Халықтар географиясы. Халық санағы

Cабақтың мақсаты:

  • Халық санын анықтау тәсілдерін түсіндіру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Халықты зерттеу не үшін қажеттігін;
  • Халық санын есепке алу қалай жүзеге асырылатынын;
  • Халық санағы қалай және не үшін жүргізілетінін білуіміз керек.

   Халықты зерттеу қажеттілігі

   Халықты зерттеу қажеттілігі. Белгілі бір аумақта тұратын адамдар жиынтығы халық деп аталады. Белгілі бір аумақта тарихи тұрғыда қалыптасқан халық пен елді мекендердің құрамы және орналасуын, демографиялық үдерістер мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлар арасындағы қарым-қатынасты демогеография зерттейді. Демогеографияның зерттеу нысаны: халықтың жас-жыныстық, әлеуметтік, кәсіби құрылымы, оның шынайы және механикалық қозғалысы, жұмыспен қамтылуы, көші-қон және басқалары. Осы түсініктердің барлығын сендер сабақ барысында оқитын боласыңдар.
   ​Халық – кез келген мемлекеттің базалық қажеттіліктерінің бірі. Тәуелсіздікті, аумақты, экономиканың дамуын сақтау үшін адамдар қажет. Барлық мемлекетте халық санының есебін жүргізетін арнайы мемлекеттік органдар бар. Халық өндіруші және тұтынушы болады. Кез келген мемлекет өз азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға мүдделі. Осы мақсатта мемлекетте өмір сүретін адамдардың санын әрқашан да білу қажет. Мемлекетті саяси, әлеуметтік-экономикалық дамытудың көптеген мақсаттары үшін халықтың ұлттық, діни, әлеуметтік, кәсіби, жыныстық, жас ерекшеліктері бойынша құрамы және әр топтағы адамдар саны туралы мәліметтер маңызды.

   Іс-шараға қатысатын адамдардың нақты санын білу қашанда маңызды. Отбасылық, мектепішілік немесе қоғамдық шараларға қатысатын адамдардың нақты санын білу қажет болған жағдайларды мысалға келтіріңдер.

Халық санын есепке алу

   Халық саны – белгілі бір аумақта тіршілік ететін адамдардың саны. Бала туылу, өлім-жітім, қоныс аудару нәтижелері үнемі өзгеріп отырады, белгілі бір уақыт сәтіндегі жағдай бойынша есептеледі және бағаланады.
   ​Халықтың саны екі түрлі жолмен анықталады: 1) халық санағы және 2) бала туылуын, өлім-жітімді, ел аумағына адамдардың келуі мен кетуін есепке алып отыратын мемлекеттік органдардың есебі.
   ​Халық санағы – белгілі бір уақыт ішінде елдің әрбір тұрғынын сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік мәліметтерді жинау, өңдеу, талдау және тарату үдерісінен тұратын жалпымемлекеттік іс-шара.
   ​Қазақстан аумағында тұңғыш ұйымдастырылған халық санағы Ресей империясы халқының «Алғашқы және бірегей халық санағы» аясында 1897 жылы өтті. Қазақстанның КСРО құрамында болған кезінде халық санағы 1920, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989 жылдары жүрді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін халық санағы 1999 және 2009 жылдары болды. Енді 2020 жылы өтіледі деп күтілуде.

Халық санағы кезінде сауалнама толтыру

   Халық санағының қағидалары

   Халық санағын жергілікті билік органдарының қатысуымен ел үкіметі орталықтандырылған түрде жүргізеді. Жергілікті биліктің әрбір органына белгіленген шегарасы бар белгілі бір аумақ бөлініп беріледі. Санақ адамдардың бірін де қалдырмастан және екінші рет есепке алмай жасалады. Халық санағы барлық жерде бір мезгілде, яғни белгіленген күні және уақыт аралығында жүргізіледі. Санақ бланкісіне мәліметтер отбасы мүшелері туралы жалпыланған мәлімет түрінде емес, әрбір тұлға бойынша жеке толтырылады. Сонымен қатар мәліметтердің құпия сақталуы қамтамасыз етіледі. Жинақталған жеке мәліметтер кейіннен тек жалпыланған түрде қолданылады. Есепке алынған азаматтар туралы жеке мәліметтерді жария етуге қатаң түрде тыйым салынады. Халық санағы туралы деректер өңделіп, елдің география лық немесе әкімшілік-аумақтық түзілісі бойынша және халықтың негізгі демографиялық, экономикалық және әлеуметтік белгілері (жынысы, жасы, ұлты, діні, білім деңгейі, мамандықтары және басқа) бойынша жарияланады. Негізгі демографиялық белгілерін әрбір азамат өзі анықтайды. Санақ бірыңғай бағдарлама бойынша жүзеге асырылады, барлық қатысушыларға бірдей сұрақтар қойылады. Санақ тұрақты түрде жүргізіліп тұрады, яғни елдің заңында белгіленгендей бірнеше жылда бір рет өткізіліп тұрады.

