Демографиялық мәселелер

Cабақтың мақсаты:

  • Демографиялық мәселелері бойынша дүниежүзі елдерін жіктеу.

Мақсатқа жету үшін:

  • Демографиялық көрсеткіштерді бағалау шәкілін;
  • Негізгі демографиялық мәселелерді;
  • Демографиялық мәселелері ұқсас мемлекеттер топтарын білуіміз керек.

   Демографиялық көрсеткіштерді бағалау

   Демографиялық мәселелердің бар-жоғын анықтау үшін демографиялық көрсеткіштерді бағалау қажет. Ғалымдар бала туылуын, өлім-жітімді, табиғи өсімді, қартаюды бағалау шәкілін әзірледі (сәйкесінше 3, 4, 5, 6-кестелер).

3-кесте

   Бала туылуының жалпы деңгейін бағалау шәкілі

Бала туылуының жалпы коэффициенті, ‰

Бала туылу деңгейінің сипаттамасы

16-ға дейін

төмен

16–24

орташа

25–29

ортадан жоғары

30–39

жоғары

40 және одан көп

өте жоғары

4-кесте

   Өлім-жітімнің жалпы деңгейін бағалау шәкілі

Өлім-жітімнің жалпы деңгейін бағалау сызбасы

Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті,‰

Өлім-жітім деңгейі

7-ге дейін

өте төмен

7–10

төмен

11–15

орташа

16–20

жоғары

21-ден көп

өте жоғары

5-кесте

   Халықтың табиғи өсімінің/табиғи кемуінің жалпы деңгейін бағалау шәкілі

Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті, ‰

Деңгейдің бағалануы

Табиғи кемудің жалпы коэффициенті, ‰

+ 2,0-ге дейін

өте төмен

-3,0-ке дейін

2,0–3,9

төмен

(-3,0)–(-5,9)

4,0–6,9

орташа

(-6,0)–(-8,9)

7,0–9,9

жоғары

(-9,0)–(-11,9)

+10 және одан жоғары

өте жоғары

-12 және одан төмен

6-кесте

   Демографиялық қартаюды бағалау шәкілі (БҰҰ)

Кезең

5 және одан үлкен жастағы адамдар үлесі,%

Халықтың қартаю және қарттық деңгейінің кезеңдері

1

<4

Жастар

2

4-7

Қартаю алдындағы адамдар

3

>7

Қарттар

   Қазақстан. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2017 жылдың 1 тамызында халық саны 18054,0 мың адамды құрады. Бала туылуының жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 21,27 бала туылуын құрады. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 7,38 өлім-жітімді құрады. 1000 тұрғынға шаққандағы табиғи өсім – 13,89 адам. 2017 жылғы жағдай бойынша Қазақстан халқы жас ерекшеліктері бойынша төмендегідей бөлінді: 15 жастан кіші – 21,6%, 15-тен 65 жасқа дейін – 71%, 65 жастан үлкен – 7,4%.

   Эстония. Эстония демографиялық қызметінің болжамдарына сәйкес, елдің 2017 жылғы халық саны бойынша көрсеткіші мынадай болды: халықтың жалпы саны – 1300935 адам, туылғаны – 14 мың адамнан сәл көбірек; қайтыс болғаны (–15.5 мыңнан астам); табиғи өсім 1,5 мың адамды құрайды. Жас құрылымы мынадай: 15 жастан кіші – 15,1%; 15-тен 65 жасқа дейін – 67%-дан жоғары; 65 жастан үлкен – 18%-ға дерлік.

   Демографиялық мәселе

   Мәселе – мұқият зерттеуді және шешуді талап ететін қиын жағдай. Шешілмеген мәселелер қалыпты тіршілік ету және даму үдерісіне кедергі келтіруі мүмкін.
   ​Демографиялық мәселе – халық санының күрт өзгеруі.
   ​Демографиялық мәселе екі бөліктен тұрады:

  • халықтың жылдам және баяу бақыланатын өсімі, дамушы елдердің аумағындағы халықтың көптігі (демографиялық дүмпу);
  • дамыған елдер мен ауыспалы экономикасы бар көптеген елдер халқының қартаюы мен санының кемуі (демографиялық дағдарыс).

   Оның салдары қандай болды? 

   Демографиялық дағдарыс

   Демографиялық дағдарыс – халық құрылымындағы жағымсыз сандық және сапалық өзгерістермен байланысты жағдай. Сандық өзгерістер – бұл халық санының өсуінің кемуі, табиғи күрт кемуі. Сандық өзгерістерге халық денсаулығының нашарлауы да жатады. Бұл осы халықтың жоғалып кетуіне әкелуі мүмкін.
   ​Демографиялық дағдарыс қарапайым және шектелген режимі бар халықтың ұдайы өсуі бірінші типті елдерде байқалады.
   ​АҚШ-та, Канадада, Аустралияда халықтың табиғи өсімі 5–10‰-ге тең және ол азғантай болса да, халықтың белгілі бір өсімін қамтамасыз етеді.
   ​Италияда, Ұлыбританияда, Польшада халықтың табиғи өсімі нөлге қарыштай жақындап келеді. Бірақ әзірге бала туылу деңгейі қайтыс болған адамдар санының орнын толтырып келеді.
   ​Елдердің үшінші тобы да жеке бөлініп шығады, мұнда өлім-жітім саны бала туылу санынан асып түседі және халық саны төмендейді (7-кесте).

7-кесте

   Еуропа елдеріндегі халық санының табиғи өсімдері, 2015 ж.

