Дүниежүзі мемлекеттерінің саяси-географиялық жағдайы

Cабақтың мақсаты:

  • Мемлекеттердің саяси-географиялық жағдайына баға беру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Ұлттық мүдде дегенімізді;
  • Ұлттық мүдде қалай қамтамасыз етілетінін;
  • Саяси-географиялық жағдайы мемлекеттің дамуына қалай әсер ететінін;
  • Саяси-географиялық жағдай қалай бағаланатынын білуіміз керек.

   Ұлттық мүдде және саясат

   Әр мемлекеттің өз қажеттіліктері бар, ол мүдде деп аталады. Әр мемлекет өз саясатын жүргізеді, яғни ұлттық мүдделер жүйесін қамтамасыз ету бойынша іс-әрекет жасайды. Іс-шаралардың бірқатар бөлігі мемлекеттің ішінде жүргізіледі. Мұндай іс-әрекеттердің барлық түрлері ішкі саясат деп аталады. Өз мемлекетінің мүддесі үшін басқа мемлекеттермен жасалған өзара қарым-қатынас, халықаралық істердегі мемлекеттің жалпы беталысы сыртқы саясат деп аталады. Бұл сол мемлекеттің өзінің ұлттық мүддесіне сәйкес басқа мемлекеттермен және халықтармен қарым-қатынасын реттейді.
   ​Әр мемлекеттің дамуы, ондағы бейбітшілік белгілі бір деңгейде оған көршілес елдерден, халықаралық ұйымдардан және дүниежүзіндегі басқа да саяси күштерден тәуелді болады. Бұл дүниежүзі елдерінің бір-бірімен тауар, көрсетілетін қызмет және адамдардың қозғалысы арқылы байланысуы салдарынан туындайды. Дүниежүзіндегі мемлекеттердің ешқайсысында ресурстар мен тауарлардың барлық түрлері жоқ, сондықтан оларды басқа мемлекеттерден сатып алады. Экономика негізі – сауда, сондықтан мемлекеттер өздерінің тауарларын көршілес мемлекеттердің тұрғындарына сатылғанын қалайды. Адамдар көршілес қалаларға жұмыс іздеу, іскерлік әріптестік үшін, бизнес, туризм, білім алу, емделу т.б. мақсатында барады.
   ​Сауда, бірлескен бизнес, адамдардың орын ауыстыруы нәтижесінде капитал айналымы жүзеге асады. Бір мемлекет екіншісіне қарызға ақша береді немесе бірлесе табыс табу мақсатында экономиканы дамытуға үлес қосады.

   Мемлекеттердің өмірлік маңызы бар мүдделеріне мыналар жатады:

  • елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау және нығайту;
  • ішкі және сыртқы қауіпсіздік;
  • табиғи және техногендік апаттардан сақтану;
  • құқықтық тәртіп;
  • қоғамдық тұрақтылық және экономикалық өркендеу;
  • ұлттық болмысты сақтау;
  • ұлтаралық келісім;
  • дүниежүзінің саяси картасында, басқа халықтардың арасында беделді орын алу;
  • мемлекеттің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау;
  • әріптестік және ынтымақтастық негізінде тиімді халықаралық байланыстар орнату және дамыту.

   Елдерден қауіп-қатер

   Көршілес елдерден қауіп-қатер төнуі де мүмкін. Бір мемлекеттер әскери іс-қимылмен басып кіру арқылы басқа мемлекеттердің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді. Бейбітшілік сүймейтін бірнеше мемлекет түрлі одақтарға бірігіп, басқа мемлекеттерге қарсы бірлесе әрекет етуі мүмкін. Егер шегаралас мемлекеттер кедей болса, не болмаса, оның аумағында шиеленіс орын алса, онда олар еңбек мигранттары мен босқындардың ағылып келуін туындата отырып, демографиялық қысым көрсетеді.
   ​Экономикалық тұрғыдан кедей мемлекеттер жақсы сатып алушы бола алмайды. Оларда көлік инфрақұрылымының даму деңгейі төмен болуы мүмкін және олардың жолдарын пайдалану мүмкін емес. Бірлескен бизнесті дамыту да қиындық әкеледі. Өйткені білім деңгейі, жұмыс күшінің сапасы әлдеқайда төмен. Мұндай мемлекеттерде қылмыскерлік деңгейі жоғары болатындығы байқалады.
   ​Егер де көршілес мемлекеттерде соғыс жүріп жатқан болса, онда көптеген бизнес өкілдері, туристер қауіпсіздік мақсатында ол мемлекеттерге бармайды.
   ​Қазақ халқы ежелден-ақ жақсы көршінің құндылығын байқап, «Жаман көрші – ұрыс пен керіс, жақсы көрші – алыс пен беріс» деп мақал-мәтелге қосқан. Олай болса, көршілеріңе, дүниежүзінің саяси картасының басқа нысандарына қатысты өз орныңды зерделеу – саяси, экономикалық және әлеуметтік маңызды іс. Сондықтан барлық мемлекеттер саяси кеңістіктегі өздерінің жағдайына жан-жақты талдау жасайды.

