Топырақты неден қорғау қажет?

Жаңамен танысу
Сен топырақтың экологиялық проблемалары мен оларды шешу жолдарын анықтай отырып, "Топырақ ресурстарына не жатады? Топырақ ресурстарының маңызы қандай? Топырақпен қандай проблемалар байланысты? Топырақтың экологиялық проблемаларының себебі қандай? Топырақтың экологиялық проблемаларын шешудің қандай кешенді іс-шаралары қабылданады?" деген сұрақтарға жауап аласың.

Топырақ ресурстары

-1-

Топырақ ресурстары – бұл құнарлы, ауылшаруашылығына жарамды топырақтар жиынтығы. Топырақ ресурстарының басты қасиеті – олардың табиғи құнарлылығы. Ауылшаруашылықта жердің өнімділігі осыған байланысты болады. Топырақ ресурстарына егістіктер, жайылымдар, көпжылдық өсімдіктер алқабы, шабындықтар жатады (18-сурет).

2013 жылғы 1 қарашаға жер балансының мәліметтері бойынша еліміздің жер қоры 272,5 млн га құрады, оның ішінде ауылшаруашылық жерлердің үлесі 93,4 млн гектарға (35,8%) тең екен.

-2-

Топырақ ресурстары – адамзат қоғамының өмір сүру және ауылшаруашылықты дамытудың міндетті шарты. Ауылшаруашылық дақылдарын өсіру және мал басын арттыру топырақ сапасына және оны пайдалану жағдайына тікелей байланысты. Топырақ ресурстары маңызды экологиялық қызмет атқарады. Топырақ – ластағыштардан қорғайтын сүзгі, биологиялық алуантүрлілікті сақтау ортасы. Су айналымында маңызды рөл атқарады. Қазақстанның жер ресурстарының жағдайы табиғи жағдайлармен, оларды ауылшаруашылығында пайдалану сипатымен айқындалады.Бұл жағдайлар топырақтың тозуына, жерлердің шөлейттенуіне әкеп соқтырады.

-3-

Зерттеушілердің есебі бойынша, XXI ғасырдың басына қарай топырақ ресурстарының 2 млрд гектарға жуығы тозып, құнарсызданып, өз құрамы мен құрылымын өзгертті. Топырақтың тозуына эрозия секілді табиғи түрткіжайттармен қатар, адамның шаруашылық қызметі де басты себеп болады. Топыраққа антропогенді ықпал етудің негізгі түрлері: топырақты ұзақ уақыт пайдалану, тыңайтқыштарды ретсіз пайдалану және өнеркәсіп қалдықтарымен ластау. Осының барлығы эрозия, топырақтың тозуы, ластануы, жердің шөлейттенуі секілді экологиялық проблемаларға әкеп соқтырады. Топырақтың экологиялық проблемаларының салдары кешенді сипатқа ие болады.

Қазақстан жер аумағы бойынша дүниежүзіндегі ірі елдер ондығы құрамына кіреді. Ал жан басына шаққанда жермен қамтамасыз етілу деңгейі жағынан дүниежүзі бойынша Аустралия мен Канададан кейінгі үшінші орынды иеленеді. ​Еліміздің бір тұрғынының жермен қамтамасыз етілуі адам басына шаққанда 17,03 гектарды, оның ішінде шабындық жерлермен қамтамасыз етілу бойынша жан басына шаққанда 1,51 гектарды құрайды. Салыстырар болсақ, өзге елдердегі көрсеткіш сәйкесінше мынадай: жан басына шаққанда Ресей – 11,6 және 0,89, АҚШ – 3,8 және 0,75, Қытай – 0,8 және 0,08, Жапония – 0,31 және 0,03 гектар.

Берілген мәліметті пайдалана отырып, неліктен Қазақстан жан басына шаққанда жермен қамтамасыз етілу бойынша дүниежүзінде үшінші орында екенін түсіндіріңдер.

Топырақтың эрозияға ұшырауы және тұздануы

19-сурет. Топырақ эрозиясы. Егістіктегі жыралар
Егістіктегі су эрозиясы
Жел эрозиясы

-1-

Топырақ эрозиясы – бұл топырақтың ең құнарлы жоғарғы қабатының бүлініп, тозу үдерісі.