   Халық санағының мақсаты

   Санақ халық санының нақты цифрын, оның құрамы, өмір сүру жағдайы, экономикалық және әлеуметтік сипаттамасы туралы мәліметтер білуге мүмкіндік береді. Ол осы көрсеткіштердің алдыңғы санақ жүргізілген сәттен кейінгі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік туғызады. Бұл ақпарат халық санының болжамына негіз және алдағы жылдардағы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына басты сипаттама бола алады. Ауыл, қала, аудан, облыстар халқының саны мен оның құрамы туралы нақты мәліметтер алады. Осы мәліметтер негізінде нақты бір мәселелер бойынша шешім қабылданатын болады. Мысалы, жаңа мектеп салу қажет пе? Өскелең ұрпақты есепке алғанда мектепке қанша мұғалім қажет? Аурухана, балабақша және тағы да басқа ғимараттар жеткілікті ме?
   ​Санақ жүргізген кезде тұрғындардың негізгі санатын тұрақты және нақты деп ажыратып көрсетеді.

   Нақты тұрғындар (НТ)

   Уақытша тұрғындарды қоса алғанда, санақ жүргізілген айрықша сәтте тексеру жүргізілген аумақта болған тұрғындардың барлығы.

   Тұрақты тұрғындар (ТТ)

   Тексеру жүргізілген аумақта тұрақты тұратын тұрғындар (6 айдан немесе 1 жылдан астам мерзімде).

   Халық санағы жүргізілген сәтте тұрақты тіршілік ететін жерінде болмаған нақты халықтың бір бөлігі уақытша жоқ адамдар (УЖ) болып есептеледі. Халық санағы жүргізілген сәтте сол аумақта тұрған, бірақ оның тұрақты тұрғыны болып табылмайтын нақты халықтың бір бөлігі уақытша тұратын адам (УТ) деп аталады.

   Олардың арасында төмендегідей байланыс бар.

НТ=ТТ+УТ–УЖ
​ТТ=НТ=УЖ–УТ
​ТТ:НТ 100%

   Көпшілік жағдайда тұрақты тұрғындар әрқашан да саны бойынша нақты тұрғындардан кем болады.

   Санақ жүргізу тәсілдері

   Статистикалық органдар/қызметтер халық санағының үш тәсілін қолданады:

  1. Сауалнама – санақ парағын санақ жүргізуші (есепке алушы, тіркеуші) санаққа енгізілуші тұлғамен жеке сұхбат барысында толтырады.
  2. Өзін-өзі санау – санақ парағын санаққа енгізілушілер өздері толтырады, ал санақ жүргізуші (есепке алушы, тіркеуші) тек оның дұрыс толтырылғандығын тексереді, толтырылмаған немесе анық емес мәліметтерді нақтылайды.
  3. Аралас (сауалнамалық) тәсіл – сауалнамалар санақ жүргізушілерге жіберіледі, олар оны өздері толтырады да, сосын санақ жүргізу бюроларына немесе статистика қызметіне жолдайды. Толтырылған сауалнамаларды жинақтап біткеннен кейін статистикалық қызмет оларды салыстырып, тұрғындардан сауалнама жүргізу үшін сауалнама алынбаған мекенжайлар бойынша санақ жүргізушілерге жібереді.

   Халық санағы бағдарламасы – нақты тұжырымдалған сұрақтардың тізімі. Сұрақтар адамдар бірдей мағынада түсінетіндей етіп құрастырылған. Барлық сұрақтар санақ жүргізу мақсатына сәйкес келуі тиіс.
   ​Санақ бағдарламасында төмендегілер қамтылады:

  • мекенжай бөлігі (санаққа енгізілушінің аты-жөні және мекенжайы);
  • санақ бағдарламасы: а) жеке демографиялық (жынысы, жасы, некелесуі), ә) әлеуметтік-экономикалық (білім деңгейі, мамандығы, қызметі, табыс көзі, әлеуметтік жағдайы), б) этникалық (этникалық тиістілігі, ана тілі, тілді білуі, діни сенімі/конфессиялық тиістілігі) сипаттамалары; в) халықтың ұдайы өсуін зерттеуге қатысты сұрақтар; көші-қон туралы сұрақтар);
  • басқа зерттеулерге (мысалы, тұрмыстық жағдайы) қатысты сұрақтар.

   Санақ нәтижелері бойынша анықтамалықтар, жинақтар, мақалалар және басқа да статистикалық, аналитикалық және ақпараттық материалдар жарық көреді.

   Сұрақтардың сипаттамасына қарай Қазақстанда 2009 жылы жүргізілген халық санағының мақсатын айқындаңдар.

   Қандай тұрғындар санақ алдында – тұрақты немесе нақты? Кез келген жауапты санақ бағдарламасынан алынған деректермен растаңдар.

   Халық санағының қандай тәсілі қолданылған?

   Санақ бағдарламасында басқа зерттеулерге қатысты сұрақтар бар ма?

   Халық санағының мәліметтері негізінде одан әрі әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыдан дамуы үшін мемлекет қандай шешімдер қабылдауы мүмкін? Өз жауаптарыңды дәлелдермен және фактілермен растаңдар.

   Геосергiту

   «Нысанды пайдалану»

   Қатысушылар үш-төрт адамнан бірігіп, бірнеше топқа бөлінеді. Командалар бірнеше минут ішінде қандай да бір географиялық нысанның барынша көбірек қолданылу тәсілін ойлап табуы және жазуы қажет. Уақыт аяқталған кезде, командалар өздерінің нұсқаларын оқиды, сосын қайталанған нысанды пайдалану тәсілдерін сызып тастайды. Көбірек ерекше жауаптар берген топ жеңіске жетеді.

   Халық санағының ағымдағы есебі

   Халық санағының ағымдағы есебі азаматтық хал және көші-қон қозғалысы актілерінің тіркелуіне негізделеді. Мұндай ақпараттардың негізінде мемлекеттің халық саны, бала туылу, өлім-жітім, некеге отыру және ажырасу көрсеткіштері (халық санағы деректерімен үйлесімде) есептеледі, болашақтағы халық саны мен құрамына болжам жасалады.
   ​Қазіргі кездегі мемлекеттердің көпшілігінде халық саны мен олардың азаматтық халін ағымдағы есепке алуды жергілікті билік органдары жүргізеді. Азаматтық хал қатарына адамның қоғамдағы құқықтық және отбасылық мәртебесі: баланың өмірге келуі, азаматтық кемелділік және заңды жауапкершілік жасына жетуі (жеке куәлік алуы), азаматтардың некеге отыруы немесе ажырасуы, ата-ана атануы, бала асырап алуы, қамқорлыққа алуы, қайтыс болуы сияқты жағдайлар жатады. Қазақстанда мұндай есепке алушылық жергілікті әкімдік жанындағы арнайы Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдеріне (АХАТ бөлімдері) жүктелген. Азаматтар туу, өлу, некеге отыру, некені бұзу, бала асырап алу, қамқорлыққа алу сияқты жағдайларды тіркеп отыруға міндетті. Бұл олардың заңды түрде ресімделуін білдіреді.
   ​Көші-қон қозғалысын полиция, шегара қызметі, көші-қон полициясы, АХАТ бөлімдері тіркеп отырады. АХАТ және басқа қызметтердің мәліметтері белгіленген формада статистикалық қызметтерге жолданады. Статистика органдары барлық деректерді жалпылап, ағымдағы халық санын соңғы халық санағының мәліметтері + ағымдағы есептің мәліметтері формуласы бойынша айқындайды.

   Геодерек

   Карталар мемлекеттердің нақты өлшемін әрқашан да бере бермейді. Меркатор кескінінде мемлекеттер полюске қаншалықты жақын болса, олар соншалықты үлкен болып көрінеді. Кескін – бұл кез келген қисайған бетті, соның ішінде жер бетін жазықтыққа кескіндеудің математикалық анықталған тәсілі.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Қандай дереккөздер бойынша халық санын анықтауға болады?
  2. Халықты есепке алуды қандай мемлекеттік органдар жүзеге асырады?
  3. Халық санағы мен оның ағымдағы есебі өзара қалай байланысқан?
  4. Әрбір адам өміріндегі қандай маңызды оқиғалар бойынша халықтың ағымдағы есебі жүзеге асырылады? Осы оқиғаларды тіркеу нәтижесінде қандай құжаттар беріледі?
Өтінемін күте тұрыңыз