Тұрмыстық химияны пайдалану ережелері қандай?

Сабақтың мақсаты:

  • тұрмыстық химия өнімдерін қауіпсіз пайдалану ережелерін үйренесін.

Мақсатқа қол жеткізу ушін:

  • тұрмыстық химия өнімдерін қауіпсіз пайдалану ережелерін білу қажет.

Тұрмыстық химия өнімдері

     Тұрмыстық химия құралдары  дегеніміз   түрлі жуғыш заттар, еріткіштер, аэрозольды баллондар, жанғыш заттар, лактар мен бояулар. Олардың барлығы күнделікті өмірде қажет, бірақ көпшілігі улы және сақтау мен пайдалану ережелері сақталмаса, адам өмірі үшін қауіпті.

      Тұрмыстық химияның көмегімен үйдегі және даладағы жұмыстарды атқара аламыз. Әр үйде желімнен бастап кіржуғыш ұнтаққа дейін түрлі мақсатта қолданылатын химиялық құралдардың қоры бар. Дұрыс сақталмаған жағдайда олар үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Кез келген құралды пайдаланар алдында оны пайдалану мен қауіпсіздік ережелері жөніндегі нұсқаулықпен танысып, қатаң сақтау қажет.

Адам үшін қауіптілік деңгейі мен сипаты бойынша тұрмыстық химия өнімдерінің топқа бөлінуі

     Адам үшін қауіптілік деңгейі мен сипаты бойынша тұрмыстық химия өнімдерін төрт топқа бөлуге болады.

1. Салыстырмалы қауіпсіз. Олардың қорабында қауіптілігі жөнінде ескертетін жазу болмайды. Оларға сабын, тазартатын және кіржуғыш ұнтақтар, пасталар, сия, тушь, косметика жатады.

     Егер бұл заттар дұрыс пайдаланылса, онда ешқандай келеңсіздік орын алмайды. Есте сақта! Заттарды бір құтыдан басқа құтыға ауыстырып құюға болмайды, барлық құрал өзінің түпнұсқа зауыттық қаптамасында сақталуы тиіс!

2. Көзге және теріге қауіпті. Олардың қаптамасында ескерту жазбалары болады. Мысалы: «Көзге қауіпті». Бұларға ағартқыш, залалсыздандырғыш құралдар жатады.

     Егер бұл заттар қолға қауіпті болса, пайдаланар кезде қолғап кию қажет!

3. Отқа қауіпті. Мұндай заттар салынған құтылар мен баллонда: «Отқа қауіпті!», «Отқа жақын жерде сақтауға, себуге болмайды!» деген жазулар болады. Бұл – аэрозольды қаптамадағы препарат, лак, бояу, еріткіштер, өсімдіктерді өңдеуге және жәндіктермен күресуге арналған тұрмыстық құралдар. Оларды оттан алыс жерде сақтап, абайлап қолдан!

4. Улы заттар. Олардың қаптамасында: «У!», «Улы!» жазуы болады. Бұл – негізінен өнеркәсіпте және зертханада қолдануға арналған химиялық құралдар, жәндік және кеміргіштермен күресуге арналған әсері жоғары препараттар. Оларды балаларға ұстауға болмайды. Үлкендер қатаң түрде нұсқаулық бойынша, барлық қолдану ережелерін сақтай отырып пайдаланады.

Тұрмыстық химия құралдарын пайдалану ережелері

  • Тұрмыстық химия құралдарын заттаңбада көрсетілген нұсқауларға сәйкес, тек тағайындалуы бойынша ғана пайдалану керек.
  • Барлық тұрмыстық химия құралдары аузы нығыз жабылған ыдыста, азық-түлік тағамдарынан, дәрі-дәрмектен бөлек жерде сақталуы тиіс және зауыттық заттаңбасы міндетті түрде болуы қажет. Тұрмыстық химия құралдары құрғақ, жақсы желдетілген жерде сақталуы тиіс. Оларды ешқашан ыдысаяқ тұрған асүйде, жуынатын бөлмеде сақтауға болмайды.
  • Аэрозольды баллондарды газ бен электр плитасының және басқа да жылу көздерінің жанында сақтауға болмайды. Газ жанарғысы қосылып тұрған кезде оларды пайдалануға болмайды. Тіпті пайдаланылып болған баллонды да ашып көруге тырыспаған жөн.
  • Егер химиялық құралдар құрамында қышқыл мен сілті сияқты химиялық заттар болса, қолғапты кию керек.
  • Қатты, сұйық, газтәріздес химиялық тұрмыстық құралдарды пайдаланған кезде көзіңді, тыныс алу жолдары мен теріңді қорға. Ережеде айтылған болса, әрқашанда резеңке қолғап пен қорғауыш көзәйнекті пайдалан.
  • Таныс емес қауіпті тұрмыстық химия құралдарын, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өткен құралдарды пайдалануға болмайды.

Өзіңді тексер!

Ескертпе-нұсқаулық суретін жаса.

Саған қажет: қарындаштар, фломастерлер, А4 қағаз.

«Тұрмыстық химия құралдарын пайдалану және сақтау»  ​ескертпе-нұсқаулық ережелері суретін әзірле.

Болмайды, жол берме, сақта, қолдан тірек сөздерін пайдалан.

Өтінемін күте тұрыңыз