Топырақ табиғи және антропогендік эрозияға ұшырайды. Табиғи эрозия өте баяу жүреді, оның барысында топырақ құнарлылығы төмендемейді. Топырақтың табиғи эрозиясының екі түрі болады: желден және судан болатын эрозия. Жел эрозиясы далада құрғақ аудандарда, ал су эрозиясы еңіс жерлерде болады. Ұлттық ғылым академиясының Топырақтану институтының мәліметі бойынша, Қазақстанда жердің 70 млн гектардан астамы немесе республика аумағының 26%-ы эрозияға бейім. Оның 52 млн гектардан астамы жел эрозиясына және 17 млн гектардан астамы су эрозиясына ұшырауға бейім. Эрозия үдерісінде бұзылған жер эрозияға ұшыраған жер деп аталады.

-2-

Эрозия барысында бүлінген жерлер эрозияға ұшыраған жерлерге жатады. Топырақтың жел эрозиясы – бұл топырақтың ұсақ бөлшектерін желдің үрлеп, ұшырып әкетуі. Жер эрозиясының басым болуы Қазақстанның көптеген бөлігінің жазық бедерлі болуымен, қатты желдің жиі соғуы және топырақтың механикалық құрамының жеңіл болуына байланысты. Сондықтан мұндай жерлерді игеру жауапкершілікті және кешенді қорғаныс шараларын талап етеді.

Топырақтың су эрозиясы деп топырақтың беткі қабатын ағын судың шайып кетуін айтамыз. Жаңбырдан соң және қар ерігеннен кейін су топыраққа сіңіп үлгермейтіндіктен, жерден  органикалық және минералды заттарды шайып, оның құнарлылығын жоғалтады.

-3-

Ағын мен су әсерінен жыралар пайда болып, шабындық көлемін азайтады. Егіс жұмыстарын жүргізуге ыңғайсыздықтар туғызады. Эрозияның өрбуіне адамның шаруашылық қызметінің ықпалы көп. Өсімдіктерді құрту, малды ретсіз жаю, агротехника шараларын дұрыс пайдаланбау шаралары эрозиялық үдерісті күшейте түседі (19-сурет).

Соның салдарынан табиғи эрозия антропогендік эрозияға ұласады. Антропогендік эрозия салдарынан бір жыл ішінде табиғаттың құнарлы беткі қабатының 2–3 сантиметрі бұзылады. Ал жердің 1 мм қара топырақ қабатының түзілуіне 100 жылдан астам уақыт кетеді. Эрозия топырақ қабатының жағдайына кері әсер етеді. Өсімдіктердің биологиялық өнімділігі азаяды, астық азайып, сапасы төмендейді, құнарлы топырақ жойылады.

-4-

Тың жерлерді көп жылдар бойы жырту барысында топырақтың қарашірік құрамы 5–20%-ға азайып, 0–25 см құнарлы қабаты құрып кетті. Ал су мен жел эрозиясы салдарынан 4,3 млрд тонна қарашірік қорының 1,2 млрд тоннасы жойылды.

Топырақ ресурстарының тозуына жайылымдарда жаппай мал жаю ықпал етеді. Бүгінгі таңда жайылым жүктемесі Қазақстан аумағына байланысты 7–10 есе ұлғайды. Шөптердің сиреп, топырақтың тығыздала түсуі шабындықтардың біртіндеп қалпына келуіне немесе жойылуына әкеп соқтырады. Қазақстан Республикасының жер ресурстарын басқару агенттігінің мәліметіне сәйкес, 188,9 млн га жайылым жерлердің 26,6 млн га жері тозып кеткен және жыл сайын тозу үдерісі ұлғаюда (20-сурет).

21-сурет. Тозып кеткен топырақ ресурстары. Тозып кеткен жайылымдар

Неліктен елдің солтүстік астық ауданының 2,6 млн га жері қатты жел эрозиясына ұшырағанын түсіндіріңдер. Қазақстанның физикалық картасын, жел картасын (атлас) пайдаланыңдар.

a) Қазақстанның қай облыстарында эрозияға ұшыраған жерлердің үлесі жоғары? Себебін түсіндіріңдер;

ә) Өзің тұратын өлкедегі эрозияланған жердің үлесі.

