Саяси интеграция

Cабақтың мақсаты:

  • Саяси интеграцияның қажеттілігі мен мақсатын түсіндіру;
  • Қазақстанның саяси интеграциясының мүдделері мен мақсаттарына талдау жасау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Интеграцияның қажеттілігі мен артықшылықтарын;
  • Интеграция түрлерін;
  • Белгілі интеграциялық бірлестіктерді;
  • Қазақстанның интеграциялық бастамасын білуіміз керек.

   Интеграцияның қажеттілігі, мақсаттары мен түрлері

   Барлық мемлекеттердің өздерін дамытудағы мақсатында ұқсастықтары көп. Олардың әрқайсысы тәуелсіздіктерін және аумақтық тұтастықтарын нығайтуға, ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ұмтылады. Мемлекет елдің жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Экономикалық гүлденуі үшін күш салады. Мәдениеттің, ғылым мен білімнің, қоршаған ортаны қорғаудың дамуын қамтамасыз етеді. Әр мемлекет тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдап, дүниежүзілік қауымдастықта лайықты орын алуға мүдделі.
   ​Кейде осы мақсаттарға қол жеткізу үшін бір мемлекеттің күш салуы жеткіліксіз болады. Өйткені ұлттық мүдделердің бірқатары мемлекеттік аумақ шегарасынан тыс жерлерде қамтамасыз етіледі.
   ​Сонымен қатар әр елдің тұрғындарының да басқа елдермен байланысты мүдделері болады. Оларға басқа мемлекетте тұратын адамдармен туыстық және әлеуметтік байланыстары жатады. Адамдар шетелдерде жұмыс істеуі, білім алуы мүмкін. Көптеген адамдар алыс шетелдерге саяхат жасайды. Басқа мемлекеттердің медициналық мекемелерінде ем алады. Бір елдің азаматтары басқа мемлекеттердің мәдени құндылықтарына араласады.
   ​Өндірістік және сауда компаниялары, қаржы мекемелері мен басқа да экономика субъектілерінің басқа елдерге қатысты өз мақсаттары болады. Мысалы, шикізат пен тауар сату және сатып алу, бірлесе өнім өндіру және басқа да кәсіби мүмкіндіктер.
   ​Өзінің жеке мүдделерін және халық пен бизнестің талап-тілектерін қамтамасыз ету үшін дүниежүзі елдері бірлесе жақындасуға, яғни интеграцияға бағытталған саясат жүргізеді. Оған үдеріс ретінде де, жақындасудың нәтижесі ретінде де қарауға болады. Бірінші мағынасында, бұл – бірлесе қызмет атқаруға, ал кейбір жағдайларда түрлі елдердің бірігуіне әкелетін үдерістер. Екінші мағынасында интеграция ретінде ортақ мақсатқа бірлесе қол жеткізу үшін құрылған мемлекетаралық бірлестіктер алынады.

   Интеграцияның мақсаттары

13-кесте

Саяси:

  • қолайлы сыртқы саяси орта қалыптастыру, саяси, әскери, әлеуметтік, мәдени және басқа да экономикалық емес салаларға қатысушы елдердің өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын нығайту.

Экономикалық:

  • тауар, көрсетілетін қызмет, капитал және адам қозғалысы жолында ішкі шегарасыз кеңістікті қалыптастыру;
  • сауда, кеден, экономикалық, салық, қаржы саясатына қатысушы-елдерді жақындастыру;
  • кейбір жағдайларда – бірыңғай валюта енгізу.

Әскери:

  • бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты нығайту;
  • сыртқы әскери-саяси қауіптерден ұжымдық қорғаныс;
  • халықаралық лаңкестікпен және экстремизммен, ұлтаралық ұйым дасқан қылмыспен, есірткі тасымалымен, заңсыз көші-қонмен, кибер қылмыскерлікпен күресу;
  • төтенше жағдайларда, гуманитарлық апаттарда ұжым болып жедел әрекет ету.

   Саяси интеграция дегеніміз не?

  • қолайлы саяси орта қалыптастыру, қатысушы елдердің өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын нығайту
  • бөлшектерді біртұтас ету
  • Неліктен интеграцияны үрдіс ретінде де, нәтиже ретінде де қарастыруға болады?

