Компьютерлік желілердің жұмыс жасау принциптері

Компьютерлік желінің негізгі құрылымы қандай?

Компьютерлік желі

Өз ойыңызбен бөлісіңіз!

✔ Бүгінгі таңда қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге желі технологиясының ықпалы қандай?

✔ Желінің қандай түрлерімен таныссың?

Төменгі сыныптарда желі ұғымымен, оның түрлерімен, желіде жұмыс жасау этикетімен және желіде кездесетін қауіп-қатерлермен таныстың. Енді осы ұғымдарды кеңейтіп, компьютерде желілерді ұйымдастыру, олардың қазіргі дамуына тоқталамыз.

Бүгінгі таңда мәліметтерді тасымалдауда компьютерлік желілер коммуникацияның негізгі құралына айналды. Желілерде ақпаратты тасымалдау, жұмыс орнында отырып-ақ хабарлама алу/жөнелту, Жер шарының кез келген нүктесінен керекті ақпаратты жылдам алу, компьютерлер мен түрлі программалар арасында мәлімет алмасу қазір өте оңай.

Компьютерлік желілер (Computer NetWork, net – желі, work –  жұ­мыс) – бір-бірімен мәлімет алмасу арналары арқылы байланысқан компью­терлер тобы. Бүгінде дүниежүзіндегі компьютерлердің 80%-дан астамы әртүрлі ақпараттық-есептеу желілеріне біріктірілген.

Қосымша ақпарат

 Компьютерлік желі – ресурстарды (дискі, файл, принтер, коммуникациялық құрылғылар) тиімді пайдалану мақсатында бір-бірімен байланыстырылған компьютерлер тізбегі.

Желі түрлері

-1-

Компьютерлік желілер мәліметтерді бірігіп пайдалануға көп көмегін тигізеді. Дербес компьютер – құжат құруда, кесте дайындауда, графикалық мәліметтер мен басқа да ақпарат түрлерімен танысудағы тиімді құрал. Желі болмаған жағдайда қолданушылар әрбір құжатты қағаз бетіне шығаруға немесе дискетке көшірмесін түсіруге мәжбүр болады.

-2-

Сонымен қатар барлық қолданушы құжаттың көшірмесін өзгертіп, түзеткенде, ол құжатты қайта жинап-өңдеу қиындық туғызатын. Мұндай жұмыстың сызбасы автономдық ортадағы жұмыс деп аталады. Егер осындай ортадағы әрбір қолданушы өзінің компьютерін басқа компьютерлердің желісіне қосса, онда қолданушы олардың құжаттарымен де, принтерімен де ортақ жұмыс істей алар еді.

Есіңізде сақтаңыз!

Компьютерлер тобы мен басқа құрылғылардың бірігуі желі деп аталады. Ал біріккен, ортақ қолданылатын компьютерлердің қоры желілер арақатынасы деп аталады.

Қосымша ақпарат

Жергілікті желіге қосылған компьютерлер көмегімен:
​• деректер қорымен;
​• ақпараттар көзімен;
​• принтерлермен;
​• модемдермен;
​• басқа да құрылғылармен бірігіп жұмыс істеуге болады.

Желілердің 5 түрі бар:

1. Дербес желілер (PAN = жеке аймақ желісі).
​2. Жергілікті желілер (LAN = жергілікті желі).
​3. Бір немесе бірнеше көрші ғимараттарғы корпоративтік желілер.
​4. Бір ұйым қалалық желілер (MAN = Metropolitan Area Network).
​5. Жаһандық (ауқымды) желілер (WAN = Wide Area Network).

Бұл қызық

Біздің елімізде компьютерлік желілер қашан дами бастады?

-1-

Қазақстандағы интернеттің дамуына 1998 жылы наурыз айындағы «Телекоммуникация ассоциациясы» деген жаңа ұйымның пайда болуы үлкен әсер етті. Коммерциялық емес құрылымның негізгі мақсаты – кәсіпорынның іскерлігін байланыстыру, желілер телекоммуникациясының дамуын, ақпараттық технологияны пайдалану және байланыс қызметін ұсыну. 

-2-

Ассоциация отандық және шетелдік операторлар арасындағы ақпарат алмасу қатынасын құруға практикалық көмек көрсетуді көздеді. Сонымен бірге бұл ассоциация тұтынушылар мен қолданушылар арасындағы қызметті де ұйымдастыруды алдына мақсат етіп қойды. 

-3-

Елімізде электрондық World Wide Web қызметінің дамуы арқасында көптеген қызықты және арнайы сайттар пайда болды. Соңғы уақытта әртүрлі анықтамалар, каталогтер және деректер қоры (солардың арасында неше түрлі маңызды тақырыптағы ақпарат көздері бар) көбейе бастады.

Клиент-Сервер архитектурасы

Есіңізде сақтаңыз!

Клиент – сервер қорларын пайдаланатын компьютерлер.

Сервер – ресурстарды жалпы пайдалануды қамтамасыз ететін компьютер.

Талдау

Еліміздегі әлеуметтік желілердің даму барысына талдау жасаңдар.
​Күнделікті өмірден 3 мысал келтіріңдер.

Ойыңды тұжырымда

Жеке жұмыс

Сұрақтарға жауап бер.

1. Желіге қосылған компьютерлердің мүмкіндіктері қандай?
​2. «Желі арақатынасы» деген не?
​3. Желіде ақпарат алмасу қалай жүзеге асады?
​4. Жергілікті желі мен ауқымды желінің айырмашылығы неде?
​5. Желінің қандай түрлерін білесің?
6. «Клиент-Сервер» дегеніміз не?

Өз ойыңызбен бөлісіңіз

1. Компьютерлік желінің пайдалы жағын айт.

2. Компьютерлік желінің зиянды жақтарын айт.

3. Компьютердің пайдалы және зиянды жағын бағалауға 2 дәлелді мысал келтір.

Шығармашық жұмыс

«Болашақта желі технологиясының дамуы» тақырыбында эссе жаз.

Өтінемін күте тұрыңыз