Табиғи ресурстар. Табиғи ресурстарды қандай белгілер бойынша топтастыруға болады?

Жаңамен танысу:
Сен табиғи ресурстарды бірқатар белгілері бойынша топтастыруды үйрене отырып, "Табиғи ресурстар дегеніміз не? Оларды жіктеу белгілері қандай? Географиялық жағдайлар мен табиғи ресурстар шоғырланған жерлер арасындағы тәуелділік қандай?" деген сұрақтарға жауап аласың.

Табиғи жағдайлар және ресурстар

«Табиғи жағдайлар» және «табиғи ресурстар» маңызы, көбінесе бірдей түсініктер ретінде қолданылады, бірақ ол дұрыс емес. Оларды айқын ажырату керек.

Табиғи жағдайлар – шаруашылықтың және адамның өмір сүру жағдайының даму мүмкіндіктеріне ықпал ететін географиялық орта (аумақтың географиялық орналасуы, климаты, жер бедері, аумақтың гидрографиялық ерекшеліктері және т.б.) компоненттерінің жиынтығы. Белгілі бір аумақтың табиғат жағдайларының алуантүрлілігі (бедері, климаты, географиялық орналасуының ерекшеліктері және т.б.) шаруашылықты игеруді жеңілдетуі немесе күрделендіруі, шаруашылық жүйесінің дамуына ықпал етуі немесе ықпал етпеуі мүмкін. Табиғи жағдайлардан ерекшелігі – табиғи ресурстарға тікелей шаруашылық қызметінде пайдаланылатын табиғат компоненттері жатады.

Табиғи ресурстар – қоғам мен қоғамдық өндірістің түрлі қажеттілігін қанағаттандыру үшін, өндірістік күштерді дамытудың осы деңгейінде қолданылатын (немесе қолданылуы мүмкін) табиғат элементтері, табиғаттың маңызды компоненттері мен табиғат жағдайларының бір бөлігі.

Табиғи ресурстар есебінен адамдар мен мемлекеттердің қандай қажеттілігі қанағаттандырылады? 

Мәселен, жоғары таулы жер бедері, батпақ, шөлейт, қытымыр әрі ұзақ қыс көлік пен ауылшаруашылық жұмысын күрделендіреді. Бірақ альпинистер жартасты тауларсыз өз демалысын елестете алмайды, ал батпақты аң аулайтын жер ретінде пайдаланады.

Табиғи ресурстарды жіктеу

Табиғи ресурстардың пайдаланылуы:

– еңбек құралдары (жер, су жолдары, суаруға арналған су) – адам бір заттан екінші зат жасау үшін қолданатынның бәрі;

– қуат көздері (пайдалы жанғыш қазбалар қоры, гидроэнергия, геотермалдық энергия, атомдық отын және т. б.) – электр немесе жылу энергиясын алатынның бәрі;

– шикізат және материалдар (техникалық қажеттіліктер үшін қолданылатын су, ағаш, минералдар) – адам өзгертетін және басқа өнімдер алатынның бәрі;

– тұтыну заттары (ауызсу, пайдалы балшық және минералды сулар, жабайы өсімдіктер, саңырауқұлақтар, жануарлар, су биоресурстары және т.б.) – адам өзінің жеке қажеттілігі үшін пайдаланатынның бәрі;

Демалыс орны (wikipedia)

– демалыс және емдеу орындары.

Ресурстардың табиғи шығу тегін, сондай-ақ олардың үлкен экономикалық маңызын ескере отырып, табиғи ресурстардың келесі жіктелуі әзірленді: 

1. Табиғи ресурстар қандай да бір табиғи сфераға (генезис бойынша) жататынына қарай жіктеледі: 
1) литосфера ресурстары – бұл пайдалы қазбалар, жер және табиғат ресурстары;
​2) гидросфера ресурстары – бұл Дүниежүзілік мұхит мұздақтары, суы, құрлықтары, өзендердің, судың толысу мен қайту энергиясы;
​3) атмосфера ресурстары – бұл климаттық және рекреациялық, жел энергиясы;
​4) биосфера ресурстары – бұл биологиялық ресурстар (жануарлар әлемі, адам).

