Биосфера. Табиғат зоналары және биіктік белдеулері

Сабақтың мақсаты

  • Табиғат зоналары мен биіктік белдеулерінің қалыптасуын түсіндіру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Табиғат зоналары туралы;
  • Табиғат зоналарының қалыптасу шарттары туралы;
  • Табиғат зоналарының сипаттамасын;
  • Биік белдеулілік туралы білуіміз керек.

   Табиғат зоналары

   Табиғат зоналары – ландшафтысы, жануарлар мен өсімдіктер әлемі ұқсас өте ірі табиғат кешендері. Ғаламшарда жылу пен ылғалдың әр деңгейде таралуы салдарынан түзіледі. Табиғат зоналары – белгілі бір аумақта жылу мен ылғалдың таралу жағдайларына өсімдіктер мен жануарлардың қалай бейімделгендігінің, климаттық ерекшеліктердің салдарынан жансыз табиғаттың компонеттері қандай қасиетке ие болатындығының көрсеткіші.
   ​Жылу мен ылғалдың таралуы ылғалдылық коэффициентімен көрсетілуі мүмкін. Түрлі температураларда жер бетінен ылғал әртүрлі мөлшерде буланады. Осы температурада су бетінен буланатын ылғал мөлшері буланғыштық деп аталады. Мысалы, тундрада жауын-шашын мөлшері 300 мм, ал буланғыштық тек 200 мм, ылғалдану коэффициенті 1,5-ке тең.

   Ылғалдану зонасы – аумағының ылғалдану коэффициенті бойынша ерекшеленетін құрлық бетінің телімдері. Жер беті ылғалдылығы артық, қолайлы, тұрақсыз және жеткіліксіз зоналарға бөлінген.

Ылғалдылығы артық
​зона (К>)1

   Атмосфералық жауын-шашын булану мүмкіндігіне қарағанда мол түседі. Оларға тундра мен орман тундрасының ландшафтылары, қоңыржай, тропиктік, субэкваторлық және экваторлық белдеулер шегіндегі орман ландшафтыларының көпшілік бөлігі, сонымен қатар көптеген таулы елдердің орманды және жоғары орналасқан биіктік белдеулері жатады.

Ылғалдылығы жеткіліксіз
​ зона (К<0,1)

   Атмосфералық жауын-шашын булану мүмкіндігіне қарағанда аз түседі, бұл жерүсті ағысы мен ыза сулардың қалыптасуын қиындатады. Оларға шөл, шөлейт және құрғақ дала ландшафтылары жатады.

Ылғалдылығы тұрақсыз
​ зонада К. (К<1)

   Жауын-шашын біркелкі түспейді, құрғақ маусым (құрғақ дала, саванна ландшафтылары, муссондар таралуының шалғайдағы облыстары) байқалады.

Ылғалдылығы қолайлы
​ зона (К=1)

   Атмосфералық жауын-шашынның жылдық жиынтығы, шамамен, оның булану мүмкіндігінің мөлшеріне тең. Жалпақ жапырақты орман, орманды дала, ылғалды саванна ландшафтыларын қамтиды.

Бақылау пункті

Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері, мм

Буланғыштық, мм

Ылғалдылық коэффициенті

1

500

125

2

750

450

3

700

570

4

650

650

5

550

750

Жердің табиғат зоналары

   Табиғат зоналары ендік бағытта созыла орналасқан (89-сурет). Биік зоналылық тау жүйелерінде қалыптасады, Дүниежүзілік мұхитта экологиялық қоғамдастықтың ауысуы жақсы байқалады. Табиғат зоналарының шегарасын жүргізу кезінде географтар бір ғана өсімдігін ғана емес, ландшафтылық кешеннің барлық компоненттерін – топырағын, климатын, жер бедерін, ыза суларды есепке алады.

Арктикалық шөл

   Полюстердің айналасындағы аумақты суық арктикалық (Оңтүстік жартышарда – антарктикалық) шөл дала құрсаулап жатады. Олар аса ызғарлы климатымен, ұлан-ғайыр мұз жамылғысымен, тасты шөлдерімен, жетілмеген топырағымен, жұтаңдығымен және тірі организмдерінің біркелкілігімен ерекшеленеді. Артикалық шөлдерде тіршілік ететін жануарлар, негізінен, ақ аю, ескекаяқтылар, Антарктидада – пингвиндер.

Тундра

   Арктикалық шөл даланың оңтүстігіне қарай тундра орналасқан; Оңтүстік жартышарда тундра тек кейбір субантарктикалық аралдарда ғана кездеседі. Суық климат және мәңгілік тоң басқан топырақтары мұнда мүктердің, қыналардың, шөптесін өсімдіктер мен бұталардың басым екендігін білдіреді.

