Табиғи ресурстарды өңдеу орталықтары мен технологиялары, дайын өнім түрлері

Cабақтың мақсаты:

  • Жергілікті компоненттерді қосымша қамти отырып, табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін өңдеу технологиясының сипаттамасы негізінде дайын өнім түрлері мен орталықтарды атау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Табиғи ресурстардың жекелеген түрлерінің қалай өңделетінін;
  • Түрлі табиғи ресурстардан қандай өнімдер алынатынын;
  • Табиғи ресурстарды қайта өңдеу орталықтары қайда орналасқанын білуіміз керек.

   Мұнайды алғашқы өңдеу немесе тазарту

4-сурет. Мұнайды алғашқы өңдеу

   Шикі мұнайды тазартып, мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) қайта өңдеуден өткізеді. Шикізат бұл жерге құбыр желісі, теміржол немесе теңіз танкерлері арқылы жеткізіледі.
   ​МӨЗ-інде алдымен шикізаттан механикалық қоспалар мен еріген газдарды бөліп алады, артық тұздар мен судан тазартады.
   ​Мұнай өңдеу алғашқы және екінші қайтара өңдеу болып бөлінеді.
   ​Мұнайдың құрамында сұйық, жартылай қатты, қатты, газ тәрізді күйде, шамамен, 1000-дай зат болады. Оның белгілі бір қайнау температурасы жоқ. Құрамындағы кейбір зат тар едәуір төмен температурада қайнаса, енді бірі жоға ры температурада қайнайды. Мұнайдағы қайнау температурасы бірдей заттар тобы фракция деп аталады.
   ​Мұнайды алғашқы өңдеу немесе тазарту – бұл мұнайды фракцияларға бөлу үдерісі. Ол арнайы тазарту колонналарында жүргізіледі (4-сурет). Оларда қыздырылған буды әлдеқайда салқын беткі жағында сұйық күйге айналдыру үдерісі жүреді.
   ​Шикі мұнай алдын ала арнайы пеште (жылан бұрғы) 320–390°С-қа дейін қыздырылады, соның салдарынан булану орын алады. Мұнайдың ыстық буы ыстық сұйықтық пен будың қоспасы түрінде фракциялық айырудың аса үлкен колоннасына қарай бағытталады. Мұнда оның фракцияға бөлінуі жүзеге асады. Ерекше жеңіл заттар колоннаның жоғарғы бөлігіне көтеріліп, ал едәуір ауырлары колоннаның төменгі бөлігінде жинақталады. Ол жерде түрлі фракциялардың булары дәйекті түрде конденсацияланады және арнайы суық тәрелкелерге шөгеді. Олар 30-дан 60-қа дейін болуы мүмкін. Әрбір тәрелкеден алынатын конденсат колоннадан шығарылып, жеке жинақталады.
   ​Мұнайды айдаудан кейін қалған қоймалжың зат гудрон (қара май) деп аталады. Оны жол және құрылыс жабындары ретінде пайдаланады.

   6 фракцияны бөліп алу керек:

  1. Газ (қайнау нүктесі 40°c-қа дейін). Негізгі компоненттері: метан, пропан және бутан. Жанармай ретінде түрлі пластмасса өндірісінде қолданылады.
  2. Бензин (40–180°c). Олардан авиациялық және автомобиль бензинін алады.
  3. Жермай (керосиндер) (180–270°c). Зымыран жанармайы ретінде қолданылады.
  4. Соляр майы (270–360°c). Майлайтын майлар мен дизель жанармайын алуға арналған шикізат.
  5. Мазут (360–550°c). Майлайтын және минералдық майлар, вазелин, парафин алу үшін қолданылады.
  6. Асфальт (550°c-тан жоғары). Бұл фракцияға қалған жартылай қатты және қатты материалдар кіреді.
  • ұңғымадан
  • кен орнынан
  • теңіз танкерлерімен
  • теміржолмен
  • құбырлармен

