Дүниежүзілік шаруашылық салаларының сипаттамасы

Cабақтың мақсаты:

  • Дүниежүзілік шаруашылық салаларына жоспар бойынша сипаттама беру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Дүниежүзілік шаруашылық салаларының алуан түрлілігін;
  • «Авангард үштік» дегенімізді;
  • «Авангард үштік» салаларының сипаттамаларын;
  • Шаруашылық салаларына сипаттама беру жоспарын білуіміз керек.

   Дүниежүзілік экономиканың негізгі үштігі

   Шаруашылықтың үш саласы мемлекеттік даму деңгейін айқындайды. Оларды «авангардтық үштік» деп атайды. Оларға электр энергетикасы, мәшине жасау (электртехникалық, электроника), химия өнеркәсібі жатады.

   Отын және электр-энергетикалық өнеркәсіп көбінесе энергияны барлық түрінде және формасында өндіретін және үлестіретін бірыңғай отын-энергетикалық кешен (ОЭК) ретінде қарастырылады. Экономикалық географияда ОЭК міндетті түрде екі құраушы саланың классикалық құрылымында қарастырылады: отын өнеркәсібі және электр энергетикасы.

   Мәшине жасау – бүкіл ұлттық шаруашылықтағы ғылыми-техникалық өрлеудің (ҒТӨ) деңгейін анықтайтын айрықша ірі кешенді сала, өйткені ол барлық салаларды мәшинемен, жабдықтармен, аспаптармен, ал тұрғындарды – тұтыну заттарымен қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қорғаныс қабілетін нығайтуда да оның маңызы зор. Сонымен қатар металл өңдеуді, мәшине мен жабдықтарды жөндеуді қамтиды.

   Химия өнеркәсібі – мәшине жасаумен қатар шаруашылықтың барлық салаларын химиялық технологиялармен және материалдармен қамтамасыз ететін ҒТӨ деңгейін айқындайтын, сонымен қатар жаңа, үдемелі және жаппай тұтыну тауарын өндіретін кешенді сала.
   ​Химия өнеркәсібінің мәні барлық шаруашылықты үдемелі түрде химияландырудан байқалады: бағалы өнеркәсіптік өнімдер өндіру кеңейтіледі; қымбат әрі тапшы шикізатты әлдеқайда арзан және кең таралған шикізатқа алмастыру іске асырылады; шикізатты кешенді пайдалану жүзеге асырылады; көптеген өндірістік қалдықтар, оның ішінде экологиялық тұрғыдан зиянды қалдықтар тұтылып, жойылады.

  • «Авангардтық үштік» салаларының маңыздылығын ашып көрсету үшін, олардың өнімдерінсіз біздің өміріміз қандай болатынын елестетіңдер.

   Электр энергетикасы

   Отын өнеркәсібі қазба отын өндіруді, мұнай және газ өңдеуді қамтиды.

Мұнай өнеркәсібі мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеумен, сонымен қатар ілеспе газ өндірумен айналысады.
   ​Мұнай өндірумен айналысатын кәсіпорындар мұнай ресурстары бар жерлерге, ал мұнай өңдеуші зауыттар – мұнай өнімдерін тұтынатын аудандар мен орталықтарға орналастырылады.
   ​Мұнай және мұнай өнімдерінің көпшілік бөлігі дүниежүзінде құбыр желілері және теміржол көлігі арқылы тасымалданады. Магистральдық мұнай құбырлары барлық өндірілген мұнайдың 85%-ын тасымалдайды.
   ​Мұнай – дүниежүзілік сауданың маңызды экспорттық тауарларының бірі. Оның ең маңызды жеткізушілері – Таяу және Орта Шығыс елдері. Мұнай дүниежүзінің 75 елінде өндіріледі, Сауд Арабиясы, Ресей, АҚШ, Мексика, БАӘ, Иран, Ирак, Қытай көш бастап тұр.

