқайсысының дамуын қамтамасыз етуге қалай көмектесе алады?

2-параграфтағы 2-кестеде берілген әрбір ұсынымды адамдардың белгілі бір қажеттіліктерімен арақатынасын белгілеңдер.

Елдің экономикалық-географиялық жағдайын бағалау өлшемдері

-1-

Географ-ғалымдар кез келген елдің экономикасын дамытуға мына нәрселер ықпал етеді деп есептейді:
​● транспорттық-географиялық жағдай, яғни транспорттық желіге қатысты жағдай;
​● өнеркәсіптік-географиялық – қуат көздері, өнеркәсіптік өңдеу орталықтары және ғылыми-техникалық базаларға қатысты жағдай;
​● агрогеографиялық – азық-түлік базалар мен ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі тұтыну орталықтарына қатысты жағдай;
​● нарықтық (немесе географиялық өткізу) – өнім өткізу нарықтарына қатысты жағдай;
​● демографиялық (немесе демогеографиялық) – халықтың шоғырлануы, еңбек ресурстары және ғылыми-техникалық кадрларға қатысты жағдай;
​● рекреациялық-географиялық – демалыс және туризм орындарына қатысты жағдай.
​Олардың ықпалын мысалдармен қарастырайық.

-2-

Транспорттық-географиялық жағдай.

Тауардың бағасы шикізат пен дайын өнімдерді тасымалдау шығынын да қамтиды. Егер тауар өндіруші жолдан алыс орналасса не олардың сапасы нашар болса немесе жүк көлігінің сыйымдылығы аз болса, онда шығын көбейіп, тауар қымбаттайды. Егер баға өссе, сатып алу саны азаяды. Теңіз жолдарына шығу мүмкіндігінің болуы жеке бағаланады. Бұған себеп, теңіз кемелерінің тауар сыйымдылығы жоғары, бірыңғай ортақ бағамен бір барғанда өте көп тауар тасымалдауға болады. Ал басқа аймақтар мен елдерде сатуға арналған тауарлар көп мөлшерде тасымалданады.

Талдауға арналған көрсеткіш: жолдар, олардың қашықтығы, транзит мүмкіндігі, көлік құралдарының түрлері, олардың сыйымдылығы және тасымалдау құны, арақашықтық және көліктің қолжетімділігі.

-3-

Өнеркәсіптік-географиялық жағдай.

Кейбір елдер өз экономикасын дамытып, жаңа зауыт-фабрикалар салғысы келеді. Бірақ олардың өздерінің табиғи ресурстары жоқ немесе өте аз. Белгілі бір тауар өндіру бойынша жаңа іс ашардан бұрын, олар «энергия мен шикізатты қандай елден сатып аламыз» деген мәселені шешіп алады. Егер ол елдер шалғайда орналасса, оларды жеткізуге кететін көлік шығыны көп болады және дайын өнімнің бағасы өседі, өйткені дайын өнімді басқа елдерге жеткізуге де шығын жұмсалады. Бұл онша тиімді емес. Демек, ел көрші елдерден шикізат алуға болатын немесе алыс болса да, көлік шығыны төмен болатын жағдайда ғана мұндай тауарлар өндірісін дамытады. Талдауға арналған көрсеткіштер: табиғи ресурстардың түрлері, олардың шоғырланған жерлері, ірі зауыт-фабрикалар, көрші елдердің электрстансылары, мұнай және газ құбырларының, жарық желілерінің болуы, арақашықтық және көліктің қолжетімділігі.

-4-

Агрогеографиялық жағдай.

Әрбір ел азық-түлік қауіпсіздігіне мүдделілік танытады. Сондықтан ауылшаруашылық өнімдері үшін өте көп елдермен көрші болу тиімді. Өңдеу өнеркәсібі көп тағам өнімдерін шығаратын мемлекеттер де бар. Олар да ауылшаруашылық шикізат сатушы елдермен әріптестік қарым-қатынас жүргізуге қызығушылық танытады.

Талдауға арналған көрсеткіштер: ауылшаруашылық шикізатының түрлері, олардың шоғырланған жерлері, арақашықтық, көліктің қолжетімділігі.

-5-

Нарықтық (немесе географиялық-өткізу) жағдай.

Басқа елдерде сату үшін тауар өндіретін елдер көрші елдерді сатып алушылардың барынша көп болуына қызығушылық танытады. Тауарларды елдегі халықпен қатар, онда орналасқан компаниялар мен фирмалар сатып алады. Ірі сатып алушыларға көрші елдердің үкіметтері де жатады, олар өз қажеттілігі үшін тауар сатып алады (мысалы, мектепті дамыту үшін технологиялар сатып алу).

Талдауға арналған көрсеткіштер: халық саны және табысы, олардың құрамы, сатып алу дәстүрі, неге артықшылық беретіні және әдеті, тұтыну құрылымы, сатып алушы үкіметтің қажеттілігі, арақашықтық және көліктің қолжетімділігі.

-6-

Демографиялық (немесе демогеографиялық) жағдай.

Кейде елдерде жұмыс күші немесе белгілі бір сала мамандары тапшы болып жатады. Егер көрші елдерде еңбек ресурстары немесе жоғары санатты мамандар болса, бұл көрші елдерге тиімді. Өйткені олар жұмысқа мамандар шақыра алады немесе көршісімен бірлесіп, бизнесті дамытады.

Талдауға арналған көрсеткіштер: еңбекке жарамды халық туралы, олардың біліктілігі мен шұғылдану аясы, жұмыссыздар саны, еңбек келісімшартының құны, кәсіби және ғылыми-техникалық даярлау орталықтары, шаруашылық салаларындағы жетістіктері, оларға дейінгі қашықтық және көліктің қолжетімділігі.

-7-

Рекреациялық-географиялық жағдай.

Әрбір ел халықтың сау болып, ауырмай, жұмыс кезінде жоғалтқан күш-жігерін үнемі қалпына келтіргеніне мүдделі. Егер көрші елдерде туризм мен демалыс орындары болса, олар қолжетімді бағаға азаматтардың емделуі және демалуына қолұшын беруі мүмкін. Көрші елдерге барғанда, алыс елге қарағанда елден аз ақша сыртқа шығарылады. Өйткені мемлекеттерге ақшаны сыртқа жіберуден гөрі, ішке тартқан тиімді. Егер ақшаны сыртқа жіберуге тиісті болған жағдайда, жалпы соманы азайтуға тырысу керек. Сонымен қатар туризм мен саяхат мәдениеттер мен адамдарды жақындастырады, елдер арасындағы достықты нығайтады.

Талдауға арналған көрсеткіштер: туризм орталықтары, курорттар, емдеу-сауықтыру мекемелері, қызметтер құны, қауіпсіздік, арақашықтық және көліктің қолжетімділігі.

-8-

Кез келген елдің үкіметі мен географтарының маңызды міндеті – қоршаған айналасы өзі үшін тиімді болуымен және өзі де айналасына тиімді екенін дәлелдеумен жұмыс жүргізу.

Экономикалық қызметте бизнестің тиімділігі шығыннан табыстың артық болуымен айқындалады және ақша мөлшерімен өлшенеді. Елдің экономикалық-географиялық жағдайы шығынды қысқартып, ақшаны көбейтуді қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан оны бағалау кезінде «тиімді» және «тиімсіз» деген сипаттама қолданылады.

Экономикалық-географиялық жағдайды бағалау жалпы ел үшін жүргізіледі. Бірақ қандай да бір нақты мақсат үшін оны бағалау сенімдірек болады.

Талдауға арналған көрсеткіштердің қайсысы әрбір жағдайда қайталанып отырады? Мемлекет қажеттілігін қамтамасыз ету үшін және тиімді болу үшін экономикалық-географиялық жағдай қандай көрсеткіштер жиынтығын қамтуы тиіс? Қазақстанды мысал ретінде келтіріңдер. Жауапты кесте түрінде беріңдер. Мемлекет қажеттілігінің сипаттамасы 2-параграфтағы 7-суретте берілген.

Мемлекет қажеттілігі

Оларды қамтамасыз етуде экономикалық-географиялық жағдай түрткіжайттарының рөлі

Тәуелсіздік

Аумақ

Билік

Халық

Қауіпсіздік

Шаруашылық

Ресурстар

Оны қалай жақсартар едіңдер?

Экономикалық-географиялық жағдай сипаттамасының әрбір тармағы бойынша бір шешімді атаңдар.

Сен зерттеушісің

Жағдайды қарастырайық:

Еліміздің бірнеше компаниясы заманауи компьютер шығаратын зауыт ашу туралы шешім қабылдады. Олардың алдында оны қай аймақта ашу туралы мәселе туындады. Бірнеше түрткіжайтты ескеру керек:
​● қосалқы бөлшектерді қайдан әкелуге болатынын нақтылау қажет.
​● көрші елдердің қайсысына көбірек сатуға болады?
​● қандай көлікпен және қандай жолдармен тасымалдау арзан әрі қауіпсіз?
​● егер Қазақстанда жергілікті мамандар тапшы болатын болса, көрші елдердің қайсысынан мамандар шақырған жөн?

Іскерлерге көлікке шығын аз жұмсау үшін орналасатын орны тиімді болатындай етіп зауыт құрылысына орын таңдауға көмектесіңдер. Қазақстанның нақты бір қаласын немесе аймағын атаңдар. Сыныпқа өз есебіңді таныстыр. Сұраққа жауап беру үшін қандай ақпарат көздерін пайдаланғандарыңды айтыңдар.

Ойыңды тұжырымда

Өз қалауларың бойынша Қазақстанның және өзге екі елдің экономикалық-географиялық жағдайын бағалаңдар. Оны жақсарту жөнінде шаралар кешенін ұсыныңдар.

Өтінемін күте тұрыңыз