Халық географиясы Дүниежүзінің этнолингвистикалық бейнесі қалай көрінеді?

 Жаңамен танысу

Сен тіл негізінде дүниежүзі халықтарының жіктелуін түсіндіруді үйренесің.

Тіл – халықтың белгісі ретінде

-1-

Жер бетінде 7 миллиардтан астам адам бар. Олардың барлығы әртүрлі тілде сөйлейді. Тіл – халық немесе этностың басты белгілерінің бірі. Ғалымдар 5000-нан астам тіл бар екенін айтады. Көбінесе халық пен тілдің атауы сәйкес келеді.

Этнос (халық) – белгілі бір аумақта тарихи қалыптасқан тілі мен мәдениеті ортақ, өз бірлігі мен басқа этностардан айырмашылығын түсінетін тұрақты адамдар жиынтығы. Әрбір этностың белгілі бір аумағы, тілі, ұлттық өзін тануы, ортақ мәдениеті мен салт-дәстүрі, ұлттық менталитеті, ортақ тарихи тағдыры болады.

Тіл – адамдардың қарым-қатынасының, мәлімет сақтау және берудің маңызды құралы. Ол қоғамның дамуымен бірге пайда болды және уақыт өткен сайын түрлі өзгерістерге ұшырайды.

-2-

Әртүрлі халықтар бір тілде сөйлейтін жағдайлар аз емес (мысалы, ағылшын тілінде ағылшындар, американдықтар, аустралиялықтар, ағылшын-канадалықтар; испан тілінде испандықтар, кубалықтар, мексикалықтар; португал тілінде португалдықтар мен бразилиялықтар сөйлейді).

Кейде бір халық күнделікті өмірде екі тілді пайдаланады. Қостілділік немесе билингвизм – көпұлтты елде жиі кездесетін құбылыс. Онда жекелеген халық өзінің төл тілімен қатар саны көп ұлттың тілін пайдаланады. Қостілділік екі ұлтты елдерге (Бельгия, Канада, Франция) және көпұлтты елдерге (Үндістан) тән. Швейцария тұрғындарының айтарлықтай бөлігі екітілді немесе тіпті үш тілді.

Атауы өзінің сөйлейтін тілінің атауымен сәйкес келмейтін халықтар бар ма?

Жасы үлкендерден бала кезде қолданылған, бірақ қазір өте сирек қолданылатын сөздерді еске түсіруді сұраңдар. Туған тіліңде кейін енген, бірақ ересектер онша түсінбейтін сөздер бар ма? Мұндай сөздер «уақыт өткен сайын тіл дамып, өзгеріп отырады» деген тұжырымды дәлелдей ме?

● Көптеген ғалымдар адам қай тілде ойласа, сол оның туған тілі деп санайды.

● Қазақ тілінде «туған тіл» деген сөз тіркесі жоқ, оның орнына «ана тілі» деген түсінік қалыптасқан.

● Мектепте «оқыту тілі», «бірінші тіл», «екінші тіл», «үшінші тіл» деген түсініктер қолданылады.

«Менің туған тілім – мемлекеттік тіл, бірақ мен ресми тілде білім аламын», – деп айтқан қазақстандықтың ұлтын және оқу тілін анықтаңдар.

Дүниежүзінің ірі тілдері

42-сурет. Дүниежүзіндегі кең таралған тілдер

Сөйлеушілер санына қарай тілдер де халықтар секілді ең саны көп, ірі, орташа, шағын және өте аз болып бөлінеді. Дүниежүзінде небәрі 5–5,5 мың ұлт бар. Олардың көпшілігі саны аз халыққа жатады. Кейбір халықтардың саны 1 миллионнан асады, олар жер бетіндегі халықтың 96%-ын құрайды. Жекелеген халықтар саны 100 миллионнан асады, олар жер шарындағы халықтың 45%-ын құрайды (1-кесте).

Жер бетінде ең көп таралған тілдер: қытай, ағылшын, хинди, испан, орыс, араб (42-сурет). Ағылшын, француз, орыс, испан, араб және қытай тілдері халықаралық ресми тілдер деген мәртебеге ие.