   Газ өнеркәсібі табиғи газды өндірумен, тасымалдаумен, сақтау және үлестірумен айналысады. Ол табиғи жанғыш газдың ауқымды қорын, сонымен қатар жасанды (өнеркәсіптік) газдарды пайдаланады.
   ​Газ тұрмыста және жылу электрстансысында (ЖЭС-те) отын ретінде, металлургияда, цемент өнеркәсібінде, мәшине жасауда және басқа да салаларға пайдаланылады. ЖЭС-те және көптеген өндірістердің технологиялық үдерістерінде басқа отын түрлерін газбен алмастыру отынды және еңбекті үнемдеуге мүмкіндік береді, энергияның өзіндік құнын төмендетеді, өндірістік үдерістерді жеңілдетеді, атмосфераға шығатын залалды заттарды азайтады.
   ​Газдағы көмірсутектерді маңызды химиялық өнімдерге (аммиак, ацетилен, метанол, қара күйе және басқалар) қайта өңдеуге болады. Табиғи газ негізінде айрықша арзан азоттық тыңайтқыштар өндіріледі.
   ​Үлкен қашықтықтарға газ берудің қарапайымдылығы оны өндірілген орнынан алыс жерлерде пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақсатта жүздеген және мыңдаған километрлерге созылған магистральдық газ құбырлары тартылады.
   ​Газ 60 мемлекетте өндіріледі. Ресей, АҚШ, Канада, Түрікменстан, Нидерланд, Ұлыбритания көш бастап тұр.

   Көмір өнеркәсібі қазба көмірді өндірумен, байытумен және брикеттеумен айналысады. Көмір – маңызды энергетикалық отын. Оны күнделікті электрстансылардың пештерінде, қыздыру қондырғыларында т.б. жағады. Бірақ көмір отын ғана емес. Таскөмірдің сорттарынан металлургияда және өнеркәсіптің кейбір басқа салаларында технологиялық отын ретінде пайдаланылатын кокс алынады. Көмірді химиялық өңдеу шаруашылықтың барлық салаларында және тұрмыста пайдаланылатын алуан түрлі өнімдер алуға мүмкіндік береді.
   ​Көмірді дүниежүзінің 60-тан астам елінде өндіреді, алайда оның жылына 10 млн т-дан астамын Қытай, АҚШ, Ресей, Германия, Польша, Украина, Қазақстан өндіреді. Көмірді экспорттаушы елдер – АҚШ, Аустралия, ОАР. Импорттаушылар – Жапония, Батыс Еуропа.

   Электр энергетикасы электр энергиясын өндіру, тарату, трансформация және тұтыну барысындағы барлық үдерістерін біріктіреді. Энергия өндірудегі алдыңғы орын көмірмен, табиғи газбен және мазутпен жұмыс істейтін жылу энергетикасына тиесілі (жалпы өндірістің 2/3). ГЭС-тің үлесіне, шамамен, 20% және АЭС – 17%-дан келеді. Алайда мемлекеттер электр энергиясын өндіру көздерінің қатынасы бойынша бірден ерекшеленеді. ОАР, Польша, Қытай, Үндістанда ЖЭС-тері үстемдік етеді. Норвегия, Канада, Бразилия, Жаңа Зеландияда ГЭС басым. Франция, Бельгия, Корея Республикасы, Словакия, Венгрияда алдыңғы орын АЭС-тарына тиесілі. Дүниежүзінде ірі электр энергиясын өндірушілер: АҚШ, Қытай, Жапония, Ресей, Германия, Франция, Канада, Ұлыбритания және басқалары.
   ​Электр энергиясының негізгі бөлігін өнеркәсіп орындары пайдаланады. Ол бүкіл өндірістің 40%-ы, ал 12%-ы – коммуналдық шаруашылықта және тұрмыста, шамамен 9%-ы – көлікте (электрлендірілген теміржолдар), 10%-ы ауылшаруашылығында қолданылады.
   ​Электрстансыларының орналастырылуы отын-энергетикалық ресурстарға және электр энергиясының тұтынылуына байланысты болады.
   ​Бүгінгі күні электр энергетикасын дамытудың маңызды ерекшелігі – атом электрстансыларын (АЭС) салу. Олардың үлесі электр энергиясының жиынтық өндірілімінде АҚШ-та 20%-дан астамын, Жапонияда 28%-ды, Францияда 73%-ды құрайды. Дүниежүзіндегі айрықша ірі АЭС-тары Жапонияда және Францияда салынған.
   ​Болашақтың айрықша заманауи, экологиялық таза энергетикасына геотермалды, күн, жел, толысу, биогаз, сутекті электрстансылары жатады. Дүниежүзінің жекелеген елдері – энергияның баламалы көздерін пайдалануда көшбасшылары:

