Көлдер мен мұздықтар

Cабақтың мақсаты:

  • Жоспар бойынша көлдер мен мұздықтарды сипаттау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Көлдердің негізгі сипаттамаларын;
  • Гидрологиялық режимі бойынша көлдер қалай бөлінетінің;
  • Жер шарының ірі көлдерін;
  • Мұздықтардың негізгі сипаттамаларын білуіміз керек.

Көлдер

   Сендер көлдің анықтамасымен, қазаншұңқырының шығу тегі және көл суы бойынша көлдердің жіктелімімен таныс тыңдар. Осы сабақ барысында көлдердің басқа сипаттамаларымен танысатын боласыңдар.
   ​Жер шарындағы көлдердің жалпы ауданы – шамамен 2,7 млн км2, бұл құрлық бетінің 1,8%-ын құрайды. Көлдің қазаншұңқыры – бұл біршама деңгейге дейін су толған құрлық бетіндегі шұңқырлау жер. Қазаншұңқырдың су толған бөлігі арнасы деп аталады.

   Дәптермен жұмыс

  • Төменде берілген суретті дәптерлеріңе салыңдар және оған мәтіндегі сипаттамасына сүйене отырып, көл қазаншұңқырының жағалау аймағының элементтерін белгілеңдер.

Көл қазаншұңқырының жағалау аймағының элементтері (көлдің түбі мен жағалауы) 

Байырғы жаға

   Байырғы жаға – көл қазаншұңқырын айналасындағы қоршаған жерден бөліп тұратын жаға беткейі. Көлді барлық жағынан қоршап жатады. Көлдің байырғы жағасының іргесі толқындардың әсер ету шегінде жатыр.

Жиегі

   Жиегі – көлдің байырғы жағасының жоғарғы шегарасы, іргелес жатқан жер бетімен баурайының түйісу сызығы.

Жағалаулы

   Жағалаулы – судың әсеріне тек мерзімді түрде ғана: қатты толқын болғанда, тасқын кезінде және т.б. душар болатын құрғақ бөлікке, көл толқынының әсерінен пайда болған көл табанының саяз жері – суасты бөлігіне бөлінеді.

Жаға қайыры

   Жаға қайыры – жағалауының суасты бөлігінен басталып, Суасты суасты бөктеріне тіреледі.

Суасты бөктері

   Суасты бөктері – көл беткейі мен көл қазаншұңқырының су болған бөлігі – табаны арасындағы шегара.

   Көлдердің морфометриялық сипаттамалары

  • географиялық орналасуы (ендігі, бойлығы);
  • теңіз деңгейінен биіктігі (м);
  • көл ауданы – су айдынының ауданы;
  • жағалау сызығының ұзындығы – кемерінің ұзындығы, яғни көлдегі су бетінің құрлық бетімен қиылысу сызығы;
  • көлдің ұзындығы – жағалау сызығының бір-бірінен әлдеқайда алыс жатқан екі нүктесінің арасындағы ең қысқа арақашықтық, орташа ені – ауданының ұзындығына қатынасы;
  • көлдің аумағы – су толы қазаншұңқырының аумағы;
  • орташа тереңдігі – су массасы көлемінің ауданына қатынасы;
  • ең терең жері тікелей өлшеулер арқылы анықталады.

   Картамен жұмыс

   Физикалық картада өз таңдауларың бойынша көлдердің бірін зерттеңдер. Ол бойынша қандай морфометриялық сипаттамасын анықтауға болады?

   Геосергiту

   Көзге арналған «Жер жүзінде» жаттығуы

   Қарашығыңды шегіне дейін көтеріп, солтүстікке қара (жоғары) да, көзқарасыңды бір секундқа кідірт. Сосын оны шегіне дейін шығысқа ауыстырып (оңға), бір секунд ұстап тұр. Сосын оңтүстікке бұр (төмен) да, көзқарасыңды бір секундқа кідірт, содан кейін көзқарасыңды тірелгенше солға бұрып, 1 секунд ұстап тұр. Көзің үнемі ашық тұруы қажет. Жаттығу сағат тілінің бағыты бойынша 10 рет және керісінше тура сондай мөлшерде орындалады.

   Көлдердің жіктелімі

   Су теңгерімі бойынша көлдер ағынды және ағынсыз болып бөлінеді.

  • Ағынды – көбінесе өзен түрінде ағысы бар көлдер түрі;
  • Ағынсыз – жер үстінде ағысы жоқ немесе көршілес су жиналатын жерлерге судың жерастынан бұрылуы болмайтын көлдер түрі.

   Химиялық құрамы бойынша көл сулары төмендегідей бөлінеді:

  • тұщы (1 г/кг-ға дейін);
  • ащылау (1-ден бастап 25 г/кг-ға дейін);
  • тұзды (25-тен 50 г/кг-ға дейін);
  • тұздық (50 к/кг-нан артық).

   Тұздық болып табылатын сулар, негізінен жер астында тереңде жатады, алайда өте тұзды көлдер де болады, мысалы, Өлі теңіз.

   Көлдердің қоректенуі, яғни судың су айдынына түсуі жолдары бірнешеу:

  • ыза сулармен және жерасты суымен қоректену;
  • атмосфералық жауын-шашын арқылы;
  • көлге өзендер мен жылғалардың суы келіп қосылуынан;
  • атмосфералық ылғалдың сұйыққа айналуы арқылы.
Өлі теңіз

   Балқаш көлінің батыс жағының суының минералдылығы 0,74 г/л, ауызсу және өнеркәсіптік қамсыздандыру үшін қолданылады. Шығыс жағының тұздылығы 3,5-тен 6 г/л-ге дейін. Балқаш көлі бойынша жалпы орташа минералдылығы 2,94 г/л. Батыс жағының суы сарғыш сұр реңкке ие, ал шығыс жағының суы көкшіл түспен көк жасыл түске дейін өзгеріп тұрады, бұл ғарыштық түсірілімдерде байқалады.

  • тұщы
  • ащылау
  • тұзды
  • тұздық

   Картамен жұмыс

  • Картаны пайдалана отырып, дүниежүзінің кем дегенде үш ағынды және ағынсыз көлдерін атаңдар.
  • Тақырыптық карта бойынша минералдылық дәрежесі әртүрлі көлдер үшін шартты белгілер қойыңдар.
  • Кескін картада тұздылық режимі бойынша анықталған Балқаштың батыс және шығыс жағын шартты белгілермен белгілеңдер.

   Ойлан!

  • Көлдер мен өзендердің қоректену режимінде қандай ұқсастық бар?

   Көл суы деңгейінің ауытқуы

   Көл суының деңгейі келесі табиғи шарттар жиынтығымен анықталады:

  • көлдің су теңгерімінің кіріс (көл айдынына түсетін жау ыншашын, жерүсті тармағы, жерасты тармағы) және шығыс (булану, көлден шығатын жерасты және жерүсті суағары) бөліктерінің арасындағы арақатынаспен;
  • көл тостағаны мен көл қазаншұңқырының морфометриялық сипаттамасымен (көлдегі су тұру биіктігі мен оның су айдынының ауданы арасындағы арақатынас);
  • көлдің өлшемімен, оның пішінімен, жағалауларының сипаттамасымен, толқынның өлшемін, деңгейінің желкөтерме және желшегермесін анықтайтын жел әрекетінің сипаттамасымен.

   Көл деңгейінің ауытқуы маусымдық, жылдық және қысқамерзімді болып, үш негізгі түрге бөлінеді.
   ​Табиғи көлдер деңгейінің ауытқу амплитудасының абсолюттік мәндері едәуір үлкен шеңберде өзгереді. Ондаған сантиметрден 2–4 м-ге дейін және жоғарыда аталған шарттар үйлесіміне байланысты одан да көп болады.