Түрлі ұлт өкілдерінің қарым-қатынас жасауына қызмет ететін кез келген тілді лингва франка деп атайды. Халықаралық тілдер лингва франка болуы мүмкін. Бірақ белгілі бір аймақта ұлтаралық қатынас тілі болып табылатын, кең таралмаған тілдер де бар.

Ғалымдардың кейбірінің пікірінше, тілдер мен халықтар саны сәйкес келмейді. Мұндай сәйкессіздікті немен түсіндіруге болады? Халық көп пе, әлде тілдер ме? 

Неліктен араб немесе француз тілдеріне қарағанда, адамдардың басым бөлігі сөйлейтін хинди тілі халықаралық ресми тіл болып табылмайды?

Тілі лингва франка болып табылатын дүниежүзі халықтары басқа тілдерді өздері де білуі керек пе? Неліктен?

Неліктен Қазақстанда лингва франка тілі қажет? Елімізде қазақ тілінің лингва франка тіліне айналуына не көмектеседі?

Қазақстанда тағы қандай тіл мамандары болуы тиіс және неліктен?

Дүниежүзі тілдерінің жіктелуі

43-сурет. Тілдер семьясының географиясы

-1-

Халықтарды жіктеу үшін түрлі тілдерді туыстық белгілері бойынша семьяларға біріктіреді. Тілдік семьялар топтарға бөлінеді. Тілдердің туыстығы олардың сөздік қоры мен грамматиканы салыстыру барысында анықталады.

Егер әртүрлі халықтың тілі ұқсас болса, демек олардың генетикалық туыстығы немесе ұзақ мәдени қатынасы, материалдық және рухани мәдениетінде ортақ элементтері бар, тұрмыстық қарым-қатынасында бір-бірін түсінеді. Бұл олардың арасындағы өзара түсінігін нығайтады.

-2-

Бір ата тілден шыққан туыс тілдердің ірі бірлестігін ғалымдар тіл семьяларына біріктірді. Тіл туыстығы лексика, фонетика, грамматика ұқсастығы бойынша анықталады. Өте ұқсас тілдер топтарға немесе қосалқы топтарға біріктіріледі.

Негізгі тіл семьялары, оған кіретін топтар мен халықтар 2-кестеде көрсетілген. Тіл семьялары және топтар, шындығында, кестеде берілгенге қарағанда көп. Сонымен қатар түрлі елдердің ғылымдарында тіл семьяларының атаулары әртүрлі болуы мүмкін. 43-суретте тілдер семьясы өкілдерінің негізгі таралу аймақтары көрсетілген.

Қазақстанның қай халықтарының тілін аудармашының көмегінсіз түсінесіңдер?

Қай халықтың тілінде сендердің туған тілдеріңе ұқсас сөздер бар? Үш-бес ұқсас сөздер негізінде салыстырмалы кесте құрастырыңдар.

Қосымша ақпарат көздерінің көмегімен өз өлкеңде тұратын қандай ұлттардың тілінде «жер», «су», «адам», «шаһар», «алтын», «он үш», «он төрт» деген сөздердің айтылуы қазақ тілімен ұқсас?

2-кесте

Негізгі тіл семьялары, оған кіретін топтар мен халықтар

Топ

Халықтар

ҮНДІЕУРОПАЛЫҚ ТІЛ СЕМЬЯСЫ

Герман

Немістер, голландықтар, исландықтар, шведтер, норвегиялықтар, даниялықтар, ағылшындар, шотландықтар, американдықтар және басқалар

Славян

Орыстар, украиндер, беларустар, чехтар, словактар, поляктар, хорваттар, сербтер, болгарлар, черногорлықтар, славяндықтар

Роман

Италиялықтар, испандықтар, француздар, португал- дықтар, румындар, молдавандар және басқалар

