Дүниежүзі аймақтарының табиғи-ресурстық әлеуеті

Cабақтың мақсаты:

  • Дүниежүзінің жекелеген аймақтарының табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Табиғи-ресурстық әлеует дегеннің  не екенін;
  • Табиғи-ресурстық әлеуеттің қалай бағаланатынын;
  • Дүниежүзінің аймақтары арасында табиғи ресурстар қалай үлестірілгенін;
  • Табиғи-ресурстық әлеуетті пайдаланудың тиімділігін арттыру жолдарын білуіміз керек.

   Аумақтың табиғи-ресурстық әлеуеті

   Аумақтың табиғи-ресурстық әлеуеті – бұл белгілі бір аумақтың бірге алынған барлық табиғи ресурстары. Олар ғылыми-техникалық өрлеудің жетістіктерін есепке ала отырып, шаруашылықта пайдаланылуы мүмкін.
   ​Алайда ресурстардың жиынтығына қарағанда, «әлеует» түсінігінің мағынасы кең. Әлеует – бұл халықтың жоғары материалдық және мәдени өмір деңгейіне қол жеткізуі үшін мемлекет қолдануы мүмкін түпнұсқаларды, мүмкіндіктерді, құралдар мен қорларды білдіреді.
   ​Табиғи ресурстардың алуан түрлілігі, жеткілікті көлемі мен сапасы кез келген мемлекетке өз шаруашылығын тиімді дамытуға, көптеген тауарлар тізімін өндіруге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, басқа елдердің тауарынан тәуелсіз болуға мүмкіндік береді. Көптеген ресурстар таусылуға жақын болған жағдайда, жаңартып отыратын ресурстардың болуы маңызды. Технологияның дамуы бұрындары өңделген ресурстардың қалдықтарынан қажетті элементтерді алуға мүмкіндік береді. Бұл аумақтың әлеуетін арттыруы мүмкін. Ресурстардың жаңа түрлерінің айқындалуы мемлекеттерге өзінің экономикасын жаңа тауар шығаруға қайта бейімделуге мүмкіндік береді. Бір ғана ресурстың пайдаланылуының кешенділігі де үлкен маңызға ие. Мысалы, ірі өзендер сумен қамтамасыз етуде, сондай-ақ кеме шаруашылығында, балық аулауда, гидроэлектрэнергиясын өндіруде, туризмде пайдаланылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ресурстың құны мен бағалылығы бірнеше есе өседі.
   ​Дүниежүзі шаруашылығының табиғи-ресурстық әлеуеті (табиғат ресурстары) алуан түрлі. Ол энергетикалық, жер және топырақ, су, орман, биологиялық (өсімдік және жануарлар әлемі), минералдық (пайдалы қазбалар), климаттық және рекреациялық ресурстарды қамтиды.
   ​Табиғи-ресурстық әлеует бірге алынған барлық ресурстардың құнымен өрнектеледі. Ол үшін алдымен ресурстың әрбір түрінің құнын анықтайды. Сонан кейін олардың әрқайсысының құнының көрсеткіштерін бір-біріне қосады.
   ​Осы аумақтағы әрбір ресурстардың қорына және осы ресурс бірлігінің бағасына қарай құны есептеледі.
   ​Табиғи ресурстың бір бірлігінің бағасы бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігінде жарияланады. Барлық сатып алушылар мен сатушылар оны мұқият қадағалап отырады.
   ​Ресурстардың жекелеген түрлерінің құны оның мөлшері бойынша емес, одан әзірленетін өнімнің құны бойынша есептеледі. Мысалы, желдің бағасы жоқ, ал оны пайдаланып өндірген электр энергиясы ақшалай қаражаттың мөлшерімен өрнектеледі. Топырақтың құнын одан алынған өнім бағасының жиынтығы бойынша анықтауға болады.
   ​Табиғи ресурстық әлеуетті бағалау кезіндегі маңызды көрсеткіштер – табиғи ресурстардың құрамы, мөлшері және сапасы.
   ​Құрамы ресурстардың бар тізімін көрсетеді. Тізімде ресурстар қаншалықты көп болса, аумақтың әлеуеті соншалықты жоғары болады.
   ​Мөлшері ретінде ресурстар қорының физикалық шамасы алынады (массасы, көлемі, ауданы).
   ​Сапасы ретінде құрамында пайдалы заттың болуы, қуаттылығы, калориялылығы, қолжетімділігі және т.б. алынады.
   ​Табиғи-ресурстық әлеуеттің құнын анықтауда ресурстардың әр алуан түрлерінің аумақтық үйлесімі үлкен рөл атқарады. Мысалы, темір кенінен шойынды қорытып шығару үшін кокстелген көмірдің үлкен мөлшері шығындалады. Егер де мемлекетте темір кені мен көмір кен орындары бар болса, онда оның әлеуеті басқа мемлекеттерге қарағанда жоғары болады. Металл кендерінен басқа түсті металдар өндіру үшін арзан электр энергиясы мен су көздері қажет. Сондықтан түсті металл, қоңыр көмір қорлары, өзендері бар елдер оларды өндіруде үлкен басымдықтарға ие.