Орманды тундра

   Оңтүстікке қарай кішігірім ағаштар өседі (мысалы, аласа қайың), сосын тундра орманды тундрамен алмасады. Тундраның фаунасы жұтаң: солтүстік бұғысы, ақ түлкі, шұбар тышқандар мен сұр тышқандар, сонымен қатар құстар кездеседі. Жәндіктерден маса көп. Омартқалылардың көпшілігі қыста тундрадан кетеді (қоныс аударады немесе әлдеқайда жылы жақтарға ұшып кетеді. Теңіздер мен мұхиттарға жақын жерлерде орманды тундра мұхиттық шалғынға ауысады.

Қоңыржай белдеу
ормандары

   Орманды тундрадан оңтүстікке қарай қоңыржай зона ормандары басталады; алдымен қылқанжапырақты (тайга), сосын – аралас, және соңында, жалпақ жапырақты. Оңтүстік жартышардағы аумақтарды мұхит алып жатыр. Қоңыржай белдеудегі ормандар Еуразия мен Солтүстік Американың өте үлкен аумағын қамтиды. Климат бұл жерде әлдеқайда жылы, түрлерінің алуан түрлілігі тундраға қарағанда бірнеше есе көбірек. Сортаң топырақта ірі ағаштар – қарағай, шырша, самырсын, балқарағай; оңтүстікке қарай емен, шамшат, қайың өседі. Жануарлардан жыртқыштар (қасқыр, түлкі, аю, сілеусін), тұяқтылар (бұғы, қабан), әнші құстар, жәндіктердің жекелеген топтары кездеседі.

Дала

   Қоңыржай белдеу ормандарын орманды дала мен дала алмастырады. Климат жылырақ әрі қуаңшылық бола бастайды. Топырақтардан қаратопырақ пен құба топырақ көбірек таралған. Астық тұқымдастар басым өседі, жануарлардан – кеміргіштер, жыртқыштар (қасқыр, түлкі, аққалақ), жыртқыш құстар (қыран, қаршыға), бауырымен жорғалаушылар (улы сұр жылан, абжылан), қоңыздар кездеседі. Далалық жердің көпшілік бөлігін ауылшаруашылық жерлері алып жатыр. Далалық жер АҚШ-тың орталық батысында, Украинада, Поволжье мен Қазақстанда таралған.

Қоңыржай шөлейт

   Далалық зонадан кейін қоңыржай шөлейт және шөл (Орта және Орталық Азия, Солтүстік Американың батыс бөлігі – Аргентина) зонасы орналасқан. Шөл дала климаты жауын-шашын мөлшерінің аздығымен, тәуліктік температура ауытқуының жоғарылығымен сипатталады. Шөл далада су айдыны тапшы, тек сирек жағдайда шөл даланы кесіп, ірі өзендер ағып өтеді (Хуанхэ, Сырдария, Әмудария). Фаунасы айтарлықтай алуан түрлілігімен ерекшеленеді, көпшілік түрлері қуаңшылық жағдайында тіршілік етуге бейімделген.

Субтропиктік орман

   Экваторға жақындағанда қоңыржай белдеу аяқталып, субтропиктер келеді. Жағалаудағы белдеуде (Жерорта теңізінің солтүстік жағалауы, Қырымның оңтүстік жағалауы, Таяу Шығыс, АҚШ-тың оңтүстік-шығысы, ОАР-дың қиыр оңтүстігі, Аустралияның оңтүстік және батыс жағалаулары, Жаңа Зеландияның Солтүстік аралы) мәңгі жасыл субтропиктік ормандар таралған; теңізден қашықта орманды дала (Солтүстік Америкада – шалғынды аймақ), дала және шөл дала (соңғысы – Оңтүстік Аустралияда, Жерорта теңізінің оңтүстік жағалауында, Иран мен Тибетте, Солтүстік Мексика мен ОАР-дың батыс бөлігінде) орналасқан. Субтропиктердің жануарлар әлемінде қоңыржай және тропиктік белдеулерде мекендейтін түрлер аралас кездеседі.

Тропиктік ылғалды орман

   Тропиктік ылғалды орман (Оңтүстік Флорида, Вест-Индия, Орталық Америка, Мадагаскар, Шығыс Аустралия) айтарлықтай дәрежеде жыртылған және плантация ретінде пайдаланылады. Ірі жануарлар жойылған. Батыс Үндістанда, Шығыс Аустралияда, Оңтүстік Америкадағы Парана бассейні мен Оңтүстік Африкада – неғұрлым құрғақ тропиктік саванна мен сирек орман зоналары таралған. Тропиктік белдеудің ең ауқымды зонасы – шөлдер (Сахара, Арабия шөлі, Пәкістан, Орталық Аустралия, Батыс Калифорния, Калахари, Намиб, Атакама). Малтатасты, құмдауытты, тасты және сортаң жерлердің үлкен аумағында шөптесіндер өспейді. Жануарлар әлемі көп емес.