   (демографиялық порталдың деректері бойынша)

Елдер

Табиғи өсім, ‰

Елдер

Табиғи өсім, ‰

Болгария

-6,2

Германия

-2,3

Сербия

-6,2

Португалия

-2,2

Украина

-4,5

Босния және Герцеговина

-1,2

Венгрия

-4,0

Эстония

-1,0

Хорватия

-4,0

Польша

-0,7

Румыния

-3,8

Молдова

-0,4

Литва

-3,5

Беларусь

-0,1

Латвия

-3,3

Испания

-0,1

Италия

-2,7

Чехия

0,0

Грекия

-2,7

Ресей

0,3

   Ойлан!

  • Демографиялық дағдарыстың салдарына болжам жасаңдар, өз болжамыңды дәлелдермен және фактілермен бекітіңдер.

   Геосергiту

   Картада бейнеленген бір географиялық құбылыс, нысан не үдерісті «тірі» диаграмма не динамика түрінде көрсетіңдер. Бірақ графиктеріңде диаграмма бағандарының орнында сыныптастарың болады. Көрсетілетін құбылыс, нысан не үдерісті арту не кему қағидасына қарай немесе мәндердің өсу немесе кему динамикасы түрінде жасауға болады. Басты шарт – деректерің сенімді, сыныптастарыңа деген командаларың мен салыстыруларың дұрыс, тізбек жылдам болуы тиіс. Графиктеріңдегі жетпейтін элементтерді түрлі материалдан алдын ала дайындай аласыңдар, мысалы, цифрларды қию, карта кескінін бормен сызу, қағаз таспасы бетінде арақашықтық салу т.б.

   Демографиялық дүмпу

   «Демографиялық дүмпу» халқының ұдайы өсуі екінші типке жататын елдерде байқалады. Онда бала туу мен табиғи өсім көрсеткіштері жоғары және өте жоғары. Сондай-ақ оған қатысты өлім-жітім көрсеткіші төмен болады. Ол дамушы елдерге тән (8-кесте). Олардың көпшілігі ХХ ғасырда медицинаның жетістіктерін, әсіресе түрлі аурулар мен індеттердің алдын алуда кеңінен қолдануға мүмкіндік алды. Бұл елдердің экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуындағы белгілі бір жетістіктері өлім-жітімді төмендетуге жағымды әсер етті. Нәтижесінде өте қысқа мерзім ішінде өлім-жітім, шамамен, екі есе азайды. Адамзат тарихында адам өлімінің қысқа мерзім ішінде осыншалықты азаюы бұрындары болмаған. Алайда бала туу бұл елдерде жоғары және тіптен өте жоғары деңгейде сақталуда. Бала туу мен өлім-жітімнің өзгеруі кезіндегі бұл сәйкессіздік дүниежүзінің көптеген елдерінде бұрын болмаған демографиялық дүмпудің орын алуына әкелді.
   ​Бұл елдерде, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айтарлықтай басып озған адам санының жылдам өсуі байқалады. Соның нәтижесінде жұмыссыздық күшейіп, азық-түлік пен басқа да ресурстардың жетіспеуі, адамдардың тығыз қоныстануы, сонымен бірге қылмыс көбейді. Африка мен Таяу Шығыс елдерінде жағдайды жергілікті соғыс пен қақтығыстар нашарлатып отыр. Соның салдарынан экономикалық тұрғыдан қолайлы елдерге келуші босқындар мен қоныс аударушылар ағыны көбеюде.

8-кесте   

   2016 ж. халықтың табиғи өсімі ең жоғары елдер

   (The World Factbook мәліметтері бойынша)

Елдер

Табиғи өсім, ‰

Елдер

Табиғи өсім, ‰

Малави

33,2

Танзания

28,2

Уганда

33,0

Шығыс Тимор

27,8

Бурунди

32,7

Бенин

27,5

Нигер

32,7

Ангола

27,3

Мали

31,8

Ирак

27,1

Буркина-Фасо

30,1

Сомали

26,7

Замбия

29,4

Того

26,6

Газа Секторы (Палестина)

29,1

Мозамбик

26,4

Эфиопия

29,0

Сан-Томе және Принсипи

26,4

Оңтүстік Судан

28,2

Гвинея

26,2

   Көптеген елдерде демографиялық дүмпу шегінен асып кеткенін, алайда халық арасында әлі де «инерция» бойынша бала туудың жоғары деңгейі сақталуда екендігін атап өту керек.

   Табиғи өсімі ең жоғары елдер жер шарының қай аймақтарында орналасқан?

  • Шығыс Африка
  • Батыс Африка
  • Оңтүстік Африка
  • Таяу Шығыс

   Геодерек

   Ұлты қазақ азаматтар кейбір елдерде белсенді түрде саясатпен айналысады. Стехликова Джамиля – чехиялық саяси қайраткер және врач-психиатр. 2007 жылдың 9 қаңтары мен 2009 жылдың 23 қаңтары аралығында Чехия үкіметінің Адам құқықтары мен аз ұлттар ісі жөнінде министрі және Адамдар құқығы жөнінде кеңестің төрайымы болған.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Оқып үйренген бағалау шәкілі мен қосымша дереккөздердің негізінде, кескін картада демографиялық дағдарыс пен демографиялық дүмпу көрініс берген елдерді белгілеңдер. Картаны қосымша сипаттама элементтерімен: елдердің типіне тән түсіндірме мәтіндермен, диаграммалармен, графиктермен, фотосуреттермен, демографиялық пирамида кескіндемесімен және басқа да материалдармен толықтырыңдар. Өз жұмыстарыңды бүкіл сыныпқа талқылауға ұсыныңдар.
Өтінемін күте тұрыңыз