Қазақстанда туризмді дамытудың алғышарты – туристік бренд

   Мәтін мысалы «Минто пирамидасы» қағидасы бойынша құрылды.

   ​Қазақстанда туризм баяу дамып келеді. Біздің ойымыз­ша оның басты проблемасы – еліміздің көпшілікке танымал еместігінде. Әлемдік туристік нарықта Қазақстанды танымал ету үшін қандай шара қолдану қажет?
   ​Елдің ұлттық туристік брендін әзірлеу және дамыту орынды жұмыс. Бренд – тұтынушы санасында өнім немесе қызмет туралы көзқарастар, ассоциациялар, сезімдер, құндылық сипаттары кешені. Ол тұтынушы санасында ассоциация ретінде, өнім сапасының немесе сол өнімді шығарушы сипаттамасының қандай да бір нақты сапасын білдіреді. Ол үшін бренд танымал болуы тиіс.
   ​Көптеген тұтынушылар таңдау және мүмкіндігі бар болған жағдайда белгілі бренд тауарларын таңдайды.
   ​Брендтің физикалық құрауыштарын (тасымалдауыштар), яғни фирмалық стиль элементтерінің барлық кешенін: брендтің атауын (сөз, сөз тіркесі), логотипін, фирмалық бояу түстерін, фирма стилін қолдаушы бірегей графикасын, сөз орамдары тізбегін, дыбыс­тарды, тауарлық маркасын және басқаларды әзірлеу қажет.

   Мысалы, Кіші Азияда орналасқан мемлекетте, брендтің барлық құрауыштары бар және оның ұлттық туристік логотипі көптеген елдердің туристеріне танымал. Кең ауқымды жарнама және бұл елде көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы, оған туризмнің аймақтық көшбасшысына айналуына ықпал етті.
   ​Қазақстандық туристік ұйымдар келесі кезеңде брендтің физикалық құрастырушыларын әртүрлі каналдар бойынша: БАҚ, ел ішіндегі және шетелдегі PR-іс-шаралар арқылы таратулары тиіс. Кіші Азиядағы ел өз жарнамаларын және PR-материалдарын жетекші теледидарлық каналдарда ойдағыдай орналастырады. Бұл материалдарды дүниежүзінің халықаралық ірі әуежайларынан, ұшақтар бортындағы журналдардан көруге болады. Ол өте тиімді. Кейбір іс-шараларды атақты адамдарды тарту арқылы ұйымдастыруға болады. Мысалы, қазақстандық әртістің көрші елде өткен музыкалық сайысқа қатысуы сан миллиондаған аудиторияның назарын Қазақстанға аударды. Таланттың құрмет тұтушылары біздің елімізге келе бастады.
   ​Демек, туризмді дамыту үшін елдің аймақтық және әлемдік деңгейде танымал болуын қамтамасыз ету қажет. Бренд әзірлеу, жарнама, PR-оқиғалар мен іс-шаралар, белгілі адамдарды тарту, ел ішінде қызмет көрсету сапасын көтеру – қарастырылып отырған проблеманы шешудің басты тәсілдері.

   2. «Минто пирамидасы» ережелері бойынша өздерің тұратын жердің басты проблемалары туралы тезис (300–500 сөзден тұратын) жазыңдар. Жұмысты топпен орындауға болады. Тақырыптың қайталанбауы үшін барлық топтармен келісіңдер.
   ​а) Мақалаға сандық деректер, бір графикалық материал (модель, кес­те, фотосурет және т.б.) қосыңдар.
   ​ә) Жарияланымға техникалық талаптар құрастырыңдар. Оған жататындар: жолдар көлемі, абзац жол арасындағы интервал, тақырыпты жазу (регистр), авторлар туралы деректерді жазу форматы, графикалық материалдарды (суреттер мен кестелерді) ресімдеу ережесі және т.б. Өз мақалаларыңды осы талаптарға сәйкес редакциялаңдар.

   3. Сыныптастарың жазған барлық мақалаларды бір брошюраға түптеңдер. Брошюра – әдетте қатты мұқабасы жоқ, жұмсақ тысты, кішігірім кітапша. Кітапшадағы барлық мақалалар белгілі бір логикалық ретпен орналасуы тиіс. Титул бетін, кітапшаның атауын, қысқаша аннотациясын әзірлеңдер. Кері байланыс орнату үшін кітапшаны мұғалімге тапсырыңдар.
   ​4. Бір мақалаға пікір жазыңдар. Нәтижелерін сыныпқа ұсыныңдар.
   ​5. Сендердің еңбектерің басқа зерттеушілердің жұмыстарында қандай формаларда берілуі мүмкін?

Өтінемін күте тұрыңыз