Кіріспе

Құрметті оқушылар!

Биылғы жылы сендер география пәнін оқуға кірісесіңдер. Ол адамның өмір сүретін ортасы туралы білім береді, адамдардың әртүрлі табиғат жағдайында күнделікті өмірде қалай тіршілік етіп, шаруашылық жүргізетінімен таныстырады. Географиялық білім бізге қызықтыратын нысандардың қайда орналасқанын анықтау үшін де қажет. Біз кәсіби географ-мамандар құрастырған картографиялық материалдарды пайдаланамыз. География табиғи және қоғамдық-аумақтық кешендер мен олардың компоненттерін зерттейді. Мысалы: белгілі бір аумақтың климаты мен ауа райы. Ал олар туралы мәлімет ауа райына қарай тиісті киім-кешекті таңдау үшін, табиғи жағдайына қарай жұмысты қалай ұйымдастыру керектігін анықтау үшін маңызды. Ауа райы авиакомпания, әуежай, фермер және т.б. жұмыстарына әсерін тигізеді. Әлемде ғажайып жерлер мен қызықты құбылыстар көп. Күн сайын қызықты оқиғалар болып жатады. Осы жерлерді, оқиғаларды, үдерістерді көрсету – телеарналар, газет-журналдар, қызықты кітап авторлары үшін бизнес. Туристік фирма қызметкерлерінің географиялық білімі жоғары дәрежеде болғаны жөн. Олар адамдарға саяхаттауға баратын жерлер туралы мәліметтер береді, визаларды ресімдейді, билеттерге алдын ала тапсырыс береді және экскурсиялар өткізеді. Географиялық білім белгілі бір жердегі, тіпті бүкіл ғаламшар ауқымындағы қиын мәселелерді шешу үшін қажет. Оқулықтан «Батпақты жерде қалай қала салу керек?», «Таулы жерге қалай жол түсіруге болады?», «Тартылып қалған көлдерді қалай қалпына келтіреді?» деген сияқты сұрақтарға жауап табасыңдар. Келешекте көмір мен мұнай, темір мен мыс таусылуы мүмкін. Географ-ғалымдар осы мәселені шешу жолын жан-жақты зерттеп жатыр. Мысалы, бір елде аштық жайлап жатса, ал енді бір елде толассыз қарулы қақтығыстар болып жатады. Олар осы аймақтардың да табиғи ортасын қорғап және табиғат қорын тиімді пайдалану туралы мәселелерді халықаралық деңгейде шешу керектігін айтады. Оны жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс істейді. Географиялық білімнің маңызды екенін түсіну үшін келтірілген дәйектер жеткілікті. Сендер тіпті басқа салада жұмыс істеуді жоспарласаңдар да, қызметтерің мен өмірлеріңнің белгілі бөлігі географиялық кеңістікпен және оның ерекшеліктерін білу қажеттілігімен байланысты болады. «География» пәнінің басты міндеті – сендерге табиғи және өндірістік-аумақтық кешендер туралы білім алуға көмектесу. Географиялық білім әлеміне апарар жол қиын, әрі қызықты болмақ. «Қайда? Қалай? Неліктен?» деген басты географиялық сұрақтарға бірге жауап іздейік.

Өтінемін күте тұрыңыз