Субэкваторлы ылғалды орман

   Субэкваторлық ылғалды ормандар Ганг аңғарында, Орталық Африканың оңтүстік бөлігінде, Гвинея шығанағының солтүстік жағалауында, Солтүстік Аустралияда және Мұхит аралдарында шоғырланған. Неғұрлым құрғақ аудандарда оларды саванналар алмастырады (Оңтүстік-Шығыс Бразилия, Орталық және Шығыс Африка, Солтүстік Аустралияның, Үндістанның және Үндіқытайдың орталық аудандары). Субэкваторлық белдеудің жануарлар әлемінің өкілдері – күйіс қайыратын жұптұяқтылар, жыртқыштар, кеміргіштер, құрт-құмырсқа.

89-сурет. Дүниежүзіндегі табиғи белдеулер

Геосергiту

   «Солтүстік полюс, экватор, Оңтүстік полюс»

   Жүргізушіні таңдаңдар. Жүргізуші оң қолымен төбені көрсетіп, оны «Солтүстік полюс» деп, мұрнын (қолымен ұстап) «Экватор», еденді – «Оңтүстік полюс», – дейді. Оқушылар оның қимылын қайталайды. Бірінші кезең орташа екпінмен жасалады. Одан кейін жүргізуші қолымен басқаны көрсетіп, бірақ басқасының атын атап, оқушыларды шатастыруға тырысады. Сыныптың міндеті – барынша дұрыс көрсету. Ойын екпінді арттыра отырып, бірнеше рет қайталануы мүмкін.

Биіктік белдеулігі аймақтары.

   Биіктік белдеулігі – бұл теңіз деңгейінен биіктігі артқан сайын таудағы табиғи ландшафт пен жағдайлардың алмасуы (99-сурет). Биіктік белдеулігін биіктеген сайын климаттың өзгеруімен түсіндіруге болады. Әр 1 км-ге көтерілген сайын, температура орташа алғанда 6°С-қа төмендейді.
   ​Әрбір табиғат зонасы өзінің биіктік белдеулігінің типімен сипатталады, белдеудің реттілігімен және биіктік шегарасымен сипатталатын өзінің белдеулік қатары болады. Таудағы алғашқы белдеу тау жүйесі орналасқан табиғат зонасына сәйкес келеді.

  • Мәңгі қар белдеуі – мұздықтар мен мәңгі қар белдеуі, таудағы ең жоғарғы зона. Мәңгі қар белдеуінің биіктігі 6500 м-ге жетеді (Анд және Орталық Азия), Арктика мен Антарктидада Дүниежүзілік мұхиттың деңгейіне жеткен соң, біртіндеп төмендейді. Белдеуде балдыр лар мен қыналардың кейбір түрлері тіршілік етеді және құстардың, кеміргіштер мен жәндіктердің аздаған түрі кездеседі.
  • Таулы-тундра белдеуі мәңгі қар және альпі белдеулерінің арасында орналасқан. Бұл белдеуге қытымыр қыс пен ұзаққа созылмайтын салқын жаз тән. Өсімдіктерден мүктердің, бұталар мен қыналардың алуан түрін кездестіруге болады.
  • Альпі белдеуі – бұл ормандар мен қисық ағашты ормандар шегінен жоғары, биік таулы белдеу. Тасты сусымалар мұнда бұталармен алмасып отырады.
  • Субальпілік белдеу (таулы-шалғынды) – суальпі шалғыны сирек ормандармен алмасып отыратын зона. Мұнда биік шөптер мен аласа бұталар, тұнық орман мен жатаған шөптер шалғыны өседі.
  • Таулы-орманды белдеу – ең ылғалды белдеу, мұнда орман ландшафтысы басым болады.
  • Шөл-дала белдеуі – бұл құрғақ климатты шөл мен дала белдеуі.
99-сурет. Биіктік белдеулігі

   Ойлан!

  • Биіктік белдеулігінің таралуындағы заңдылықты түсіндіріңдер: тау қаншалықты биік болса, табиғат зоналары жиынтығы да соншалықты көбірек болады.

   Геодерек

   Жапонияда көшелердің атауы жоқ.

   Биосферамен байланысты мамандықтар: ботаник, зоолог, эколог, қорықшы т.б.

   Негізгі түсініктер

  • Табиғат зоналары – ландшафтысы, жануарлар мен өсімдіктер әлемі ұқсас өте ірі табиғат кешендері.
  • Биіктік белдеулігі – бұл теңіз деңгейінен биіктігі артқан сайын таудағы табиғи ландшафт пен жағдайлардың алмасуы.

Ойыңды тұжырымда

  1. Қандай табиғат зоналары бірнеше климаттық белдеулерге тән және себебі неде?
  2. Сен тұратын аймақ қандай табиғат зоналарының шегінде орналасқан? Жылу мен ылғал режіміне қандай өсімдіктер мен жануарлар бейімделген?
  3. Биіктік белдеулігін үлестіруде белгілі бір заңдылық бар: экваторға қаншалықты жақын болса, таудағы биіктік белдеулігі соншалықты алуан түрлі болады. Осыны ескере отырып, биіктік белдеулігінің ең үлкен жиынтығына ие тау жүйесінің рейтингісін жасаңдар. Олардың тізімі 10-параграфта келтірілген.
Өтінемін күте тұрыңыз