2. Табиғи ресурстардың экологиялық жіктелуі олардың қорларының сарқылу және қалпына келу белгілеріне негізделген (52-сурет):

● сарқылмайтын. Оларды пайдалану қорлардың қазір немесе келешекте сарқылуына әкеп соқтырмайды (күн энергиясы, ішкі жер жылуы, су энергиясы, ауа);
​● сарқылатын, қалпына келмейтін. Олар қысқа уақыт ішінде өздігінен қалпына келе алмайды (мәселен, минералдық ресурстар);
​● сарқылатын, қалпына келетін. Оларға қалпына келу қасиеті тән (көбею немесе өзге табиғи тізбектер арқылы). Мәселен, флора, фауна, су ресурстары).

3. Табиғи ресурстарды шаруашылықта пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан да жіктейді:
​1) энергетикалық, энергия өндіретін: жанғыш пайдалы қазбалар; биоэнергия көздері; ядролық энергия көздері;
​2) энергетикалық емес – бұл әртүрлі өнеркәсіп салаларына арналған немесе өндірісте қатысатын шикізат: өнеркәсіп өндірісіне пайдаланылатын пайдалы қазбалар, су; өнеркәсіп нысандары мен инфрақұрылым нысандары үшін пайдаланылатын жерлер; өнеркәсіптік тұрғыдағы орман ресурстары; өнеркәсіптік тұрғыдағы биологиялық ресурстар;
​3) ауылшаруашылық өндірісінің ресурстары ауылшаруашылық өнімдерін: агроклиматтық; топырақтық-жер; өсімдік биологиялық ресурстар; су ресурстарын құруға қатысатын ресурстардың түрлерін біріктіреді.

52-сурет. Табиғи ресурстардың экологиялық жіктелуі


Жеке жұмыс

Сызбамен жұмыс.

Табиғи ресурстарды жіктеудің жоғарыда берілген тәсілдерін кіріктіретін ақпарат сызбасын құрастырыңдар.​

Ресурспен қамтамасыз етілу есебін қандай мақсатта жүргізеді?

Табиғи ресурстар Жердің беткі қабатында және қойнауында біркелкі орналаспаған. Бұл дүниежүзі елдері арасында ресурстармен қамтамасыз етілуде айырмашылық туғызады.

Ресурспен қамтылу – табиғи ресурстардың мөлшері және оларды пайдалану ауқымы арасындағы арақатынас. Ресурспен қамтамасыз етілу – бұл ресурс қоры жетуі тиіс жылдар санымен, не болмаса жан басына шаққандағы есеп қорымен көрсетіледі. Оны екі формуламен есептеуге болады:
​1. Ресурспен қамтамасыз етілу = Қорлар / Өндіріс. Осы формула бойынша олардың жылдық тұтынуын (өндіріс) ескеру негізінде ресурстармен қамтамасыз етілуі бағаланады.
​2. Ресурспен қамтамасыз етілу = Қорлар / Халық саны. ​Бұл формула бойынша ғаламшардың, елдің бір тұрғынына және тағы басқа келетін ресурстар саны анықталады.

Дүниежүзілік табиғи ресурстар географиясы Минералды ресурстар

Минералды ресурстар немесе пайдалы қазбалар жер қыртысында белгілі бір заңдылықтарға сәйкес бөлінген. Барлық отын қазындылар дерлік шөкпе қабатта шоғырланған. Темір рудалары мен түсті металл рудалары, көбінесе таулар түзілген аудандарда және жер қыртысындағы терең жарылған жерлерінде жинақталған.

Пайдалы қазбалардың Жердің беткі қабатында және қойнауында шоғырлануы, саны, сапасы және өнеркәсіпте пайдалануға жарамды жерде жатуы бойынша пайдалы қазбалар кен орны (мысалы, Қазақстандағы Қарашығанақ мұнай кеніші) деп аталады. Бұл – «пайдалы қазбалар мол, ал сапасы олардан басқа өнімдер алуға болатындай жоғары деңгейде болып, орналасу тереңдігі оларды жердің астынан қиындықсыз алатындай болуы тиіс» деген сөз. Олай болмаса, оларды өндіру шығынының (адамдардың еңбек төлемі, техника сатып алу және т.б.) барлығы өзін ақтамайды.

Табиғи ресурстардың үздіксіз таралуының тұйықталған аумағы бассейн деп аталады (мысалы, Қарағанды көмір бассейні).

Топтық жұмыс

Пайдалы қазбалар тау жыныстары және минералдар түрінде кездеседі. 11-параграф материалдары бойынша олардың анықтамасын келтіріңдер. Тау жыныстары мен минералдардың генезис бойынша жіктелуі 11-параграфта берілген. Оны қысқаша сипаттаңдар. Бұл параграфта «Темір рудалары және түсті металл рудалары, көбінесе таулар түзілген аудандарда және жер қыртысындағы терең жарылған жерлерінде шоғырланған» деген тұжырым бар. 11-параграфты пайдалана отырып, таулар түзілген аудандарды және жер қыртысының терең жарылған жерлерін анықтаңдар. Оларды литосфералық плиталардың қандай қозғалыстары құрады?

Отын-энергетикалық ресурстар

-1-

Көмір ресурстары дүниежүзінің 100 шақты елінде барланған. Жалпы геологиялық қорлардың шамамен 80%-ы тек үш ел – Ресей, АҚШ, Қытайға тиесілі. Одан кейін Аустралия, Канада, ГФР, Ұлыбритания, Польша, ОАР тұр. Украина мен Қазақстан да – көмірге бай елдер.

Көмірді дүниежүзілік өндірудің қазіргі деңгейі (жылына 4,5 млрд т.) 1000 жылдан астам уақытқа жетеді. Мұнайдың бүкіл қорының жартысынан астамы теңіз кеніштеріне, континенттік қайраң ауданына, теңіз жағалауларына тиесілі. Мұнайға ең бай елдер арасында Таяу және Орта Шығыс (Сауд Арабиясы, Ирак, БАӘ, Кувейт, Иран, Катар, Бахрейн және басқалар), Латын Америкасы (Мексика, Венесуэла, Эквадор және басқалар), Африка (Алжир, Ливия, Нигерия, Габон), Оңтүстік-Шығыс Азия (Индонезия, Бруней және басқалар) бар.

-2-

 Онда мұнайдың дүниежүзілік қорының 4/5 бөлігінен астамы орналасқан. Ірі мұнай қорына ие елдерге Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Канада және дүниежүзінің кейбір басқа елдері де жатады. Мұнайдың мол қоры Әзірбайжан, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанда орналасқан.

Көмірді дүниежүзілік заманауи деңгейде өндірген жағдайда (жылына 4,5 млрд т) барланған қорлар жүздеген жылдарға жетеді.

-3-

Табиғи газ ресурстары мұнай бар жерлерде шоғырланады, сондықтан оның ең көп қоры мұнайға бай елдерде болады: Таяу және Орта Шығыс, ТМД (Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан), Солтүстік және Латын Америкасы (АҚШ, Канада, Мексика, Венесуэла), Солтүстік Африка (Алжир, Ливия), Батыс Еуропа (Норвегия, Нидерланд, Ұлыбритания), Орталық (Қытай) және Оңтүстік-Шығыс Азия (Бруней, Индонезия). Түрікменстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері де газ қорына бай. Дүниежүзілік экономиканың қазіргі өндіріс деңгейіндегі (жылына 2,2 трлн м3) табиғи газбен қамтамасыз етілуі 71 жылды құрайды.

Металрудалық ресурстар

-1-

Темір рудалар. Темір рудалар қоры бойынша Бразилия, Аустралия, АҚШ, Канада, Қытай, Үндістан, Франция, Швеция елдері алда келеді. Тағы бірқатар елдерде ірі кен орындары бар. Олар – Ұлыбритания, Норвегия, ОАР, Алжир, Украина, Қазақстан, Әзірбайжан елдері.

Дүниежүзілік шаруашылықтың темір рудасымен қамтамасыз етілуі оның қазіргі өндіріс деңгейі кезіндегі (жылына 0,9–1,0 млрд т) 250 жылды құрайды.

-2-

Марганец рудасының қоры бойынша ОАР, Габон, Бразилия, Үндістан, Қытай, Аустралия елдері; никель рудаcы бойынша – Жаңа Каледония (Меланезия аралы, Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігі), Канада, Индонезия, Филиппиндер; хромит – ОАР, Зимбабве; кобальт – Заир, Жаңа Каледония, Аустралия, Индонезия; вольфрам және молибден – АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Аустралия елдері алдыңғы қатарда. Марганец рудасының әлемдік қоры Украина, Грузия және Қазақстан, хром рудасы Қазақстан, никель рудасы Украина, мысты молибден рудасы Армения елдерінде шоғырланған.