   Қазіргі уақытта мынадай интеграция түрлері бар

   Әр сыныпқа жоғарылаған сайын, сендер көптеген түрлі интеграциялық бірлестіктер жайында білетін боласыңдар. Ал бұл параграфта олардың жекелеген түрлерімен танысасыңдар.
   ​Қазіргі уақытта мынадай интеграция түрлері бар:

  • еркін сауда аймағы – мұнда қатысушы-елдер өзара саудада тек кедендік кедергілерді алып тастайды;
  • кеден одағы – мұнда елдер тек топтасушы елдердің ішінде тауар мен көрсетілетін қызмет жолындағы шектеулерді алып қана қоймайды, сонымен бірге үшінші тарапқа қатысты бірыңғай кедендік тариф енгізеді. Кеден табысы келісімге сәйкес теңбе-тең үлестіріледі;
  • ортақ нарық – мұнда кедергілер өзара саудада ғана емес, сонымен қатар жұмыс күші мен капиталдың жылжуынан да алынып тасталады; яғни тауар, қызмет, капитал, жұмыс күшінің нақты ортақ нарығы қалыптасады;
  • экономикалық одақ – мұнда елдер тек ортақ нарық қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге бірыңғай экономикалық саясат жүргізеді, ортақ аймақта өтетін әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу жүйесін құрады;
  • валюталық одақ – мұнда ортақ нарық пен бірыңғай саясаттан басқа бірыңғай банк жүйесі құрылып, кейбір жағдайларда – бірыңғай валюта алынады;
  • әскери-саяси одақ – мұнда мемлекеттер ортақ саяси, экономикалық, әскери және басқа да мәселелерді шешу үшін бірлесе әрекет ету мақсатында келісімге қол қояды.

   Ұлттық мүдделер, интеграция мақсаттары мен түрлері арасындағы байланыстарға мысал келтіріңдер.

   Интеграциялық бірлестіктердің географиясы

   14-кестеде белгілі интеграциялық бірлестіктерге мысалдар келтірілген.

   Интеграция түрлері

14-кесте

Интеграциялық бірлестіктердің түрі

Интеграциялық бірлестіктер

Еркін сауда аймағы

  • Нафта – солтүстік америкалық еркін сауда аймағы, мемлекеттер – АҚШ, Канада және Мексика;
  • Еуропалық еркін сауда қауымдастығы, мемлекеттер – Исландия, Лихтенштейн, Норвегия, Швейцария.

Кеден одағы

  • Меркосур – оңтүстік америка елдерінің ортақ нарығы, мемлекеттер – Аргентина, Бразилия, Уругвай, Парагвай, Венесуэла;
  • Оңтүстік африкалық кеден одағы, елдер – ОАР, Ботсвана, Лесото және Свазиленд, Намибия;
  • Кедендік одақ. Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армениямен бірігіп құрылған.

Ортақ нарық

  • Еуропалық экономикалық аймақ, қатысушылар – ЕО, Норвегия, Исландия және Лихтенштейн;
  • Анд ұлттар қоғамдастығы, мемлекеттер – Боливия, Колумбия, Эквадор және Перу.

Интеграциялық бірлестіктердің түрі

Интеграциялық бірлестіктер

Экономикалық одақ

  • Оңтүстік-Шығыс азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН), мемлекеттер – Бруней, Вьетнам, Индонезия, Камбоджа, Лаос, Малайзия, Мьянма, Сингапур, Таиланд, Филиппин;
  • Кариб қоғамдастығы – орталық және оңтүстік американың солтүстік-шығысындағы елдердің сауда-экономикалық одағы, мемлекеттер – Антигуа және Барбуда, Багам аралдары, Барбадос, Белиз, Доминика, Гренада, Гайана, Гаити, Ямайка, Монтсеррат, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадина, Суринам, Тринидад және Тобаго;
  • Еуропалық-экономикалық одақ. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения арасында құрылған.

Валюталық одақ

  • Еуропалық одақтың экономикалық және валюталық одағы, мемлекеттер – Аустрия, Бельгия, Германия, Грекия, Ирландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланд, Португалия, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Эстония.

Әскери-саяси одақ

  • Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (NATO), мемлекеттер – Бельгия, Ұлыбритания, Дания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Португалия, АҚШ, Франция, Грекия, Түркия, Германия, Испания, Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Эстония, Албания, Хорватия, Черногорие.
  • Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Солтүстік Америка, Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан 57 елді біріктіреді. Оған Қазақстан Республикасы кіреді.

   Кестедегі мәліметтер бойынша жер шарының қай аймағы интеграциялық үдерістерге ауқымды түрде тартылғанын болжаңдар.

