1-бөлімге шолу

   «Географиялық зерттеу әдістері» бөлімінің сабақтары бойынша

   Сендердің білгендерің:

  • География нысандардың, құбылыстардың және үдерістердің кеңістіктік орналасуын және таралуын зерттейді.
  • География нысандарды, құбылыстарды және үдерістерді компоненттер, салалар, кеңістіктік қамтылуы және уақыт аралығында дамуы бойынша зерттейді. Бұл географиялық ғылымның жеке тармақтарға бөлінуін жіктеуге жағдай жасайды.
  • Кейбір нысандарды, құбылыстар мен үдерістерді және олардың қасиеттерін бірнеше географиялық ғылымдар зерттейді. Олар географиялық емес ғылыми бағыттарды да қамтиды. Бұл ғылымдарды біріктіруге – интеграциялауға жағдай жасайды.
  • География басқа ғылымдармен бірдей адамзаттың өзекті проблемаларын шешуге бағытталған.
  • География зерттеудің модельдеу және визуалдау, далалық, сипаттаушылық, географиялық салыстыру, талдамалық, теориялық әдістерін қолдану негізінде деректер алады.
  • Зерттеу үдерісінде өңдеу, жүйелеу және талдауға ұшырайтын көптеген сандық және сапалық географиялық деректер жинақталады. Зерттеушілер осы амалдардың негізінде ақпарат алады.
  • Алынған барлық нәтижелер түрлі формаларда жарияланады және әртүрлі ғылыми іс-шараларда ауызша баяндалады.

   Сендер:

  • географиялық ақпаратты визуалдауды;
  • интеллект-карта құрастыруды;
  • географиялық деректерді топтастыруды;
  • географиялық сипаттамаларда көркем мәнерлілік құралдарын қолдануды;
  • түрлі материалдардан өздерің құрастырған түрлі формадағы модельдер негізіндегі географиялық нысандардың, құбылыстардың және үдерістердің қасиеттерін түсіндіруді;
  • дедукция және индукция әдістерімен ой тұжырымын құрастыруды;
  • көлемді мәтіндермен жұмыс барысында қажетті деректерді тауып, оларды ықшамдауды;
  • сандық және сапалық тәртіптегі географиялық деректерді ала, іріктей, ресімдей, өңдей, жүйелей және талдауды;
  • географиялық ақпаратты есеп, баяндама, тезис, аннотация, мақала, пікір, стендтік баяндама, инфографика, тұсаукесер түрінде ұсынуды;
  • «Минто пирамидасы» бойынша мәтіндер құрауды;
  • брошюралар құрастыруды білесіңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз