2.2 Антивирустық қауіпсіздік

Компьютерді зиянды программалардан қалай қорғаймыз?

Жаңа білім

   Ойлан

  • Компьютердің жұмыс істеу қабілетін не төмендетуі мүмкін?
  • Компьютердің адам сияқты ауыруы мүмкін бе?

Компьютерлік вирус – арнайы жазылған шағын көлемді, кішігірім программа.

   Вирустық программа өздігінен басқа программалардың алдына немесе соңына жазылып, оларды «бүлдіреді». Құрамында вирус табылған программаны «ауру жұққан» немесе «бүлінген» программа дейді. Вирустың басқа программаларға зиян келтіргені бірден байқалмайды. Вирус өзінің «бүлдіру» әрекеттерін орындаған соң, жұмысты басқарудың негізгі программасына өтеді. Вирус жұққан программа әдеттегідей жұмысын жалғастыра береді. Бастапқы кезде компьютердің жұмысына қарап «вирус жұққанын» байқау өте қиын. Алайда біршама уақыттан кейін компьютер жұмысында ауытқулар пайда болады (1-схема).

1-схема. Вирус жұққан компьютердегі ауытқулар

   Қазіргі кездегі вирустарды негізгі екі топқа бөліп қарауға болады:
   ​– резиденттік (компьютер жадында тұрақты сақталатын) вирустар;
   ​– резиденттік емес (компьютер жадында тұрақты сақталмайтын) вирустар.
   ​Вирус жұққан программа іске қосылғанда резиденттік вирустар да іске қосылады. Алғашқыда әсері сезілмейді, алайда біраз уақыт өткеннен кейін өз жұмысын іске асыруға кіріседі. Бұл вирустарды аз уақыт ішінде анықтау қиын. Ал резиденттік емес вирус жедел жадқа тұрақты күйде жазылмайды, бірақ вирустың әсері тиген программа іске қосылғанда белсенділігі арта түседі. Вирустар файлдардың ішіне жасырынады. Файл жұмысы басталғанда ол да өз әрекетіне кіріседі.

Компьютерлік вирустардың жіктелуі

   Қазіргі кезде сан мыңдаған компьютерлік вирус бар. Оларды әдетте мақсатына, жұмыс логикасына, көлеміне және жұмыс істеу аумағына қарай жіктейді. Жұмыс логикасы мен мақсатына қарай оларды төмендегідей жіктеуге болады.

Вирустардың жіктелуі

«Вирус-қақпан» программалық құралдардағы қателіктер мен дәлсіздіктерді пайдаланады. Көлемді программаларды түзету кезінде белсенділік көрсетіп, программаға жабысатын, түрлі зиянды әрекеттерді орындайтын вирустар.

«Логикалық бомбалар» (баяу әсер ететін «бомбалар») қарапайым программаларға кіріп, жасырынып жатады. Тек белгілі бір шарттар (көрсетілген күн, ай мерзімінде немесе уақытта, программа орындалуының белгілі кезеңінде) орындалғанда ғана әсер ете бастайды. Шарт орындалғанға дейін барынша көп программаны «бүлдіруге» тырысады.

«Құрттар» – жүйелік программалаушылардың ақпараттық есептеу желілерінің бос тұрған ресурстарын анықтау программасына кіріп, бос құрылғыларды тектен-тек жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Мысалы, оларды шексіз циклге енгізіп, бекерден-бекер жұмыс істетіп қояды немесе қажетсіз мәліметтерді баспаға шығартады.

«Троян аттары» қарапайым қолданбалы программаларға еніп, рұқсат етілмеген әрекеттерді орындатады. Мысалы, жасырын ақпаратты жария етеді, жедел жадтағы ақпратты «басқа жаққа» жібереді. Жасалу құрылымы мен көбею жолы оңай болғандықтан, көбіне компьютер желілерін толық жайлап алады. Вирустың «Троян аттары» деп аталуы ежелгі грек аңызымен тікелей байланысты. Грек әскерлері Трояға сыйға тартылған үлкен ағаш аттың көмегімен қалаға жасырын кіріп, оны басып алған деседі.

