8-тәжірибелік жұмыс

   Қазақстандағы демографиялық жағдайдың жекелеген көрсеткіштерін (өз таңдауың бойынша): халық санын, бала туылуы, өлімжітім, табиғи өсім, күтілген өмір сүру ұзақтығы және бөлімнің мазмұнында көрсетілген басқа да көрсеткіштердің алшақтығына талдау (GAP-Analysis) жасаңдар.
   ​Халық санын талдау кезінде 2030 жылға қарай Қазақстан халқының санын 25 миллион адамға жеткізудің мақсатын жазыңдар. Оны ағымдағы халық санымен салыстырыңдар. Олардың арасындағы алшақтықты анықтаңдар. Алшақтықтың қандай зардаптары болуы мүмкін? Мысалы, еңбек ресурстарының жетіспеушілігі, оны тұрғындардың этникалық құрамын өзгертуге әкелетін еңбек мигранттарының есебінен толтыру. Алшақтықтың себебі неде? Мүмкін ол, бала туылу қарқынының төмендігі немесе өлім-жітімнің артуы немесе көшіп-қону салдарынан халық санының кемуі болар. Қандай іс-шаралар мақсатқа қол жеткізуге және себебін жоюға көмектеседі? Мысалы, бала туылуын материалдық тұрғыдан ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау, елге бұрынғы отандастарды тарту және т.б.
   ​Қазақстан әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің клубына кіруге ұмтылуда. Демографиялық сипаттамаларды талдау кезінде сол параметр бойынша демографиялық рейтингіде 30-орында тұрған елдердің көрсеткіштерін мақсат етіп алуға болады.
   ​Мысалы, АҚШ орташа өмір сүру ұзақтығы жоғары (78 жас) елдердің тізімінде 30-орында тұр. Қазақстан 124-орында (67 жас). Орындардағы алшақтық – 94 орын, өмір сүру ұзақтығында – 11 жыл айырмашылық бар.
   ​Демографиялық көрсеткіштердің деңгейін анықтау кезінде 44–45-параграфтарда келтірілген бағалау шәкілдерін пайдаланыңдар.

   4.1-бөлімге шолу

   4.1-бөлім. «Халық географиясы» сабақтары бойынша

   Сендер білесіңдер:

   Мемлекет халық санын есепке алуды келесі негізде жүргізеді:

  1. Санақ
  2. Мемлекеттік органдардың берген есебі.

   Халық санының ұдайы өсуі – бала туылу және өлім-жітім негізінде халық саны мен құрылымының тұрақты түрде жаңарып отыруы.
   ​Құрылым – бұл жас ерекшелігі, жынысы, некеге қатыстылығы, отбасылық мәртебесі бойынша бөлінген адамдардың түрлі топтарының арақатынасы (үлесі).
   ​Халық санының ұдайы өсуінің сандық сипаттамасы ұдайы өсу режимі деп аталады. Халықтың шектелген, қарапайым және кеңейтілген ұдайы өсіпөнуі режимдері бар.
   ​Халық санының ұдайы өсуінің бірінші типіне бала туылу мен өлім-жітімнің төменгі көрсеткіштері тән. Ал халық санының ұдайы өсуінің екінші типіне бала туылу мен өлім-жітімнің жоғары көрсеткіштері тән.
   ​Белгілі бір аумақта өтетін демографиялық үдерістердің кешенді сандық сипаты мен сапалық бағалануы демографиялық жағдай деп аталады.
   ​Әрбір демографиялық көрсеткіш бойынша бағалау шәкілдері әзірленген, ол бойынша қалыптасқан демографиялық қиындықтарды байқауға болады. Дамыған елдерге «демографиялық дағдарысы, дамушы елдерге – «демографиялық дүмпу» тән.
   ​Мемлекет өзі қалаған бағытта демографиялық үдерістерге әсер ете алатын іс-шаралар кешені демографиялық саясат деп аталады. Халық санының ұдайы өсуінің бірінші типіне жататын елдер ынталандыру, ал екінші типіне жататын елдер – шектеу саясатын жүргізеді.

   Қолдарыңнан келеді:

  • Мақсатын, халық санағы бағдарламасын, азаматтық хал-ахуал актілерін тіркеу туралы құжаттарды талдау, олар арқылы демографиялық мәліметтерді анықтау;
  • Мәтіндерді талдау және одан зерттеу тақырыбы бойынша ақпараттар алу, кестені мәтінге және мәтінді кестеге айналдыру;
  • Демографиялық беталысты және мәселелерді анықтау, зерттеу тақырыбы бойынша сауалнама және сұхбат жүргізу, бала туылу, өлімжітім, табиғи өсім, көші-қон, халықтың механикалық және жалпы өсімі коэффициенттерін есептеу, жыныс-жас пирамидасын құру;
  • Бағалау шәкілдері бойынша демографиялық көрсеткіштерін бағалау және мәселелерді анықтау, демографиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсыну;
  • Дүниежүзі елдерін демографиялық мәселелері бойынша жіктеу, тақырыптық карта-сызбалар әзірлеу;
  • Алшақтық талдауын жүргізу.
Өтінемін күте тұрыңыз