Материктердің табиғат зоналары

Сабақтың мақсаты:

  • Түрлі материктерде орналасқан ұқсас табиғат зоналары мен биіктік белдеулігін салыстыру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Табиғат зоналары мен биіктік белдеулігін суреттеу тәсілдері туралы;
  • Табиғат зоналары мен биіктік белдеулігіне сипаттама беру тәсілдері туралы білуіміз керек.

   Табиғат зоналары мен биіктік белдеулігін сипаттау тәсілі

   Табиғат зоналарын оқып үйрену кезінде оларды салыстыру – тиімді тәсілдердің бірі. Алайда алдымен әрбір материкте барлық табиғат зоналарын анықтап алу қажет. Әрбір материктің табиғат зоналары картасының көмегімен экватордан бастап полюске қарай әрбір табиғат зонасы ретімен аталады. Тақырып бойынша қосымша ақпарат көздері олардың әрқайсысы туралы мәліметтер береді. Физикалық-географиялық орнын, басым болатын климат типін, ылғалдылық зонасындағы жағдайын, топырақ типін, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің өкілдерін көрсете отырып, әрбір табиғат зонасының қысқаша сипаттамасын жасау қажет. Егер оны табиғат зонасының картасымен толықтыратын болсаң, онда сипаттама толық берілген деп есептеледі.

Тапсырманы орындау бойынша тәжірибелік ұсыныстар

  • Жұмысты топпен орындауға кеңес беріледі. Бүкіл сынып болып ақпараттық графика, mS ppt бағдарламасында таныстыру, постер, модель немесе қалауларың бойынша кез келген үлгіде ақпараттың берілу үлгісін келісіп алыңдар.
  • Көлемі мен элементтерін (мәтін, карталар, суреттер, кестелер, сызбалар) анықтаңдар.
  • Тапсырманы орындауға жұмсалатын уақытты, әр топтан сөз сөйлейтін оқушылардың санын, нәтижені көрсету регламентін келісіп алыңдар.
  • Ғаламтор болмаса, мектеп кітапханасының қызметіне сүйеніп, тақырып бойынша энциклопедияларды, басқа да әдебиеттерді сұраңдар.
  • Неғұрлым маңызды ақпараттарды алып, онымен нәтижені көрсететін үлгіні толтыруды бастаңдар. Ақпараттың бір бөлігін көрнекі түрде көрсетіңдер.
  • Ғаламтор бар болса, браузердің іздеу жолына мына түйін сөздерді жазыңдар: «...табиғат зоналары», көп нүктенің орнына материктің атауын жазу қажет.

   Өз сыныптастарың үшін тақырып бойынша үш топтан үш қызықты тапсырма әзірлеңдер. Өлшем бойынша олардың жауаптарын бағалаңдар.

  1. Тау жүйелерінің бірінің материктерінің табиғат зонасы мен биіктік белдеулігінің сипаттамасын зерттеңдер, оларды анықтаңдар. Әрбір мәтінге сәйкесінше атау беріңдер.
  2. Төменгі сызықтың орнына сипатталып отырған табиғат зонасы мен тау жүйесінің атауын сәйкесінше септікте жазыңдар.
  3. Әрбір абзацтың мазмұны бойынша табиғат зонасы мен биіктік белдеу лігін сипаттау жоспарын анықтаңдар.
  4. Мәтіндегі қандай ақпарат саған аумақтың атауын анықтауға көмектесті? Өз болжамдарыңды нақтылау үшін сендер қандай қо- сымша тәсілдер қолдандыңдар?

   Әрбір материктің табиғат зоналарына қысқаша сипаттама жаса.

1-мәтін

   ___ – субэкваторлық белдеудегі құрғақ континенталды климаты бар, сирек өскен ағаштар мен бұталар аралас шөптесін өсімдіктермен көмкерілген кеңістік. Жыл бойы құрғақ және жаңбырлы маусымдарға күрт бөлінетін субэкваторлық климатқа тән.
   ​Экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарай бірнеше градуста орналасқан аймақтарда климат әдетте құрғақ. Бұл маусым әдетте қараша айынан сәуір айына дейін созылады. Бұл маусымда ___ әдетте ең төмен жауынашын түседі. ___ желтоқсан айынан бастап ақпанға дейін жаңбыр мүлде жаумауы мүмкін. Бұл, әдетте, жылдың ең салқын уақыты. Орташа температура – шамамен, 21°С. Қаңтар айы бойы, құрғақ маусымның ең күшейген кезінде ___ өрт жиі орын алады, оны жел күшейтіп жібереді. Алайда белгілі бір айларда күн ыстық болады және жаңбыр жиі жауады. Қатты жаңбыр мамыр немесе маусым айларында басталады. Мамырдан қазан айына дейін ___ көп мөлшерде жауын-шашын түседі.
   ​___ топырағы тікелей жаңбырлы кезеңнің ұзақтығына байланысты болады және шаю режимімен сипатталады. Экваторлық ормандарға жақын, бұл маусым 9 айға дейін созылатын жерлерде қызыл ферраллит топырақтар түзіледі. Оның құрамында темір мен алюминий көп болады, жауын-шашынның мол түсуінен металдар топырақта қышқылданып, тотыққан түске енеді. Жаңбырлы маусым 6 айдан аздау болатын аумақтарға кәдімгі қызыл-қоңыр топырақ тән. Олардың құрамында да металдар бар, алайда жаңбырлы маусымда олар «суланып» және қышқылданатындықтан, ал құрғақ маусымда ұзақ уақыт қыздыруға ұшырайтындықтан, қызыл қоңыр түске енген.
   ​___ шөптесін өсімдіктерден биік өсетін қатты қабыршақты астық тұқымдастар басым; астық тұқымдастардан басқа да көпжылдық өсімдіктер мен бұталар аралас өседі. ___ бұталар кейде бірнеше шаршы метрді алып жатқан үлкен тоғайға айналады. ___ ағаштары қарапайым тырбық ағаштар. Ағаштар мен бұталарға кейде лианалар шыр малып, эпифиттер қаулап басып қалады.
   ​___ өсімдіктері құрғақ континенталды климатқа, көптеген ___ толық бір айларға созылатын мерзімді құрғақшылыққа бейімделген. Астық тұқымдастардың жапырақтары жіңішке, қатты, түк басқан немесе балауыз қабыршақ жапқан. Жаңа пайда болған жапырақтары түтік түрінде оралған күйінде қалады. Ағаштардың жапырақтары ұсақ, түкті, жылтыр немесе балауыз тәрізді қабыршақ жапқан. ___ өсімдіктері айқын байқалатын ксерофитті сипатқа ие. Жылдың құрғақ мезгілінде өсімдіктері өсуін тоқтатады; ___ сарғаяды, ал құрғап кеткен өсімдіктер көбінесе өртке оранады, соның салдарынан ағаш қабықтарын әдетте күйік шалады. Жаңбыр басталғанда ___ қайта жанданып, жаңа жапырақтары шыға бастайды, көптеген алуан түрлі гүлдермен көмкеріледі.
   ​Құрғақ маусымның соңына қарай ___ жиі өрт орын алады. Кейбір өсімдіктер мұндай жағдайда да тіршілігін жалғастыруға бейімделген, мысалы, баобаб қалың, оттан қорғалған сабағымен ерекшеленеді, ол сорғыш тәрізді өзінде артық су қорын сақтай алады. Оның ұзын тамырлары жер астындағы тереңнен ылғал сорады. Қарағанның жалпақ ауқымды ұшар басы төменде өскен жапырақтарына көлеңке түсіріп, оларды құрғап қалудан қорғайды.
   ​___ жануарлар әлемі құрғақшылықта тіршілік етуге бейімделуге мәжбүр болды. Керік, ала құлан, гну бөкені, пілдер мен мүйізтұмсықтар тәрізді ірі шөпқоректі жануарлар үлкен қашықтыққа жүруге бейімделген. Өте құрғақ болып кеткен жерден ауып, олар жаңбыр жауған және өсімдігі мол жерлерге бара алады. Арыс тан, гепард және қабыландар тәрізді жыртқыштар қоныс аударған бөкендер мен ала құландар табынын аулайды. Кішкентай аңдарға су іздеу қиын, сондықтан олар құрғақ маусымның барлық уақытында ұйықтауға кетеді.
   ​___ көптеген аудандары қазір малшаруашылығына пайдаланылады, жабайы тіршілік үлгісі онда толық жойылған. Африкалық ___ ірі ұлттық саябақтар бар, онда жабайы аңдар қорғалады.

2-мәтін

___ – бұл материктегі ең ұзын тау тізбегі.

Соншалықты ұзаққа созылуына байланысты бұл таулар бірнеше климат белдеулерлерінде орналасқан, сондықтан мұнда алуан түрлі табиғат жағдайлары кездеседі.

Экваторлық ___ 6 мың метрден асатын, өте биіктік жерлері бар. Тау етегінде ылғалды экваторлық шалғын таралған. Жоғары көтеріле келе оларды жапырақ тастайтын немесе ауыспалы-ылғалды ормандар алмастырады, олар 2–3 километрден жоғары биіктікте қылқанжапырақты тау ормандарына ұласады. Одан әрі – шамамен 4 км биіктікте тау тундрасы мен альпі шалғыны басталады да, оны тау тундрасы мен мұз басу зонасына алмастырады. Жоғары көтерілген сайын, тропосферадағы ауа температурасы әрбір километр сайын 6°С-қа төмендейді. Сондықтан экваторда қар шегі 4–5 километрден төмен емес биіктікте орналасатындығын санау қиын емес. Экваторлық ___ кей жерлерде ол 6 мың метрден жоғары көтеріледі.

___ жоғары көтерілген сайын, біртіндеп табиғат зонасы ауысады. Экваторлық белдеуде табиғи кешендердің кең ауқымы байқалады. Оңтүстікке қарай ___ биіктік белдеулігінің саны үшке дейін азаяды: аралас орман, әртүрлі шөптесін өскен шалғын, көпжылдық қар мен мұздықтар.

___ Экваторда таудың төменгі белдеуін, теңіз деңгейінен 1200–1500 м биіктікке дейін ылғалды экваторлық орман алып жатыр. Жоғарыда ылғалды орман тау ормандарының белдеуімен алмасады. Бұл жерде қылқанжапырақты ағаштар, бамбук, хина ағашы, ағаш тәрізді қырықжапырақтар, кока бұтасы өседі. 2800 м-ден 3800 м-ге дейінгі биіктікте биік таулы орман белдеуі жатыр. Одан жоғарыда, 4500 м биіктікке дейін биіктаулы шалғын (парамос) жапқан. 4500 м-ден жоғары мәңгі қар мен мұздықтар орналасқан.

Қазіргі күні пампа толық дерлік жыртылған, тропиктік сирек ормандағы кебрачо орманы кесілген, көптеген жануарлар жойылған. Амазонка ормандарының тағдыры айрықша алаңдатады. Ормандардың жойылуына байланысты басқа табиғат зоналарында өзгерістер орын алған.

   Геосергiту

   «Географиялық лимон»

   Жүргізуші масштабы бойынша маңызды географиялық нысанды, құбылысты немесе үдерісті атайды. Қолдарыңды төмен түсір, оң қолыңда лимон бар деп ойла, сен оның шырынын сығып алуың қажет. Шырынның орнына сендер ол туралы барлық белгілі сапалы сипаттамаларды «сығып шығаруларың» қажет. «Лимонды сол қолдарыңа ауыстырып», одан барлық белгілі сандық сипаттамаларын «сығып шығарыңдар».

   Табиғат зоналары мен биіктік белдеулігін салыстыру әдістері

   2-параграфта көрсетілгендей, салыстыру дегеніміз – екі (және одан көп) нысанының түрлі қасиеттерін (ұқсастықтарын, айырмашылықтарын) сандық және сапалық салыстыру. Алдымен ұқсас жақтары, сосын айырмашылықтары анықталады.
   ​Ортақ белгілері бар нысандарды салыстыру қажет. Салыстыру нысандардың неғұрлым маңызды ерекшеліктері бойынша жүргізіледі. Алдымен сапалық, содан кейін сандық ерекшеліктерін салыстыруға кеңес беріледі. Тек содан кейін ғана екінші дәрежелі белгілері салыстырылуы мүмкін.
   ​Осыған орай, географияда салыстырудың түрлі тәсілдері қабылданған:

  •    Солтүстік материктердің ұқсас табиғи белдеулерін өзара бір-бірімен және Оңтүстік материктікін өзара бір-бірімен салыстыру қажет. Бұл бұрындары солтүстік материктер ежелгі Лавразияның, ал оңтүстік материктер – Гондвананың бөліктері болғандығына байланысты.
  •    Түрлі материктердегі бір климаттық белдеудің шегінде орналасқан табиғат белдеулерін салыстыру. Өйткені тек ауа массаларының типі ғана табиғаттың ерекшеліктерін анықтамайды. Оларға мұхиттардан қашықта орналасуы (климаттың континенттік дәрежесі), жер бедері, қуаңшылық пен мұхиттың бөлінуі, басқа да жағдайлар әсер етеді. Мысалы, саванналар мен сирек ормандар субэкваторлық климаттық белдеулерге де, тропиктік климаттық белдеулерге де тән болуы мүмкін.
       ​14-кестеде табиғат зоналарының климаттық белдеулерге сәйкес келуі туралы ақпарат берілген.
  •    Қандай климаттық белдеуде орналасқанына қарамастан, түрлі материктерде жатқан ұқсас табиғат зоналарын салыстыру (мысалы, қоңыржай және тропиктік белдеулердің шөлдері).
  •    Белгілі бір ендіктің шеңберінде орналасқан түрлі материктердегі табиғат зоналарын салыстыру.

   Кез келген тәсіл шеңберінде салыстыру жүргізу – тиімді әдіс. Кейде бұл әдістер аумақтың басқа зерттеу жолдарын қолданғанда анықтау қиынға түсетін ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік береді.

Климаттық белдеулердегі
табиғат зоналары

Табиғат зонасы

Климаттық белдеу

Тұрақты-ылғалды ормандар

Экваторлық

Ауыспалы-ылғалды ормандар

Субэкваторлық, тропиктік

Саванналар мен сирек ормандар

Субэкваторлық, тропиктік

Тропиктік шөлдер мен шөлейттер

Тропиктік

Қатты жапырақты орман

Субтропиктік

Қоңыржай шөлдер мен шөлейттер

Қоңыржай

Дала мен орманды дала

Субтропиктік, қоңыржай

Жалпақ жапырақты орман

Қоңыржай

Аралас орман

Қоңыржай

Тайга

Қоңыржай

Тундра және орманды тундра

Субарктикалық, субантарктикалық

Арктикалық және антарктикалық шөлдер

Арктикалық, антарктикалық

   Геодерек

   Дүниежүзінде ең биік тау – Джомолунгма. Оның биіктігі – 8848 м. Ал Эквадордағы Чимборасо жанартауының шыңы – ғаламшардың ортасынан неғұрлым алыс орналасқан нүкте.

Джомолунгма

   Ойыңды тұжырымда

  1. Табиғат зоналарының саны бойынша жартышарлар рейтингісін (солтүстік және оңтүстік) құрыңдар.
  2. Табиғат зоналарының кему реті бойынша материктер рейтингісін құрыңдар.
  3. Таралу аймағы бойынша табиғат зоналары рейтингісін (ауданын есептемей) құрыңдар.
  4. Алып жатқан ауданы бойынша табиғат зоналарының (таралу аймағының санын есептемей) рейтингісін құрыңдар.
  5. Басқа материктерде аты басқа қандай табиғат зоналары бар?
  6. Алдыңғы бес тапсырманың қорытындысы бойынша қорытынды жасаңдар.
Өтінемін күте тұрыңыз