Табиғи ресурстар. Табиғат ресурстарын экономикалық және экологиялық бағалау

Cабақтың мақсаты:

  • Табиғат ресурстарына экономикалық және экологиялық бағалау жүргізу.

Мақсатқа жету үшін:

  • Ресурстарды экономикалық бағалаудың  не екенін;
  • Ресурстарды экологиялық бағалаудың не екенін;
  • Ресурстардың қалай бағаланатынын білуіміз керек.

   Табиғат ресурстарын экономикалық бағалау

   7-сыныпта «табиғат ресурстары» деген түсінікпен, табиғи байлықтардың жіктелуімен, ресурстармен қамту деңгейін есептеу тәсілдерімен таныстыңдар. 8-сыныпта сендер табиғи ресурстарды бағалау тәсілдерін зерттеуді жалғастырасыңдар.
   ​Кез келген мемлекет немесе кәсіпорын белгілі бір ресурстарды игергенде қандай ақшалай тиімділікке қол жеткізетіндіктерін алдын ала білгісі келеді. Оларды табиғат байлықтарын игерген кезде қандай шығындар болуы мүмкін екендігі, қандай табыс алатындығы қызықтырады. Мұндай бағалау оларды игеруге тұрарлық па екендігін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
   ​Табиғи ресурстардың құнын ақшамен бағалау үшін олардың натурал мөлшерін (өлшеу бірлігіне сәйкес жалпы қорын) анықтау қажет.
   ​Барлық кендер, ағаш сүрегінен басқа биологиялық ресурстар, бағалы тастар салмақ бірлігімен, су, газ және сүректер – көлем бірлігімен, жер ресурстары – аудан бірлігімен өлшенеді.
   ​Ресурстардың кейбір түрлерінің натурал шамасын өлшеу қиын және оларды балмен бағалау қолданылады. Бұлар – топырақтар, рекреациялық ресурстар.
   ​Кейде ресурстардың жекелеген түрлерін натурал шамасымен де, балмен де (балл) бағалайды. Мысалы, екі жер телімінің ауданы бірдей. Бірақ олардың біреуінің ақшалай құны ондағы топырақтың құнарлырақ болуына немесе жер бедері әлдеқайда жазық болуына байланысты қымбатырақ болуы мүмкін. Ол жерде қызықтыратын қосымша элементтер – суы, орманның әдемі жері болуы немесе ол жолға және ірі қалаға жақын болуы мүмкін. Телімнің осы қосымша сипаттамалары оның балмен құнын арттырады.
   ​Табиғи ресурстардың ақшалай құнын анықтау үшін олардың натурал шамасын сауда-саттыққа қабылданған осы шаманың бір бірлігінің құнына көбейту қажет.
   ​Мысалы, орман телімінде сағызқарағай сүрегінің, шамамен, қоры 100 000 м3-пен бағаланады. Нарықта 1 м3 сағызқарағайдың құны 25 200 теңгені құрайды. Сонда сүректің жалпы қоры 2 520 000 000 теңгеге бағаланады.
   ​Алайда, ресурстар бұл толықтай қажетті элементтерден құралмайтын табиғат денелері екендігін есте ұстау өте маңызды. Олардың құрамында қажетсіз элементтер де болуы мүмкін. Мысалы, Қостанай облысы Сарыбай кен орнындағы темір кенінің құрамында 33% темір бар, ал қалған көлемін кремнезем, күкірт және фосфор құрайды.
   ​Мұнда 1 т шойын қорыту үшін, кем дегенде, 3 т кен өндіру қажет. Кен орнындағы темір кені қорының құнын анықтау үшін сол кеннің емес, шойынның құны есепке алынады. 2017 жылғы жағдай бойынша 1 т шойын Қазақстанда, шамамен, 200 мың теңгеден сатылды.
   ​Қостанай облысының Сарыбай кен орнындағы темір кенінің жалпы қоры 889 млн тоннаны құрайды.
   ​Ресурстарды игеруге жұмсалатын шығын жалпы алғанда техникаға жұмсалатын шығындарды, қосымша материалдарды, инфрақұрылымды, еңбекақыны және басқаларды құрайды. Мысалы, 1 т шойын өндіру үшін 3 т-дан астам кен, 1,1 тонна қорытқы көмір, 20 тонна су, сонымен бірге түрлі мөлшерде басқа да материалдар қажет.
   ​Егер де ресурстар аз, ал оны өндіруге жұмсалатын шығын көп болса, онда оларды табиғаттан өндіріп алу іске асырылмайды.

   Табиғат ресурстарын экономикалық бағалау – олардың құнының ақшаға шаққандағы бағасы.

   БАҚ-тан табиғат ресурстарын сатып алу, сату жөніндегі материалдарды оқыңдар және олардың әрқайсысының өлшем бірлігін анықтаңдар.

Ұнтақталған темір кенін сатамын. Темірдің салмақ үлесі 42% кеніштен жөнелтіледі. Жалпы көлемі – 10 990 тонна.

