Литосфера. Жер бедері түрлерінің жіктелуі

Сабақтың мақсаты:

  • Жер бедері түрлерін жіктеу;
  • Жер бедері түрлерін жоспар бойынша сипаттау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Жер бедері дегеннің не екенін;
  • Жер бедерінің негізгі түрлерін;
  • Жер бедері түрлерін сипаттау жоспарын білуіміз керек.

   Жер бедері

   Жер бетінің алуан түрлі кедір-бұдырлары жер бедері (рельеф) деп аталады. Жер бедері пішіндерін геоморфология зерттейді. Ол жер бедері дамуының заңдылықтарын, оның сыртқы белгілерін және географиялық таралуын зерделейді. Жер бедерінің бірлігі ретінде жер бетінің тегіс емес нақты көлемі бар, үшөлшемді табиғи ауқымды денелер есептеледі (19-сурет). Жер бедерінің түрлері жер бедері элементтерінен құралады. ​Жер бедері элементтері – жер бедері түрлерінің жекелеген бөліктері, яғни бетінің (қырларының), сызықтарының (қабырғаларының), нүктелерінің, бұрыштарының жиынтығы жер бедері түрлерін құрайды. Жер бедері түрлерінің күрделілік деңгейі де сыртқы белгілерінің қатарына жатады. Белгілердің бұл түрлері арқылы формаларды қарапайым және күрделі деп екі топқа бөлуге болады. Қарапайым түрлер (адыр, төбе, жыра және басқалар) жекелеген элементтерден тұрады, олардың үйлесімі формаларды құрайды. Мысалы, төбенің басы, табаны, беткейлері болады. Қарапайым формалар күрделілердің құрамдас бөлшегі бола алады. Мысалы, жекелеген төбелер қыраттың құрамына кіреді. Сол сияқты өзен аңғарының құрамына алқабы, беткейлері, арнасы және басқалар кіреді.
   ​Жер бедері оң (дөңес) және теріс (иілген) формалардан тұрады. Оң формалар көлденең сызықтардың үстінен көтеріліп тұрады, ал теріс формалар бұл сызықтарға қарағанда керісінше төмен, еңіс жерлерді құрайды.

19-сурет. Жер бедері формасы
  • Материктердің алуан түрлі кедір-бұдырлары жер бедері (рельеф) деп аталады.
  • Жер бетінің алуан түрлі кедір-бұдырлары жер бедері (рельеф) деп аталады.

   Жіктелу – бұл зерделенетін нысандарды, құбылыстарды және үде­рістерді қандай да бір елеулі белгілері бойынша нақты топтарға бөлу.

   1. 19-суретті зерделеңдер және жер бедері түрінің атауын анықтаңдар. 
   2. Оны қандай өлшемдер сипаттайды? Бұл өлшемдерді үш өлшемді координаттар жүйесінде көрсетіңдер. 
   3. Қандай үшөлшемді дұрыс геометриялық пішіндер жер бедерінің бұл түрінің моделі бола алады? 
   4. Жер бедері түрлерін қандай элементтер сипаттайды? 
   5. Оның күрделілік деңгейі қандай? 
   6. Ол жер бетінің деңгейінде жүргізілетін шартты көлденең сызыққа қатысты қарағанда қандай болады? 

   Жер бедерінің түрлері

   Жер бедерінің қасиеттерін ескере отырып, бірнеше жіктеулер әзірленген.
   ​Жер бедері түрлерінің морфометрлік жіктелуі (көлемдері бойынша). Морфологиялық жіктеу бойынша жер бедері түрлерінің шығу тегін және өзара байланыстарын бағаламай-ақ, олардың сыртқы белгілері мен мөлшерлері назарға алынады (4-кесте). Жіктеудің бұл түрі топографияда және картографияда қолданылады, себебі картада ең алдымен жер бедері түрлерінің сыртқы кескіні мен көлемдері бейнеленеді.

Жер бедерінің түрлері

4-кесте

Көлемдер

Ауданы

Биіктік құлашы

Түрлер

1. Планетарлық

млн. км2

2500–6000 м

материктер
қозғалмалы белдеулер мұхит

2. Мегаформалар (планетарлық формалардың бөліктері)

жүздеген және
мыңдаған км2

500–4000 м

тау жүйелері
​жазықтар
​теңіз шұңғымалары
​орталық-мұхиттық жоталар

3. Макроформалар (мегаформалардың бөліктері)

жүздеген км2

200–2000 м

тау жоталары
​төбелер
​ірі алқаптар

4. Мезоформалар (макроформалардың бөліктері)

100 км2-ге дейін

100–2000 м

тізбектер
​төбелер
​аңғарлар
​сайлар
​жыралар

5. Микроформалар (мезоформа бөліктері)

