Құрметті оқушылар!

   Биылғы жылы сендер географияны оқуды жалғастырасыңдар. География ғылымдары қандай белгілері бойынша біріктірілетінін және ажыратылатынын, ол не үшін қажет екендігін білетін боласыңдар. Географиялық деректерді көрнекі етуді, оларды график, диаграмма, сызба, кесте, сурет, картасызба түрінде көрсетуді үйренесіңдер. Көптеген объектілердің қасиеттерін олардың моделі бойынша оқып-үйрену тиімдірек, сондықтан сендер жыл бойы дайын модельдерді оқып қана қоймай, оны өздерің де жасайтын боласыңдар. Оқулық пен география сабағы сендерге мақсатты түрде сандық және сапалық географиялық мәліметтерді өңдеу тәсілдеріне үйрететін болады. Нақты мысалдар мен өздерің жүргізген зерттеу тәжірибелеріңнің арқасында сандық және сапалық мәліметтердің бір-біріне қарама-қайшы болмайтындығына, керісінше бірін-бірі өзара толықтырып тұратындығына көздеріңді жеткізесіңдер. Өз зерттеулеріңнің нәтижесін баяндама, тезис, түсініктеме, тұсаукесер және ақпараттық график түрінде көрсету қажет. Оқулықта оны жазу және құрастыру бойынша ұсыныстар мен тапсырмалар берілген.
   ​Тақырыптық карталармен жұмыс жыл бойы жалғасып отырады. Карталарды оқумен қатар, оларды қосымша сипаттама элементтер түрінде жаңа мәліметтермен толықтыруды үйрену қажет болады. Оқулықта осы дағдыны жетілдіру іс жүзінде әрбір бөлімде кездеседі.
   ​Оқу, зерттеу жүргізу барысында әдетте қағаз және электрондық тасымалдағыштарда көптеген деректер жинақталып қалады. Сендер оларды жүйелеуді, өңдеуді, сақтау және беруді, оның ішінде компьютерлік технологияларды қолдана отырып, ұйымдастыра білулерің қажет. Оқулықта осы дағдыларды қалыптастыру мен жетілдіру бойынша параграфтар мен тапсырмалар берілген.

    Литосфераны, атмосфераны, гидросфера мен биосфераны оқып-үйренуді одан әрі жалғастырамыз, бірақ қиындық деңгейі басқаша және басқа тақырыптардың негізінде жалғастырылады. Әрбір материктің табиғи ерекшеліктеріне, табиғат компоненттерінің адам баласына әсеріне және адам баласының оларға әсеріне айрықша назар аударылған.
   ​«Литосфера» бөлімшесі бойынша жер бедерінің негізгі пішіндерімен, олардың қалыптасу және таралу заңдылықтарымен, тау жыныстары мен минералдарының жетекші қасиеттерімен, әрбір материктегі, мұхиттардағы жер бедерінің ірі пішіндерімен, тау жыныстарының жасын анықтау тәсілдерімен танысасыңдар.
   ​«Атмосфера» бөлімшесінде климатты, оның компоненттерін, қалыптасу түрткіжайттары мен негізгі типтерін, әрбір материктің климатының ерекшеліктерін оқып үйренесіңдер.
   ​«Гидросфера» бөлімшесінде сендер құрлық сулары, олардың пайда болу және таралу түрткіжайттары, әрбір материктің ірі су нысандары, су апаттары және олармен күресу шаралары жайында білім алатын боласыңдар.
   ​«Биосфера» бөлімшесінде сендерді табиғат зоналары мен әрбір материктің биіктік белдеулері жайында қызықты сабақтар топтамасы күтеді. Арктикалық шөлдерден бастап экваторға, тау етегінің ұшар басына дейін табиғат өз заңдылығы бойынша өзгереді. Оларды ашу, түсіндіру, жануарлар және өсімдіктер әлемінің ерекшеліктерімен танысу оқушылардың көптеген буыны үшін қашан да қызықты.
   ​География әлеміне бастайтын жол қашан да қарапайым бола бермейді, бірақ қызықты. Географиялық «Қайда? Қалай? Неліктен?» сұрақтарына жауап ізделінеді.

Өтінемін күте тұрыңыз