20-сурет. Қазақстанның ауылшаруашылық жерлерінің эрозиялану мөлшері.
Облыстағы жалпы жерлерден эрозияға ұшыраған жердің үлесі (барлық эрозия үдерістеріндегі әсер ету жиынтығы бойынша)​.

Тозып кеткен топырақ ресурстары

23-сурет. Шөлейттену: Арал маңы

-1-

Жердің сортаңдануы. Жердің сортаңдануы суарудың салдарынан болады. Мөлшерден тыс суарған кезде, ылғал минералды топырақ суымен қосылады да, топырақтың беткі қабатында тұздың мөлшері артады. Суармалы жерлердің сортаң тартуы ағынсыз бассейндерде тақыр-ланған сор жерлердің көбеюіне және суармалы жерлердің екінші қайтара сортаңдануына әкеп соқтырады. Қазақстанда сортаң жерлер үлесі барлық суармалы шабындық алаңдардың 31,3%-ын құрайды. Топырақтың ластануы. Топырақтың беткі қабаттары техногенез өнімдері, пестицидтер,* минералды тыңайтқыштар, өндіріс қалдықтарымен және радиоактивті заттармен оңай ластанады. Қазақстан аумағында 10 млн га жер радиоактивті және химиялық заттармен ластанған (22-сурет).

-2-

 Топырақтың осы заттармен ластануы кешенді салдарға соқтырады. Жоғарыда аталған заттар, ең алдымен, топырақтағы организмдердің тіршілігіне кері зиянын тигізеді.

Бұл топырақтың ауру тудырғыш микроорганизмдерден өздігінен тазару қабілетін жояды. Ластанбаған топырақта сүзек қоздырғыштар екі-үш тәулік сақталатын болса, қатты ластанған топырақта бір жарым жылдай сақталуы мүмкін. Минералды тыңайтқыштарды шамадан тыс пайдалану «ластанған» өнім алуға итермелейді. Ластанған өсімдіктерді тағам өнімдері ретінде пайдалану адамның түрлі ауруға шалдығуына, ұйқының бұзылуына, әлсіздікке, иммунитеттің төмендеуіне себеп болады.

-3-

Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды пайдалану елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ететін топырақ суларының ластануына әкеледі. Шайылу салдарынан минералды тыңайтқыштар өзендерге түсіп, су «көк түске боялады» және су экожүйесі бұзылады.Топыраққа пестицидтер пайдалану салдарынан жәндіктердің пайдалы түрлері, құстар уланып, тіпті жойылады. Бұдан қоректік тізбек бұзылады. Пестицидтердің кейбір түрлері топырақта көп жылдар бойы сақталып, тірі организм тіршілігі үшін қауіпті болуы мүмкін.

Ал астық пен тағам өнімдері арқылы адам организмі генетикалық өзгерістерге ұшырайды және ісіктер пайда болады. Топырақтың жаппай ластануына жарты бөлігі улы болып келетін өндіріс қалдықтары себеп болады. Көп жерлер қоқысқа толып, топырақты ластайды.

-4-

Топырақ адам денсаулығына зиянды заттарды, мәселен, ауыр металдарды шоғырландыру қасиетіне ие екені белгілі.Радиоактивті ластану салдарының да қауіптілігі жоғары.

Ол топырақтың қатты ластануына және экожүйенің барлық компоненттерінің өзгеруіне себеп болады. Мұндай ластанулар Семей полигоны ауданында, ұзақ уақыт уран өндірілген Каспий теңізі жағалауында орналасқан Ақтау қаласы маңында байқалады.

Жиналып қалған қалдықтар да қоршаған ортаға қауіпті. Өйткені олар үнемі суы арнасынан асып, жағалаудағы аймақтарды басатын теңізге жерасты ағыны арқылы құйылуы мүмкін.

-5-

Жердің шөлейттенуі. Шөлейттену – топырақтың қайтарымсыз өзгеріп, биологиялық өнімділіктің төмендеп, биосфералық әлеуетті толық бұзып, аумақты шөлейт жерге айналдыру үдерісі. Шөлейттену, көбінесе табиғат түрткіжайттары және адам қызметі салдарынан туындаған қуаң аймақтарда болады. Қазақстандағы шөлейттенудің негізгі табиғи түрткіжайттары: континенттік құрғақ климат, сумен аз қамтылу және құмның кеңінен таралуына ықпал ететін су ресурстарының біркелкі таралмауы, қуаңшылық пен топырақ-өсімдік төсемінің жеткілікті қалыптаспауы.

