Литосфералық тақталар қалай қозғалады?

Жаңамен танысу:
Сен жер қыртысы қозғалысының ерекшеліктері туралы мәлімет аласың; "Литосфера тақталары қалай және неліктен өзара әрекеттеседі? Литосфералық тақталардың өзара әрекеттесуі барысында жер бедерінің қандай формалары пайда болады?" деген сұрақтарға жауап аласың.

Литосфералық тақталар қозғалысының үш бағыты

§ 13 материалдарынан магманың астеносферада үздіксіз қозғалыста болып, литосфералық тақталардың дрейфін тудыратынын білесің. Ғалымдар литосфералық тақталар қозғалысының үш бағытын анықтады:

Литосфералық тақталар қозғалысының үш бағыты

Дивергенция – бұл литосфералық тақталардың алшақтау үдерісі, мұнда плиталар бір-бірінен қарсы жаққа қозғалады

Конвергенция – бұл литосфералық тақталардың соқтығысу үдерісі, мұнда тақталар бір-біріне қарай қозғалады

Ығыспалы орын ауыстыру – тақталар бір-біріне қатысты сырғиды және параллель түрде қозғала алады

Сызбамен жұмыс

«Жартышарлардың физикалық картасы» және «Жер қыртысының құрылымы» карталарын пайдалана отырып, Шығыс-Тынық мұхит қыратын табыңдар, Ортамұхиттық жотаның пайда болу сызбасын құрастырыңдар. Сызбаны түсіндіріңдер.

Литосфералық тақталардың дивергенциясы немесе алшақтауы

55-сурет.Литосфера тақталарының алшақтауы

Ерітілген магма жоғарыға көтеріле отырып, литосфера жиектерін ығыстырады және жер қыртысының созылу аймағын қалыптастырады. Осы аймақта жоғарыға өрлейтін магма ағындары қозғалатын үзілулер мен жарықтар пайда болады. Кейіннен дивергенция рифтинг және спрединг арқылы көрініс табады. Рифтинг – бұл тереңдіктегі жарықтардың қалыптасу үдерісі, ал тереңдіктегі жарықтардың жиынтығын рифт деп атайды.
​Жер қыртысы жұқалау болатын мұхиттар түбінде ең көп жарық қалыптасады (55-сурет). Осы жарықтардың бойымен магма жоғарыға қарай көтеріледі және мол мөлшерде базальт лавасы төгіліп, мұхиттық жер қыртысының жаңа аумақтарын түзеді. Осылайша спрединг деп аталатын жаңа мұхиттық жер қыртысының ұлғаю үдерісі жүреді. Төгілген лава орнында алып қыраттар түріндегі жер қыртысының жаңа аумақтары пайда болады. Оларды ортамұхиттық жоталар деп атайды. Шығыс-Тынық мұхит қыраты, Солтүстік Атлантикалық және Оңтүстік Атлантикалық жоталар айқын мысалдарға жатады. Жоталардың ұзындығы 80 мың шақырымды құрайды.Мұндай жарықтар материктерде де қалыптасады, оларды рифт жары қтары деп атайды. Ірі материктік аймақтар Африкада орналасқан, бұл – Ұлы Шығыс Африка жарығы (жарықтың ұзындығы – 6000 км, ені – 80–120 км), (56-сурет). Ал Еуразияда ол Байкал көлінің түбінен өтеді. Әдетте бұл жарықтар суға толы. Осылайша дивергенция нәтижесінде мұхит түбінде Ортамұхиттық жоталар, ал материктерде рифт жарықтары пайда болады.

56-сурет. Шығыс Африка жарығы

Картамен жұмыс

«Жер қыртысының құрылымы» картасын пайдалан. Шығыс Африка жарығының дивергенциясын анықта.

Тақталардың конвергенциясы немесе соқтығысуы

57-сурет. Материктік литосфералық тақталардың коллизиясы немесе соқтығысуы
58-сурет. Субдукция – материктік және мұхиттық литосфералық тақталардың соқтығысуы

-1-

Жер астеносферасындағы конвекционды ағындардың артуы литосфералық тақталардың соқтығысуына әкеледі. Бұл орындарды екі үдеріспен қатар жүретін жер қыртысының қысылу аймағы деп атайды:
​1. Бір литосфералық тақтаның екінші бір тақта астына келуін субдукция деп атайды.
​2. Бір литосфералық тақтаның екінші тақтаға жақындауын обдукция деп атайды.

Литосфералық тақталардың шегарасында мұхиттық жер қыртысымен қатар материктік жер қыртысы да орналасуы мүмкін, сондықтан конвергенция: – екі материктік жер қыртысы арасында; – екі мұхиттық жер қыртысы арасында; – материктік және мұхиттық жер қыртысы арасында орын алуы мүмкін.

-2*-

Екі материктік литосфералық тақталар арасындағы соқтығысуды қарастырайық (57-сурет).

Ғылымда екі материктік қыртыстың соқтығысуын коллизия деп атайды. Екі материктік қыртыс қалыңдығы жағынан күшті болып келеді, сондықтан олар бір-бірін үлкен күшпен қысады. Бұл осы тақталар жиектеріндегі тау жыныстарының қатпарларға мүжілуіне, вулканизмге, таулы аймақтардың түзілуіне және жер сілкіністеріне әкеліп соқтырады. Мысалы: Еуразия және Үнді-Аустралия тақталарының шегарасында Гималай таулары пайда болды. Мұхиттық жер қыртысы басқа бір мұхиттық қыртыспен соқтығысқан кезде, тақталардың бірі екіншісінің астына жылжиды және мантия тарапынан жұтылады (58-сурет).

-3-

Бұл ретте үстіңгі тақтада арал доғасы қалыптасады. Арал доғасы – жанартау аралдарының тізбегі. Алеут, Курил, Мариана аралдарын арал доғаларының мысалы ретінде атауға болады.

Мұхиттық жер қыртысы материктік қыртыспен соқтығысқан кезде, жіңішке мұхиттық литосфера тақтасы материктік тақта астына батады (59-сурет). Бұл ретте терең су науалары, мысалы: Перу науасы, тау жоталары – Анд пайда болды.

​Литосфералық тақталардың соқтығысуы кезінде, кейбір жағдайда мұхиттық қыртыстың құрлықтық қыртысқа келуі, яғни обдукция орын алады.

-4-

Бұл құбылыс айтарлықтай сирек болады және жер тарихында ара-тұра кездеседі. Обдукция мұхиттық қыртысты мантияның қалыпты жұтуы бұзылған кезде болады. Кейбір зерттеушілер бұл үдеріс біздің заманымызда Оңтүстік Американың оңтүстік-батыс жағалауында орын алады деп санайды.

Обдукция бейнеленген жағдайда 52- суретте не өзгеруі тиіс?

Ығысып жылжу немесе параллель қозғалыс

59-сурет. Литосфералық тақталардың параллельді қозғалысы

-1-

Қозғалыстың бұл түрінде литосфералық тақталардың бір-біріне өзара қысым жасауы орын алмайды. Тақталар параллель, алайда әркелкі жылдамдықпен қозғалады, сондықтан өзгертуші жарықтар пайда болады. Тақталардың ығысып жылжуы кезінде жер бедерінің жаңа формасы қалыптаспайды, бірақ жер бедерінің ағымдағы формаларында пішіндік өзгерістер орын алады. Жер бетінде өзгертуші жарықтар аз (Сан-Габриель және Сан-Хасинто), алайда Солтүстік Америка тақтасын Тынық мұхит тақтасынан бөліп тұратын Сан-Андреас жарығы осыған мысал бола алады. Жарықтың ұзындығы – 1300 км. Бұл тақталар бір-біріне қатысты жылына 0,6 сантиметрге жылжиды. Осы жарық бойында жер сілкіністері үздіксіз болып тұрады.

-2-

Қорытындылай отырып, конвекция арқасында литосфералық тақталардың үздіксіз қозғалыста болатынын айтуға болады. Литосфералық тақталардың өзара әрекеттесуі нәтижесінде жер бедерінің жаңа формалары қалыптасады және жер бедерінің ағымдағы формаларының сырт келбеті өзгеруі мүмкін. Литосфералық тақталардың шегарасында орын алатын үдерістер әрқашан да тау түзілу, вулканизм, жер сілкіністері үдерістерімен қатар жүреді.

Сан-Андреас жарығы (Wikipedia)

Өз ойыңмен бөліс!

Сан-Андреас жарығы бөлген (бір кездері біртұтас болған) жер аумағының бөліктері бір ғасырда қандай қашықтыққа алшақтауы мүмкін?

Ойыңды тұжырымда


​Жеке жұмыс

Ауызша жауап бер.

1. Литосфералық тақталардың қозғалысы неліктен болады?

2. Литосфералық тақталардың қозғалыс бағыттарының қандай түрлері бар? Олардың айырмашылықтары неде?

3. Рифтинг пен спрединг арасында қандай айырмашылық бар?


​Жеке жұмыс

Ауызша жауап бер.

4. Африка мен Еуразиядағы дивергенция үдерісі қандай өзгерістерге әкеледі деп ойлайсыңдар?

5. Қандай литосфералық тақталар арасында конвергенция орын алуы мүмкін?

6. Литосфералық тақталардың параллель қозғалысының ерекшелігі неде?


​Жеке жұмыс

7. Параграф мәтінін оқып, «Литосфера қозғалыстары» терминологиялық сөздігін құрастырыңдар.

8. Осы тақырыптың номенклатурасы бойынша жұмыс жасаңдар.

Мұхиттар бойынша Ортамұхиттық жоталардың номенклатурасын құрастырыңдар. Кестені түсіндіріңдер.

Ортамұхиттық жоталар

Тынық мұхит

Атлант мұхиты

Үнді мұхиты

Солтүстік Мұзды мұхит

Өтінемін күте тұрыңыз