10 км2-ге дейін

10 м-ге дейін

ұсақ дөңдер
​жыралар
​террасалар
​шұңқырлар
​шұғанақтар

6. Наноформалар (микроформалар бөліктері)

1 м2-ге дейін

2 м-ге дейін

ой-шұңқырлар
​адырлар (дөңдер)
​төмпешіктер

               Генетикалық (қалыптасуы бойынша) жіктелу

               Бұл жіктелім жер бедері түрлерін, олардың пайда болу және жер бедері қалыптасуының басым түрткіжайттары бойынша топтарға біріктіруге негізделеді. Жер қыртысының тектоникалық қозғалыстары және климат – жер бедерін қалыптастырушы негізгі түрткіжайттар. Эндогендік үдерістердің нәтижесінде жер бетінде тегіссіздіктер пайда болады, ал климат осы кедір-бұдырларды тегістеуге тырысатын экзогендік үдерістерге әсер етеді.
               ​Жер қойнауында пайда болатын энергиямен байланысты геологиялық үдерісті эндогендiк үдерicmep деп атайды. Жер қыртысының тектоникалық қозғалыстары, магматизм, метаморфизм, сейсмикалық белсенділік эндогендік үдерістерге жатады. Эндогендік үдерістер – энергияның негізгі көздері.
               ​Жер қойнауында материалдарды тығыздығы бойынша қайта бөлу және жылу – эндогендік үдерістердің негізгі энергия көздері. Жердің ішкі энергиясының әсерінен пайда болған жер бедерінің барлық түрлері морфоқұрылымдар деп аталады (5-кесте, 20-сурет).
               ​Экзогендік үдерістер эндогендік күштер жасаған жер бедері түрлерін өзгертеді. Морфоқұрылымдардың бұзылу өнімдерінен жаңа түрлер (морфомүсіндер) (5-кесте, 20-сурет) пайда болады. Морфомүсіндер гравитациялар күшінің, жерүсті ағын суларының, қардың және мұздың, еріген мұздық суларының, теңіз, көл және жерасты суларының, желдің, жануарлардың, өсімдіктердің, адам әрекетінің, мәңгі тоңның дамуы әсерінен пайда болады.
               ​Жердің ішкі күштері жер қыртысының ірі элементтерін жасайды, ал сыртқы күштер оларды өзгертеді деп айтуға болады.

            Геотектура түрлері

            І-реттегі геотектура – Еуразия материгі
            ІІ-реттегі геотектура – Кавказ таулары
            Морфоқұрылым – тау жотасы
            Морфомүсін – өзен аңғары

            Генетикалық жіктелу

            5-кесте

            Типтері

            Сипаттама

            Үдерістер

            Геотектуралар

            Жер бедерінің аса үлкен түрлерінің пайда болуы жер бедерін түзуші басқа үдерістердің бәрімен өзара әрекеттесетін жалпыпланетарлық (ғарыштық) деңгейдегі күштермен байланысты. Мұхит шұңғымалары және құрлықтар өте үлкен түрлерге, таулы ірі белдеулер және жазық аудандар екінші кезектегі геотектураларға жатады.

            Жалпыпланетарлық

            Морфоқұрылымдар

            Экзогендік үдерістердің әсерінен пайда болған жер бедерінің түрлері (жер қабығының қозғалысы). Бұлар – жеке жоталар, тауаралық ойпаттар.

            Эндогендік

            Морфомүсіндер

            Экзогендік үдерістердің әсерінен пайда болған жер бедерінің түрлері. Оларға өзен террасалары, сай-жыралар жатады. Морфомүсіндер көлемі жағынан морфоқұрылымдардан кішірек, алайда кейбір жағдайларда өте үлкен көлемді болулары мүмкін, мысалы, жазықтағы мұз аккумуляциясы облыстары.

            Экзогендік

               Ойлан!

            • Сендер өмір сүретін аймақ қандай геотектураға, морфоқұрылымға жататынын көрсетіңдер.
            • Аймақтың жер бедері түрі қандай экзогендік күштердің әсеріне ұшырайды? Өз жауаптарыңды дәлелдеңдер.

               Геосергіту.

               «Бір әріпке». Бұл ойынды ойнау үшін: «ел», «қала», «өзен», «жер бедері», «өсімдік», «жануар» және басқа бағандары бар (баған атаулары басқаша да болуы мүмкін) кесте құрастырыңдар. Бұдан кейін бір әріпті таңдаңдар және уақытты қарап алыңдар (бір минут). Қатысушылардың міндеті – әр бағанға осы әріптен басталатын сөздер жазу. Белгіленген уақыт аяқталғаннан кейін сөздерді салыстырыңдар. Бірдей сөздерді сызыңдар. Бірдей емес әр сөзге бір ұпай беріледі.

