Қазақстандағы көші-қон

Сабақтың мақсаты:
● дүниежүзі халықтарының көші-қон бағытын, себептері мен салдарын түсіндіру;
● Қазақстандағы көші-қон процестеріне талдау жасау негізінде көші-қонның негізгі бағытын анықтау;
● көші-қон саясатының өзіндік үлгісін ұсыну.
Мақсатқа қол жеткізу үшін:
● көші-қонның не екенін;
● дүниежүзілік көші-қон ағынының себептерін, салдары мен география­сын;
● Қазақстан Республикасындағы көші-қон жағдайлары туралы;
● көші-қон саясатының бағыттарын білу керек.

Халықтың көшіп-қонуы

8-сурет. Сыртқы көші-қонның бағыты

Белгілі бір аумақ халқының санына көші-қон айтарлықтай әсер ете алады. Бұл – тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыруға қатысты халықтың орын ауыстыруы. Көші-қон ағыны жіктемесінің негізгі белгілері – көші-қон бағыты, оны ұйымдастыру дәрежесі, себептері, уақытша белгісі.

Ағынның бағыты бойынша ішкі және сыртқы көші-қон деп бөлінеді.

9-суретте сыртқы көші-қон берілген.

Есіңе сақта

Иммигранттар мен эмигранттардың саны арасындағы айырмашылық көші-қон сальдосы немесе механикалық өсім деп аталады және мемлекет халқы санына тікелей әсер етеді.

Ішкі көші-қон

1. облысішілік көші-қон 2. облысаралық көші-қон 3. ауданаралық көші-қон 
10-сурет. Ішкі көші-қон бағыттары​

-1-

Ішкі көші-қон – бұл елдің ішінде орын алған көші-қон процестері. Егер бір облыстың тұрғындары сол облыстың ішіндегі басқа жерге қоныс аударса, онда олар облысішілік көші-қонға қатысады (10-сурет). Облыс шегінен тыс жерге қоныс аударғанда облысаралық көші-қон ағыны пайда болады. Егер адамдар бір экономикалық ауданнан басқа ірі макроаймаққа қоныс аударса, онда географтар бұл процесті аудан­аралық көші-қонға жатқызады.

Тұрғындар қоныс аударған кезде елді мекеннің типін алмастыра алады, немесе соған ұқсас елді мекенге көшіп бара алады.

-2-

Кей кездері мемлекет ішкі көші-қонға адамдарды өздері ынталандырады және елдің басқа өңірлеріне олардың қоныс аударуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Бұл жаңа аумақтарды, табиғат байлықтарын игеру, өндірістік кешендердің құрылысын салу, жұмыс күшінің тапшылығын жою үшін жасалады. Мұндай жағдайда ұйымдастырылған көші-қон туралы сөз болады.

Егер азаматтар басқа жерлерге мемлекеттің қатысуынсыз өздері көшуге шешім қабылдаса, онда ұйымдастырылмаған немесе дербес көші-қон деп аталады.

-3-

Жаңа тұрғылықты жерге көшу туралы шешім қабылдаудағы дербестікке байланысты көші-қон ерікті және мәжбүрлі болады.

Қоныс аударған уақытына қарай көші-қон қайтымсыз (тұрғы-лықты жерін біржола ауыстыру), уақытша (ұзақ, бірақ белгілі бір уақытқа қоныс аудару) және қатынамалы (халықтың бір елді мекеннен екіншісіне жұмыс істеуге немесе оқуға және керісінше тұрақты келіп-қайтуы) болып бөлінеді.

Қосымша ақпарат

Көші-қонның орын алу себептері.

Ғалымдар төмендегідей себептерді атайды:

1. Әлеуметтік-экономикалық – жұмыс, бос ауылшаруашылық жерін іздеу, өмір сүру дәстүрін өзгерту;

2. Саяси – саяси, діни, нәсілдік, әлеуметтік қысым көрсетілуіне байланысты қоныс аудару;

3. Әскери – көшіру, қайта көшіру, жер аудару;

4. Табиғи-климаттық – жайлы және қауіпсіз табиғи ортада өмір сүруге ұмтылу;

5. Жеке басқа қатысты себептермен – басқа елде өмір сүргісі келу, ішкі еркіндікке ұмтылу, өзін-өзі таныту.

Артықшылықтары

Кемшіліктері

1-ші артықшылығы 

Мысалы 

2-ші артықшылығы 

Мысалы

1-ші кемшілігі 

Мысалы 

2-ші кемшілігі 

Мысалы 

Дүниежүзіндегі заманауи көші-қон географиясы

Дүниежүзіндегі мигранттар саны 250 млн адамнан асады. Оның ішінде барлық халық­аралық мигранттардың шамамен 70%-ы 20 елге тиесілі (2000–2017 ж.).

