Географиялық картадан нысандарды қалай табу және көрсету керек?

Жаңамен танысу: 
Сен картадан географиялық номенклатура нысандарын көрсетуді үйренесің. 

Географиялық номенклатура

-1-

Географиядағы «қайда?» деген негізгі сұрақтың жауабы – бұл зерттелетін нысанның орналасқан жерін картадан көрсету. Әрбір тақырыпқа қатысты нысандар тізімі үнемі беріліп отырады. Олардың бәрін картадан көрсете алу керек. Біз құрлықтарды оқыған кезде алты материкті шатастырмай картадан көрсете алуымыз керек. Егер Қазақстанның өзендері туралы оқитын болсақ, олардың қайдан ағып өтетінін біліп, картадан көрсете білуіміз қажет. Осындай нысандар тізімін географиялық номенклатура деп атайды.

Картада картографиялық нысанның өзіне тиісті атауын және орналасуын меңгеріп, есте сақтау жұмысы географиялық номенклатураны зерделеу деп аталады. Ол, әдетте, тиісті картографиялық нысанды картадан тауып көрсету және атауынан басталады.

-2-

​Ол үшін: 1) атаулардың дұрыс айтылуын; 2) оларды картадан дұрыс табуды; 3) нысандарды дұрыс көрсетуді білген абзал. Бұл үш міндет бірге шешіледі.
​Атауды меңгеру үшін алуан түрлі тәсілдерді қолдануға болады. Мысалы, атауды дұрыс екпін қоя отырып анық айту, есте жақсы сақтау үшін жазбаша беру.

Географиялық номенклатура

Сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орында.

1. Нысандардың атаулары дұрыс жазылған сөздік қалай аталады?
​2. Осы сөздікті пайдаланып, Флорида түбегі, Балатон көлі, Вашингтон қаласының жазылуын есте сақта және оларды дауыстап айт.
​3. Қазақстанның барлық облыс орталықтарының атауларын диктант түрінде жазыңдар. Сонан кейін олардың дұрыс жазылғанын сөздік және картамен сәйкестендіріп тексеріңдер.

37-сурет. Арабия және Аппенин түбегі (солдан оңға қарай)

37-суретті қарастырыңдар. Арабия және Аппенин түбектерінің пішіні қандай заттардың түріне ұқсас? 2. Әртүрлі дереккөздерден Аппенин түбегінің пішінін әзілге айналдырып тағы қалай атайтынын анықтаңдар. 3. Келесі нысандардың атауын бәріне әйгілі заттардың пішіні түрінде атаңдар: Скандинав түбегі, Каспий теңізі, Балқаш көлі, Оңтүстік Америка құрлығы.

Географиялық карта

Географтар картадағы географиялық нысандардың орналасуын есте сақтаудың қызықты тәсілдерін үнемі іздеген. 18-ғасырда географиялық карта жасаушы, лондондық Джон Спилсбери – «Кесілген географиялық карта» атты жаңа оқу құралын ойлап тапты. Ол географиялық карталардың ақ пен қара түсті нақыштарын ағаш панельге жапсырып, әртүрлі пішінді ұсақ қиындылар түрінде қиды. Әр қиынды шағын географиялық мәліметті қамтыды. Оқушы элементтерді тиісті жерге жинақтай отырып географияны үйренді. Бұл жаңалық үлкен табысқа ие болды. Джон Спилсбери өз өнертабысын пазл деп атады (38-сурет).

Нысанның атауын оның және қандай да бір ерекшелігімен қатар картадағы орнын да есте сақтап, оны тез таба алу керек. Бұл үшін зерттелетін нысанның айналасындағы бейнелердің арасында қалай орналасқанына назар аударып, олардың арақатынасын есте сақтап жаттыққан жөн. Картадан нысанды табу үшін, оқушы біртіндеп мақсатқа жететін әйгілі бағдарлау жүйесін пайдаланады. Мәселен, Жерорта теңізін картадан Еуропа мен Африка арасынан іздеу қажет (39-сурет).

Канада мемлекеті Солтүстік Америка құрлығының сол түстігінде орналасқан (40-сурет). Сендердің өз бағдарлау жүйелерің болуы мүмкін. Бағдарлау жүйесін пайдалануды үйрену үшін, картадан нысанды көрсету кезінде оның орналасуын сипаттау керек.

38-сурет. Географиялық пазл
39-сурет. Қартадағы Жерорта теңізі

Географиялық номенклатура

1.Батыс жартышар картасының бір құрлығының суретін пазл түрінде қиып, жылдам қайта құрастырыңдар.

2. Ойын географиялық нысандарды есте сақтауға көмектеседі ме?

3. Америка Құрама Штаттары мемлекеті, Есіл өзені, Мадагаскар аралы, Астана қаласының орналасқан жерін анықтау үшін бағдарларды көрсетіңдер.

