6-бөлімге шолу

   6-бөлім – «саяси география негіздерімен елтану» сабақтары бойынша

   Сендер мыналарды білдіңдер:

  • Саяси география кеңістікте қоғамның саяси өмірінің ұйымдастырылуын және саяси күштердің аумақтық үйлесімін зерттейді. Олар уақыт өте келе олардың өзгеруімен, қоғамның мемлекеттерге және тәуелді аумақтарға бөлінуімен, дүниежүзінің аймақтарына оларды орналастыру ерекшеліктерімен, аймақтық саяси бірлестіктер қалыптастыруымен бірге дүниежүзінің саяси картасында көрініс табады. Оның даму кезеңдері дүниежүзі тарихының кезеңділігімен сәйкес келеді. Дүниежүзінің саяси картасының өзгеруі сандық және сапалық өзгерістермен анықталады. Олар бір-бірімен байланыста болады.
  • Дүниежүзінің саяси картасының басты нысандары: егеменді мемлекеттер, отар елдер, халықаралық аумақтар, мәртебесі айқындалмаған аумақтар, өз егемендігін жариялаған мемлекеттер. Мемлекеттер басқару түрі және саяси құрылымы бойынша ерекшеленеді.
  • Жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеясы қазақстандықтарды өз еліміздің өміршеңдігін нығайту жөнінде қызмет атқаруға бағыт береді.
  • Саясат – өз мақсаттарының жүйесіне қол жеткізу бойынша мемлекеттің атқаратын қызметі, ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Ішкі және сыртқы саясатты тиімді жүргізу мақсатында дүниежүзі елдерінің саяси-географиялық жағдайына талдау жүргізіледі.
  • Дүниежүзі елдері ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін интеграцияға ұмтылады. Интеграция формалары – еркін сауда аймағы, кеден одағы, ортақ нарық, экономикалық және валюта одағы, әскери-саяси одақ. Қазақстан – көптеген интеграциялық үдерістерге қатысушы мемлекет.
Дүниежүзінің саяси картасы

   Қолдарыңнан келеді:

  • Дүниежүзі саяси картасының нысандары арасындағы айырмашылықты анықтау;
  • Дүниежүзі мемлекеттерінің саяси-географиялық жағдайына талдау жасау;
  • Қазақстан Республикасының саяси-географиялық жағдайына, саяси ұйымдастырылуына сипаттама беру;
  • Уақыт таспасын жасау, тақырыпқа сәйкес гиперсілтемелерді қолдана отырып таныстыру;
  • Дүниежүзінің саяси картасындағы сандық және сапалық өзгерістерді талдау, олардың байланысын түсіндіру;
  • Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту үшін идеялар ұсыну.
Өтінемін күте тұрыңыз