Кельт

Ирландықтар, Уэльс тұрғындары және басқалар

Балтық

Латыштар мен литвалықтар

Грек

Гректер

Албан

Албандар

Армян

Армяндар

Иран

Парсылар, күрдтер, тәжіктер, осетиндер және басқалар

Топ

Халықтар

СИНО (ҚЫТАЙЛЫҚ)-ТИБЕТТІК ТІЛ СЕМЬЯСЫ

Қытайлық

Қытайлар мен хуэй халқы

Тибеттік-бирмалық

Тибеттіктер, бирмалықтар және басқалар

АФРАЗИЯЛЫҚ (НЕМЕСЕ СЕМИТ-ХАМИТ ТІЛДЕРІ) ТІЛДЕР СЕМЬЯСЫ

Семит

Еврейлер, арабтар және басқалар

Кушит

Сомали, галла және басқалар

Бербер

Кабилалар, туарегтер және басқалар

Чад

Хауса

АЛТАЙ ТІЛДЕР СЕМЬЯСЫ

Түрік

Түріктер, татарлар, чуваштар, башқұрттар, өзбектер, қырғыздар, қазақтар, түрікмендер, қарақалпақтар, ұйғырлар, әзірбайжандар, хакастар, тувалықтар, якуттар және басқалар

Моңғол

Моңғолдар, буряттар, қалмықтар

Тұңғыс-маньчжур

Эвендер, эвенктер және басқалар

Топ

Халықтар

КАВКАЗ ТІЛДЕР СЕМЬЯСЫ

Грузин

Аджар және грузиндер

Адыгей-абхаз

Абхаздар, черкестер, адыгейлер, кабардалық және басқалар

Нах

Ингуштер және шешендер

Дағыстан

Лезгиндер, ланездер, аварлар, даргиндер және басқалар

ОРАЛ ТІЛДЕР СЕМЬЯСЫ

Фин-угор

Финдер, эстондар, карелдер, мордвалар, комилер, марилер, венгрлер, удмурттар, хантылар, мансилер

Самоди

Селькуптер, ненецтер

НИГЕР-КОРДОФАН ТІЛДЕР СЕМЬЯСЫ

Нигер-конголез

Малинке, волоф, фульбе, мосигруси, бомбара, йоруба, ибо, сенуфо, малава, конго, зулустер, нояруандар, банту, азанде

Кордофан

Талоди, тегали және басқалар

Топ

Халықтар

ДРАВИДИЙЛІК

Дравидий

Тамилдер, телугу, каннара, малаял және басқалар

АУСТРОНЕЗИЯЛЫҚ ТІЛДЕР СЕМЬЯСЫ

Индонезиялық

Индонезиялық халықтар, малайялар

Полинезиялық

Таитяндер, маори, гаваялықтар және басқалар

Меланезиялық

Фиджиліктер

Микронезиялық

Микронезия халықтары

1.Өздеріңнің туған тілдерің қай тілдер семьясына жатады?

2. Жер бетіндегі қай халықтармен оның туыстығы бар?

3. Тұжырымдарыңды негіздеу үшін қандай дәлел айтасыңдар?

4. Неліктен үндіеуропалық тілдер семьясы географиялық тұрғыдан кеңінен таралған?

5. Бұған қандай тарихи-географиялық жағдай ықпал етті?

Жазу

Жазу – халық тілдерінің өмір сүру нысанының бірі. 5000-нан астам дүниежүзі тілдерінің ішінде тек 200-ге жуығының өз жазуы бар. Оның көмегімен адамдар мәліметті тіркейді, сақтайды, береді және алады. Ол – ақпарат берудің визуалды тәсілі. Әрбір жазу мәліметті тіркейтін белгілі бір символдарды пайдаланады. Ғалымдардың пікірінше, жазудың пайда болуы өркениеттің пайда болуы мен дамуының маңызды түрткіжайты. Негізгі жазу жүйесінің географиясы 44-суретте берілген.

Қазақ тілінде көптеген ғасырлар бойы жазудың руна, араб, латын, кириллица секілді алуан түрлері қолданыста болды. Қазіргі кезде латын жазуына көшу мәселесі сөз болуда. Дүниежүзілік ақпарат кеңістігі, көбінесе ағылшын тілінде және латын әліпбиінің әріптері пайдаланылады. Латын әліпбиі компьютерлерде жаңа ақпараттық технологияларда, ғаламторда қолданылады. Жер бетінде 4 миллиардтан астам халық латын тілін біледі және пайдаланады.

Қазақстан Республикасына дүниежүзінің түрлі елдерінен: Қытай, Моңғолия, Ресей, Иран, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Түркия және басқа елдерден қазақтар қоныс аударуда. Олар бұрын тұрған елдерінде қандай жазуды пайдаланған? Оларда қай тіл лингва франка болған? Қазақстанға көшіп келген соң, олар лингва франка ретінде қай тілді үйренулері қажет? Оларға қандай әліпбиді меңгеру керек? Мемлекет пен азаматтар оларға қалай көмектесе алады?

44-сурет. Негізгі жазу жүйелері

Дүниежүзінің этнолингвистикалық бейнесі туралы білімнің маңызы

Түрлі ғылым, кезең, елдердің ғалымдары дүниежүзінің этнолингвистикалық бейнесін зерделеді. Қазіргі ғалымдар да мұндай зерттеулерді жалғастыра бермек. Бұл не үшін қажет?

Әрбір халық – дүниежүзінің алуан түрлі этникалық және мәдени өмірінің құндылығы. Сондықтан ол өзінің тілдік бірегейлігін сақтап қалуды қалайды. Бірақ өз тіліңнің басқа халық өкілдеріне белгілі бір деңгейде таныс болуы – бұл әлеуметтік және экономикалық жақындасу, қатынастағы бейбітшілік пен келісім түрткіжайттары.

Түрлі елдердің саясаткерлері елде тілдік, мемлекеттік және ішкі шегара саясатын тиімді жүргізу және ұлтаралық алауыздыққа жол бермеу үшін қандай да бір тілдің таралу шегарасын зерттейді. Көпшілік жұрт басқа елдерге сапар шегетін болса, аудармашылар, сөздіктер мен тілашарлар қажеттілігін анықтау үшін, ол жердің халқы қандай тілдерде сөйлейтіні туралы алдын ала біледі.

Ортақ іс-шаралар кезінде бір аймақтың халқы қатысушылардың бәріне таныс болуы үшін қатынас тілін алдын ала анықтай алады.

Туыс тілдегі сөздер басқа тілдегі жойылған сөзді қалпына келтіруге немесе жаңа сөздер құруға көмектеседі. Келешекте қай халықтар тілдері өте ұқсас болғандықтан, бір этносқа немесе бір мемлекетке бірігуі мүмкін екені туралы болжам жасауға болады.

1. Егер сендер Швейцария, Аустралия, Мальта, Оңтүстік Африка Республикасына баруды жоспарласаңдар, ол елдерде қарым-қатынас жүргізу үшін сөздіктерді қалай іздейсіңдер?

2. Сендер Египет, Йемен, Ливия, Алжир, Марокко, Бахрейн және Кувейт секілді елдердің өкілдері болатын халықаралық конференцияға қатысуларың керек. Бұл конференцияда қайсы тілдер жұмыс тілі болады деп пайымдайсыңдар? Мұндай болжам сендерге не үшін қажет?

3. Қазақ тіліне басқа тілдерден қандай сөздер енген?

4. Қандай қазақша сөздер халықаралық географиялық терминдерге айналды?

Ойыңды тұжырымда

1. Неліктен тіл этностың (халықтың) белгілерінің бірі болып саналады?

2. Тіл қандай жағдайда жойылады?

3. Ғалымдар түрлі халықтардың тілін белгілі бір топтарға қалай біріктіреді?

4. Жазудың қандай түрлерін білесіңдер?

5. Қандай міндеттерді шешу үшін тіл, жазу, тілдер семьясы және топтар, олардың географиясы туралы білім қолданылады?

1. Неліктен кейбір тілдер басқаларына қарағанда кеңінен таралған?

2. Бұрынғы кезде әртүрлі елдердің саудагерлері басқа елдің саудагерлері және сатып алушыларымен қалай түсініскен?

3. 41 және 43-суреттерді салыстырыңдар. Қандай тұжырым жасадыңдар?

Өтінемін күте тұрыңыз