Дүниежүзілік шаруашылықтың салалық құрамы: өндіру, қайта өңдеу салалары, қызмет көрсету аясы

Cабақтың мақсаты:

  • Шаруашылық салаларын жіктеу, өндіру және қайта өңдеу салалары, қызмет көрсету аясы.

Мақсатқа жету үшін:

  • Өндіруші өнеркәсіп дегеніміздің  не екенін;
  • Өңдеуші өнеркәсіп дегеніміздің не екенін;
  • Қызмет көрсету аясы дегеніміздің не екенін білуіміз керек.

   Өндіруші өнеркәсіп

   Жер қойнауынан, су мен орманнан алуан түрлі шикізат пен отын өндірумен айналысатын салалар мен өндірістерді өндіруші өнеркәсіп деп атайды. Олар адам баласы әзірлей алмайтын табиғат өнімдерін өндіреді.

   Тау кен өнеркәсібі пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен, оларды алғашқы өңдеумен және жартылай дайын өнім алумен айналысады. Ол мынадай салаларға бөлінеді:

  • минералдық энергетикалық шикізат (мұнай, газ, көмір, шымтезек, жанғыш тақтатастар, уран, геотермия);
  • қара және қоспалаушы (легирлеуші) металдар кені (темір, марганец, хром кендері, вольфрам, молибден, ванадий);
  • түсті металдар кені (алюминий, мыс, никель, қалайы, қорғасын-мырыш кендері, сүрме);
  • пайдалы қазбалардың тау-кен химиясы (апатиттер, калий тұздары, нефелин, селитра, күкіртті колчедан, бор кендері, фосфаттар);
  • кен емес индустриалдық шикізат және құрылыс материал - дары – графит, асбест, гипс, саз, гранит, доломит, әктас, кварц, каолин, мергель, бор, дала шпаты; асыл және өңдеу тастары;
  • гидроминералдық (минералдық жерасты сулары).

Жабайы аңдар мен құстарды аулау және өсіру мыналарды қамтиды:

  • коммерциялық мақсатта аулау және ұстау;
  • тамаққа пайдалану, терісін алу немесе зерттеу мақсатында пайдалану үшін, хайуанаттар бағына орналастыру немесе үй жағдайында өсіру үшін аңдарды аулау, сонымен қатар ұстап алу;
  • жануарларды аулау, оның ішінде ұстап алу арқылы бауырымен жорғалаушылардың бағалы терісін, құстардың мамық жүндерін өндіру;
  • морж және итбалық тәрізді теңіз сүтқоректілерін ұстау.

Балықшаруашылығы мыналарды қамтиды:

  • мұхитта, жағалауда немесе ішкі суларда балық аулау;
  • мұхит және тұщы су шаян тәрізділері мен моллюскілерін өндіру;
  • су жануарларын аулау;
  • теңіз өнімдерін жинау: меруерт, губка, маржан және теңіз балдырлары.

Орманшаруашылығы және ағаш дайындау мыналарды қамтиды:

  • домалақ ағаш материалы мен бөрене жасау;
  • ағаш сүректерінің қалғаны мен ағаш материалдардың қалдықтарынан ағаш отын, отын материалдарын жинау және өндіру;
  • орманда ағаш көмірін өндіру;
  • жабайы өсетін ағаш емес материалдарды: саңырауқұлақ, жидек, жаңғақ, дәрілік өсімдіктер және басқаларын жинау.

   Картамен жұмыс

   Экономикалық картадан Қазақстанда өндіруші өнеркәсіптің қандай салалары дамығанын анықтаңдар. Олардың ірі орталықтарын атаңдар.

   Өңдеуші өнеркәсіп

   Өңдеуші өнеркәсіп – бұл шикізатты және шикізаттан алынған жартылай дайын өнімдерді өңдеумен немесе қайта өңдеумен айналысатын барлық салалар. Ол материалдарды немесе олардың компоненттерін жаңа өнімге қайта өңдеуге (механикалық, физикалық немесе химиялық тұрғыдан өзгеруі) қатысты қызмет түрлерін қамтиды. Ауылшаруашылық шикізаттары, орманшаруашылығы мен балықшаруашылығы өнімдері, тау жыныстары мен минералдар – бастапқы ма териалдар. Өңдеуші кәсіпорын өндіріс құралдарын да, тұтыну заттарын да шығарады.
   ​Көбінесе өндіріс құралдарын шығаратын салаларға металлургия, энергетика, мәшине жасау, химия өнеркәсібі жатады. Өндірістік ғимараттар, құрылыстар, мәшинелер, жабдықтар, құралдар, аспаптар – өндіріс құрал-жабдықтары. Олар барлық зауыттарға, фабрикаларға, фирмаларға қажет.