   Қазақстан Республикасы аталған мемлекет мүдделерінің әрқайсысын қамтамасыз ету мақсатында саясат жүргізетіндігіне кез келген мысал келтіріңдер.

   «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша алған білімдеріңе, бұқаралық ақпарат құралдарының және басқа да дереккөздерінің материалдарына сүйене отырып, көрші болудың қолайлы және қолайсыз әсерлеріне кез келген мысал келтіріңдер.

   Геосергiту

   «Сандар бұлты»

   Жүргізуші географиядағы барлығына белгілі және маңызды сандарды атайды. Ал сынып өлшем бірлігін көрсете отырып, сол санға қатысты географиялық нысанды, құбылысты немесе үдерісті табады. Мысалы, берілген жасырын сан – 1492, шешуі – Американың ашылған жылы. Егер бір санға қатысты екі дұрыс жауап болса, ол да дұрыс болып есептеледі.

   Мемлекеттің саяси-географиялық жағдайына сипаттама беру жоспары

   Мемлекеттің саяси-географиялық жағдайы – бұл оның басқа мемлекеттерге және олардың тобына, халықаралық одақтарға, әскери шиеленістерге қатысты, сонымен қатар экономикалық-географиялық нысандарға, аймақтық шиеленістер аудандарына, әскери базаларға қатысты дүниежүзінің саяси картасындағы орны.

   Географтардың көптеген буыны мемлекеттің саяси-географиялық жағдайын бағалау жоспарын әзірледі. Ол төмендегідей негізгі мәселелерді қамтиды:
   ​1. Мемлекет туралы жалпы мәліметтер, тарихи-географиялық аудандағы орны.
   ​2. Халықаралық әскери, экономикалық және саяси ұйымдарға қатысуы.
   ​3. Көршілес елдердің саяси және экономикалық бағасы:

  • мемлекеттік шегараның өту сипаты, даулы аумақтардың болуы;
  • көршілес-елдердің халықаралық ұйымдарға және әскери одақтарға қатысуы.

   Олардың арасынан одақтық, бейбітшілік сүймейтін және бейтарап мемлекеттердің бөлінуі;

  • көршілес мемлекеттердің экономикалық дамуы.

   4. Мемлекеттің көлік жолдарына, шикізат және өнім нарықтарына қатынасы:

  • халықаралық көлік жолдарын пайдалану мүмкіндігі;
  • көршілес елдермен сауда қатынасы;
  • мемлекеттің шикізатпен және отынмен қамтамасыз етілуі немесе басқа елдердегі шикізат пен отынның жақындығы.

   5. Мемлекетке қауіп төндіретін, жер шарының «шиеленісті нүктелеріне» қатысы:

  • аймақтық шиеленістерге мемлекеттік тікелей немесе жанама қатысы;
  • әскери-стратегиялық әлеуеті және шетелде әскери базасының болуы;
  • мемлекет үкіметінің халықаралық бәсеңдетуге және қарусыздандыруға қатынасы.

   6. Мемлекеттің саяси-географиялық жағдайының қорытынды бағасы.
   ​Сыныптан-сыныпқа өткен сайын, география оқулығын оқыту барысында бұл жоспар жаңа элементтермен толықтырылып отырады.

   Қандай мамандық иелері мемлекеттің саяси-географиялық жағдайына сипаттама жасай алады?

  • тарихшылар
  • географтар
  • құқықтанушылар
  • экономистер
  • әскери адамдар
  • психологтер
  • саясаткерлер

   Қандай тұлғалар мен ұйымдарға осыған ұқсас сипаттамалар қажет?

   Қандай да бір мемлекетке бармай-ақ, оның саяси-географиялық жағдайын бағалауға бола ма?

  • Иә, болады.
  • Жоқ, болмайды.

   Өз жауаптарыңды аргументтермен және фактілермен растаңдар.

   Геодерек

   Жұмабек Тәшенев – кеңестік Қазақстан көшбасшыларының бірі, көрнекті саяси қайраткер, 1960 жылы КСРО басшылығы қазіргі Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағын (ҚР жалпы аумағының 21%-ы) Тың өлкесіне біріктіріп, басқа кеңестік республиканың құрамына беруге шешім қабылдағанда, қарсылық білдіріп, Қазақстан аумағының бүтіндігін сақтап қалған.

Жұмабек Тәшенев

Ойыңды тұжырымда

  1. Параграф мәтінінде келтірілген жоспар бойынша Қазақстан Республикасының және өз таңдауларың бойынша кез келген мемлекеттің саяси-географиялық жағдайына сипаттама беріңдер. Нәтижесін сыныпта көрсетіңдер.
  2. Мемлекеттің ұлттық мүдделері мен өз аумағыңның да, басқа мемлекеттер аумақтарының да саяси-географиялық жағдайына баға берудің арасында қандай байланыс бар? Мысал келтіріңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз