Су апаттары

Cабақтың мақсаты:

  • Жергілікті компоненттердің негізінде табиғи су апаттарын алдын ала ескерту жолдарын ұсыну.

Мақсатқа жету үшін:

  • Қауіпті гидрологиялық құбылыстардың не екенін;
  • Қауіпті гидрологиялық құбылыстар қалай жіктелетінін;
  • Қауіпті гидрологиялық құбылыстарды алдын ала ескерту туралы  білуіміз керек.

Гидрологиялық апаттардың түрлері

   Қауіпті гидрологиялық апаттардың туындауы құрлықтағы су нысандарымен байланыста болады. Бұл – түрлі табиғи жағдайлардың әсерінен туындайтын оқиғалар, олар адам өміріне қауіп төндіріп, қоршаған ортаға және шаруашылық нысандарға зақым келтіреді.
   ​Барлық қауіпті гидрологиялық құбылыстар іс жүзінде белгілі бір жерлерде көрініс береді.
   ​Қауіпті гидрологиялық құбылыстардың туындау себебін және сипатын білу:

  • олардың кейбірінің алдын алуға немесе олардың қиратушылық әсерінің күшін азайтуға;
  • зардаптарын жою бойынша іс-шараларға алдын ала әзірленуге;
  • тұрғындардың дұрыс, ойланып қадам жасауын анықтауға мүмкіндік береді.

   Мұндай қауіпті құбылыстармен күресте шығынның алдын алу немесе айтарлықтай азайту үшін алдын ала жүргізілетін сақтық шараларының, сонымен қатар қажетті ақпарат алудың маңызы зор.
   ​Табиғи қауіптер ешқашан толықтай жойыла алмайды. Бұл адамзат баласының қоршаған ортаны өзінің тіршілігі мен дамуының көзі ретінде тұрақты түрде пайдалануына байланысты.
   ​Табиғи гидрологиялық қауіптер, өзара бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан басқа да табиғи үдерістермен жағымсыз жалғасуы мүмкін. Жер сілкінісі сел жүруін, тасқын су басуын, көш көшкінін туындатуы мүмкін. Көптеген жағдайда теңіз дауылдары, дауыл, шаңды құйын нөсерге, тасқын су басуға, сел жүруіне ұласуы мүмкін. Қатты ыстық құрғақшылыққа ұласады. Мұндай түрткіжайттар туралы мәліметтер 12-кестеде берілген.

   Бұқаралық ақпарат құралдарынан материалдармен танысыңдар және осы жазбаларда әр жылдың қандай кезеңі көрініс тапқанын анықтаңдар.

03.04.2014

   Қарағанды облысында табиғи апат күшеюін жалғастыруда. Аймақтағы ауылдардың бірінде су тасқыны бір табын жылқыны түгелдей ағызып əкетті. Нұра өзені күтпеген жерден арнасынан шығып кетті. Су мен мұз сеңі жақын маңда жайылып жүрген жүзден астам жылқыны басып қалды.

05.05.2015

   Тасыған судан 2015 жылдың сəуір айында облыстағы 9 ауданның елді мекендері, сонымен қатар Қарағанды, Теміртау жəне Шахтинск қалалары зардап шекті. Жалпы алғанда 2107 үй су астында қалды. Олардың 1087-сі Бұқар жырау ауданында.

03.04.2016

   Қарағанды облысында 2-сəуір мен 4-сəуір аралығында бірқатар өзендерде су деңгейінің көтерілуіне байланысты су тасуы жəне аумақты су басу қаупі туралы алдын ала хабарланды. Шет ауданының Мойынты кентінде жергілікті өзеннің су деңгейінің көтерілуіне байланысты су басу қаупі туындады.

14.04.2017

   Қарағанды облысының төрт ауылында мұздың бірден еруі салдарынан тұрғын үйлерді су басып қалуда, құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіріп жатыр. Қарағанды облысы тасқын судың астында қалуда. Нұра жəне Шерубайнұра өзендеріндегі мұздың бірден еруіне байланысты Бұқар жырау ауданына үлкен көлемде су тасқыны келіп жеткен.

  • иә
  • жоқ
  • иә
  • жоқ

Тасқынның масштабына әсер етуші түрткіжайттар

Тасқын түрі

Су деңгейінің ең жоғары деңгейге көтерілу
​шамасына әсер етуші түрткіжайттар

Су тасу

  • көктемгі еру басталар алдындағы қар жамылғысындағы су қоры;
  • су таситын кезеңдегі атмосфералық жауын-шашын;
  • көктемгі қар еру басталарға қарсы күзде-қыста ылғалданған топырақ;
  • топырақтағы мұзды қабыршақ;
  • қардың еруінің қарқындылығы;
  • өзен бассейнінің ірі тармақтарының су тасу кезіндегі толқындарының тіркесуі;
  • бассейннің көлділігі, батпақтануы және ормандануы

Тасқын түрі

Су деңгейінің ең жоғары деңгейге көтерілу
​шамасына әсер етуші түрткіжайттар

Тасқын, сел

  • жауын-шашын мөлшері, олардың қарқындылығы, ұзақтығы, қамту аумағы;
  • алдын ала жауған жауын-шашын;
  • топырақтың ылғалдылығы және су өткізгіштігі;
  • бассейннің жер бедері;
  • өзен еңістігінің шамасы;
  • тоңданудың болуы және тереңдігі.

Тасқын түрі

Су деңгейінің ең жоғары деңгейге көтерілу
​шамасына әсер етуші түрткіжайттар

Сеңнің тоқтауы, кептелуі

  • су ағысының жерүсті жылдамдығы;
  • арнасында тарылулардың, қайраңдардың, шұғыл бұрылыстардың, аралдардың және т.б. кедергілердің болуы;
  • мұз басу, мұз сөгілу кезеңіндегі ауа температурасы;
  • жер бедері

Тасқын түрі

Су деңгейінің ең жоғары деңгейге көтерілу
​шамасына әсер етуші түрткіжайттар

Желқума

  • желдің жылдамдығы, бағыты мен соғу ұзақтығы, судың көтерілуі мен қайту уақытына сәйкес келуі;
  • су бетінің еңістігі мен өзеннің тереңдігі;
  • теңіз жағалауынан қашықтығы;
  • суқоймасының орташа тереңдігі және конфигурациясы;
  • жер бедері

Тасқын түрі

Су деңгейінің ең жоғары деңгейге көтерілу
​шамасына әсер етуші түрткіжайттар

Су бөгеті жарылған кездегі су басу

  • су бөгеті жармасындағы су деңгейі сарқырамасының шамасы;
  • бөгет бұзылған сәтте суқоймасына толған судың көлемі;
  • суқоймасы мен өзен түбінің еңістігі;
  • бөгеттің бұзылған жерінің өлшемі мен уақыты;
  • бөгеттен бастапқы арақашықтық;
  • жер бедері

   Геосергiту

   «Келісемін/Келіспеймін»

   Жүргізуші сайлаңдар. Ол осы өткен тақырыпқа қатысы бар тұжырымдарды айтады. Онымен келісетін болсаңдар, үш рет қол шапалақтап, келіспейтін болсаңдар – үш рет аяқтарыңмен жерді тарсылдатасыңдар.

   Қауіпті гидрологиялық құбылыстардың жіктелімі

   Гидросфера жағдайының өзгеруімен байланысты орын алатын төтенше жағдайлар:

  • су ресурстарының сарқылуы, адамның іс-әрекеттерінің биосфераға әсерінен (суқоймаларының тартылуы, суы аз өзендердің құрғап қалуы, көлдердің құрғауы және т.б.), ормандарды кесу, мал жайылымының реттелмеуі, мелиорация желісін мұқият ойланбай дамыту және т.б. салдарынан орын алады;
  • суға қажеттіліктің күрт артуы (өнеркәсіп орындарының су тұтынуы жыл сайын 5–7%-ға артады, тұрмыстық қажеттіліктер мен ауыл- шаруашылығында су шығыны көбейеді);
  • су көздерінің бастырмалата ластануы.