5-кесте

Дүниежүзінде мигранттардың көбеюінің басты себебі:

-1-

• дамыған және артта қалған мемлекеттердің өмір сүру деңгейлері арасындағы айырмашылықтың ұлғаюы
​• мемлекетер мен континенттер арасында қоныс аударуды жеңілдеткен технологиялардың дамуы
​• жаңа орынға орналасу мүмкіндігінің жеңілдеуі

-2-

• Азия мен Африканың бірқатар аймақтарындағы тұрақсыздық
​• виза тәртібінің оңайлатылуы
​• қоныс аудару құнының төмендеуі
​• заманауи байланыс құралдары мигранттарға өзінің тарихи отанымен (отбасымен, достарымен, т.б.) тығыз байланысты сақтауға мүмкіндік береді.

Заманауи көші-қон процестерінде төмендегідей жаһандық беталыс байқалды:

-1-

• заңсыз көші-қонның өсуі (еңбек миграциясы басым) – мигранттар заңды бұза отырып, елге кіреді, тұрады, шығып кетеді;

• жер бетінің бірқатар аймақтарында соғыстың, этносаралық, дінаралық дау-жанжалдардың шиеленісуі салдарынан мәжбүрлі көші-қонның артуы;

• халықаралық көші-қон елдің демографиялық дамуында үлкен рөл атқарады (дамыған елдерде солардың есебінен еңбек ресурстарының жетіспеушілігі мәселесі шешіледі);

• халықаралық көші-қон жаһандық феноменге айналуда, өйткені барлық елдердің оған қатысы бар; қазіргі кезде

-2-

иммиграциясы басым елдер мен эмиграциясы басым елдер айқындалуда;

• халықаралық мигранттар ағынында білім деңгейі жоғары тұлғалардың үлесі артуда, көптеген елдерде оларды тартуға және өздерінде алып қалуға арналған арнайы бағдарламалар бар – АҚШ, Франция, Канада, Швеция;

• көші-қон саясатының екіжақты сипаты (мемлекеттер эмиграцияны тоқтатуға тырысады, бірақ иммиграцияны ынталандыруы мүмкін, басқа да үйлесімдер болуы ықтимал).

– иммигранттарының саны ең көп елдерге қай аймақтардан және елдерден мигранттар келеді. 

– эмигранттарының саны ең көп елдерден көші-қон ағыны қай елдерге бағытталады. 

Өз ойыңмен бөліс

Қалай ойлайсыңдар, неліктен Ресей иммигранттарының саны бойынша да, эмигранттарының саны бойынша да жетекші орында? Бұл елде қоныс аударған эмигранттар қайда бағыт алады? Осы елдердің халқының сальдосын немесе механикалық өсімін есептеңдер.

Қазақстандағы көші-қон үдерісі

Халықаралық көші-қон ұйымының бағалауы бойынша, біздің ел әлдеқайда белсенді көші-қон процесі байқалатын елдер қатарына жатады. Олар әлеуметтік-экономикалық, саяси, этникалық, экологиялық және басқа да түрткіжайттардың әсерінен дамиды.

-1-

Ішкі көші-қон. Ел халқының ішкі қоныс аударудың басты себептері –бұрынғы тұрған жерлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашар болуы, қаладан қашықта орналасуы, жұмыстың және сәйкесінше инфрақұрылымның жоқтығы.

Басқа аймақтарға ішкі көші-қон ағыны, көбінесе Түркістан, Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алады. Ішкі мигранттарды қабылдау бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, сонымен қатар Атырау мен Маңғыстау облысы алдыңғы орында.

-2-

Елдегі сыртқы көші-қон. Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон жағ-дайы құбылмалы. 1990–2017 жылдардағы ішкі көші-қон процесін үш кезеңге бөлуге болады:
​1-кезең – 1990–2003 ж. Қазақстанға және Қазақстаннан жаппай қоныс аудару, көшіп кету басым, теріс көші-қон сальдосы;
​2-кезең – 2004–2011 ж. Иммиграция басым болуымен жағдайдың тұрақтануы, оң көші-қон сальдосы;
​3-кезең – 2012–2017 ж. Эмиграцияның басым болуымен жағдайдың тұрақтануы, аздаған теріс көші-қон сальдосы.

Осы кезеңдерде келген және көшіп кеткендердің саны 6-кестеде көрсетілген.

Мигранттардың келуі және кетуі бойынша көшбасшы аймақтар 7-кестеде көрсетілген.

Қазақстаннан эмиграция көбінесе Ресей, Украина, Беларусь және Германия бағытында орын алған.