   Табиғи-ресурстық әлеует дүниежүзі елдеріне қандай артықшылықтар береді?

  • табиғи ресурстардың алуан түрлілігі, жеткілікті көлемі мен сапасы кез келген мемлекетке өз шаруашылығын тиімді дамытуға, өз тауарын өндіруге мүмкіндік береді. Осының есебінен халықтың әл-ауқаты мен мәдени деңгейі көтеріледі.
  • табиғи ресурстардың алуан түрлілігі мемлекетті байытуға жұмсалуы мүмкін.

   Аумақтың табиғи-ресурстық әлеуеті қандай көрсеткіштер бойынша бағаланады?

  • құрамы
  • мөлшері
  • орналасқан жері
  • құны
  • сапасы

   Қандай жағдайда табиғи ресурстардың құны өседі?

   Табиғи ресурстардың дүниежүзі елдері бойынша таралуы

   Елдер арасында табиғи ресурстардың мөлшері бірдей емес. Тек бірқатар ірі елдерде (Ресей, АҚШ, Канада, Қытай, ОАР, Аустралия, Қазақстан) ғана олардың бай қоры бар.
   ​Іс жүзінде мемлекеттердің ешқайсысында заманауи экономика үшін қажетті барлық минералдық шикізат түрлерінің қорына бірдей ие емес, оларды импорттамай тұра алмайды.
   ​Экономикасы дамыған елдерде тауар өндірісіне көп ресурс жұмсалады. Көпшілігі шын мәнінде өз ресурстарын тауысып, оларды дүниежүзінің басқа өңірлерінен тасымалдап әкеледі.
   ​Тауар көп өндірмейтін дамушы елдерде олардың мөлшері жеткілікті және олар табиғат байлықтарын шикізат түрінде дамыған елдерге сатады.
   ​Дүниежүзінде дамушы елдер аймағынан дамыған елдер орналасқан аймаққа қарай шикізат тасымалдау ағыны қалыптасқан. Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азия елдері өз ресурстарын Солтүстік Америкаға, Батыс Еуропаға, Шығыс және ОңтүстікШығыс Азияға жөнелтеді. Кейбір дамыған елдер, мысалы, Канада мен Аустралия, өз шикізаттарын сатылымға шығарады.
   ​Бұл ретте сатып алушылардың шикізат жеткізіліміне тәуелділігі артып келеді. Табиғи ресурстарды сатушы-елдерде шикізат өндіруден басқа салалар дамымай қалған. Осы себепті кейбір елдер қазіргі уақытта өздерінің табиғи-ресурс тық әлеуетін барынша тиімді пайдалануға тырысады.

   Жер шарындағы табиғи ресурстарға бай және табиғи ресурстары мардымсыз мемлекеттердің тізімін жаса. 

   Геосергiту

   «Сәлем, ғаламшар»

   Оң жақтағы және сол жақтағы көршілеріңмен қандай да бір шет тілінде сәлемдесіңдер. Сергітуге көбірек қарқын беру үшін барлық оқушы бір мезетте орындағаны дұрыс. Сәлемдесуді айтпас бұрын көршіңнің көзіне тіке және күлімдей қарауың қажет. Сәлемдесу түрлері, мүмкіндігінше қайталанбағаны дұрыс. Алдын ала сөздер жаттап алуға немесе қима қағаз әзірлеуге болады.