   Мұнайды екінші қайтара өңдеу

   Мұнайды екінші қайтара өңдеу – бұл кейбір фракциялардың құрамына кіретін заттардың молекулаларын белгілі бір сипаттағы мұнай өнімдерін, сонымен қатар мұнай-химия өндірісі үшін шикізат алу мақсатында химиялық түрлендіру. Мұндай шикізаттан: синтетикалық каучуктер мен резеңкелер; синтетикалық маталар; пластмассалар; полимерлік жұқа қабықшалар (полиэтилен, полипропилен); жуу заттары; еріткіштер, бояулар мен лактар; бояғыштар; тыңайтқыштар; улы химикаттар; балауыз және басқа да көптеген заттар алынады.
   ​Мұнайды айдаудан қалған қалдықтардан кокс өндіріледі. Оларды электродтар мен металлургия өндірісінде пайдаланады. Ал мұнайдан алынатын күкіртті күкірт қышқылы өндірісінде қолданады.
   ​Мұнай өңдеу үдерісі атмосфераға химиялық қосылыстардың шығарылуына алып келеді, қатты дыбыс және иіс шығады. Өрт және жарылыс болу қаупі де бар. Сондықтан МӨЗ-ге адамдар тұратын жерлерден айтарлықтай қашықтықта, сондай-ақ шикізат жеткізу және өнімді алып кете алатындай көліктің күре жолына жақын орналасуы қажет. Көпшілік МӨЗ-інде бу мен салқындататын судың аса үлкен көлемі қажет болатындықтан, жанында суқоймасы – өзен немесе теңіз болуы талап етіледі. Теңіз көлігінің көмегімен түпкілікті өнімді тасымалдауды жеңілдету үшін зауыттар жиі теңіз айлақтарына жақын орналастырылады.
   ​Дүниежүзінің мұнай өңдеу өнеркәсіптері мұнай мен мұнай өнімдерін негізгі тұтынушы – дамыған елдерді бағдарға алады. Әсіресе АҚШтың үлесі зор (дүниежүзі МӨЗ қуатының 21%-ы), Батыс Еуропа (20%), Ресей (17%), Жапония (6%).
   ​Қазақстандық ірі МӨЗ Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларында орналасқан.

   Уақыт таспасындағы мұнай өнімдерін өндіру үдерісінің реттілігін көрсетіңдер.

   Пайдалы кен қазбаларын қайта өңдеу

   Пайдалы кен қазбаларына темір кені мен түсті металдар кені жатады. Мыс өндіру үшін ең алдымен мыс колчеданы, алюминий өндірісі үшін бокситтер, қорғасын үшін қорғасын рудасы, мырыш өндірісі үшін мырышты қоспа қолданылады. Құрамында бір мезетте бірнеше металл болатын кендер де бар, мысалы, мыс, мырыш, қорғасын, қалайы және т.б. Мұндай кендерді полиметалл кендері деп атайды.
   ​Темір мен оның қорытпаларын қара металл; мыс, алюминий, қорғасын, мырыш, қалайы және басқа да кейбір металдар – түсті металдар деп аталады.
   ​Металл алумен айналысатын өнеркәсіп саласы металлургия деп аталады. Металл алу және өндіру тәсілдерінің реттілігі металлургиялық үдеріс делінеді.
   ​Металлургиялық үдерістерге кен шығарудан бастап металл құймасын алуға дейінгі барлық түрлендіру тізбегін жатқызуға болады:

  • кен алу – шахталық (жабық) немесе карьерлік (ашық) тәсілмен;
  • кенді бөлшектеу;
  • кенді ұсақтау;
  • кенді байыту;
  • концентратты металлургиялық жолмен қайта өңдеу;
  • металды тазарту;
  • тауарлық өнімді және дайын өнімді өндіру (шойын, болат, прокат, құйма).

   Металдардан құрастырымдық материалдар алады.
   ​Металдар мен олардың қорытпалары аспаптар (олардың жұмыс атқаратын бөлігін) әзірлеу үшін кеңінен қолданылады. Бұлар көбіне – аспаптық болаттар мен қатты құймалар.
   ​Металл өндіру үлкен көлемде шикізат талап етеді және сондықтан зауыттар мен комбинаттар шикізат немесе жанармай көзіне не олардан қатынайтын көлік ағыны жолына (теміржол) жақын орналасады. Көлік тұтынушыларға жылдам тауар жөнелту үшін де маңызды. Металлургиялық үдеріс үлкен көлемде су болуын талап етеді, сондықтан су нысандарының болуы – маңызды шарт. Сатып алушыға жақын орналасу да маңызды. Қазіргі уақытта экологиялық түрткіжайт та басты рөл атқаратын болды.
   ​Толық кезеңді металлургиялық зауыттар шикізат және жанармай маңында немесе кен (шикізат) мен жанармай ағыны жолында орналасады.
   ​Кейбір зауыттар (қайта илемдейтін және кішігірім) металл сынықтарына (мәшине жасау зауыттарының қалдықтары) негізделеді, сондықтан тұтынушыға бейімделе отырып, ірі қалаларда орналастырылады.
   ​Қара металлургияның аумақтық кәсіпорындары еліміздің төрт облысында орналасқан (Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар), мұнда пайдалы қазбалар кен орындары мен су-энергетикалық ресурстары бар.
   ​Теміртау қаласында, Қарағанды облысында Қарағанды металлургия комбинатының толық циклі жұмыс істейді. Ақтөбе қаласында хром қосылысы зауыты жұмыс істейді.
   ​Темір кені қара металлургия өнеркәсібін дамыту үшін дүниежүзінің 50 елінде өндіріледі. Оны өндіруде Қытай, Бразилия, Аустралия, Ресей, Үндістан елдері көшбасшы болып тұр.
   ​Ірі өндірушілер – Қытай, Жапония, АҚШ, Ресей, Германия. Басты экспорттаушы елдер: ЕО елдері, Жапония, ТМД елдері.
   ​Қазақстанның түсті металлургиясының ірі орталықтары Шығыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында орналасқан.
   ​Мыс қорытуда Чили, АҚШ, Индонезия, Ресей, Канада көш бастап келеді. «Мыс белдеуі» деп аталатын мыс өнеркәсібінің ірі аудандары ның бірі – Орталық Африкада орналасқан. Негізгі алюминий өндірушілер: Қытай, Ресей, Канада, АҚШ, Аустралия, Бразилия, Норвегия. Қалайы өндіруде Қытай, Индонезия Перу, Бразилия, Боливия, Малайзия көшбасшы болып отыр. Қорғасын мен мырыштың ірі өндірушілері – АҚШ, Жапония, Канада, Аустралия, Бразилия.