Қазақстанның бұл табиғи ерекшеліктері табиғи ортаның антропогендік ықпалға қарсы тұруға әлсіз екенін көрсетеді, елдің 75%-ға жуық жері экологиялық жағынан тұрақсыз.

-6-

Қазақстанда шөлейттену үдерісінің пайда болуына және өрбуіне әкеп соқтыратын антропогендік түрткіжайттар бар. Олар жерді жырту, тыңайтқыштар пайдалану, антропогендік эрозия, ағаштарды кесу, жайылымдарды жаппай пайдалану секілді шаруашылық түрлерімен байланысты. Малды жаппай жаю онсыз да табиғи өсіп-өнуі төмендеп, сиреген өсімдіктердің жойылуына әкеледі, жел эрозиясына ықпал етеді.

Каспий, Арал, Балқаш маңындағы аумақтың жерлері шөлейттенген (24-сурет). Шөлейттену салдары өзара байланысты экологиялық, экономикалық, әлеуметтік салдарға соқтырады. Аумақтың ұлғаюы және шөлейттенуі топырақ құнарлылығының және жердің қалпына келу қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Соның салдарынан астық өндіру көлемі қысқарады.

21-сурет. Тозып кеткен топырақ ресурстары. Топырақтың сортаңдануы
22-сурет. Техногенез өнімдерімен ластану. Пестицидтер себу
22-сурет. Техногенез өнімдерімен ластану. Алқаптардағы қалдықтар мен шығарылған зиянды заттар
22-сурет. Техногенез өнімдерімен ластану. Пестициттерді шашу

a) Қазақстанның қандай аумақтары шөлейттенген?

ә) Өздерің тұратын өлкенің шөлейттену деңгейі қандай?

23-сурет. Қазақстан аумағының шөлейттену деңгейінің картасы
Пестицидтер себу

Жерді қорғаудың кешенді шаралары

Микробты ыдыратуды жандандыру

-1-

Қазақстанның топырақ жамылғысының айтарлықтай аумағы қорғауды және қалпына келтіруді қажет етеді. Бұл үшін топырақты сақтау жөнінде мелиорациялық шаралар кешенін өткізеді. Мелиорация – бұл жерлерді жақсартуға және топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған шаралар жиынтығы. Оларға экоқорғаныс шаралары жатады:

• топырақты су және жел эрозиясынан қорғау;

• топырақты тозудан қорғау;

• топырақты сортаңданудан қорғау;

• топырақты техногенез өнімдерімен ластанудан қорғау.

Эрозияға қарсы күресу үшін қорғаныс ағаш жолақтарын құрудың тиімділігі айтарлықтай. Бір жағынан, ағаштар қардың еруін тежеп, ылғал топыраққа сіңеді де, топырақты ылғалдандырады және су жер бетімен ақпайды. Екінші жағынан, ағаштар ық болып, желдің топырақ бетін ұшырып әкетуіне жол бермейді. Эрозияны болдырмаудың тағы бір шарасы су ағындары тік беткейдегі топырақ бетін шайып кетпеу үшін, жыра беткейлерін бекіту жұмыстарын жүргізу үшін тау, төбе беткейлеріне сатылы алаңдар жасау (террасалау) тәлімі де қолданылады.

-2-

Топырақты тозудан қорғау үшін жайылымдарға «демалыс» беру, яғни алқаптарды қорғайтын ауыспалы егіс жүргізу қажет. Бұл мынаны білдіреді, бір егістікте бір жыл бойы немесе бірнеше жыл қатарынан белгілі бір дақыл түрі егіледі. Содан кейін ол жерлерге басқа дақылдар егіледі не болмаса бірнеше жыл бойы өңделмей, бос қалдырылады. Бұл шара жердің өз табиғи құрамын қалпына келтіріп, тозудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар топырақты жеңіл өңдеу пайдаланылады. Мәселен, ауылшаруашылық мәшинелерінің салмағын жеңілдету, өңдеуді азайту.