   Табиғи-ресурстық әлеуетті пайдалану

   Параграфтың басында «әлеует дегеніміз – бұл мүмкіндіктер» екені айтылды. Дүниежүзінде ресурстары мол елдер (Африка, Азия, Латын Америкасы елдері) бар, бірақ олар кедей. Табиғи байлықтары шын мәнінде мүлде жоқ елдер де бар, алайда олар ғаламшарымыздың ең қамтамасыз етілген елдерінің (Жапония) қатарына жатады.
   ​Мемлекеттердің бірінші тобы өз байлықтарына бейберекет қарайды. Үнемі табиғи қорын өндіреді және төмен бағада үлкен көлемде сыртқа сатады.
   ​Мемлекеттердің екінші тобы ғылымның, шығармашылықтың, жаңарту мен жаңа технологиялардың арқасында табиғи ресурстардың әрбір түрін орынды пайдаланады және ұлттық байлықты еселеп отырады.
   ​Мысалы, Аустралияда ауқымды жайылым бар, онда қой өсіріледі. Қой басының саны бойынша ол дүниежүзінде бірінші орынды иеленеді. Аустралияның қой жүні бүкіл дүниежүзінде сатылады. Алайда қой етінің нарығы шектеулі, өйткені еуропалық және америкалық елдер сиыр, шошқа, құс еті мен балықты ұнататындықтан, оны тамаққа сирек пайдаланады. Қой еті мұсылман елдерінде кеңінен пайдаланылады, алайда бұл елдер қой етін ислам шариғатына сәйкес сойып, тасымалдайтын жеткізушілерден ғана сатып алады. Аустралия фермерлері мен ет өндірушілері өз өндірісін мұсылмандық «Халал» сапа стандартына қайта бағдарлап, халқы ислам дінін ұстанатын ірі мемлекеттерде өнімдерін ойдағыдай сатуда. Бұл табиғи байлықтар – шаруашылық дәстүр мен сатып алушыларға деген құрмет елдің байлығын қалай үстемелегендігінің (арттырғандығының) айқын көрінісі.
   ​Қазіргі уақытта дүниежүзінде табиғи-ресурстық әлеуетті сақтаудың төмендегідей негізгі бағыттары қалыптасқан:

  • пайдалы қазбаларды өндіру технологиясын жетілдіру;
  • өндірілген шикізаттың барлық компоненттерін кешенді түрде қайта өңдеу, аз қалдықты және қалдықсыз технологияға біртін - деп өту;
  • пайдаланылатын технологиялардың материал жұмсауы мен энергия жұмсауын төмендету;
  • табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін басқа материалдармен алмастыру;
  • қалдықтарды екінші рет өңдеп, пайдалану;
  • дәстүрлі емес энергия көздері мен жаңа материалдарды пайдалану;
  • жаңғыртылатын ресурстарды (су, орман, топырақ) қайта қалпына келтіру бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу;
  • суландыру мен егін алқабын өңдеудің жаңа технологияларын енгізу;
  • барлық сала кәсіпорындарында тазарту ғимараттарын орнату.

   Израиль экс-премьер-министрі Шимон Перестің 2015 жылы Киев қаласында сөйлеген сөзінен үзіндіні (қысқартылып алынған) оқыңдар және оның негізгі ойын бір сөйлеммен жеткізіңдер.

   «Біз жер туралы армандадық, алайда біздің алған жеріміз армандағандай жер емес еді. Бұл аядай жер Таяу Шығыстың мыңнан бір бөлігі болды. Бұл жер бізге аса жақсылық әкеле қойған жоқ. Жері балшық, бәкене шыбындарға толы, оңтүстігінде шөл дала, тастар жатты. Масалар мен тастардың арасын таңдау қажет болды. Ол жерде екі көлдің бірі өлі болса, енді бірі құрып кету алдында тұрды. Елге белгілі өзен де болды, бірақ онда су жоқ еді. Яғни су мүлде жоқ болды. Ешқандай табиғи ресурс та – алтын да, мұнай да болмаған. Сол кездері Таяу Шығыста екі типті мемлекет қана болды: мұнайлы ел және қасиетті ел. Біздің ел тіпті қасиетті болатын, өйткені мүлде еш нәрсе жоқ еді.
   Сосын біз табиғаттың ең үлкен байлығы – бұл адамзат баласы деп ойладық. Жер халықты емес, адамдар жерді байытты.
   Біз барлығымыз ғалым болып шықтық. Израильде әрбір фермер, әрбір кибуц «ауылшаруашылығын сусыз, жерсіз қалай дамытуға болады» дегенді қарастырды. Біз оны дамыта бастадық. Бұл хай-текке негізделген дүниежүзіндегі алғашқы ауылшаруашылығы болды.
   Үлкен таңырқау туғызғаны, жерге ғана емес, хай-текке негізделген ауылшаруашылығы да жұмыс істейтіндігі айқындалды. Бүгінгі күні бізде су жеткілікті. Әдетте суды табады, өндірмейді. Ал біз оны өндірдік. Және де біз табысқа қол жеткіздік. Біз суды тұщыландыра бастадық. Біз суды өте көп «ішпейтін» көгөністерді іздедік, селекциямен айналыстық. Міне, сіздерге нағыз құпия сыр, болашақ үшін сіздердің не тапқандарыңыз маңызды емес, не өндіргендеріңіз маңызды.
   Барлық адамдарда әлеует – өте үлкен. Алайда олардың барлығы аздап жалқаулау. Бір нәрсеге қол жеткізгілеріңіз келсе, еңбек ету қажет. Аспаннан ештеңе өздігінен түспейді. Біз Израильде өте көп еңбектендік. Мұның несі жаман? ... Түңілудің қажеті жоқ, ол – уақытты босқа өткізу, әсіресе заман өзгеріп жатқанда. Ғылымның соңынан жүру қажет. Ғылымда шегара, шектеулер жоқ ...».

Қазіргі уақытта Израильдің тиімді экономикасы бар ел болуына қандай түрткіжайттар себепші болды? 

   Геодерек

   Мемлекеттердің әуе аумағы болады, яғни мемлекеттің құрлықтағы және судағы аумағының үстінде орналасқан әуе кеңістігі бар. Ол мемлекеттік аумақтың құрамына кіреді. Оның жақтаулық шегарасы – құрлықтағы және судағы аумақтарының шегаралары арқылы өтетін тік жазықтық. Мемлекеттердің әуе аумағының жоғарғы шегарасы, шамамен, 100–110 км биіктікте орналасқан.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Картаның, қосымша ақпарат көздерінің және аймақтардың табиғи-ресурстық әлеуеттерін салыстыру бойынша қамтамасыз етілу деңгейі бойынша дүниежүзі елдерінің алғашқы ондығын анықтаңдар а) ресурс түрлерінің көптігі; ә) ресурстардың жекелеген түрлері.
  2. Табиғи ресурстармен қамтылу деңгейі төмен елдерді анықтаңдар. Бұл елдердің ортақ ұқсастықтары қандай?
  3. Табиғи ресурстармен қамтылу деңгейі төмен елдерді анықтаңдар. Бұл елдердің ортақ ұқсастықтары қандай?
  4. «Қазақстанның табиғи-ресурстық әлеуеті» тақырыбына полилог әзірлеңдер.

   Үлгі ретінде сұрақтар тізімі:

  • Мемлекетімізде қандай табиғи ресурс түрлері орналасқан?
  • Басқа елдерден қандай ресурстарды сатып алу қажет?
  • Қазіргі бар ресурстардан не өндіруге болады?
  • Ресурстардың жекелеген түрлерін немен алмастыруға болады?
  • Олардан тағы да басқа қандай жаңа зат өндіруге болады?
  • Жекелеген ресурстарды басқаша қалай пайдалануға болады?
  • Ресурстарды қалай көбейтуге және үнемдеуге болады?
Өтінемін күте тұрыңыз