  • геотермалды (Исландия, Италия, Франция, Венгрия, Жапония, АҚШ);
  • күн (Франция, Испания, Италия, Жапония, АҚШ);
  • толысу (Франция, Ресей, Қытай, Канада және АҚШ);
  • жел (Дания, Швеция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд).

   2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» атымен ЭКСПО Дүниежүзілік көрмесі болып өтті. Энергияның қандай түрін солай атаймыз?

  • геотермалды
  • күн
  • жел
  • толысу
  • отлив
  • сутекті
  • биогаз
  • атом
  • су

   Геосергiту

   «Цицерон алгоритмі»

   Жүргізуші оқушылардан «Кім? Не? Қайда? Немен? Не үшін? Қалай? Қашан?» сұрақтарына ретімен сүйене отырып, қандай да бір географиялық нысан, құбылыс немесе үдеріс туралы кез келген оқиғаны айтып берулерін сұрайды.

   Мәшине жасау

   Мәшине жасау – мәшинелердің және олардың бөлшектерінің үлкен көлемін, кесуші және басқа да құралдардың, бақылау-өлшеу аспаптарының өндірісін қамтитын өнеркәсіп саласы.
   ​Мәшине жасау – кез келген мемлекеттің ең маңызды саласы. Дәл осы мәшине жасау салаларында іргелі және қолданбалы ғылыми ашылымдар мен зерттеулердің негізінде ең жаңа техника мен технология түрлері жасалады. Мәшине жасау өзінің өнімдерімен экономиканың барлық салаларын қамтамасыз етеді.
   ​Мәшине жасау дүниежүзінің төрт басты аймағында шоғырланған: Батыс Еуропа, АҚШ, Жапония, Шығыс Еуропа.
   ​Негізгі шикізат ретінде қара және түсті металдар, олардың қорытпалары алынады. Әйнектің, пластмассаның, резеңкенің және басқаларының алуан түрі қолданылады. Мәшинелерді әрлеуші сала бояулар мен лактарды пайдаланады. Мәшине жасау саласы модельдерді, қалыптық материалдарды әзірлеу үшін сүректі, отынды көп мөлшерде тұтынады (балқыту және металды қыздыру үшін).
   ​Мәшине жасаудың құрамында 70-тен астам сала мен жүзден аса жекелеген өндірістер бар. Басты салалары мыналар: электроника, есептеу техникасы, аспап жасау, дәл мәшине жасау, ауылшаруашылық және көліктік мәшине жасау, білдек жасау, автомобиль жасау, ұшақ жасау, кеме жасау т. б.
   ​Металды көп қажет ететін мәшине жасау шикізат базасына, дәл және қиыны – білікті мамандарға сүйенеді.
   ​Білдек жасауда Жапония, ГФР, АҚШ, Италия, Қытай, Швейцария, Корея Республикасы, Тайвань аралы, Испания, Франция, сонымен қатар Үндістан және Бразилия көш бастап тұр.
   ​Көліктік мәшине жасау. Локомотивтерді Үндістан, Бразилия, Аргентина, Түркия шығарады. Вагон өндірушілер арасында алғашқы орындар Мексикаға, Египетке, Иранға, Таиландқа, Чилиге, Колумбияға тиесілі.