Орман жидектерін – қаражидек, итбүлдірген, көкжидек, қарабүлдіргенді ірі көлемде көтерме бағамен сатып аламыз. 1 тоннадан кем емес көлемде ұсыну сұралады.

Қарағайдан кесілген тақтай. Қалыңдығы – 20–50 мм, ені – 100 мм-ден бастап, ұзындығы – 4–6 м. Айына 10 вагонға дейін жөнелтіледі.

Лағыл тасын сатамын, 53.36 карат. Бағасы келісімді.

Техникалық су жеткізіп беруді жүзеге асырамыз. Судың куб метріне тапсырыс қаншалықты көп болса, оны жеткізу құны соншалықты төмен болады.

2017 жылдың 1 тамызынан бастап табиғи газдың тарифі 1000 куб метрге 17336,94 теңгені құрайды.

Тұрғын үй салуға арналған 57 сотық жер телімін сатамын. Бөлінбейді, су, жарық, кәріз жүйесі тартылған.

Лондон биржасындағы сауда мәліметтері бойынша, Brent маркалы мұнай құны бар реліне 64 доллардан асты.

   Параграфтың мәтінінде берілген мәліметтер бойынша, Сарыбай кен орнындағы темір кені қорының құнын ақшамен өрнектеп, есептеңдер.

   Табиғат ресурстарын игеруге жұмсалатын шығындардың кең көлемде тізімін ұсыныңдар. 

   Геосергiту

   Көзге арналған жаттығулар. Шарттары: солтүстік – жоғары, оңтүстік – төмен, батыс – солға, шығыс – оңға, жер шарын айналу – көз қарашығын айналдыру, күн-түн – жыпылықтату. Көз қарашығын ең жоғарғы амплитудамен айналдырыңдар: 1) солтүстік-оңтүстік (8 рет); 2) сағат тілінің бағытымен (4 рет) және сағат тіліне қарсы бағытта (4 рет) жер шарын айналдыра; 3) шығыс-батыс және батыс-шығыс (3 рет); 4) күн-түн (8 рет).

   Табиғат ресурстарын экологиялық бағалау

   Табиғат ресурстарын экологиялық бағалау – бұл экологиялық іс-шараларға жұмсалатын шығындардың немесе оны игеруге қатысты орын алатын экологиялық шығын сомасының ақшалай қаражат түрінде өрнектелуі.

   Табиғат ресурстарын игеруші әрбір кәсіпорын табиғат қорғау мақсатында шикізат пен материалдар сатып алады. Ол табиғат қорғау нысандарын өз шығыны есебінен қаржыландырады және пайдаланады. Мұндай нысандардың жұмыс істеуі үшін тазартқыш ғимараттар, сүзгілер, жинақтауға, қайта өңдеуге, қалдықтарды жоюға арналған жабдықтар сатып алынады және орнатылады. Компаниялар, зауыттар, фабрикалар, фермерлер қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін салық төлейді және төлемдерді жүзеге асырады. Оларға қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалатын шығындар (аумақты көгалдандыру, жер қорын, су нысандарын қалпына келтіру) жатады. Экологиялық қауіп туындаған кезде кәсіпорындар экологиялық сараптама жүргізуге жұмсалатын қызмет ақысын төлейді. Олардың әрқайсысы экологиялық сақтандыру қаражатын төлеуге міндетті. Сонымен қатар табиғат қорғау іс-шараларының шеңберінде жұмыс жасайтын қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығындар қарастырылады.
   ​Егер ресурстарды сатудан түсетін табыс осы шығындарды жабатын болса, онда табиғи ресурстардың көзі экономикалық тұрғыдан тиімді. Экономикалық тиімділігімен қатар, әлеуметтік әсері де есепке алынады.
   ​Алматы қаласына жақын маңдағы Қапшағай суқоймасының құрылысын салу барысында бірнеше елді мекен, пайдаланудағы ауқымды жер, минералды су кен орындары, жайылма орман-тоғайлар, жергілікті флора мен фауна өкілдері су астында қалды. Шығындардың бір бөлігі адамдарды басқа жерлерге көшіруге жұмсалды. Алайда суқоймасының арқасында гидроэлектрэнергиясын өндіру, 400 мың га егістік жерді ауыспалы егіске айналдыру, Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктері пайда болды.
   ​Кейде ресурстарды өндіруден түсетін табыс мөлшері көп және оны игеруге жұмсалған барлық шығынды өтеуі мүмкін. Бірақ табиғатқа келтірілген шығын ресурсты сатудан түсетін пайдадан әлдеқайда артық болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оларды табиғат қойнауынан алудан бас тартылады.

   Апшағай суқоймасы құрылысының пайдалы-пайдасыз жақтарын келтіре отырып, «иә» және «қарсымын» дәлелдерін келтіріңдер.