               Жер бедері түрлерін сипаттау жоспары

               Жер бедері табиғат кешеннің, әсіресе таулар мен тау бөктерлерінің бүкіл түрткіжайттарының қайта таралуында маңызды рөл атқарады. Таулы жерлерде биіктігі мен беткейлердің көкжиекке қатысты орналасуына орай жазықтар мен адырлы жерлерге қарағанда басқа жағдайлар қалыптасады. Жер бедерінің табиғат түрткіжайттары таралуына әсерін кез келген ойлы-қырлы жерде байқауға болады.
               ​Нәтижесінде, шағын ойлы-қырлы жерде де ала-құла табиғи жағдайлар қалыптасады. Жер бедерінің құрылысқа да әсері зор.
               ​Сол себепті география құрылысшыларға, шаруаларға, табиғи апаттарға қарсы тұратын мекемелерге және басқа да мүдделі жақтарға нақты аумақтың жер бедерінің сипаттамасы түріндегі маңызды ақпарат ұсынады. Ғасырлар бойы географтар жер бедері түрлерін сипаттаудың жоспарларын әзірлеген (слайдерде).

               Жер бедері түрлері сипаттамасының жоспары

            Аумақтың жер бедерін
             сипаттау жоспары

            1. Қала, облыс көлеміндегі жергілікті жердің – жер бетінің жалпы сипаты қандай?
              • Материктің;
              • Мұхит түбінің;
              • Ірі аймақтың;
            2. Жер бедері түрлері қалай орна- ласқан?'
            3. Ең биік, ең төмен және басым биіктіктері қандай?
            4. Картаға қараңдар және жер бедерінің шамамен сандық сипаттамаларын бағалаңдар.
            5. Зерттелетін аумақ шегіндегі:
              • тау жүйелері;
              • жеке таулар;
              • қыраттар;
              • үстірттер;
              • жазықтар аталуы.
            6. Өзендер мен көлдердің жер бедеріне қатысты орналасуын көрсетіңдер.

            Жазықты сипаттау жоспары

            1. Жазықтың атауы.
            2. Аумақтың көлемі (өлшемдері).
            3. Жазықтың географиялық орны:
              • Материктің қай бөлігінде орналасқан?
              • Жер бедерінің қандай түрлерімен және қайда шектеседі?
              • Немен және қайда шайылып жатады (ұласады)?
            4. Жазықтың абсолют және салыстырмалы биіктіктері бойынша түрі.
            5. Биіктіктерінің ең биік және ең төмен көрсеткіштері.
            6. Пайдалы қазбалары.
            7. Адамның іс-әрекеті.

            Таулы елді сипаттау жоспары

            1. Таулы елдің атауы.
            2. Таулардың географиялық орны:
              • Материктің қай бөлігінде орналасқан?
              • Жер бедерінің қандай түрлерімен және қайда шектеседі?
              • Немен және қайда шайылып жатады (ұласады)?
            3. Абсолют биіктігі, жасы, басты жотасының болуы бойынша таудың түрі.
            4. Басты жотасының бағыты және ұзындығы.
            5. Ең биік шыңының атауы және абсолют биіктігі мен географиялық координаттары.
            6. Пайдалы қазбалары.
            7. Адамның іс-әрекеті.

               Қазақстан аумағының жер бедерін жоспар бойынша сипаттаңдар.

               Сендердің өмір сүретін аймақтарың кіретін аумақтың жазығын немесе тауларын жоспар бойынша сипаттаңдар. 

               Геодерек

               Солтүстік Америкадағы Үлкен Еріксіздер көлі атауы жаңылыс берілген. Ол жергілікті «Слейви» үндістер тайпасының атауымен аталған және ағылшынның «құл», «кіріптар» мағынасын білдіретін «slave» сөзіне үндес болып шыққан.

            Үлкен Еріксіздер көлі, Канада

            Негізгі түсініктер

            • Жіктелу – бұл зерделенетін нысандарды, құбылыстарды және үдерістерді қандай да бір елеулі белгілері бойынша нақты топтарға бөлу.
            • Жер бетінің алуан түрлі кедір-бұдырлары жер бедері (рельеф) деп аталады.
            • Жер қойнауында пайда болатын энергиямен байланысты геологиялық үдерісті эндогендiк үдерiстер деп атайды.
            • Экзогендік үдерістер эндогендік күштер жасаған жер бедері түрлерін өзгертеді.

            Ойыңды тұжырымда

            1. Параграф мәтінінің негізінде «Жер бедері түрлерінің жіктелуі» атты ортақ сызба құрастырыңдар.
            2. Оқылған тақырып бойынша глоссарий құрастырыңдар. Өздеріңнің таңдауларыңмен әр анықтаманы графикалық модельмен және жергілікті жердің немесе аймақтың жер бедері түрлері атауларының мысалдарымен толықтырыңдар.
            Өтінемін күте тұрыңыз