Әлеуметтік-экономикалық ресурстар. Экономикалық инфрақұрылым элементтері мен функциялары

Cабақтың мақсаты:

  • Қазақстандық компонентті қосымша қамти отырып, экономикалық инфрақұрылым элементтерінің маңыздылығын сипаттамалары негізінде бағалау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Экономикалық инфрақұрылым дегеніміздің не екенін;
  • Инфрақұрылым нысандарының мақсатын;
  • Қандай нысандар экономикалық инфрақұрылымға жататынын білуіміз керек.

   Экономикалық инфрақұрылым

   7-сыныпта өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы түрлі өнімдерді өндіретіні айтылды. Олардың өндірісі үшін көптеген қызмет түрлері, ғимараттар, кәсіпорындар қажет. Олардың қызметінсіз тауар өндіру мүмкін емес. Бұлар энергия және сумен жабдықтау, қойма, жолдар, көлік компаниялары және құралдар. Олардың барлығы өндірістік инфрақұрылымды құрайды. Тауар өндіру үшін кадрлар даярлайтын оқу орындары да қажет. Мектептер мен балабақшалардың, ауруханалардың, клубтардың, туристік орталықтардың қызметі, яғни адамдарға жұмыс істеуге, емделуге, оқуға, бос уақытын өткізуге мүмкіндік беретіндердің барлығы да қажет. Онымен әлеуметтік инфрақұрылым айналысады.
   ​Бұл параграфта сөз экономикалық инфрақұрылым жайында болады.
   ​Экономикалық инфрақұрылымның ерекшелігі – ол нақты бір өнім өндірмейді, тек оларды өндіруге және таратуға жағдай туғызады.

   Экономикалық инфрақұрылым – бұл тауарлар мен қызмет түрлерінің, ақша, бағалы қағаздар, жұмыс күшінің қозғалысын қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен мекемелер жүйесі. Оларға биржалар, банктер, дилерлік және брокерлік кеңселер, жұмыспен қамту қызметтері, ақпараттық-коммерциялық, көтерме сауда және жабдықтауөткізу ұйымдары, прокат және лизинг орындары жатады.

   Экономикалық инфрақұрылымның басты белгілері

   Жүйелілік. Ол өзара тығыз байланыста болатын көптеген компаниялардан, құралдар мен ғимараттардан тұрады.
   ​Ресурс сыйымдылық. Инфрақұрылымның ірі нысандарын құру – шығынды іс. Сондықтан оны құру үшін мемлекет пен ірі бизнестің қатысуы қажет.
   ​Ұзаққа төзімділік. Инфрақұрылымның материалдық нысандары ұзақ уақыт пайдалану үшін құрылады.
   ​Әмбебаптық. Инфрақұрылым қандай да бір зауытқа, фирмаға, аймаққа немесе қалаға қызмет көрсетуді көздемейді. Оны барлығы да пайдалана алады.

   Геосергiту

   «Бір сөзбен атау»

   Жүргізуші қандай да бір белгілері бойынша бір топқа жататын бірнеше нысанды атайды, ал оқушылар нысанды осы атаулардың бір сөзімен біріктіруі қажет. Мысалы, Астана, Мәскеу, Анкара – мемлекет астаналары, Сырдария, Миссисипи, Ніл – өзендер және т. б.

   Экономикалық инфрақұрылымның құрамы

   Нарықтық инфрақұрылым келесі элементтерден тұрады:
   ​Сауда ұйымдары. Олар өздері тауар өндірмейді. Олардың басты міндеті – дайын өнімдердің саудасы. Бір жағынан, олар өндірушілерді құралдармен, технологиялармен, шикізатпен және басқалармен жабдықтайды. Екінші жағынан, солар өндірген тауарларды сатады, халықтың оларға деген қажеттілігін қамтамасыз етеді.
   ​Биржалар. Биржа – бұл ұйымдастырылған және тұрақты түрде әрекет ететін ұйым, онда тауарлардың, валютаның және т.б. ірі көлемде сатылымы жүзеге асырылады.

   Тауар биржасы

   Тауар биржасы – бұл биржа тауарларын сатып алу-сату жүзеге асырылатын орын. Биржалар сауда-саттық жүргізілуі үшін барлық жағдайлар жасайды. Биржалық тауарларға толықтай немесе ішінара биржа арқылы сатылатын, шамамен, 100 шақты тауар түрлері жатады. Олардың үлесіне халықаралық сауданың, шамамен, 20%-ы кіреді. Бұл – дәнді, майлы, талшықты дақылдар, тірі мал, ет, қант, кофе, какао, бұршақтар, өсімдік майлары, картоп, бұрыш, жұмыртқа, жаңғақ, апельсин шырынының концентраты, араланған материалдар, табиғи каучук, бал, қалайы, мыс, қорғасын, мырыш, никель, алюминий және бағалы металдар, мұнай мен мұнай өнімдері.

   Қор биржасы

   Қор биржасы – бұл бағалы қағаздарды сатып алу-сату, олардың нарықтық бағасын анықтау және олар туралы ақпарат тарату жүзеге асырылатын ұйым. Төмен бағаммен бағалы қағаздар сатып алып, оларды әлдеқайда жоғары бағаммен сата отырып, ірі биржалық табыс табуға болады.

   Валюта биржасы

   Валюта биржасы – бұл ұлттық валюталарды еркін сатып алу-сату жүзеге асырылатын орын. Валюта биржасының тікелей мақсаты – шетел валютасының құнын білдіретін валюта курсын анықтау.

   Еңбек биржасы

   Еңбек биржасы – бұл жұмыс күшін жалдау кезінде жұмысшылар мен кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынаста делдал рөлін атқаратын ұйым (еңбекпен қамту орталығы, жұмысқа орналастыру жөніндегі орталық). Еңбек биржасының негізгі міндеттері: жұмыссыздар немесе жұмысын ауыстырғысы келетіндер үшін жұмыс іздеу, жұмыс күшіне және нақты бір мамандыққа сұранысты және ұсынысты зерттеу, жұмыс берушілерде сұранысқа ие жаңа мамандықтарды қайта оқыту және меңгеру. Дағдарысқа және жұмыссыздықтың күрт өсуіне байланысты еңбек биржасының қоғамдық маңыздылығы тоқтаусыз өсіп келеді.

   Аукциондар

   Сауда түрлерінің бірі – аукцион. Аукциондар – бұл алдын ала белгіленген уақытта және арнайы тағайындалған орында жария сауда жолымен аукциондық тауарларды сатуды іске асыратын арнайы компаниялар. Олар әдетте өз қаражаттарына өндірушілерден тауарды сатып алады да, әлдеқайда қымбатырақ етіп қайтадан сатады. Сөйтіп баға айырмасынан өздеріне пайда келтіреді. Музейлер, сурет салондары, көрмелер аукциондардың ұйымдастырушысы бола алады. Аукциондық тауарлардың өз алдына дербес сапасы болады. Олар сирек жағдайда стандарттауға жатқызылады. Аукционға қойылған тауар лот деп аталады. Дүниежүзінің ірі аукциондары: christies, Sotheby's, eBay, Amazon, Taobao.

   Банктер

   Бұлар – нарықтық экономиканың барлық қатысушыларының арасында ақша айналымын қамтамасыз ететін ұйымдар. Қазақстанның заманауи банк жүйесін Ұлттық банк және коммерциялық банктер құрайды.

   Банктік емес мекемелер

   Банктік емес мекемелер – ақшалай қаражатпен жұмыс істейтін, алайда банк мәртебесі жоқ ұйымдар. Оларға сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары, инвестициялық қорлар, несие ұйымдары, ломбардтар және т.б. жатады.

   Төменде көрсетілген нысандардың қызметі туралы өз сөздеріңмен сипаттама беріңдер. 

   Халықтың келу жиілігі бойынша осы нысандардың рейтингісін жасаңдар. Жасаған рейтингтеріңді түсіндіріңдер.

Экономикалық инфрақұрылым саласында брокер, дилер, маклер, қаржы сарапшысы, дүкеншілер жұмыс істейді.

   Геодерек

   Қалаларда, ауаның тазалығы мен биіктікті психологиялық түйсіну тұрғысынан дәрігерлер мен экологтер 5–7-қабаттарда тұруды дұрыс деп санайды. 5-қабатқа дейін пайдаланылған газдар көтеріле алмайды, ал 7-қабаттан кейін кәсіпорындардан шыққан зиянды заттар жинақталып қалады.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Кәдімгі дүкендерден бидайдың, мақтаның, какао-бұршақтардың, мыстың, қалайының, мұнай мен мұнай өнімдерінің, тірі малдың ірі көлемін сатып алуға бола ма? Оларды қайда сатады?
  2. Параграфта аталған экономикалық инфрақұрылым нысандарын орналастыруға айрықша қолайлы орындарды топтарда талқылаңдар және ұсыныңдар. Өз таңдауларыңды түсіндіріңдер. Өз шешімдеріңді картасызбада көрсетіңдер.
  3. Сен тұратын жерде экономикалық инфрақұрылымның қандай элементтері бар? Өзің туған өлкені қандай жаңа нысандармен толықтырғың келеді?
  4. Егер экономикалық инфрақұрылым нысандары болмаса, халық пен өндіріс орындары қандай қиындықтарға тап болар еді?
Өтінемін күте тұрыңыз