Дүниежүзі халықтары арасындағы достықты қалай нығайтуға болады?

Жаңамен танысу
Сен ұлты мен наным-сенімі әртүрлі адамдар арасында достықтың болу қажеттілігін дәлелдеуді үйренесің; оны дамыту жолдарын ұсынасың.

Достық

Достық – өзара сенімге, бауырмалдыққа, ортақ қызығушылыққа, төзімділікке, бәсекелестіктің жоқтығына негізделген жақын қарым-қатынас. Достықтың беріктігі мақсат, мүдде, идеал, ниет, құндылық, бағдар тұтастығына байланысты болады. Достардың барлығы бірдей құндылықтарға ие болады. Жер бетіндегі барлық халықтардың құндылықтары – бұлар бейбітшілік, еңбек, бостандық, тәуелсіздік, өз экономикасын, мәдениетін, ғылымын, тілін дамыту, салт-дәстүрлерін сақтау мүмкіндігі. Әрбір ел өз азаматтарының өмірі, құқығы мен бостандығын, олардың экономикалық және әлеуметтік игілігін жоғары бағалайды.

Қақтығыс.  Ресурстар үшін күрес

Бұл құндылықтарды өзге күштер мен тараптардың бұзуы белгілі бір халықпен қақтығысқа әкеліп соқтырады. Қақтығыс – тайталас, қастық, бірліктің, келісім мен ынтымақтастықтың бұзылуы. Қақтығыс адамдар мен олардың бірлестіктері, елдер, мәдениет пен өркениет арасында болуы мүмкін.

50-сурет. Сенкаку аралдары.

Статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып, Қытай мен Жапония халықтарының тығыздығын есептеңдер және бұл аралдарды игеруге қай ел көбірек ынтық екенін анықтаңдар?

Жер көлемі әрқашан оның құндылығының басты көрсеткіші болып табыла ма?

Жер құндылығын қандай дәйектер айқындайды?

Неліктен жер екі халық арасында дау туғызуы мүмкін?

Ресурстар үшін күрес. Барлық халықтар үшін ең басты ресурс – жер. Мемлекеттер өз аумақтарында орналасады. Мемлекет аумақтары көптеген ғасырлар бойы құрылды. Тіпті жердің беті мен қойнауында табиғи ресурстар аз болса да, жер – барлық адамдардың тіршілік ортасы. Ежелден бері адамдар жер үшін жауласып, бірі жер басып алуды көксеп, бірі жерін қорғауға талпынып талай соғысты бастан кешкен. Қытай мен Жапония арасында Шығыс Қытай теңізінде сегіз топаралдағы Сенкаку аралы үшін дау туындаған (50-сурет). Топаралдың жалпы алаңы – 7 км². Бұл Қазақстандағы кейбір ауылдардан да кіші. Шағын көлеміне қарамастан, аралдардың стратегиялық орналасуының маңызы зор, кеме қатынасын және балық аулауды дамытады. Олардың қайраңынан геологтер мұнай мен табиғи газ қорын тапты. Бұл аралдарда адам тұрмайды. Бірақ аралдарға Қытайдың миллиардтан астам халқы мен 126 миллион жапондық таласып отыр. Бұл оқиға халықтардың даулы жерлер үшін қақтығыс жағдайында болатынын көрсетеді.

Тәуелсіздік үшін күрес

-1-

Адамзат тарихында кейбір елдер мен саясаткерлер өз жері мен билігін кеңейтуді көздеп, өзге елдер мен халықтарды басып алды. Басыбайлы болған ел бөтеннің билігіне көндіккісі келмей, бостандық пен тәуелсіздікке талпынды. Олар ұлт-азаттық күрес жүргізді.

XVIII ғасырдың ортасынан 1947 жылға дейін «Үндістан» ретінде белгілі Оңтүстік Азияның үлкен бөлігіне Ұлыбритания өктемдік құрды. Ғаламшардың бұл бөлігін британдықтар Ұлы географиялық ашылулар кезеңінен бастап игеріп, басып ала бастады.

-2-

Бұл жерлерге келіп, олар жергілікті халықтың ұлттық байлықтарын жаппай әкете бастады, өз тауарларын сатып, салықты күшейтті. Үндістан халқын жерлерінен, ресурстарынан, кез келген даму мүмкіндігінен айырды. Жергілікті халық құлдыққа салынып, кедейлікке ұшырап, әрең күнін көрді. Басқыншылар олардың кез келген қарсылығын қатаң жазалады. Осының барлығы жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды. ХХ ғасырға қарай жағдай шиеленісе түсті. Ақырында бұл 1947 жылы Үндістанның тәуелсіз елге айналуына әкеп соқтырды. Үндістан тарихы бір этностың екінші этносқа басқыншылық әрекеті салдарынан қақтығыс туындайтынын көрсетеді.

Өз ойыңмен бөліс!

Адамзат тарихында бір мемлекет екінші мемлекетті қандай мақсатта жаулап алуды көздеген?

Кез келген мемлекет өз тәуелсіздігін қалай сақтап қалады?

Саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мүдде үшін күрес

-1-

Басқыншылыққа ұшыраған жерлердегі бодан болған халықтар өз аумағын басқара алмайды. Тұрғындар басқыншылардың тілінде сөйлеуге мәжбүр. Кейбір елдерде, тіпті жергілікті тіл, салт-дәстүрге тыйым салынды, білім алуға, жақсы жұмыс істеуге жол жабылды. Солтүстік Америка, Аустралия, Оңтүстік Африкада жергілікті тұрғындар қоршалған аумақта ұсталды және ол жерден кетуге құқығы болмады. Кейде мұндай жерлерде балаларды ата-анасынан айырып, басқа жерлерге орналастырды.

-2-

Осының бәрі жергілікті халықты ойсыратты, өйткені ұрпақтар арасындағы байланыс үзілді. Мұндай халық әлсіз болды.

Осындай мысалдар халықтардың тәуелсіздік үшін, өз елін басқару құқығына ие болу үшін, өз тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін дамыту үшін, жұмыс пен білімге қол жеткізу құқығына ие болу үшін бір-бірімен қақтығысуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ұлтаралық қақтығыстар

51-сурет. Үндістанның үш елге ыдырауы

Бір мемлекет азаматтары арасында қақтығыс болмауы үшін кез келген елдің әрбір тұрғыны қандай құқыққа ие болуы тиіс?

Көпұлтты мемлекетте қақтығыс болмауы үшін әрбір ұлт өкілдеріне нені тыйым салмау керек?

1. Үндістан халқы арасындағы қақтығыс сипаты жағынан қандай болды: ұлтаралық, дінаралық, азаматтық, мемлекетаралық, қарулы немесе қарусыз? Әрбір жауапты дәлелмен растаңдар. Қақтығыс сипатының өзгеруін сызбада көрсетіңдер. Ол бір қалыптан екінші қалыпқа қалай көшті?

2. Үндістан біртұтас мемлекеті үшін халықтар арасындағы қақтығыс неге әкеліп соқтырды?

Талдау мәтінінде халық үшін ауыр салдар туралы айтылмаған. Ұзаққа созылған қақтығыстан халық қандай зардап шеккенін елестетіңдер.

-1-

Ұлттар мен ұлыстар арасындағы қақтығыстар ұлтаралық қақтығыстар деп аталады.

Дінаралық қақтығыстар. Кейде тарихта бір ұлт екінші ұлт өкілін өз дінін қабылдауға мәжбүрлеген немесе өз дінін өзгенікінен жоғары қойып, өзге дін өкілдерінің құқығын бұзған. Наным-сенімі әртүрлі адамдар арасында болатын қақтығысты дінаралық қақтығыс деп атайды. Көбінесе ұлтаралық қақтығыстар дінаралық болып табылады. Олар екі немесе одан көп елдер арасында туындайды.

Алайда бір елдің тұрғындары өзара қақтығысатын болса, ол азаматтық қақтығысқа жатады. Өйткені тараптар – бір мемлекеттің азаматтары. Қақтығыс шиеленісіп кетсе, екі немесе одан да көп қарулы топтар арасында қарулы қақтығыс – соғыс басталады. Cоғыстағы басты құрал армия екені мәлім.

-2-

Көп ғасырлар бойы бодандықта болған Үндістанда жергілікті халық индуизм мен исламды ұстанды. Басқыншылар олардың арасына әдейі іріткі салды. 1947 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, Үндістан халқы діни араздық салдарынан қарулы қақтығысқа барды. Бұл мұсылман халқының елдің батысына, ал индуистердің елдің негізгі шығыс бөлігіне жаппай көшуіне әкеп соқтырды. Мұсылмандардың бір бөлігі Үндістанның шығысына қоныс тепті. Олардың арасындағы араздық біртұтас Үндістанның ыдырап, оның орнында үш мемлекет – негізгі бөлігінде индуистік Үндістан, батыста мұсылмандық Пәкістан, шығыста мұсылмандық Бангладештің пайда болуына әкеп соқтырды (51-сурет). Осы үш ел халқының басым бөлігі хинди (Үндістан), урду (Пәкістан) және бенгали (Бангладеш) тілінде сөйлейді. Үндістан мен Пәкістан арасында бір-бірінен бөлек кеткеннен кейін де бірнеше қақтығыс болды.

Жер бетінде бейбітшілікті сақтау

Бейбітшілік – адамдардың келісім мен түсіністікте өмір сүруі, соғыстың болмауы. Жер ғаламшарында көптеген халық үшін бейбітшілік – ең үлкен құндылықтың бірі. Тарихшы ғалымдардың есебі бойынша бүкіл адамзат тарихында 15 мыңнан астам соғыс болып, 3 миллиардтан астам адамның өмірі қиылған. Өкінішке орай, соғыс пен қарулы қақтығыстар қазір де біздің ғаламшарымызда болып жатады. Бұл адамзаттың ғаламдық мәселелерінің біріне айналды. Саясаткерлер, ғалымдар, халықаралық ұйымдар, елдер соғыстың алдын алу жолдарын іздестіреді. Әрбір тайталастықтың ақыры шығынға ұшыратып, зардап тартқызады.

Соғыс зардаптары

Саяси

Экономикалық

Әлеуметтік

Бейбітшіліктің артықшылықтары

Саяси

Экономикалық

Әлеуметтік

Қазақстан тәжірибесі

-1-

Қазақстан – тәуелсіз мемлекет және біздің тәуелсіздігімізді көптеген дүниежүзі елдері мойындады. Көрші елдермен қақтығыс болмауы үшін, Қазақстан Республикасы олардың әрқайсысымен достық және ынтымақтастық туралы келісім бекітті. Көрші елдермен аумаққа қатысты өзара келіспеушілік болмайтыны туралы келісті. Қазақстан шабуыл жасау мақсатында емес, қажет жағдайда елді қорғайтын армия жасақтады. Сондықтан елімізде дүниежүзінің басқа халықтарымен ынтымақтасу үшін, бір-бірімен достық пен бейбітшілікті нығайту үшін барлық негіз жеткілікті.

-2-

Қазақстан Республикасы осында тұрып жатқан әрбір ұлт пен дін өкілдері арасында достықты сақтап қалуға талпынады. Сондықтан біз әрбір азаматтың өз тілінде сөйлеу, өз дінін ұстану құқығы бекітілген Конституция қабылдадық. Әрбір адамның қазақ немесе орыс тіліндегі мектепте білім алуға мүмкіндігі бар. Өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілінде оқытатын 88 мектеп бар.

108 мектепте Қазақстанның 22 ұлтының тілі дербес пән ретінде оқытылады. Елде балалар ғана емес, ересектер де 30 ұлттың тілін үйрене алатын 195 тіл орталығы ашылған.

-3-

11 тілде газет-журналдар жарық көреді, 8 тілде радиобағдарламалар және 7 тілде телебағдарламалар бар. Қазақ, орыс, корей, неміс театрлары көрермендер үшін айқара ашық. Республиканың әрбір өңірлерінде тұрғындар өз халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін зерттей алатын мәдени орталықтар бар.
​Діни белгісі бойынша қарама-қайшылық туындамау үшін, олардың ешқайсысы мемлекеттік, яғни басты болып табылмайды. Барлық діндердің мәртебесі бірдей. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл – діннің мемлекет ісіне және білім беруге араласа алмайды деген сөз. Ол –тек азаматтардың жеке қалауы.

-4-

Қазақстанда бірегей ұйым құрылған. Ол Қазақстан халқы ассамблеясы. Оның жұмысы ұлтына, тіліне, дініне, түр-түсіне, қай әлеуметтік топқа жататынына қарамастан, азаматтардың бостандығы мен құқық теңдігіне бағытталған. Ол Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін дамыту жолында қызмет етеді. Ассамблея халықтардың татулығы мен келісімін нығайтуға талпынады.

 Бұл ұсыныстарды дүниежүзінің қай елдеріне айтар едің?

Ойыңды тұжырымда

1. Ұлтаралық және дінаралық қақтығыс себептерін сипаттаңдар.

2. «Дүниежүзілік тарих» пәнінің материалдары бойынша соғыстардың бірінің сипатын зерттеңдер. Оның себептерін, сипатын (ұлтаралық, дінаралық, азаматтық, қарулы, қарусыз) және салдарын, қатысушыларын (ұлты және діні) атаңдар. Бұл соғысты қалай болдырмауға болар еді?

Өз ойыңмен бөліс!

1. Ғалымдардың пікірінше, Жер бетіндегі барлық қақтығыстар тарихи-географиялық аймақтар шегарасында туындаған және қазір де туындауда. Бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын, «Дүниежүзілік тарих» пәніндегі 45, 46-параграфтардағы 41, 42 және 43-суреттер, 47, 48-параграфтардағы 45-сурет және 49, 50-параграфтардағы 47, 48-суреттер бойынша осы тұжырымды растаңдар немесе жоққа шығарыңдар.

Шығармашылық жұмыс

Эссе жаз.

1. «Дүниежүзі халықтары бейбітшілікті таңдайды» тақырыбында эссе жазыңдар. Ол Жер бетіндегі азаматтарға арнап бейбітшіліктің маңыздылығы туралы және соғысқа жол бермеу туралы үндеуді қамтуы тиіс:

• тезис – сендер дәлелдейтін негізгі ой;

• тақырып бойынша негізгі түсініктер ашылсын;

• тезисті ашатын дәйектер мен мысалдар;

• тезис дәлелді болғанын көрсететін негізгі тұжырым.Эсседегі сөздер санын сыныптастарыңмен және мұғаліммен талқылауға болады.

Өтінемін күте тұрыңыз