   ​Дүниежүзінде кеме жасауда Жапония, Корея Республикасы, Қытай, Италия, Бразилия, Нидерланд көш бастауда. Кеме өндірісі Тайваньда, Үндістанда, Аргентинада, Мексикада дамып келеді.
   ​Әлемде автомобиль шығаруда үш басты ареал қалыптасқан: азиялық – Жапония басты рөл атқарады; америкалық – АҚШ басым және батыс еуропалық – ГФР рөлі басым. Жеңіл мәшине өндіруде көшбасшылар – АҚШ және Жапония. Бұл көшбасшылардың соңынан ГФР, Франция, Италия, Испания, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея ілесіп келеді. Жүк көліктерін өндіру саласы АҚШ, Жапония, ТМД елдерінде және Канадада орналасқан.
   ​Дүниежүзінде ғарыштық-әуе зымыраны өнеркәсібінің үш орталығы бар: Ресей, АҚШ және ЕО (Еуропалық одақ). Оларда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік базалары, құрастыру бюросы, авиациялық және ғарыштық техника өндірісін қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыс істейді.
   ​Авиациялық өнеркәсіп. Қазіргі уақытта ұшақтар мен тікұшақтарды дүниежүзінің 20-дан астам елдері шығарады. Олардың ішінде көшбасшы – АҚШ. Ірі авиалайнерлерді тек АҚШ-тың айрықша ірі фирмалары, «Эйрбас» еуропалық консорциумы және Ресей шығарады. Түрлі мақсаттарда қолданылатын жеңіл азаматтық ұшақтар өндірісі ерекше маңызға ие.
   ​Электртехникалық мәшине жасау электр энергиясын өндіруге, оны тұтынушыларға жеткізуге және энергияның басқа түрлеріне (механикалық, жылу және басқадай) түрлендіруге арналған жабдықтар шығарады. Күрделі электржабдықтарын шығару дамыған елдерде жолға қойылған. Күрделі емес электр аппаратураларын, электрқондырғылы бұйымдарды, тұрмыстық электраспаптарын және т.б. шығару әлемнің көптеген елдерінде күннен-күнге артып келеді. Тоңазытқыштар мен мұздатқыштар өндіруде – АҚШ, Қытай, Италия, Жапония, Корея Республикасы; кір жуатын мәшине шығаруда – Қытай, АҚШ, Италия, Жапония, ГФР, Корея Республикасы; шаңсорғыш өндіруде АҚШ, Жапония, ГФР; қысқа толқынды пеш өндіруде АҚШ, Жапония; желдеткіш жасауда Қытай алдыңғы орында.
   ​Электрондық өнеркәсіп – мәшине жасаудың ғылымды ең көп қажетсінетін саласы. Радиоэлектрондық жабдықтарды, электрондық аспаптарды, құраушы бөлшектерін, олардың өзіндік материалдарын, арнайы технологиялық жабдықтар мен аппаратураларды әзірлеу және өндірумен айналысады.
   ​Электрондық өнімдерді өндіруде жетекші орындарда АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония тұр. Тұрмыстық электрондық техникаларды шығару бойынша көшбасшы елдер қатарында Қытай, Малайзия, Сингапур, Бразилия (радиоқабылдағыштар); Қытай, Корея Республикасы, Бразилия (теледидарлар) бар.