   Картамен жұмыс

   Қазақстанның экономикалық картасы бойынша елімізде өңдеу өнеркәсібінің қандай салалары дамығанын анықтаңдар, олардың ірі орталықтарын атаңдар.

   Металлургия

   Металлургия – құрастырмалы материалдар мен химия өнеркәсібі үшін шикізат өндіретін өнеркәсіптің кешенді саласы.
   ​Құрастырмалы материалдар – түрлі құрастырылымдар, мәшине бөлшектері, күш түсірілетін құрылыс элементтері әзірленетін материалдар.
   ​Қара металдар оларға беріктік пен қаттылық береді. Дүниежүзі бойын ша қорытылған және тұтынылған металдардың, шамамен, 94%-ы қара металдың үлесіне тиеді.
   ​Түсті металдар, құрамына байланысты құрастырмалы материалдарға ыстыққа төзімділік (никелдік және кобальтты құймалар), жеңіл салмақ (алюминий және магний құймалары), беріктік және коррозияға төзімділік (титан құймалары), эстетикалық тартымдылық сияқты қасиеттер береді.

   Энергетика

   Энергетика – өндіру, беру, трансформация және электр энергиясын тұтынудың барлық үдерістерін біріктіретін кешенді базалық сала. Саланың құрамына ЖЭС, ГЭС, АЭС кіреді.
   ​Жылу электрстансысы (ЖЭС) отын жағу арқылы электр энергиясын өндіреді. Олар МАЭС (мемлекеттік аудандық электрстансысы) және жылу электр орталықтары (ЖЭО) түрінде ұйымдастырылған. Жылу электр орталықтары электр энергиясын ғана емес, сонымен бірге халыққа және кәсіпорындарға жылу өндіреді.
   ​Су электрстансылары (СЭС) су қозғалысы энергиясын қолданады. Өзендерде электр энергиясын алу, өндіріс пен халықты сумен қамтамасыз ету, су тасқынын болдырмау, көлік жағдайын жақсарту үшін гидроресурстарды кешенді түрде пайдалана отырып, ГЭС каскадтары салынады.
   ​Атом электрстансылары атом жылуын пайдаланады, радиоактивтік материалдармен жұмыс істейді.
   ​Қазіргі кезде дүниежүзі елдері балама энергия көздерін дамыта бастады. Оған күн, жел, судың көтерілуі мен қайтуы, Жер қойнауының жылуы т.б. жатады. Олардың өндірісі экологиялық жағынан таза болады, ал негізгі қор таусылмайды. Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында энергияның балама көздерін қолдану аясындағы дүниежүзілік жетістіктер ұсынылған Халық аралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі болып өтті.
   ​Энергожүйелер. Жылу, гидравликалық, атом электрстансыларының кешені өзара бір-бірімен жоғары вольтты электр беру желілерімен (ЭБЖ) жалғасады және электр энергетикалық жүйе құрады.

   Мәшине жасау саласы

   Мәшине жасау саласы конфигурациясы бойынша алуан түрлі мәшинелер мен олардың бөлшектерін, кесетін және басқа да құралдарды, бақылау-өлшеу аспаптарын өндіреді.
   ​Мәшинелер – адамға түсетін жүктемені азайту үшін немесе оны толықтай алмастыру үшін белгілі бір жұмыстарды орындайтын техникалық құрылғылар. Олар еңбек өнімділігін арттырады. Мәшинелер - дің – қарапайым бір дөңгелекті қоларбадан бастап жеделсаты, автокөлік, баспа, тоқыма мәшинелері, компьютерлердің ауырлық дәрежесі әртүрлі болады.
   ​Өнімдерінің қолданылуына қарай мәшине жасау мынадай негізгі салаларға бөлінеді: энергетикалық, көлік, ауылшаруашылық мәшинелерін жасау, білдек жасау, өнеркәсіп пен құрылыстың түрлі салалары үшін мәшинелер мен жабдықтар өндіру.