   Көлдің термиялық режимі

   Көлдегі су температурасының өзгеру кезеңдері:

  1. Көктемгі жылыну кезеңі – көлдегі су температурасы өзгеруінің алғашқы кезеңі – көл суы күн жылуын тікелей қабылдай бастаған, яғни мұз жамылғысының бетіндегі қар еріген сәттен басталады. Көктемгі жылыну кезеңі, көл суының барлық жеріндегі температура 4°С- қа жеткен кезде аяқталады.
  2. Жазғы жылыну кезеңі. Көлдегі су температурасы өзгеруінің екінші кезеңі – көлдегі судың беткі қабатының температурасы 4°С-қа жеткен кезден басталады.
  3. Күзгі салқындау кезеңі. Көлдегі су температурасы өзгеруінің үшінші кезеңі – су атмосфераға жылу бере бастаған және көлдегі су температурасы біртіндеп төмендей бастаған сәттен басталады. Бұл кезеңде атмосфера температурасы су температурасынан төмен болады.
  4. Судың қысқы суыту кезеңі. Көлдегі су температурасы ауа температурасынан төмен болатын, көлдегі су температурасы өзгеруінің төртінші кезеңі. Су температурасы 0°С-қа жеткен кезде, су қата бастайды да, мұз жамылғысы пайда болады.

   Ойлан!

  • Қандай климат белдеуінде орналасқан көлдердің температурасында айтарлықтай ауытқу болмайды?

   Дүниежүзіндегі ірі көлдер

Көл сипаттамасының жоспары

   Көлдердің жиынтық сипаттамасын жасау үшін географ-лимнологтер (көлтанушылар) төмендегідей жоспар әзірледі. Білімің молая келе, жоспарды толықтыруға болады.
  1. Көл атауы, топонимика ерекшеліктері.
  2. Географиялық сипаттамасы (көл ортасы бойынша координаттар өзен жүйесі, өзен бассейні).
  3. Көл қазаншұңқырының сипаттамасы.
    • Көл қазаншұңқырының генезисі (шығу тегі).
    • Қазаншұңқырдың морфологиясы (жағалауы, террасалары, көл жайылмасы, таяздық, аралдар, қара сулар).
    • Жағалау сызығының сипаттамасы мен ұзындығы.
    • Көл табанының орналастырылуы.
  4. Көлдің морфометриялық сипаттамасы (көлемі, ауданы, ұзындығы, ең үлкен және орташа ені, орташа және ең терең жері).
  5. Көлдің температуралық режимі. Жыл маусымы бойынша температуралық режимнің ерекшелігі.
  6. Жалпы минералдылығы.
  7. Көлдің табиғи ресурстарын заманауи пайдалану және шаруашылық мақсатта қолданудың болашағы.

   Еуропа: Имандра, Сайма, Венерн, Веттерн, Женева, Боден, Балатон, Ладож, Онеж, Чуд, Белое, Ильмень, Охрид.
   ​Азия: Севан, Каспий теңізі, Арал теңізі, Балқаш, Ыстықкөл, Зайсан, Телец, Өлі теңіз, Лобнор, Кукунор, Таймыр, Байкал, Ханка.
   ​Африка: Альберт, Виктория, Мверу, Ньяса, Рудольф, Тана, Чад, Эдуард.
   ​Аустралия: Эйр, Герднер, Торренс, Гомункул.
   ​Солтүстік Америка: Атабаска, Үлкен Аюлы, Үлкен Невольничье, Үлкен Тұзды, Жоғарғы, Виннипег, Гурон, Мичиган, Никарагуа, Онтарио, Эри.
   ​Оңтүстік Америка: Маракайбо, Поопо, Титикака, Мар-Чикита, Лагоа-Мирин, Патус, Буэнос-Айрес.

   Мұздықтар. Мұздықтардың табиғаттағы рөлі

   Жер бетіндегі мұздықтар табиғи үдерістер барысында маңызды рөл атқарады. Суды жинай отырып, мұздықтар табиғаттағы су айналымына қатысады. Жер шарындағы көптеген құбылыстарға – ғаламшардың жылулық теңгеріміне, мұхит суларының температурасы мен тұздылығына, тау өзендерінің ағысына әсер етеді.

