Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау

Cабақтың мақсаты:

  • Өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау қажеттігін дәлелдеу және оларды қорғау жолдарын ұсыну.

Мақсатқа жету үшін:

  • Табиғатты неге қорғау қажет екенін;
  • Биосфераны қалай қорғайтынымызды білуіміз керек.

   Биосфераның ғаламдық өзгеруі

   Егістік үшін жер жырту, үй тұрғызу, жол салу, канал немесе электр желісін жүргізу үшін биосфераның бір бөлігін бұзуға немесе толықтай жоюға тура келеді. Бұзылған ландшафт, кесілген орман (102-сурет), ұлғайған шөл дала адамның іс-әрекетінің айқын мысалы бола алады. Адамның кез келген шаруашылық іс-әрекеті биосфераның компонентіне әсер етеді. Олар табиғатты ластаумен аяқталады, табиғи ортаға бөгде элементтерді (қалдықтар, ластаушылар, шуыл, радиация, бөгде организмдер және тағы да басқалар) енгізумен аяқталады.
   ​Антропогендік әсер көлемінің артуынан, әсіресе соңғы жүзжылдықта, биосферада тепе-теңдік бұзылды. Бұл Жер биосферасының мүмкіндіктерін есепке алмай, өнеркәсіптің, энергетиканың, көліктің, ауылшаруашылығының және адам іс-әрекетінің басқа да түрлерінің дамуымен байланысты. Қазірдің өзінде-ақ адамзат баласының алдында тез арада шешу талап ететін жаһандық экологиялық мәселелер тұр. Олардың арасынан төмендегілерді ерекше атап айтуға болады:

  • озон қабатының тозуы және озон тесіктерінің пайда болуы нәтижесінде ультракүлгін сәулеленудің күшеюі;
  • ғаламшардың кейбір аймақтарында әскери іс-қимылдардың немесе сынақтардың нәтижесінде радиация деңгейінің күрт көтерілуі;
  • топырақтың, су мен ауаның зиянды заттармен ластануы;
  • табиғи экожүйенің бұзылуы;
  • шөлге айналу;
  • беткі және жерасты суларының ластануы;
  • өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлерінің жойылуы;
  • табиғатта көптеген заттардың айналымының бұзылуы;
  • климаттың өзгеруі және күн райының күрт ауытқуы.
102-сурет. Индонезиядағы кесілген ормандар

   Арал қасіреті

   Ғаламдық экологиялық мәселелердің мысалдарының бірі – Арал қасіреті, мұнда дәл осындай «қайта жасау» әрекетінің нәтижесінде бүтін бір Арал теңізі тұзды көлдер мен сортаң жерлер қатарына кіріп, жойылуда (103-сурет).

1989 жыл
2003 жыл
2018 жыл
103-сурет. Арал теңізінің өзгеруі

   Қазіргі уақытта адамзат баласы қоршаған ортаға зиян келтірмей, Арал теңізінің өмір сүруіне мүмкіндік беретін даму жолдарын іздеуде.
   ​Ол үшін жаңартылып отыратын табиғи байлықтарға ауысу, алынған ресурстарды қалдықсыз пайдалану, ресурстарды жаңартып отыру бойынша іс-шаралар қабылдау, табиғи тепе-теңдігі бұзылған аумақтарды кешенді тазарту сияқты іс-шаралар қажет.
   ​Көптеген әлемдік тауар өндірушілері экологиялық таза өндірістерге, жаңарып тұратын және баламалы энергия көздеріне, қалпына келетін ресурс түрлеріне ауысып жатыр. Кейбір тауарлардың қалдықтарын кәдеге жарату барысында қоршаған ортаға зиян келмейді.

   Ойлан!

  • Мәселелердің әрқайсысы өсімдіктер мен жануарлардың түрлерінің және әрбір түрдің мүшелерінің санына қалай әсер етеді? Адамның шаруашылық іс-әрекеті ғаламшардың биоалуан түрлілігінің азаюына душар еткен мысал келтіріңдер.

Тиімді шаралар

Тиімсіз шаралар

   Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар

   Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, олардың тіршілік ету ортасын қорғау бойынша атқарылатын іс-шаралардың ішінде ерекше тиімділерінің бірі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) құру.
   ​ЕҚТА-ның басты міндеті – флора мен фаунаның сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан нысандарын қорғау.
   ​Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың негізгі міндеттері мыналар:

  • биологиялық алуан түрлілікті, бірегей және типтік ландшафттарды сақтау және қайта қалпына келтіру;
  • табиғи экологиялық жүйені сақтау;
  • ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды: ғылымды, мәдениетті, оқу-ағартуды, білім мен туризмді дамыту мақсатында пайдалану.

   Қазақстанда табиғаттың қорғалуы

   Қазақстанда қазіргі уақытта омыртқалы жануарлардың 126 түріне, омыртқасыздардың 96 түрі және өсімдіктердің 207 түріне ресми түрде жойылып кету қаупі төніп тұр. Елімізде 10 мемлекеттік табиғи қорық, 13 мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ, 5 мемлекеттік табиғи резерват, 50 мемлекеттік табиғи қорықша, 26 табиғат ескерткіші, республикалық маңыздағы 5 мемлекеттік ботаникалық бақ жұмыс істейді. Олардың барлығы да – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА). Республикалық маңыздағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 22038,7 мың га-ды құрайды. Бұл мемлекет аумағының 8,1%-ы, жалпыға бірдей әлемдік стандарты 10–12%-ды құрайды.

   10% – , 12% – 

   Геосергiту

   «Түйін сөздерден тұратын коллаж»

   Сынып бірнеше топқа бөлінеді. Жүргізуші әрбір топқа араластырылған карточкалардың 5 данасын таратып береді, олардың әрқайсысында өткен тақырыптардың түйін сөздері жазылған. Әр топ олардан қисынды түрде сөйлем құрауы қажет.

   Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санаттары мен түрлері

   Мемлекеттік табиғи қорық – табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Атқаратын қызметі – өзінің аумағындағы табиғи үдерістер мен құбылыстардың шынайы барысын, өсімдіктер мен жануарлар әлемі үдерістерін, өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлері мен топтарын, сақтау мен зерттеу.
   ​Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ – табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Биологиялық және ландшафт алуан түрлілігін сақтауға, ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылық болып саналатын мемлекеттік табиғи-қорық қорының бірегей табиғи кешендері мен объектілерін табиғат қорғау, экологиялық-ағарту, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға арналған.
   ​Мемлекеттік табиғат ескерткіштері – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Жекелеген бірегей, орны толмас, бағалы экологиялық, ғылым, мәдени және эстетикалық тұрғыдағы табиғи кешендерді, сонымен қатар мемлекеттік табиғи-қорық қорының нысандарына жататын шынайы және жасанды нысандарды да қамтиды.
   ​Мемлекеттік табиғи қорықша – шаруашылық қызметінің тапсырысты режімі немесе реттелетін режімі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының бір немесе бірнеше нысандарын сақтау және ұдайы жаңғыртып отыруға арналған.
   ​Мемлекеттік табиғи қорықшалар ғылыми, экологиялық-оқу ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланылады.

   «Табиғи саябақ» 

   «Қорық» 

   «Қорықша және«табиғат ескерткіші» 

   Ойлан!

  • ЕҚТА құру жолымен табиғатты қорғау қаншалықты тиімді? «Иә» және «қарсымын» жауаптарына өздеріңнің дәлелдеріңді келтіріңдер.
  • Сендер қандай жол ұсынар едіңдер? ЕҚТА тиімділігін арттыру ма әлде олардың ауданын ұлғайту ма немесе басқа баламалы жолдарын табу ма?

   Қазақстан республикасының Қызыл кітабы

   Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы – сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған өсімдіктер мен жануарлардың тізімін қамтитын иллюстрациялық басылым. Онда Қазақстан Республикасы аумағындағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің жағдайы туралы мәліметтердің жиынтығы, оларды зерттеу, қорғау, қайта жаңғырту және тия нақты пайдалану бойынша қажетті іс-шаралар айтылған. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы – өсімдіктер мен жануарлар әлемінің мемлекеттік кадастрының құрамдас бөлігі.
   ​Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған, Қазақстан Республикасы аумағында, сонымен қатар құрлықтық қайраңда және Қазақстан Республикасының төтенше экономикалық зонасында еркін түрде құрлықта, суда, атмосферада және топырақта тұрақты немесе уақытша тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлардың түрлері Қазақстан Республикасында Қызыл кітапты жүргізу ережелеріне сәйкес енгізіледі (104-сурет).
   ​Қазақстан Республикасында сүтқоректілердің 170 түрі, олардың ішінде 20 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген, құстардың 346 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 31 түрі, балықтардың 23 түрі қорғалады.
   ​Табиғатта сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған өсімдік түрлерін алу төмендегі мақсаттар үшін жүзеге асырылады:

  • арнайы жасалған жағдайларда көбейту;
  • ғылыми зерттеулер;
  • селекция.

Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктер мен жануарлар

Қар барысы
Ителгі
Қоқиқаз
Грейг қызғалдағы

   «Иә» және «қарсымын» жауаптарына өздеріңнің дәлелдеріңді келтіріңдер.

   Сендер қандай жол ұсынар едіңдер? Оның тиімділігін арттыру немесе басқа баламалы қандай жолдары бар? 

   Геодерек

   «-стан» жұрнағының түп-тамыры үндіеуропалық «*st-» («тұру») сөзінен шығады және парсы тілінде «қоныс орны, қоныс» (заманауи мәні – «стансы» және «ел») дегенді білдіреді. Қазіргі әлемде «-стан» тайпалардың, халықтар мен түрлі этникалық топтардың мекендеген жерлерінің географиялық атауын қалыптастыру үшін қолданылады. Ол көптеген елдер мен аймақтардың атауында бар, әсіресе Орталық Азия мен Үнді субконтинентінде, мысалы, Қазақстан, Белуджистан.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Топпен жұмыс істеу. Түрлі дереккөздерді пайдалана отырып, ҚР-ның Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы төлқұжатын келесі жоспар бойынша жасаңдар:
    • ерекше қорғалатын табиғи аумақтың атауы, оның түрі мен санаты;
    • ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрған немесе кеңейткен мемлекеттік орган актісінің атауы, нөмірі мен қабылданған күні;
    • ерекше қорғалатын табиғи аумақ қарамағына кіретін мемлекеттік органның атауы;
    • ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғау жүктелген, заңды тұлға мәртебесі жоқ ұйымның атауы;
    • ерекше қорғалатын табиғи аумақтың орналасқан орны, туристік инфрақұрылымы көрсетілген картасызбасы, шегаралары, аумағы мен қорғалатын зонасының ауданы сипатталған географиялық координаттары;
    • ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасы көрсетілген тізімі;
    • ерекше қорғалатын табиғи аумақтар функционалдық зоналары және оларды қорғау режімінің түрлері, іргелес жер телімдерінің жеке меншік иесі және жер пайдаланушылар, олардың қорғалатын зонада табиғат пайдалану бойынша міндеттемелері мен ауыртпалықтары туралы мәліметтер;
    • рұқсат берілген және тыйым салынған қызмет түрлері, сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жекелеген қызмет түр- лері;
    • кіріп шығу ережелері, жұмыс режимі, рекреациялық жүктеме. ЕҚТА туралы ақпараттар осы объектілердің ресми веб-сайттарында не болмаса ұлттық энциклопедияларда және Қазақстан атластарында берілген.
Өтінемін күте тұрыңыз