   Компьютерді вирустан қорғаудың негізгі тәсілдері

Компьютерлік вирустар компьютерге флеш-жад, дискілер немесе желі арқылы кіреді.                              Егер компьютер жергілікті желіге қосылса, онда вирус жылдам таралады. 
   ​Компьютерді вирустан қорғау үшін:
​   – ақпаратты қорғаудың жалпы шараларын орындау керек;
​   – дискіні зақымданудан сақтау керек.
   ​– дұрыс жұмыс істемейтін программаларды қолданбай,  жұмыс істеп отырған кезде техникалық қателіктерді жібермеуге тырыс;
   ​– ақпаратты көшіргенде вирусқа қарсы программамен тексер;
​   – вирустан сақтайтын арнайы программаларды пайдалан.
   ​Компьютерлік вирустармен күресетін вирусқа қарсы антивирустық программалар бар. Сол программалардың негізгі түрлерімен танысып шығайық.

   Вирустан сақтану үшін қолданылатын программа түрлері

Детектор программалар бұрыннан белгілі вирус түрлерінен қорғай алады, алайда жаңа вирустарға қарсы дәрменсіз.

Доктор программалар немесе «фагтар» вирус жұққан программалар мен дискілерді «вирустарын» өшіру арқылы емдеп, оларды бастапқы қалпына келтіреді.

Ревизор программаларда алдымен программа-лар мен дискінің жүйелік аймағы туралы мәліметтерді есіне сақтап, содан соң оны кейінгісімен салыстырады. Сәйкессіздікті анықтаса, сол мезетте пайдаланушыға хабарлайды.

Сүзгі программалар компьютердің жедел жадында тұрақты (резидентті) орналасады. Вирустардың зиянды әрекетін тоқтатып, компьютер пайдаланушысына дер кезінде хабарлап отырады. Хабарламадан кейін вирусты жою немесе оны тазалау жайлы шешім қабылдау керек.

   Мысал ретінде, ТМД елдерінде кең тараған Касперский зертханасының антивирустық программасы терезесі-мен танысайық. Барлық антиви-рустық программа терезелерінің құрылымы ұқсас келеді (2-сурет).

2-сурет. Касперский антивирустық программасының терезесі

   Қосымша ақпарат

   Компьютерлік вирустар алғаш рет 1987 жылы таратылды. «Brain» атымен белгілі болған вирусты пәкістандық компьютер сатушы Амаджат пен Базит есімді ағайындылар жасаған. Олар өздерінің жасаған компьютер программаларын ұрлаған жергілікті «қарақшыларды» жазалау үшін вирустық программа ойлап тапқан. Бұл вирустық программа қысқа мерзімде бүкіл әлемге тараған.

   Практикалық тапсырмалар

   Талдау

   Компьютер сыныбында орнатылған компьютерлердегі антивирустық программаның жұмысымен танысыңдар. Антивирустық программа терезесінің негізгі элементтерінің қызметін анықтаңдар.

   Жинақтау

   «Биологиялық вирустар мен ком-пьютерлік вирустардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары» тақырыбы-на кіші жоба жұмысын орындаңдар.

Бағалау

Болашақта компьютерлік вирустардың даму қаупі мен келтіретін зияны туралы болжам жаса

Сұрақтар

1. Компьютердің вируспен зақымдалғанының негізгі белгілері қандай?
​2. Компьютер программасына вирус кіріп, жұмыс істеу қабілетін бұзғанда оның жұмысын қайта қалпына келтіруге бола ма?
​3. Компьютерде вирус қайдан пайда болады?
​4. Компьютерлік вирустарды әсер ету дәрежесіне байланысты қалай жіктеуге болады?
​5. Компьютерлік вирустан қалай қорғануға болады?

   Үй тапсырмасы

  • Өзің пайдаланатын компьютерге немесе ұялы телефонға қандай антивирустық программа орнатылған?
  • Антивирустық программалардың басқа программалардан қандай ерекшеліктері бар?
  • Интернеттен компьютерлік вирус пен телефондағы вирустардың ұқсастықтары мен айырмашылығы туралы ақпарат жина. Тапсырмалар негізінде жасалған тұжырымдарды дәптерге жаз.

Интерактивті тапсырмалар

  вирус – арнайы  шағын көлемді  программа.

  • Антивирус орнату
  • Вирус табылған жағдайда файлдарды вирустан тазарту
  • Компьютерді сканерлеу

Резиденттік (компьютер жадында тұрақты сақталмайтын) вирустар.

Резиденттік емес (компьютер жадында тұрақты сақталатын) вирустар.

Өтінемін күте тұрыңыз