Эмиграция нәтижесінде халық санының азаюының орны тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың – оралмандардың санымен толықтырылды. Оралмандар көбінесе Өзбекстан, Ресей және Қытайдан келді. Олардан кейінгі тізімді Ауғанстан, Иран, Моңғолия мен Түркия жалғастырады.

Қазақстанның көші-қон саясаты

-1-

Көші-қонға қатысты басты мәселеге біліктілігі төмен жұмыс күшінің артық болуы, ірі қалалар мен жекелеген аумақтарға, әсіресе еліміздің оңтүстігіне адамдардың шамадан тыс көп қоныстануы, солтүстіктегі шегара маңындағы аумақтардың «елсізденуі» және болашағы жоқ елді мекендердегі балалар мен егде жастағы адамдардың білім алуы мен денсаулық сақтауға жоғары мөлшерде шығын жұмсалуына байланысты бюджетке түсетін жүктеменің артуы жатады. Орталық Азия, Қытай және Түркия елдерінен біліктілігі төмен мигранттардың болуы мүмкін жаппай ағынына, «талантты жастардың» басқа елдерге кетуіне байланысты алаңдаушылық та бар.

-2-

Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет басты көші-қон процестеріне ықпал етеді. Ел саясатының басты мақсаты – жоғары білікті шетел мамандарын уақытша әкелу, ел аумағына халықты оңтайлы қоныстандыру, этникалық оралмандарды тарихи отанынан тұрақты түрде тарту.

Осы орайда Қазақстанда «Нұрлы көш» және «Серпін–2050» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.

ГЕОДЕРЕК

Қазақ диаспорасы 1920-1930 жылдары саяси қуғын-сүргін, ұжымдастыру және аштық кезінде пайда болды. Осы кезеңдерде көптеген қазақтар бұрынғы КСРО құрамында болған басқа мемлекеттерге, сонымен қатар одан тысқары жерлерге – Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мен Пәкістанға қоныс аударды. ХХ ғасырдың 90-жылдары Қазақстан басқа елдерден этникалық қазақтардың өз елінен оралуын – отандарына қайта оралу саясатын жүргізді. 1991 жылдан бастап елімізге миллионнан астам оралман келді.

Өз ойыңмен бөліс

1. Көбінесе Түркістан, Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарынан тұрғындар Қазақстанның басқа аймақтарына қандай себептермен қоныс аударады?

2. Халықтың этникалық құрамы белгілі бір аймақтардың ішкі мигранттардың келуі және кетуі бойынша көшбасшы болуына қалай әсер етеді?

3. Неліктен Алматы қаласы ішкі мигранттарды қабылдау жағынан да, шығару жағынан да көшбасшылардың бірі?

ОЙЫҢДЫ ТҰЖЫРЫМДА

Топтық жұмыс

1. Қосымша ақпарат көздерін пайдаланып, ғалымдардың тұжырымдарын растаңдар немесе жоққа шығарыңдар:
​✔көші-қон көбінесе жақын жерлерге қоныс аудару ретінде іске асады;
​✔ аумақ орталығы қаншалықты ірі болса, соншалықты тартымды әсер қалдырады;
​✔ әрбір көші-қон ағынына өзінің контр-ағыны сәйкес келеді;
​✔ ірі қалалардың өсуіне көпшілік жағдайда ондағы табиғи өсім емес, халықтың көші-қоны себепші болады;
​✔ көші-қон ауқымы өнеркәсіп пен сауданың дамуына, әсіресе транспорттың дамуына орай артады;
​✔ көші-қонның экономикалық себептері – анықтаушы.

Жұптық жұмыс

2. Параграф мәтінінде келтірілген миграциялық процестердегі жаһандық беталыс негізінде тақырыптық карта-сызба жасаңдар.

3. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша алған білімдеріңе сүйеніп, Столыпин реформасына, ұйғырлар мен дұңғандарды Жетісуға көшіруге, ҰОС жылдарында адамдарды біздің елімізге жер аудару және көшіруге, тың және тыңайған жерлерді игеруге, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанды индустрияландыруға көші-қон жіктемесі тұрғысынан талдау жасаңдар. Нәтижесін сызба түрінде көрсетіңдер.

Мәселелер

Шешу жолдары

Заңсыз көші-қонның өсуі

Оларды қабылдайтын аймақтарға қосымша экономикалық жүктеме

Біліктілігі төмен жұмыс күшінің артық болуы

Жекелеген қалалар мен аумақтарда адамдардың шамадан тыс көп қоныстануы

Кейбір аймақтардың елсізденуі

Жоғары білікті жұмыс күшінің жылыстауы (кетуі)

Өтінемін күте тұрыңыз