Жерді сортаңданудан қорғау булануды болдырмайтын жабық каналдар желісін құру, 1,5–3 метрден кем емес тереңдікте тұзды топырақ суын жинақтау және ұстап тұруға арналған дренажды қондырғылар құру, дренажды субұрғышы бар вегетациялық жүйелі суару секілді шаралардан тұрады.

Жерді техногенді өнімдермен ластанудан қорғау екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші жолы – ластаушы заттардың топыраққа түсуін болдырмау. Ол үшін кәсіпорындарда тазартқыш қондырғылар орнатылады. Екінші жолы – ластанған топырақты тазарту.

-3-

Ол үшін топырақтың ластанған беткі қабатын алып тастау, топырақты шаю немесе ластаушы затты алып тастау керек. Ауыр металдар мен радиоактивті заттардан тазарту кезінде белгілі бір өсімдіктерді өсіру қолданылады. Пестицидтерден тазарту микробтық ыдырауды күшейтудің көмегімен іске асырылады. Яғни арнайы бактериялар енгізіліп, олар улы химикат деңгейі жоғары топырақта белсенді түрде көбейеді. Бактериялар топырақтағы пестицидтерді анықтап, жұтып алады. Өйткені олар – бактериялардың жалғыз ғана қорек көзі (25-сурет).

Жерлерді шөлейттенуден қорғау жөніндегі кешенді шаралар айтарлықтай күрделі және экономикалық тұрғыдан шығыны көп.

Біріншіден, шөлейттенуді тоқтату үшін жерлерді жыртуды доғару қажет, яғни ауылшаруашылық дақылдарын екпеу, жайылымдарда өз өнімділігін қалпына келтіру үшін мал жаюды тоқтату. Екіншіден, топырақ жамылғысын нығайту үшін ағаштар отырғызу, топырақты ылғалдандыру жұмыстарын жүргізу. Жоғарыда сипатталған барлық шаралар кешенді жүргізіледі, мысалы, жел эрозиясы кезінде қорғаныс үшін ағаштар отырғызылады және ауыспалы егін айналымы жүргізіледі.

Топырақ жамылғысын қорғайтын ағаш шаршылары
25-сурет. Топырақты қорғау бойынша мелиорациялық жұмыстар. Топырақ жамылғысын қорғайтын ағаш шаршылары
Алқапты қорғайтын ауыспалы егіс

Ойыңды тұжырымда

1. Топырақ ресурстары түсінігіне анықтама беріңдер. Олардың рөлін ашыңдар.

2. Топырақтың экологиялық проблемаларын атаңдар. Олардың негізгі ерекшеліктері қандай?

3. Топырақ эрозиясы дегеніміз не? Эрозияның қандай түрлері бар? Олардың салдары қандай?

1. Неліктен топырақ ресурстарын пайдалану кезінде топырақтың құнарлы 18 см қабатын құру үшін мыңдаған жылдар, ал осы қабатты құрту үшін бірнеше жыл жеткілікті екенін есте ұстаған жөн?

2. Топырақты эрозиядан құтқару жөнінде қандай шаралар қабылданады?

6. Өздерің тұратын өлкеде ауылшаруашылық қызметкерлері топырақ эрозиясына қарсы қандай күрес шараларын ұйымдастырады?

1. Топырақтың сортаңдануына анықтама беріңдер. Топырақтың сортаң тартуына не себеп?

2. Топырақ қандай техногенез өнімдерімен ластанған? Олардың салдары қандай?

3. Шөлейттену түсінігіне анықтама беріңдер. Шөлейттенуге қандай түрткіжайттар ықпал етеді? Шөлейттенудің салдары қандай? Шөлейттенуге қарсы қандай топырақты қорғау шараларын қабылдау қажет?

1. Өзің тұратын өлкеде қандай экологиялық проблемалар бар?

2.Өлкеңдегі топырақ құнарлылығын арттырудың ықтимал жолдарын анықта. 

1. Техногенез өнімдерімен ластануға қарсы қандай топырақ қорғау шаралары қолданылады?

Топырақ ресурстарының тозуынан келетін шығын

Экологиялық

Экономикалық

Әлеуметтік

Өтінемін күте тұрыңыз