  • Солтүстік Америка
  • Оңтүстік Америка
  • Батыс Еуропа
  • Шығыс Еуропа
  • Оңтүстік-Шығыс Азия
  • Орталық Азия

   Геосергiту

   «Сандар жиынтығы»

   Жүргізуші картадан материк немесе мұхитты көрсетеді, ал оқушылар материкті сипаттайтын өлшем бірлігі бар айрықша маңызды сандарды атайды. Мысалы, Еуразияны көрсеткен кезде, 8848 м санын атауға болады.

   Қазақстанның интеграциялық үдерістерге қатысуы

   Қазақстан әлемдік аренада серпінді дамып келе жатқан экономикасы мен айқын құрылған сыртқы саяси басымдықтары бар қалыптасқан тұрақты мемлекет ретінде танылды. Дүниежүзінде мемлекеттің белсенділігі, рөлі мен халықаралық беделі артуда, оның аймақтағы ықпалы мен дүниежүзі экономикасы үшін маңызы өсіп келеді.
   ​Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес біздің еліміздің сыртқы саясаты төмендегідей басты мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:

  1. ұлттық, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;
  2. Қазақстанға қолайлы халықаралық орта қалыптастыру, дүниежүзінің барлық мемлекеттерімен достық, тең құқылы және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайту;
  3. ұлттық экономиканы әртараптандыру негізінде халықаралық қоғамдастықта және дүниежүзілік шаруашылық байланыстарда Қазақстан интеграциясының жоғары деңгейіне қол жеткізу;
  4. аймақ мемлекеттерінің экономикалық интеграциясына арналған шарттар мен алғышарттарды қамтамасыз ету;
  5. мәдени-гуманитарлық, ғылыми-танымдық және басқа да межелес салаларда халықаралық ынтымақтастықтың қарқындылығын арттыру;
  6. Қазақстан Республикасы азаматтарының және заңды тұлғаларының, олардың шетелдердегі жеке басы, отбасылық және іскерлік мүдделерінің құқықтық қорғанысын нығайту.

   Болжанған нәтижеге қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы бірқатар интеграциялық ұсыныстар жасады, олар сәтті жүзеге асырылды. Олардың кейбірі 15-кестеде келтірілген.

   Қазақстанның интеграциялық бірлестіктерде мүшелігі

15-кесте

Интеграциялық бірлестік

Құрылу мақсаты

Қатысушы-мемлекеттер

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК)

Аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Азия мемлекеттерінің өзара қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын нығайту

Әзербайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Үндістан, Ирак, Иран, Израиль, Қазақстан, Камбоджа, ҚХР, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан

Интеграциялық бірлестік

Құрылу мақсаты

Қатысушы-мемлекеттер

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), әскери одақ болып табылмайды

Ортақ кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, лаңкестікпен, жікшілдікпен, экстремизммен, есірткі тасымалымен күрес, экономикалық, энергетикалық, ғылыми және мәдени өзара ықпалдастық

Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан

Интеграциялық бірлестік

Құрылу мақсаты

Қатысушы-мемлекеттер

Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы (ТМД), мемлекет үстілік құрылым болып табылмайды

Бұрын КСРО құрамында болған мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты реттеу

Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан

Интеграциялық бірлестік

Құрылу мақсаты

Қатысушы-мемлекеттер

Еуразиялық Экономикалық одақ (ЕЭО)

Тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, экономика салаларында келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу

Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей

Интеграциялық бірлестік

Құрылу мақсаты

Қатысушы-мемлекеттер

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ)

Бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және мүше-мемлекеттердің егемендігін қорғау

Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан

   Қазақстан құрамына кіретін ұйымдар мен одақтар интеграциялық бірлестіктің қандай түріне жатады?

  • Еркін сауда аймағы
  • Кедендік одақ
  • Ортақ нарық
  • Экономикалық одақ
  • Валюталық одақ
  • Әскери-саяси одақ

   15-кестеден 14-кестедегі әрбір бірлестікке ұқсастарын анықтаңдар.

   Геодерек

   Қазақ халқының мәдени элементтерінен «қазақша күрес», киіз үй, күй, айтыс, құс салу (саятшылық), Наурыз, тандыр нанды әзірлеу және пісіру мәдениеті ЮНЕСКО-ның «Ауызша және материалдық емес мәдени мұра жауһарлары» бағдарламасы шеңберінде қорғауға алынған.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Параграф мәтінінде аталған кез келген интеграциялық бірлестік туралы таныстыру әзірле. Таныстыру шарттарын алдын ала анықтап алыңдар. Қайталауды болдырмас үшін сыныптастарыңмен тақырыпты келісіп алыңдар.
Өтінемін күте тұрыңыз