   Химия өнеркәсібі

   Химия өнеркәсібі өз шикізаттарын (апатиттер, фосфориттер, калий тұздары, мирабилит, күкірт), сонымен қатар басқа салаларға қажетті шикізаттарды (қара және түсті металл кендері, әктас, гипс) пайдаланады. Шикізат ретінде өсімдік және жануар текті ауылшаруашылық шикізаттары да кеңінен қолданылады. Қосымша мақсаттар үшін және шикізат ретінде су мен ауа көп қолданылады.
   ​Химия өнеркәсібінің салаларын орналастыру кезінде көптеген түрткіжайттар: шикізат, көлік, білікті еңбек ресурс тарының бар болуы, тұтынушының жақын жерден табылуы есепке алынады. Экологиялық түрткіжайттар өте маңызды, өйткені химия өнеркәсібі экологиялық тұрғыдан қауіпті.
   ​Дүниежүзілік химия өнеркәсібінің ішінде Батыс Еуропа жетекші орынға ие. Оның мұнай-химия өнеркәсібі тасып әкелінетін шикізатқа негізделген. Нәтижесінде мұнай химиясы да, мұнай өңдеу де теңіз айлақтарына (Роттердам, Марсель және басқалары) және магистральдық мұнай құбырлары бойына орналастырылған.
   ​Олардан Солтустік Америка азғана кейін қалып келеді (30%), мұнда АҚШ жетекші рөл атқарады. Мексика бұғазының жағалауында дүниежүзіндегі ең ірі мұнай химия ауданы құрылған. АҚШ-та химия өнеркәсібінің басты аудандары – Техас және Луизиана, өйткені онда елдің ірі мұнайлы-газды бассейндері бар. Мұнда 200-ден астам кәсіпорындар жұмыс істейді және АҚШ-тың «мұнай-химия астанасы» – Хьюстон орналасқан.
   ​Үшінші дүниежүзілік көшбасшы – бұл Шығыс және ОңтүстікШығыс Азия. Оның кіндігі Жапония (18%) болып саналады, мұнда тасымалданып әкелінетін мұнайдың негізінде теңіз айлақтарында қуатты мұнай-химиясы қалыптасқан. Онда синтетикалық өнімдер мен жартылай өнімдер өндіріледі. Қытайда негізгі химия өнімдерінің өндірісі басым.
   ​1990 жылдары тағы бір ірі аймақ пайда болды. Ол – Парсы шығанағы.

   Химия өнеркәсібінің салалары:

  • тау кен-химия;
  • негізгі (бейорганикалық) химия;
  • органикалық химия;
  • химиялық реактивтерді шығару; фотохимиялық;
  • лак-бояу;
  • химия-фармацевтикалық;
  • тұрмыстық химия тауарларын өндіру.

   Бүтіндей химия өнеркәсібін орналастырудың негізгі түрткіжайттарын және негізгі әрі органикалық химия кәсіпорындарын орналастыру ерекшеліктерін көрсетіңдер.

  • шикізаттық
  • жанармайлық
  • энергетикалық
  • транспорттық
  • тұтынушылық
  • экологиялық
  • ғылымилық

   Геодерек

   Әліби Жангелдин – жер шарын айнала саяхат жасаған алғашқы қазақ. 1908 ж. Николай Степнов деген атпен Польшаны, Аустро-Венгрияны, Сербияны, Болгарияны, Түркияны, Палестинаны, Африканы, Египетті, Абиссинияны жаяу аралап шыққан. Кері қайтқанда Арабия жарты аралы, Месопотамия, Персия, Үндістан, Цейлон аралы, Малайя Архипелагы, Индостан, Сиам корольдігі, Аннам, Қытайдың оңтүстік бөлігі, Формоз аралы арқылы жүріп өтіп, 1912 жылы (4 жылдан соң) Жапонияға келген.

Әліби Жангелдин

   Ойыңды тұжырымда

  1. Жұптасып жұмыс істей отырып, өз қалауларыңмен төменде берілген жоспар бойынша параграфта сипатталмаған бір өнеркәсіп саласына, бір малшаруашылығы мен өсімдікшаруашылығы бағытына, бір қызмет көрсету саласына сипаттама беріңдер.
  2. Қайталау болмау үшін сыныптастарыңмен өздерің таңдап алған саланы алдын ала келісіп алыңдар.
  3. Қайталау болмау үшін сыныптастарыңмен өздерің таңдап алған саланы алдын ала келісіп алыңдар.
  • Дүниежүзілік шаруашылық салалары сипаттамасының жоспары
  • Дүниежүзілік шаруашылықтағы саланың маңызы, оның салалық құрамы.
  • Саланың шикізатты және отын ресурстары және оларды орналастыру.
  • Басты географиялық аймақтарға үлестіре отырып, өнім өндіру өлшемі.
  • Негізгі өндіруші – мемлекеттер.
  • Өндірістің негізгі аудандары мен орталықтары; саланы осы аудандарға орналастыруға себепші болған түрткіжайттар.
  • Саланы дамытуға байланысты туындаған табиғат қорғау және экологиялық мәселелер.
  • Саланы дамытудың болашағы.
Өтінемін күте тұрыңыз