   Химия өнеркәсібі

   Химия өнеркәсібі шаруашылықтың барлық салаларын химиялық технологиялармен және материалдармен қамтамасыз етеді. Ол негізгі екі бөліктен тұрады: органикалық синтез және полимерлер химиясы (органикалық химия) және тау-кен химиясы өнеркәсібін қамтитын бейорганикалық (негізгі) химия. Оған сонымен бірге лак және бояу, анилин бояулар, фотохимиялық және басқа да салалар кіреді.
   ​Органикалық химия этилен, полиэтилен; пропилен, полипропилен, пластмасса және синтетикалық шайыр, химиялық талшықтар мен жіптер, синтетикалық каучук өндіреді.
   ​Негізгі химия минералдық тыңайтқыштар, қышқылдар, сілтілер, сода шығарады.
   ​Тұтыну заттарын өндіретін салаларға тоқыма, трикотаж, тігін, аяқкиім, жиһаз, ет-сүт, балық, қант және т.б. жатады.
   ​Тұтыну заттары үйде пайдалану мақсатында сатуға арналған. Оларға тағам өнімдері, киімдер, аяқкиім, басқа да тауарлар (тұрмыстық техника, жеңіл автокөлік, мотоцикл және т.б.) жатады.

   Геосергiту

   «Номенклатура»

   Жүргізуші оқушыларға 1 минут ішінде картаның белгілі бір бөлігіне мұқият қарап алуды ұсынады. Оқушылар есінде сақтағаны бойынша онда орналасқан географиялық нысандарды тізіп айтулары қажет.

   Көрсетілетін қызмет

   Қызмет көрсету аясы кәсіпорындарға, ұйымдарға, сонымен қатар жеке тұлғаларға көрсетілген алуан түрлі қызмет түрлерін қамтиды. Көрсетілетін қызмет – бұл тұтынушылар үшін белгілі бір құндылығы мен бағасы бар іс-әрекеттер. Қызмет көрсету барысында қандай да бір заттық өнім жасалмайды. Тұтынушыға іс-әрекеттің өзі қажет. Қызмет өндірістік және өндірістік емес деп бөлінеді.

   Өндірістік қызметтер

  • өндіріске қызмет көрсету бойынша (жүк көлігі және байланыс, материалдық-техникалық жабдықтау, жабдықтарды жөндеу және ретке келтіру, ақпараттық және консалтингтік қызметтер және т.б.).
  • халыққа қызмет көрсету бойынша (жолаушылар көлігі, сауда, қоғамдық тамақтану, коммуналдық және тұрмыстық қызметтер – жеке тапсырыспен тігу, киім мен аяқкиім жөндеу, жиһаз әзірлеу және жөндеу, заттарды жуу және химиялық тазарту, тұрмыстық техниканы, көлік құралдарын, пәтерлерді жөндеу т.б.).

   Өндірістік емес қызметтер

  • 1) жеке, тұрмысты жақсартуға қатысты (шаштараз, косметикалық бөлмелер, заттарды жалға беру, пәтер жинау, делдалдық қызметтер); 2) дене және рухани қабілеттіліктерді дамытуға қатысты (білім алу, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт, туризм және демалыс, клубтар, кітапханалар мен ойын-сауық мекемелерінің қызметтері т.б.).
  • ғылыми қызметтер: ғылыми әзірлемелер, зертханалық зерттеулер т.б.).
  • әлеуметтік қызметтер (басқару, қоғамдық тәртіпті қорғау, қорғаныс т. б.).

   Бұл қызметтерді өндірістік, көлік, әлеуметтік және экономикалық инфрақұр ылым кәсіпорындары көрсетеді.

   Әрбір сала бойынша оларды көрсететін кәсіпорындардың, кем дегенде, үшеуінің атауын атаңдар.

   Геодерек

   Қазақстан – алманың отаны. Жер бетінде алмаағаштары қазіргі Қазақстанның таулы аудандарындағы Қытаймен шегарасында екі мың метрден астам биіктікте пайда болған.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Экономикада өндіруші, өңдеуші өнеркәсіптерді және қызмет көрсету аясын сәйкесінше экономиканың алғашқы, екінші және үшінші секторлары деп атайды. Неліктен екенін түсіндіріңдер. Мысал келтіріңдер.
  2. Табиғи ресурстың бір түрін мысалға ала отырып, өндіруші, өңдеуші кәсіпорындар мен қызмет көрсету аясы арасындағы өзара байланысты көрсетіңдер.
  3. Параграфтың мәтінінде әрбір саланы жіктеуге ұсынылған белгілерді анықтаңдар. Өндіруші, өңдеуші және қызмет көрсету аясы кәсіпорындарын тағы да басқа қандай белгілері бойынша ажыратуға болатындығын болжаңдар. Өздерің ұсынған жіктеу белгілері бойынша мысал келтіріңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз