5.1 және 5.2-бөлімдеріне шолу

   5.1-бөлім. «табиғат ресурстары» және 5.2-бөлім «Әлеуметтік-экономикалық ресурстар» сабақтары бойынша

   Сендер мыналарды білдіңдер:

  • Табиғат ресурстарын экономикалық бағалау – бұл олардың ақшалай құнының анықталуы. Табиғат ресурстарын экономикалық бағалау кезінде оларды игеруге жұмсалатын жалпы шығын да есепке алынады. Олар техникаға, қосымша материалдарға, инфрақұрылымға, еңбекақыға және басқаларына жұмсалатын шығындарды қамтиды.
  • Табиғат ресурстарын экологиялық бағалау – бұл экологиялық іс-шараларға жұмсалатын шығындардың немесе оны игеруге қатысты орын алатын экологиялық шығын сомасының ақшалай қаражат түрінде өрнектелуі.
  • Аумақтың табиғи-ресурстық әлеуеті – бұл бірге алынған барлық табиғи ресурстар. Олар ғылыми-техникалық өрлеудің жетістіктерін есепке ала отырып, шаруашылықта пайдаланылуы мүмкін. Табиғи-ресурстық әлеуетті бағалау кезінде табиғат ресурстарының құрамы, көлемі және сапасы – маңызды көрсеткіш. Табиғат ресурстары мемлекеттер арасында мүлде біркелкі таралмаған. Тек бірқатар мемлекеттерде ғана табиғи ресурстардың көптеген түрлері бар.
  • Әрбір мемлекет табиғи-ресурстық әлеуетін орынды қолдануға ұмтылуы тиіс. Өйткені ол біркелкі таралмаған.
  • Шаруашылық мақсатта жерден өндіріліп алынатын кез келген дене табиғи ресурс деп аталады. Одан әрі өңдеуге берілетін табиғи ресурс шикізат делінеді. Барлық өңдеу үдерістерін технология деп атайды. Өңдеу үдерісінде түрлі еңбек құралдары – құрал-саймандар, аспаптар және т.б. пайдаланылады, шикізаттан дайын өнім алады.
  • Экономикалық инфрақұрылым – бұл тауарлар мен қызметтің, ақшалай қаражаттың, бағалы қағаздардың, жұмыс күшінің қозғалысын қамтамасыз ететін жүйе. Оларға биржалар, банктер мен басқа да қаржылық ұйымдар, сауда және делдалдық кәсіпорындар, жұмыспен қамту қызметі және басқалары жатады.

   Сендердің қолдарыңнан келеді:

  • табиғат ресурстарының экономикалық және экологиялық бағасын есептеу;
  • табиғат ресурстарының бағасына, табиғат ресурстарын өңдеу орталықтарын, экономикалық инфрақұрылым нысандарын орналастыруға әсер ететін түрткіжайттарды анықтау;
  • белгілі бір аумақтардың табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау және салыстыру, оларды тиімді пайдалану жолдарын айқындау;
  • жоспар бойынша табиғат ресурстарын өңдеу үдерістеріне және экономикалық инфрақұрылым нысандарына сипаттама беру;
  • картадан табиғат ресурстарын өңдеу орталықтарын анықтау;
  • Гант диаграммасын құру, тақырып бойынша сызба мен картасызба, полилог құрастыру.
Өтінемін күте тұрыңыз