40-сурет. Дүниежүзілік картадағы Канада

Географиялық нысандарды қалай дұрыс табу керек?

Картадан нысандарды табу және оларды көрсету үшін, көбінесе атлас пайдаланылады. Әрбір атласта «Географиялық атаулар көрсеткіші» болады. «Көрсеткіште» жалпы географиялық, физикалық және саяси атлас карталарында кездесетін барлық географиялық атаулар әліпбилік ретпен орналасады. «Көрсеткіште» елді мекендер мен мемлекеттердің атауларымен қатар нысанның түсіндірмесі, толық немесе қысқартылған деректер болады, мәселен, ө. – өзен, шығ. – шығанақ, а. – аралдар, т. – таулар және т.б. Көрсеткіштегі әрбір географиялық атауға карта бетінің нөмірі, іздеген нысан немесе оның үлкен бөлігі (мысалы: Кабул 111 Б-2) орналасқан меридиандар мен параллельдерден құрылған торды анықтайтын әріп және цифр беріледі. Әріптер мен цифрлар карта жиектерінде қызылмен беріледі. Атласта тиісті нысанды, мәселен, Кабул қаласын табу үшін, оның атауын Көрсеткіштен, содан кейін атластан 111-беттегі картаны тауып, картадан Б-2 торын және осы тордан Кабул қаласының белгіленуін табу керек (41-сурет).

41-сурет. Кабул қаласының атлас картада орналасуы

Картадан нысандарды қалай дұрыс көрсету керек?

Географиялық нысандарды қабырға картасынан көрсету кезінде бірқатар ережелер сақталуы тиіс. Суретті көрсеткішпен қолмен жаппай, көлегейлемей көрсету керек. (42-сурет). Егер картаның сол жағында тұрсаңдар, сол қолмен, оң жағында болса – оң қолмен көрсетіңдер. Көрсеткішті жазудың үстіне емес, шартты белгіге қою керек. Ауданы бар нысандарды (өзен, жазықтық, теңіз, аралдар және т.б.) көрсеткішпен контурын жүргізе отырып көрсетеді. Шығанақ пен түбекті жағалау сызығы бойынша, өзенді басталатын жерінен бастап ағыс бағытымен сағасына дейін көрсетеді. Алдымен бастапқы өзенді, содан кейін өзеннің жоғарғы жағынан бастап оң және сол жақ салаларын көрсетеді. Тау жоталарын оның сілемі бойымен көрсету керек. Картада ұсақ нысандар (тау шыңы, жанартау, асу, мүйістер) нүктемен көрсетіледі.Бірақ басты ережені ұмытпаған абзал. Картаны түсініктеме, жауап, әңгімелеріңді айтылған нысандарды көрсете отырып толықтыру үшін пайдаланады.

42-сурет. Картаның жанында дұрыс тұру

Картамен жұмыс

Америка Құрама Штаттары мемлекетін, Есіл өзенін, Мадагаскар аралдарын, Астана қаласын ережелеріне сәйкес көрсетіңдер.

Зерттелетін нысанның географиялық орны туралы өз білімдеріңді қалай тексеруге болады?

Тақырыпта айтылған географиялық нысандар тізімін құру қажет. Оларды картадан табу керек. Олардың орналасқан жерін есте сақтауға тырысқан жөн. Сыныптастарың нысанды атап, сендер оларды картадан көрсетсеңдер болады. Тағы бір тәсіл – бір оқушы нысанды көрсетеді, сендер оны атайсыңдар. Сонымен бірге географиялық номенклатураны үйренуге қатысты өз тәсілдеріңді ойдан құрастыра аласыңдар.

Географиялық номенклатура

Бұл параграфта аты аталған барлық географиялық нысандар тізімін құрастырыңдар. Сипатталған екі тәсілдің көмегімен географиялық нысандарды есте сақтауға жаттығыңдар.

 Ойыңды тұжырымда

1. Географиялық номенклатурамен жұмыс жүргізу не үшін қажет?

2. Географиялық нысандарды қалай іздеу керек? Дүниежүзілік картадағы олардың орналасуын қалай есте сақтауға болады?

3. Нысандардың орналасуын есте сақтау бойынша бұл параграфта сипатталғандардан басқа, ең аз дегенде бес тәсіл ұсыныңдар.

​4. Картадан географиялық номенклатура нысандарын көрсетуді қалай ұйымдастырған жөн?

​5. Неліктен географиялық атауларды дұрыс айту маңызды?

6. Географиялық номенклатурамен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру үшін қандай құралдар қажет?

​7. Географиялық нысандардың орналасуын табуға ғаламтор қалай көмектеседі? Сендер қандай картографиялық қызметті пайдаланасыңдар? Географиялық нысандарды осы қызметтердің көмегімен табу тәсілін көрсетіңдер.

Өтінемін күте тұрыңыз