   2040 жылдарға қарай 600 миллион бала су тапшы аудандарда тіршілік ететін болады. Қазір 36 елде «су тапшылығына байланысты төтенше жоғары деңгей мәселесі» бар. Қазіргі уақытта 5 жасқа толмаған балалар таза судың жетіспеуінен және санитарлық жағдайлардың нашарлығынан туындаған диареядан көз жұмуда. Сонымен қатар бес жастан кіші 156 миллион бала үшін судың жетіспеушілігі олардың психофизикалық дамуының тежелуіне әкеліп отыр.
   ​Құрғақшылық, тасқын және қарулы қақтығыстар, соның нәтижесінде су инфрақұрылымы зақымданып жатыр. Осының бәрі су мәселесін қиындатуда. Айрықша күрделі мәселе Нигерияда, Сомалиде, Оңтүстік Суданда және Йеменде орын алуда.

   Құрлық суларының гидрологиялық режиміне қатысы бар төтенше жағдайлар

   1. Су тасу – көктемгі қар еруі салдарынан максималды ағынға байланысты болатын тасқын су басу. Олар өзендегі су деңгейінің айтарлықтай және едәуір ұзақмерзімді көтерілуімен ерекшеленеді. Мерзімді уақытта белгілі бір маусымда қайталанып отырады. Қалалар мен елді мекендер үшін су басу және су астында қалу деген түсініктер бар.

  • Су басу зонасы
  • Апатты су басу зонасы
  • Су деңгейінің көтерілуі

   2. Тасқын – қарқынды жауған жаңбыр мен қардың еруі салдарынан орын алған су тасқыны. Ол қарқынды, салыстырмалы түрде қысқа мерзімді су деңгейінің көтерілуімен сипатталады және жылдың түрлі маусымдарында бірнеше мәрте қайталануы мүмкін.

  • Апатты тасқын

   3. Үлкен бөгеттің әсерінен туындайтын тасқын, көбінесе, қыстың басында немесе соңында мұздың кептелуі мен сең жүруі кезінде орын алады.

  • Кептелу
  • Сеңнің тоқтауы

   4. Желқума тасқын дауылды және күшті желдің әсерінен туындайды. Мұндай құбылыстар ірі өзендердің теңізге құяр сағасында, сонымен қатар ірі көлдер мен суқоймаларында орын алады. Желқума тасқындардың туындауына басты себепші күшті әрі ұзаққа созылатын жел (жел жылдамдығы әдетте 25 м/с-қа жетеді және кейде одан асып кетеді), ол жылдың кез келген уақытында орын алады.

   5. Су бөгетінің бұзылуына байланысты орын алатын су тасқыны. Үлкен аумақты су басуға және жолында кездескен нысандардың қирауына немесе зақымдануына әкелетін су толқыны түзіледі.

88-сурет. Тасқын су
  • мамыр
  • сәуір

   2017 жылы БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар қорының баяндамасында сипатталған оқиға параграфтағы мәтінде келтірілген қиындықтың қай тобына жатады?

   Су тасқынының салдары және келтіретін шығыны

   Су тасқынының қауіпті зардаптары:

  1. Аумақты, ауылшаруашылығы жерлерін су басу, ғимараттар мен құрылыстардың бұзылуы, олардың сапасының төмендеуі.
  2. Жағалауының шайылуы.
  3. Инженерлік құрылыстардың (көпір, туннель, газ құбырлары, мұнай құбырлары, автокөлік және теміржолдар, бөгет, плотина, байланыс құралдары және т.б.) бұзылуы және зақымдануы.
  4. Кәсіпорындар жабдықтарының зақымдануы және бұзылуы.
  5. Электрлік сымдар мен шоғырсымдарының үзілуі және қысқа тұйықталуы салдарынан өрт туындауы.
  6. Қауіпті табиғат құбылыстарының қайталай туындауы:
    • құлау, батпақ көшкіні, сел, сарғыш топырақтың шөгуі және т.б.;
    • химиялық, радиоактивтік ластану нәтижесінде аумақтың биологиялық зақымдануы;
    • адамдар мен жануарлардың инфекциялық аурулары;
    • ауылшаруашылық алқаптарынан топырақтың едәуір құнарлы қабатын көшіру (топырақ эрозиясы) және т.б.