   Қазақстандық компаниялардың бірінің «Жылдық есебінен» фрагмент оқып көріңдер. Қосымша дереккөздерін пайдаланып, мәтінде аталған өсімдіктің бір көшетінің бағасын анықтаңдар және компанияның аумақты көгалдандыруға жұмсайтын жалпы шығынын есептеңдер.

   «Компанияның ауласы мен іргелес жатқан аумақтағы қала көшелерін көгалдандыру аясында ағаштар, бұталар, гүлдер отырғызылады. Оларға күн сайын компания қызметкерлері күтім жасайды және су құяды. Алаңқай шеңберіндегі көгалдандыру 306 м2-ді құрайды: 17 шырша биіктігі – 3,5–4 м (13–16 жыл); боз арша – 16 дана (10–13 жыл), сансыз көп гүлбақшалар. Іргелес жатқан аумақта солтүстік және шығыс жақтарында 150 м2 аумаққа ағаштар мен бұталар отырғызылған: қысқа шыбықты емен – 22 дана (жасы 6 жыл, d = 0,01 м); спирея бұтасы – 18 дана. Жалпы көгалдандыру ауданы – 456 м2. Бұл кешен орналасқан аумақтың 5,9%-ын құрайды».

   Заманауи мамандық тізімдерінде бағалау мамандығы пайда болды. Ол табиғат ресурстарының бағасы мен құндылығын анықтаумен айналысады.

   Геодерек

   ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізіміне Қазақстаннан «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Таңбалы тас археологиялық ландшафтысындағы петроглифтер», «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» (Қорғалжың және Наурызым қорықтары), «Чаньань-Тянь-Шань дәлізіндегі Ұлы Жібек жолы нысандары» (Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе және Өрнек), «Батыс Тянь-Шань» (Қаратау және Ақсу-Жабағылы қорықтары, Сайрам-Өгем ұлттық саябағы) енген.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Таңбалы петроглифтері
Сарыарка

Ойыңды тұжырымда

   Гант диаграммасында табиғи ресурстарды бағалау бойынша және экономикалық және экологиялық бағалаумен қоса, барлық іс-әрекеттердің ретін көрсетіңдер. Гант диаграммасын құру тәсілдерін сендер 7-сыныпта өттіңдер.
  1. «Жер ресурстарын бағалау» жобасын орындаңдар. Үй жанындағы телімнен өнім алу үшін оның иегерлері қандай шығын жасайтынын сұхбат алу тәсілімен анықтаңдар. Телім иегерлерінің ақшаға сатып алатын тауарлары мен қызметтерінің бағасы туралы ақпаратты қолдана отырып, шығынның жалпы көлемін есептеңдер. Олардан алынатын өнімнің мөлшері туралы біліңдер. Өнімді ақшалай қаражат түрінде көрсетіңдер. Шығын мен табыс арасындағы айырманы анықтаңдар және телімді игерудің тиімділік дәрежесін анықтаңдар. Телім иегерлері қандай әлеуметтік пайдаға қол жеткізеді? Шығындарды оңтайландыру және табыстарды арттыру жолдарын ұсыныңдар. Ортақ тұжырымдама жасаңдар.
  2. Коммуналдық төлемдер үшін берілетін түбіртекті қараңдар да, суық және ыстық судың, газдың, электр энергиясының өлшем бірлігіне төленетін бағасын біліңдер. Көмірді, отынды, сұйық отынды қандай өлшем бірлікпен сатып алады? Олардың бір бірлігі үшін төленетін құнын анықтаңдар.
  3. Астананың іргесіндегі ауданы 10 сотық жер телімінің сатылымы туралы екі хабарламаны қараңдар және анықтаңдар. Олардың бағасы неге әртүрлі? Натурал шамасынан басқа, бағасына тағы да басқа не әсер етуі мүмкін?

   10 сотық жер телімі, Жібек жолы, 4,5 млн теңгеге Астана

   Қаланың шетінде, ЖТҚ, жарық, мемл.акт, Жібек жолы кенті №7 ықшамаудандағы телім, 0,9 сотықтан 14 сотыққа дейін, қасында Есіл өзені орналасқан. Аста наның сол жағалауының сұлу келбеті алыстан көрінеді. Таза ауа, əдемі табиғат, жанынан коттеджер бой көтеруде. Меншік иесі 84 қаралым 26 қараша

   10 сотық телім, Алматы ауданы, 2 млн теңгеге Астана

   Бөлінетін, бау-бақша шаруашылығы, Павлодар трассасы бойында, МАИ бекетінен 8 км жерде, Павлодар трассасының 1-желісін бойлай орналасқан, бизнес жүргізуге қолайлы. Барлық құжаттары қолымызда, мемлекеттік акт бар. «Шие бағы» БО. Қасында көл, демалыс зонасы бар. Саудаласу қарастырылады. Меншік иесі 897 қаралым 1 түсіндірме, 26 қараша
Өтінемін күте тұрыңыз