-3-

Түсті металдар. Алюминий өнеркәсібінің шикізат базасын боксит, нефелин, алунит, сиенит құрайды. Шикізаттың негізгі түрі – бокситтер. Бокситтердің ірі кен орындары Латын Америкасында (Бразилия, Венесуэла, Ямайка, Гайана, Суринам, Гаити, Доминикан Республикасы және басқалар), Африкада (Гвинея, Камерун, Мали) және Аустралияда орналасқан. Боксит кені Ресей мен Қазақстанда да шоғырланған. Дүниежүзілік экономиканың бокситтермен қамтамасыз етілуі олардың қазіргі жылдық өндіріс деңгейі кезінде (80 млн т) 250 жылды құрайды.

Егер табиғи ресурстардың жылдық өндіріс көлемі және олардың қоры қанша жылға жететіні белгілі болса, осы ресурстардың әрбір түрі бойынша жалпы қорын есептеңдер.

Мыс рудалары

Мыс рудалары негізінен Азия (Үндістан, Индонезия және т.б.), Африка (Зимбабве, Замбия, Конго), Солтүстік Америка (АҚШ, Канада) және ТМД (Ресей, Қазақстан) елдерінде орналасқан. Мыс рудасы Латын Америкасы (Мексика, Панама, Перу, Чили), Еуропа (ГФР, Польша, Югославия), Аустралия және Мұхит аралдары (Аустралия, Папуа-Жаңа Гвинея) елдерінде де бар. ТМД-да Өзбекстан, Армения, Грузияның үлесі мол.

Дүниежүзілік экономиканың барланған мыс рудасы қорымен қамтамасыз етілуі олардың қазіргі жылдық өндіріс деңгейі кезінде (8 млн т) шамамен 56 жылды құрайды.

Қорғасын мен мырыш (полиметалл) қоры бойынша Солтүстік (АҚШ, Канада), Латын Америкасы (Мексика, Перу) және Аустралия елдері дүниежүзінде жетекші орынды иеленеді. Полиметалл рудалар қоры Батыс Еуропа (Ирландия, ГФР), Азия (Қытай, Жапония) және ТМД (Ресей) елдерінде де бар.

ТМД-да полиметалл рудаларының басқа ірі көзі – Қазақстан. Оның кен орны республиканың шығыс және оңтүстік бөлігінде орналасқан.

Қорғасын (жылына 2,5 млн т) мен мырыштың (жылына 4,5 млн т) қазіргі дүниежүзілік өндіріс көлемі кезінде олардың барланған қоры 40 және 55 жылға жетуі тиіс.

Қалайының жалпы қоры – 8,3 млн тонна, барланғаны – 3,8 млн т. Қалайының дүниежүзілік ең ірі қоры Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияда (Үндістан, Таиланд, Малайзия және басқалар) және Латын Америкасында (Боливия) орналасқан.

Тау-кен химиялық шикізаты

Тау-кен шикізатының маңызды түрлеріне фосфат рудалары, калий және ас тұзы, күкірт және басқалар жатады.

Фосфатты рудалар ТМД (Ресей, Қазақстан), Солтүстік Америка (АҚШ), Африка (Марокко, Тунис, Алжир, Сенегал, Бенин), Азия (Иордания, Израиль), Рождество және Науру аралдарындағы кен орындарында жатыр. ТМД елдері ішінде фосфориттің ірі кен орындары (Қаратау және Ақтөбе) Қазақстанда орналасқан.

Калий тұзының ірі кеніштері Канада, Ресей, Беларусь, Украина, Германия, Франция, АҚШ елдерінде орналасқан. Калий тұзының қазіргі жылдық өндірісі – 30 млн т, оның барланған қоры 70 жылға жетеді.

Күкірт қышқылы өндіру үшін қолданылады. Ауылшаруашылығында күкіртті өсімдіктердің ауруларына қарсы күрес үшін қолданады. Табиғи күкірттің айтарлықтай қоры АҚШ, Мексика, Польша, Франция, ГФР, Иран, Жапония, Украина, Түрікменстанда бар.

Жер ресурстары

-1-

Жер ресурстары – бұл көпмақсатты ресурс, адам кез келген мақсатта пайдалана алатын құрлықтың кез келген беткі қабаты. Жер ресурстарының басты ерекшеліктері – олардың баға жетпестігінде, құрлық көлемімен шектелуінде, жылжымайтындығында, яғни кеңістікте қозғалмайтындығында.

Адамдардың өмір сүретін аумағы ретінде, құрылыс пен нысандарды орналастыратын жер ретінде пайдаланылады. Орман және ауылшаруашылығы үшін жер биомасса шығарады. Бұл қабілет оның құнарлылығына байланысты. Ал құнарлылық өсімдіктерге қолайлы жылу, ылғал, топырақ организмдері, ауамен қанығу арақатынасына байланысты болады.

Дүниежүзілік жер қорының жалпы ауданы (Арктика мен Антарктиканың мұздақ даласын есептемегендегі құрлық ауданы) 134 млн км2-ді құрайды.

-2-

Дүниежүзілік жер қорының 11%-ы өңделген жерлерге (егіндік, бау-бақша, жүзімдіктер); 23%-ы – шабындық пен жайылымдарға; 30%-ы – ормандарға; 3%-ы – антропогенді ландшафтарға (елді мекендер, өнеркәсіптік аймақтар, транспорттық желілер); 33%-ы – өнімділігі аз жерлерге (шөлейттер, батпақтар және температурасы төмен экстремалдық аумақтар немесе тауларға) тиесілі.

Азық-түлік өндіру үшін пайдаланылатын ауылшаруашылық жерлер егістіктерді, көпжылдық жасыл желектерді (баубақша, шабындықты), табиғи көгорай шалғындар мен жайылымдарды қамтиды. Қазіргі кезде ауылшаруашылық жерлердің жалпы алаңы 48,1 млн км2-ді (4810 млн га) құрайды, оның ішінде егістік (жыртылып, өңделген жерлер) – 1340 млн га, шалғын мен жайылым 3365 млн га құрайды. Ауқымды егістік жерлері бар елдер: АҚШ, Үндістан, Ресей, Қытай, Канада, Қазақстан, Украина.

-3-

АҚШ-та жан басына шаққанда егістік – 0,6 га, ГФР-да – 0,12 га, Ұлыбританияда – 0,11 га, Қытайда – 0,09 га, Египетте – 0,05 га, Жапонияда – 0,03 га-ға тең келсе, ал Қазақстанда – 1,73 га.

Қазақстанның жер қорының құрылымы мынадай:

Қазақстанның ауылшаруашылық жерлерінің көлемі 222,24 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде егістік – 29,41 млн га, көпжылдық жасыл желек – 0,12 млн га, шабындық – 5,16 млн га, жайылым – 187,55 млн га. Республика бойынша ауылшаруашылық жерлердің жалпы ауданының 40 пайызы немесе 91 млн га жер ауылшаруашылық айналымға тартылған.

Неліктен дүниежүзінің жалпы жер қорына Арктика мен Антарктиканың мұзды даласы енгізілмеген?

Сенің өлкеңде жер қандай мақсатта пайдаланылады?

Су ресурстары

Су ресурстарына пайдалануға жарамды жерүсті және жерасты сулары жатады.

Жер бетіндегі жалпы су қоры 1 386 млн км3 болып саналады. Оның ішінде 96,5% су ресурстары Дүниежүзілік мұхиттың тұзды суын және 1%-ын – жер астындағы тұзды су құрайды. Гидросфера көлемінің қалған 2,5%-ын жер шарындағы тұщы су құрайды.

Тұщы судың көптеген көздері арасында өзендердің маңызы зор. Өзендердің су ресурстарын бөлу климаттық жағдайға байланысты болады. Жауын-шашын мөлшері көп түсетін жерлерде өзен арнасы суға толы болады. Ғаламшардың өзен арнасындағы тұщы су ресурстарының жартысынан көбі Янцзы, Иравади, Меконг, Ганг, Брахмапутра секілді ірі өзендер ағып жатқан Азияға және ірі Амазонка өзені ағып жатқан Оңтүстік Америкаға тиесілі. Одан кейінгі су қорын Солтүстік Америка, Африка, Еуропа, Аустралия және Мұхит аралдары өзара бөліседі. Қазақстан – Еуразиялық континенттің ең суы тапшы елдердің бірі.

Картаның көмегімен жауын-шашынның таралуы мен мәтінде аталған дүниежүзі өзендері ағып өтетін аймақтар арасындағы тәуелділікті анықтаңдар. Қандай байланысты анықтадыңдар?

Неліктен Қазақстан дүниежүзінде суы тапшы аймаққа жатады? Оған ғаламшардағы тағы қандай аймақтарды жатқызуға болады?

Биологиялық ресурстар

-1-

Биологиялық ресурстар – өсімдіктер мен жануарлар әлемінің жиынтығы. Оларға орман, жайылым, жануарлар, дәрілік өсімдіктер қоры жатады. Олардың арасында орман ресурстарының орны ерекше. Орманның өсіп-өну мүмкіндігіне ықпал ететін негізгі түрткіжайттар – жауын-шашын мөлшері. Олар жылына кемінде 200 мм-ден кем болмауы тиіс.

Ғаламшарымызда орман 40,1 млн км2 жерді (4 010 млн га) алып жатыр, ағаштың жалпы қоры 340–370 млрд м3-ді құрайды. Жерінің көп бөлігін орман алып жатқан елдерге Латын Америкасы, ТМД, Африка, Солтүстік Америка және шетелдік Азия жатады. Мұнда жекелеген жерлерде (Ресейдің ТМД-дағы азиялық бөлігі, Солтүстік Америкада Канада, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның тропиктік елдері, экваториялық Африка, Амазонка және Орталық Америка бассейні елдері) жаппай орман басып жатыр (ормандылық өте жоғары, кейде тіпті 75–95%-ға жетеді).

-2-

Шетелдік Еуропада орманды жерлер (160 млн га) негізінен солтүстік бөлікте орналасқан (Франция, ГФР, Финляндия, Швеция, Норвегия). Еуропа елдері ішінде орманды жері ең көп ел – Финляндия мен Швеция.

Аустралия мен мұхиттық аралдардың орман көмкеріп жатқан ауданы онша үлкен емес, 160 млн га. Бұл аймақтың орманды аумақ көрсеткіші ең төмен (20%).

Дүниежүзінде орман ресурстарының ең көп қоры жерінің көп бөлігін орман алып жатқан елдерге тиесілі. Олар: Ресей, Бразилия, Канада, АҚШ, Қытай. Жоғарыда аталған барлық аймақтарда ормандарға белсенді өңдеу жүргізіледі. Қазақстанда орманның жалпы ауданы – 26216,4 мың га.

Жауын-шашын картасы бойынша Жердің ағаштар өсіп-өне алатын аймақтарын анықтап, кескін картада көрсетіңдер.

Сенің өлкең орманды аймаққа жата ма? Неліктен?

9-сарамандық жұмыс

-1-

1. Оқулық, атлас, карта және өзге ақпарат көздері бойынша, табиғи ресурстардың жекелеген түрлерімен қамтамасыз етілу бойынша дүниежүзілік елдерінің рейтингісін құрастырыңдар. Параграфта сипатталған ресурстардың түрлерін негізге алуға болады.

-2-

2. Сенің өлкең қандай табиғи ресурс түрлеріне бай? Олардың құрылуына және жинақталуына қандай географиялық жағдай әсер етті? Аймақтың табиғи ресурстарын шығу тегі, шаруашылықта пайдаланылуы, экологиялық белгілері бойынша жіктеу топтарына бөліңдер. Олардан қандай өнімдер алынады?

-3-

3. Өз өлкеңдегі ресурс түрлерінің әрқайсысы бойынша ресурстармен қамтамасыз етілулерін есептей аласыңдар ма? Бұл тапсырманы орындау барысында қандай қиындық туындауы мүмкін? Оларды қалай жоюға болады?

-4-

4. Ресурстардың әрбір түрі бойынша номенклатура құрастырыңдар және нысандар көрсетілімін ұйымдастырып, оларға тақырып бойынша сипаттама беріп отырыңдар.

Табиғи-аймақтық ресурстар

Ойыңды тұжырымда

1. «Табиғи ресурс» және «табиғи жағдай» түсініктерінің айырмашылығы неде?

2. Ресурстар дегеніміз не?

3. Табиғи ресурстарды жіктеудің түрлі тәсілдерін талдаңдар.

4. Қай ресурстардың таралуы эндогенді күштерге, ал қайсысы экзогенді күштерге тәуелді? Тұжырымдарыңның дұрыс екенін дәлелдейтін мысалдар келтіріңдер.

5. Неліктен биологиялық ресурстардың сипаттамасында негізгі орын орман ресурстарына беріледі? Өзге биологиялық ресурстардың екі түрін өз беттеріңше сипаттаңдар.

1. Параграфта сипатталған ресурстардың қайсысы көпмақсатты, ал қайсысы тек бір мақсат үшін пайдаланылады? Сөздеріңнің дұрыстығын растайтын бірнеше дәйектер келтіріңдер.

Өтінемін күте тұрыңыз