1.4 Файлдардың мөлшері

Әртүрлі форматтағы (форматтағы) архивтерді құру мен қайта қалпына келтіру үшін қандай программалар қолданылады?

   Ақпаратты сығу

   Ойлан

  • Қатқыл диск немесе флэш тасымалдаушыда бос орындарды қалай көбейтуге болады?
  • Компьютерде сақталған файлдардың немесе тасымалданатын файлдардың көлемін кішірейтуге бола ма?

   Жаңа білім

   ХХ ғасырдың 80 жылдарының ортасында алғаш рет файлдар көлемін кішірейтетін программалар пайда болды. Қазіргі кезде ақпараттарды «бүлдірмей» сығуға мүмкіндік беретін арнайы программалар көп. Мұндай программаларды архивтеу программалары деп атайды.
   ​Ақпаратты сығу – жадтағы файлдың көлемін кішірейту процесімен байланысты. Архиваторлар файлдарды сығу процесінде олардың көлемін бірнеше есе кішірейтіп, компьютер жадын үнемдеуге мүмкіндік береді. Файлда ақпаратты сығу процесін «деректерді архивтеу» деп атайды. Архивтелген файл – арнайы әдіспен сығылған файл. Оның ішінде бір немесе бірнеше файлдар, сығылған қапшықтар тобы да орналасуы мүмкін.
   ​Мысалы: WinRar, 7Zip немесе WinZip.
   ​Архивтеуші программаны іске қосу үшін:
   1-әдіс: Пуск =>Все программы =>Архиваторы =>WinRAR.​
   ​2-әдіс:
Жұмыс үстелінде архивтеу программаларын ашуға болады (6-сурет).
   ​Архивтен шығару – сығылған файлды бастапқы қалпына келтіру процесі. Архивтелген үлкен файлдар көлемі бойынша бірнеше том болып орналасуы мүмкін. Мұндай архивтерді көптомдық архивтер деп атайды.
   ​Том – көптомды архивтің құраушы бөлігі. Архивтеу процесінің қалай жүретініне тоқталайық.
   ​Мәтінде ең көп кездесетін сөздер ұзындығы одан аз пәрмендермен (командамен) ауыстырылады. Архивтелуі керек файлдағы ақпарат бірнеше бөліктерге ажыратылады. Әрбір сөздің мәтінде кездесу жиілігі анықталады. Сол сөздер ұзындығы қысқа символ немесе командалармен ауыстырылады. Мұндай әрекет арқылы файлдың көлемі кішірейеді. Осыған байланысты қарапайым мысал келтірейік, мәтінде «кітап» сөзі 20 рет кездесті делік. Архивтеу барысында «кітап-20» деп жазылады. 20 рет жазылған «кітап» сөзі 100 байт. Ал «кітап-20» деп жазу тырнақшаны есептемегенде 8 байт. Қанша орын үнемделді деп ойлайсың? Процесті кері қайтарып, архивтелген файлды қайта қалпына келтіруге болады. Архивтеуші программалар терезесінде 7-суретте көрсетілгендей батырмалар бар.

   6 -сурет. Архивтеу программалары

   7-сурет. Архивтеуші программа

   Файлдарды архивтеу

   Файлдарды архивтеуді үйрену үшін архивтеу программаларының бірін таңдаймыз. Ол үшін ең көп пайдаланылатын архивтеу программасы WinRAR-дың жұмысымен танысайық.

Пуск

Все программы

WinRAR

   1-әдісі

   1. Архиватор мәзірінің Команды бөліміндегі Добавить файл в архив батырмасын немесе жұмыс тақтасында Добавить белгісін басамыз (8-сурет).
   ​2. Обзор батырмасын басу арқылы архивтелуі қажет файлды таңдап, тінтуір көмегімен Ок батырмасын шертеміз (9-сурет).