   Қара металлургияның негізгі өнімдері мыналар:

қайта илемдейтін (қайта өңдеп болат алу үшін) және құйма (қалыпқа келтірілген құйма өндірісі үшін) шойындары; ферроқұймалар; болат кесектері – сұрыптық прокат өндірісі үшін (рельстер, арқалықтар (металдан жасалған діңгектер), шыбықтар, тілкемдер, сымдар, табақтар, құбырлар және т.б.) және ұсталық құймалар – мәшинелердің ірі соғылған бөлшектерін өндіру үшін (білік, ротор, турбина, диск және т.б.).

   Түсті металлургияның негізгі өнімдері мыналар:

сұрыптық прокат үшін түсті металл кесектері (бұрыштықтар, тілкемдер (табақ тәрізді жалпақ болат), шыбықшалар және т.б.); мәшине жасау зауыттарындағы үлгі құймалар үшін түсті металл кесектері (құймалар); лигатура (металл қоспаларына қоспалайтын элементтерді енгізу үшін арналған құйынды) – үлгі құймалар үшін күрделі қосындыланған құймалар өндірісі үшін; мәшине жасаудағы қажеттіліктер үшін таза және айрықша таза металдар құймасы.

   Ұқсастықтары:

   Айырмашылықтары: 

   Өндіру тәсілдерін реттілігімен орналастырыңдар.

  • Кенді байыту
  • Концентратты қайта өңдеу
  • Металды тазарту
  • Кен өндіру
  • Тауар өнімдерін өндіру
  • Кенді бөлшектеу
  • Кенді ұсақтау

   Геосергiту

   «Бұйымды зертте»

   География сабақтарына қатысы бар бір бұйымды таңдап алыңдар. Оны мұқият тексеріңдер. Осы бұйымның басқалар байқай қоймайтын бір қасиетін табыңдар. Осы қасиеті туралы сыныптастарыңа айтыңдар, сосын бұйымды ойынға қатысушы басқа ойыншыға беріңдер.

   Табиғи ресурстарды өңдеу орталықтарын сипаттау жоспары

   Экономикалық географияны бұдан әрі оқу барысында сендер түрлі экономикалық орталықтар мен салаларға сипаттама беретін боласыңдар. Бұл параграфта авторлар табиғи ресурстарды өңдеу орталықтарына сипаттама берудің жалпыланған жоспарын ұсынады:

  • белгілі бір табиғат ресурстарын өңдейтін саланың атауы мен мәні;
  • өңдеудің негізгі технологиялық кезеңдері;
  • өңдеуден алынатын негізгі және қосалқы өнім;
  • саланы орналастыру түрткіжайттары;
  • дайын өнімді өндіру бойынша көшбасшы – Қазақстан аймақтары мен мемлекеттер.

   Геодерек

   Қазақстан Республикасының аумағы батыстан шығысқа қарай 3000 км-ге және солтүстіктен оңтүстікке дейін 1600 км-ге созылып жатыр. Жер кіндігінен арақашықтығы – 6371 км, Халықаралық Аэронавтика Федерациясының анықтауы бойынша ғарышқа дейін – 100 км.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Табиғи ресурстар түрлерін өңдеу технологиялары аумақтың табиғи-ресурстық әлеуетін ашып көрсетуге қалай себепші болады? Жауаптарыңды мысал келтіре отырып дәлелдеңдер.
  2. Шикізат өңдеу кәсіпорындарын шикізат қорлары таусылған жағдайда қалай пайдалануға болады? Жауаптарыңды мысал келтіре отырып дәлелдеңдер.
  3. Параграфта айтылған шикізат өңдеу орталықтарын орналастыру түрткіжайттарының тізімін жасаңдар.
  4. Табиғи ресурстарды өңдеу орталықтарын орналастыруда қандай түрткіжайт бәрінен де маңызды болып табылады? Жауаптарыңды мысал келтіре отырып дәлелдеңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз