Табиғат пен адамдарға нұқсан келтірмейтіндей табиғи ресурстарды қалай игеруге болады?

Жаңамен танысу
Сен табиғи ресурстарды игеруге байланысты проблемаларды талдау және оларды шешу жолдарын әзірлеуді үйренесің.

Техника,технология

Ресурсты пайдалану үшін оны табиғаттан алу қажет. Табиғи ресурстарды табиғи ортадан алу – бұл ресурсты шоғырланған жерінен бөліп алу. Қазіргі кезде адамдар түрлі техника мен технологияны қолданады. Техника – әртүрлі құрылғылар, аспаптар, мәшинелер, құралдар және басқалар.

Технология – ресурсты шығарып алу тәсілі. Мысалы, балта мен ара – техника (құралдар), ал шабу және аралау – технология, яғни ағаш алудың тәсілі.

Пайдалы қазбалар өндіру

53-сурет. Карьер

Өндіру – пайдалы қазбаларды жер қойнауынан бөліп алу тәсілі. Егер пайдалы қазбалар жердің беткі қабатында немесе оған жақынырақ және терең емес жерде жатса, оларды ашық тәсілмен өндіреді. Кен орындарында шұңқырлар қазады, оны карьер немесе қима деп атайды (53-сурет). Кен орны үлкен және пайдалы қазбалар терең орналасқан сайын, карьер ауқымды болады. Карьерлерден көбінесе құрылыс шикізатын өндіреді – әк, құм, бор және т.б. Ашық әдіспен шымтезек, көмірдің кейбір түрлері, темір және мыс рудалар өндіріледі.

Жер қойнауының тереңінде орналасқан пайдалы қазбаларды өндіру үшін, жердің астынан шахталар қазады (54-сурет). Көмірдің көп бөлігі шахталық әдіспен өндіріледі. Пайдалы қазба өндірудің бұл тәсілі – адамдарды жұмысқа тартудың ең қауіпті түрі.

Шахталар метанның жарылуы, тау жынысының соққысы және пластардың өздігінен тұтану ықтималдығы салдарынан кеншілердің өміріне қауіп туғызады. Көп шахталар тереңде жұмыс жүргізетіндіктен, қауіп туған жағдайда адамдарды эвакуациялауды және құтқарушылардың жұмысын қиындатады.

54-сурет. Шахта
55-сурет. Ұңғыма
56-сурет. Тас тұзын өндіру

Жерден сұйық және газ тәрізді пайдалы қазбаларды алу үшін, арнайы ұңғымалар бұрғыланып, құбырлар арқылы пайдалы қазбалар жердің бетіне шығарылады(55-сурет).

Кейбір пайдалы қазбаларды өндіру үшін, аралас әдістер қолданылады. Тұз алу үшін оны жер астында ұңғымаға су жіберу арқылы ерітеді (56-сурет). Ал күкіртті ұңғыма арқылы ыстық бу жіберіп, алдын ала балқытып алады. Литий түрлі қосындылар түрінде еріген күйде болатын минералды сулардан алынады. Кейбір жерасты су кеніштерінде бактериялар мыстың күкіртпен қосындысын ерітіп, оны тотияйынға айналдырады. Ұңғымалардың көмегімен мұндай суларды жердің беткі қабатына шығарып тұндыру арқылы мыс алады.

Ғылым мен техниканың, технологиялардың дамуы жылдан жылға пайдалы қазбаларды өндірудің жаңа тәсілдерінің пайда болуына ықпал етеді. Мәселен, жылу электрстансыларының жұмысы нәтижесінде жинақталатын күлден (57-сурет) құнды шикізат – германий алуға болады.

57-сурет. Жылу электрстансысы маңындағы күл

Пайдалы қазбалар өндірудің салдары

-1-

Пайдалы қазбалар өндірісімен көптеген проблемалар байланысты. Жердің беткі қабатында және қойнауында үлкен қуыстар қалып қояды. Иесіз шахталарда жанғыш газдар жиналып, жарылыс болады. Соның салдарынан топырақ опырылады.

-2-

Жер қойнауында жерасты суларының деңгейі азаю салдарынан бұлақтар мен құдықтардың суы тартылады. Пайдалы қазбалар еріген кезде, жер қойнауына бөтен денелер түседі де, табиғи реакцияны өзгертеді. Алынған тау жыныстарының қажетті элементтерін айырып алған соң, қалай болса солай лақтыру салдарынан «айлы ландшафтар» пайда болады.

-3-

Қажетсіз тау жыныстарын жел айдап әкету салдарынан атмосфера ластанады. Оның су шайған бөлшектері топырақты ластап, өсімдіктердің өсіп-өнуіне зиян тигізеді. Көптеген қалдықтар тез тұтанатындықтан, өрт қаупін күшейтеді. Жергілікті табиғи-аумақтық кешендер және ландшафтардың эстетикалық тартымдылығы бұзылады.

Пайдалы қазбалар өндірісінде адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін қандай қауіп бар? Олардың қалай алдын алуға болады?

Биологиялық, жер, су ресурстарын игеру

58-сурет. Ағаш дайындау

Табиғи ортадан өсімдіктер әлемінің ресурстары жинау және ору арқылы алынады. Жануарлар әлемінің ресурстары аулау әдісі арқылы алынады. Орманды мекендейтін жануарлар мен өсімдіктер орманмен бірге жойылуы мүмкін. Топырақ та бүлінеді. Ағаштарды кескеннен соң бос орын пайда болады. Ол жерде орман экожүйесі – тіршілік ететін бірегей орта жойылады. Жарық, температуралық және су режімі, ылғалдылық өзгереді. Жел топырақты үрлеп, тамырларды құртады.

Ағаш дайындау – орман телімдерінде ағаштарды бұталау үдерісі. Ағаштарды кесіп дайындау, механикалық өңдеу және тиеп әкетуді қамтиды.

Құрылыс жүргізілетін орынды тазарту үшін ағаштарды кеседі. Тоғайлы жерлерді биологиялық ресурстарға қол жеткізу үшін пайдаланады. Өйткені ағашты жерлер – олардың табиғи тіршілік ортасы.

Орман ресурстарын игеруге байланысты ең басты проблема – ағаштарға келетін шығын. Орман – қалпына келетін ресурс, бірақ оның табиғи түрде қалпына келуі үшін бірнеше ондаған жылдар керек.

Биологиялық ресурстарды қалай болса солай жинаудың соңы неге әкеп соқтырады? Дәлелді жауап беріңдер.

Жер ресурстарын пайдалану

59-сурет. Жолдар салынғаннан кейінгі жануарлар үшін қауіп

Жер ресурстарын пайдалану айтарлықтай қызықты. Олар табиғаттан бөлініп алынбайды, өйткені жылжымайды және өз орнында қалады. Бірақ олар пайдаланған кезде қоршаған ортадан бөлектеніп, табиғи үдерістерге қатысуы күрт бәсеңдейді. Жер телімдерінде тұрғызылған бөтен нәрселер табиғаттағы үдерістің табиғи жүруіне кедергі келтіреді.

Мәселен, бұрын орман алқабы болған жердің бір бөлшегін алғаннан кейін, жаңа жол оны екі бөлікке бөлді. Жабайы жануарлар еркін жүру мүмкіндігінен айырылды. Енді олар орманның екінші жағына өту үшін жолдан жүгіріп өтіп, бастарын қауіпке тігеді (59-сурет). Жабайы табиғаттың бір бөлігі елді мекен салуға пайдаланылған кезде, жабайы жануарлар ол жерлерден кетуге мәжбүр болады. Олардың жартысы қырылады.

Биологиялық ресурстарды игеруде адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін қауіп бар ма? Олардың қалай алдын алуға болады?

Су ресурстары

Су ресурстары да көпмақсатты. Олар негізінен шаруашылық пен тұрмыста тұтыну үшін (ішу, тамақ пісіру, жуыну, кір жуу, үйді таза ұстау, бақша суару, газондар мен егістіктерді суару және т.б.), өндіріс қажеттілігіне (өнеркәсіп орындары, транспорт, энергетика, ауылшаруашылығы және т.б.), өрт сөндіруге пайдаланылады. Су кемелерінің қатынасы үшін бағалы су организмдерін өсіру, рекреациялық ресурс ретінде (туризм, демалыс, спорт және емделу) пайдалануда судың маңызы зор. Көп жағдайда суды қайнар көзінен алады. Ол су алу деп аталады және оны су жинау құрылғыларының көмегімен жүзеге асырады. Жекелеген жағдайларда, су алу мақсатында, қайнар көзінде су көлемін су бөгеттерінің көмегімен реттейді.

Су

Су алумен байланысты проблемалар

Жерасты суларын жөнсіз ала берудің соңы судың сарқылуына немесе белгілі бір аумақта су қорының азайып кетуіне (жерасты сулары үшін), не болмаса ағынның азаюына (жерүсті сулары үшін) әкеп соқтырады. Жерасты суларын ұзақ уақыт алу салдарынан жердің беткі қабатының біртіндеп отырып деформациялануы мүмкін. Дүниежүзінің кейбір ірі өнеркәсіптік қалаларында радиусы 20 км-ге дейін жететін және одан асатын айтарлықтай депрессиялық ойықтар пайда болды (60-сурет). Бұл суды алу жылдамдығы судың қалпына келу жылдамдығынан артық болуына байланысты. Жер астында қуыстар пайда болады. Оның үстіндегі топырақ өз ауырлығын көтермей, опырылып түседі. Өзендерден шаруашылық қажеттілігіне көп мөлшерде су алу ауыр салдарға соқтыруы мүмкін. Соның салдарынан кезінде арнасы суға толы болған Арал теңізінің су деңгейі Әмудария мен Сырдария суларын пайдалану салдарынан 13 метрге төмендеді. Ал судың тұздылығы 2,5 есеге ұлғайды.

Өзен аңғарларын бөгеу арқылы ірі суқоймаларын құру балықтарды уылдырық шашатын орындарынан айырып, олардың көбеюі күрт қысқарады.

60-сурет. Депрессиялық ойық

Су жинайтын жерде адамның өмірі мен денсаулығы үшін қандай тәуекелдіктер бар? Олардың қалай алдын алуға болады?

Ойыңды тұжырымда

● Қандай ресурстарды игеруде шешімі бар проблема байқалады?

● Себеп пен салдарды көрсете отырып, проблеманы сипаттаңдар.

● Әрбір проблеманы техникалық шешудің ерекшеліктері неде?

Карьерді сумен толтыру
Жануарларға арналған өткел

2-тапсырма

● Кейбір шаралардың төменде берілген анықтамаларымен танысыңдар.

● Параграфта сипатталған қандай проблеманың шешіміне іс-шараның қатысы бар?

● Бұл іс-шаралардың қайсысы бір-екі проблемаға ғана қатысты, ал қайсысы табиғатты қалпына келтіру бойынша барлық шаралар үшін ортақ атау?

Балыққа арналған жол
Ағаш көшеттері
Ұңғымаға бетон ерітіндісін құю
Үлкен және Кіші Арал арасындағы бөгет

Табиғат қорғау шаралары

-1-

Ұңғыманы тығындау – бұл ұңғыманы цемент ерітіндісімен толтыру. Цемент тығынының орнына сұйық пластмассаны да, қою балшықты ерітіндіні де пайдалануға болады. Қою қоспаға құм немесе қиыршық тас қосылып, бүкіл тереңдікке тығыздалып құйылады.

Балық жіберетін орын – бөгеттер мен тоғандардағы балықтың өзенмен табиғи өрістеуін қамтамасыз етуге арналған орын.

-2-

Орманды қалпына келтіру – ағаштары кесілген, өртенген және т.б. аумақтарда ағаштар өсіру.

Экодук – адамдардың құрылыстар салғанда (жолдар, желілік электрсымдары және т.б.) арасы бөлініп, үзілген (фрагменттелген) экожүйені байланыстыратын, тірі организмдерге өз таралу аймағы арқылы қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік беретін көпірлер немесе туннельдер.

-3-

Бөгет – бұл су деңгейін уақытша ұстау немесе көтеруге арналған гидротехникалық құрылғы.

Топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтіру (рекультивация) – шаруашылық қызметтің әсерінен бұзылған аумақтарды арнайы технологиялардың көмегімен қалпына келтіру бойынша жұмыстар кешені. Ашық тау-кен игеру, зерттеу және жердің бүлінуіне байланысты басқа жұмыстар аудандарында жүргізіледі. Топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтіру: бедерді қалпына келтіру: жыраларды, карьерлерді толтыру, тау жыныстарының мүжілуін жою және т.б; топырақты және өсімдіктерді қалпына келтіру; орманды қалпына келтіру; жаңа ландшафтар құру.

-4-

Топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтірудің негізгі бағыттары: ауылшаруашылық (шабындық, көгал, жайылым, бау-бақша құру), орманшаруашылық (ағаш отырғызу), рекреациялық, балықшаруашылық (жер бедерінің ойыс жерлерінде балық өсіретін тоғандар жасау), сушаруашылық (түрлі суқоймаларын жасау), құрылыс (құрылысқа арналған телімдерді дайындау). Екі кезеңмен жүргізіледі. Біріншісі, (техникалық) жерлерді әрі қарай мақсатты пайдалануға дайындауды қарастырады (жердің беткі қабатын жоспарлау, оның бетіне құнарлы топырақ шашу немесе топырақ құрамын жақсарту және жобаға сәйкес басқа жұмыстар).

-5-

Екінші кезеңде (биологиялық рекультивация) топырақ құнарлылығын қалпына келтіру, топырақ түзу үдерісін жеделдету жұмысы өтеді. Құнарлылығы қалпына келтірілетін жерлердің флора мен фаунасын қалпына келтіру бойынша агротехникалық және фитомелиоративтік шаралар жүргізіледі.

Өтінемін күте тұрыңыз