   Су тасқыны зардаптарын бағалау кезінде қолданылатын көрсеткіштер:

  1. Су тасқыны орын алған аймақта болған тұрғындардың саны (құрбан болғандар саны; жарақат алғандар саны; баспанасыз қалған тұрғындар саны және т.б.).
  2. Су тасқыны құрсаулаған аймаққа тиесілі елді мекендердің саны.
  3. Су тасқыны болған аймақта қалған түрлі шаруашылық салалары нысандарының саны.
  4. Су басқан, бұзылған және зақымданған көпірлер мен туннельдердің саны.
  5. Ауылшаруашылық жерлерінің су басқан ауданы.
  6. Өлген малдардың саны.
  7. Шаруашылықтың түрлі салаларына келген зардаптың шамасы.

   Су тасқынынан келген зиян тікелей және жанама зияндар деп бөлінеді (13-кесте). Тікелей және жанама зиян әдетте 70 және 30% арақатынасында болады.

Су тасқынынан келетін тікелей
​және жанама зияндар

Тікелей келтірілетін зиян

Жанама келтірілетін зиян

  • тұрғын және өндірістік ғимараттардың, автокөлік жолдары мен теміржолдың, электр берілісі, байланыс желілерінің зақымдануы мен бұзылуы және т.б.;
  • малдардың өлімі мен ауылшаруашылығы дақылдары түсімінің жойылуы;
  • шкізаттың, жанармайдың, азық-түлік өнімдерінің, жем-шөптің, тыңайтқыштың жойылуы мен бұзылуы және т.б.;
  • тұрғындар мен материалдық құндылықтарды уақытша көшіруге жұмсалатын шығындар;
  • топырақтың құнарлы қабатының ша йылуы және құм мен балшық араласқан топырақтың ағып келуі.
  • зардап шеккен аудандарға азық-түлік өнімдерін, құрылыс материалдарын, малдарға жем-шөп жеткізуге және пайдалануға жұмсалатын шығындар;
  • өнім өндірудің азаюы және шаруашылық салаларының даму қарқынының тежелуі;
  • тұрғындардың өмір сүру жағдайының нашарлауы;
  • аумақты тиімді пайдаланудың мүмкін болмауы;
  • ғимараттарды қалыпты жағдайда ұстап тұруға жұмсалатын амортизациялық шығындардың артуы.

   Төтенше жағдайларды алдын ала ескерту

   Төтенше жағдайларды алдын ала ескерту – алдын ала өткізілген және төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, шығын көлемі мен материалдық шығындарды азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені.

   Оларға мыналар жатады:

  • ғылыми зерттеулер, бақылаулар, жағдайға қадағалау жүргізу, төтенше жағдайлардың туындауына әкелуі мүмкін апат, қирау, қиындық туындау қаупі туралы алдын ала болжау және хабарлау;
  • төтенше жағдайлар туралы ақпараттарды білуді насихаттау, тұрғындар мен мамандарды оқыту, сақтандыру іс-шаралары.

   Қауіпті, зиян мен шығынды мүмкіндігінше азайту үшін төмендегі іс-шаралар жүзеге асырылуы қажет:

  • гидротехникалық және инженерлік-геологиялық қорғаныс іс-шаралары;
  • байланыс және көлік жүйелерін жетілдіру.

   Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою

   Қауіпті гидрологиялық құбылыстар туындаған кезде тұрғындарды қауіпті аймақтардан уақытша көшіру жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Мекемелердің материалдық-техникалық ресурстары жұмыла кіріседі. Апат орын алған нысанның жұмысы уақытша тоқтатылады немесе кідіртіледі. Адамдар мен жүктердің қозғалысына шектеу қойылады, апаттан құтқару жұмыстары жүзеге асырылады, қоғамдық тәртіп пен нысандарға күзет орнатылады. Шұғыл медициналық көмек қызметі күшейтіледі. Апаттан құтқару қызметі құтқару және апаттан қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін қажетті техникамен, арнайы жабдықтармен, құралдармен және аспаптармен қамтамасыз етіледі. Тұрғындардың, қоршаған ортаның және шаруашылық нысандарының қорғанысын қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві алдын ала құрылады.

   Пекин, 2017 ж. 4-шілде

   Төменде бұқаралық ақпарат құралдарынан алынып берілген материалды оқыңдар және анықтаңдар:

  • су тасқынының қауіпті зардаптары;
  • су тасқынының зардаптарын бағалау кезінде қолданылатын көрсеткіштер;
  • су тасқынынан келетін тікелей және жанама зияндар;
  • су тасқынын алдын ала ескерту бойынша атқарылатын іс-шаралар;
  • төтенше жағдайларды жою бойынша атқарылатын іс-шаралар.

   Ұзақ уақыт жауған жаңбыр мен сел салдарынан туындаған су тасқыны Қытайдың 11 провинциясында 56 адамның өліміне себепші болды. 22 адам із-түссіз жоғалғандардың қатарында екендігін сейсенбі күні ҚХР азаматтық әкімшілік министрлігі хабарлады.
   ​Бұрындары БАҚ елдің сегіз оңтүстік провинциясында 33 адамның қаза тауып, 15 адамның жоғалғандығы туралы хабарлаған болатын.
   ​Бұл жағдай 11 провинцияның 61 қаласында орын алған деректер 29 маусымнан бергі кезеңді қамтиды. Чжэцзян, Аньхой, Цзянси, Хубэй, Хунань, Гуандун, Сычуань, Гуйчжоу, Юньнань, орталық бағыныстағы Чунцин қаласы мен Гуанси-Чжуан автономды ауданы апатты аймақтар қатарында.
   ​Апат салдарынан 27 мыңнан астам үй су астында қалып құлағаны, шамамен 37 мың ғимараттың зақымданғаны туралы хабарланды. 759 мың гектардан астам ауылшаруашылық жері зардап шекті.
   ​Қытайдың орталық үкіметі дүйсенбі күні апат салдарын қайта қалпына келтіру үшін 20 провинцияға 1,88 миллиард юань бөлді.
   ​Су тасқыны мен көшкін 11,08 миллионнан астам адамның өміріне әсер етті. Тікелей экономикалық залал 25,27 миллиард юань шамасында бағаланды (3,72 миллиард АҚШ доллары).
   ​Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, толассыз жауған жаңбырдың нәтижесінде сенбі күні Хунань провинциясының Нинсян уезінде көшкін жүріп, 9 адам құрбан болып, тағы да 19 адам жарақат алған. Іздеу-құтқару операциялары төрт күнге созылды, үйінді астында қалған адамдар бар-жоғы әзірге белгісіз.

   Геодерек

   Орта Атлант суасты тау жотасы – Жер бетінде ең ұзын тау тізбегі. Оның ұзындығы 18 мың километрден асады. Жота Атлант мұхитын бойлай орналасқан.

   Ойыңды тұжырымда

  1. «Су тасқыны» тақырыбы бойынша интеллект-карта әзірле және оны сынып алдында таныстыр.
  2. Су тасқынының өздерің тұратын аймақта орын алатын аумағын, су нысандарының атауын, себебін, мезгілін, мүмкін болатын зардаптары мен залалын, алдын ала ескерту және зардаптарын жою бойынша өткізілетін іс-шаралардың жоспарын көрсете отырып, су тасқынының мүмкін болатын барлық қаупін анықтаңдар. Өздерің қалаған түрде нәтижелерін көрсетіңдер. Ол картасызбадан және графиктік модельден тұру қажет.
Өтінемін күте тұрыңыз