8-сурет. WinRAR терезесі

   2-әдісі

   1. Архивтелуі тиіс қапшық немесе файлды тінтуірдің оң жақ батырмасымен шертеміз.
   ​2. Пайда болған Контекстік мәзірден => Добавить файлы в архив... батырмасын шертеміз.
   ​3. Архивтеуді аяқтау үшін Ок батырмасын басамыз (9-сурет).

9-сурет. Архивтеуді жүзеге асыру кезеңдері

   Файлды архивтен шығару

   1. Архивтен шығатын қапшық немесе файлды тінтуірдің оң жақ батырмасымен шертеміз.
   ​2. Контекстік мәзірден Извлечь файлы ... командасын таңдаймыз. Мәзірде Извлечь текущую папку немесе Извлечь ... файлдың атауымен байланысты жаңа қапшық ашып, сақтауға мүмкін-дік беретін командалар тізбегі болады.
   ​3. Архивтен шығару үшін Ок батырмасын басамыз (10-сурет).

10-сурет. Архивтен шығару терезесі

WinRAR программасы арқылы файлды немесе қапшықты архивтеу кезінде құпия cөз арқылы оны қорғауға (защита паролями) болады. Паролі бар архив құпия сөзсіз ашылмайды. Компьютердегі маңызды құжаттар осы әдіс арқылы қорғалады. Құпия сөзі бар архив құру үшін Общие бөліміндегі Установить пароль ... батырмасын басу керек.

   Қосымша ақпарат

WinRar программасының авторы – ресейлік программалаушы Евгений Рошаль. Бұл программа ТМД елдерінде кең тараған. WinRar-дың басқа архивтеуші программалардан артықшылығы көп. Оның негізгі артықшылығы басқа архиватор программалардың жасаған архивтерін ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, .ZIP және .ARJ архивтерін аталған программа арқылы ашуға болады.

   Практикалық жұмыс

   1. Компьютердегі Жұмыс үстеліне Менің құжатым атымен қапшық жаса.
   ​2. Сол қапшыққа бір данадан .docx, .jpg, .avi, .mp3, .txt, .gif, .pptx кеңеймесі бар файлдарды көшіріп, орналастыр.
   ​3. Бұл файлдарды жеке-жеке жоғарыда көрсетілген бірінші, екінші әдістер бойынша архивтеп, төмендегі 3-кестені толтыр.

3-кесте. Әртүрлі типтегі файлдарды архивтеуден кейін өлшемдерінің өзгеруі

   Сұрақтар

   1. Архивтеу деген не және оның маңызы неде?
   ​2. Компьютерде файлдарды архивтеудің қажеттілігі неде?
   3. ​Қандай архивтеу программаларын пайдаланды?
   4. ​Желі арқылы үлкен көлемдегі ақпараттарды тасымалдауда уақыт пен қаражатты қалай үнемдеуге болады?
   5. ​WinRar программасының мүмкіндіктерін сипатта.
   6. ​«Көптомдық архив» деген не?
   7. ​Архиватор программасы көмегімен файлды қалай құпиялайсың?

   Үй тапсырмасы

1. Интернеттен WinZip архиваторлық программаcын үйдегі компьютеріңе орнат.
2. Интернеттен ірі көлемдегі архивтелген файлдарды бөліп-бөліп көшіруге көмектесетін программаларды анықта.
3. Қосымша зерттеу: Интернеттен «Архиватор программаларында архивациялау қалай жүзеге асады?» сұрағына жауап ізде. Маңызды мәліметтерді дәптеріңе жаз.

  • Ақпаратты сығу –
  • Архивтелген файл –
  • Архивтен шығару –
  • жадтағы файлдың көлемін кішірейту процесімен байланысты.
  • арнайы әдіспен сығылған файл. Оның ішінде бір немесе бірнеше файлдар, сығылған қапшықтар тобы да орналасуы мүмкін.
  • сығылған файлды бастапқы қалпына келтіру процесі.

Өтінемін күте тұрыңыз