   Мұздықтардың пайда болуының алғышарты – жер бедері және климат. Олар пайда болған жерде суық ауа температурасы басым болып, жауын-шашын көбінесе қар түрінде түсуі қажет, жаз мезгілі осы жинақталған қар еріп кететіндей ыстық болмауы тиіс. Осындай жағдайлар қолайлы жер бедерінің пішінінде ұзақ уақыт сақталса, мұздықтар түзілуі мүмкін. Егер жер бедері жазық, ойыс немесе аздаған дөңес пішінді болса, мұндай жерлерге қар жинақталады. 25-параграфта айтылғандай мұздықтар қардың шегінен жоғары жерлерде пайда болады. Қардың шегарасы/қардың шегі – атмосфералық жауын-шашынның жинақталуы оның еруі мен булануынан басым болатын биіктік.
   ​Қардың шегінен жоғарыда қардың қабаты қалың болып жинақталады да, өзінің төменгі бөлігінде біртіндеп мұзға айналады. Жаңадан түскен қар (ρ- 100 кг/м3-ге дейін) жинақтала келе, еріген және қарға сіңген судың қатуы есебінен жоғарыда жатқан қабаттардың қысымымен тығыздалады да, қиыршық қарға (ρ- 200–400 кг/м3), сосын сіре болып қатқан қарға (ρ- 650 кг/м3) айналады. Сіре болып қатқан қар жоғарыда жатқан қар қабатының қысымымен тығыздалып, алдыменақ фирндік (тығыздалған, мұзға айналып бара жатқан көпжылдық қар қабаты), сосын мөлдір көкшіл түсті глетчерлік (кәдімгі) мұз түзіледі.
   ​Қар шегінен жоғарыда орналасқан мұздық бөлігі қоректену аймағы, ал оның төменгі бөлігі мұз шығын аймағы деп аталады (86-сурет).
   ​Қатқыл атмосфералық жауын-шашын – мұздықтың негізгі қоректену көзі. Сонымен қатар оның қоректенуіне жаңбыр, бұрқасын тасымалдайтын қар, қар көшкіні, қырау, қатқақ қатысады.
   ​Шығын – мұздың еруі, булануы, опырылуы, қарды желдің ұшыруы, мұзтаулардың бөлінуі (Арктика мен Антарктика мұздықтары үшін) жолымен мұздық массасының кішіреюі. Мұздықтардың шығынында күн радиациясы мен атмосфералық ауа жылуының әсерінен қар мен мұздың еруі басты рөл атқарады. Буланудың шығындағы рөлі үлкен емес. Мұздықтың төменгі бөлігі әлдеқайда жылы жер бетімен жанасқандықтан, оның еруі мен массасын жоғалтуы орын алады. Сонымен қатар мұздықтың еріген қар суымен жанасуы да оның еруіне әсер етеді.

86-сурет. Мұздықтың қоректену және шығын аймағы
  • Қосымша ақпарат көздерінің көмегімен бір модельде (өз қалауың бойынша) материктің тау жүйесіндегі оның ең биік нүктесі орналасқан қар шегінің биіктігін көрсетіңдер.
  • Материктердегі биік тауларды биіктігінің төмендеу реті бойынша орналастырыңдар.

   Мұздықтардың түрі

   Құрлықта мұздықтар жамылғы және тау мұздықтары болып бөлінеді (87-сурет).
   ​Жамылғы мұздықтар аса қуатты болады және құрлықтың үлкен аумағын жауып жатады, бұған Антарктиданың мұз жамылғысы мысал бола алады.
   ​Қазіргі кездегі мұз басқан ауданның 98,5%-ын жамылғы мұздықтар құрайды. Олардың пішіні күмбез немесе қалқан түрінде жалпақ-дөңестеу болады, сондықтан да мұзды қалқан деп аталады.
   ​Тау мұздықтары өлшемінің едәуір кішілігімен және пішінінің көптүрлілігімен ерекшеленеді. Олар таудың басында орналасады, аңғарлар мен тау баурайындағы төмендеу жерлерді алып жатады. Тау мұздықтары барлық ендіктерде экватордан бастап полюс тік аралдарға дейін кездеседі. Таудағы қар шегарасының биіктігі Жердегі жылудың таралуына байланысты болады. Бәрінен биік тау мұздықтары тропиктік ендіктерде – 5,5–6 км, бұл ауаның құрғақтығына және жауын-шашын мөлшерінің аздығына байланысты.
   ​Мұздық ауырлық күшінің әсерінен жылына бірнеше метрден 200 км-ге дейінгі жылдамдықпен жылжуы мүмкін. Мұздықтың жылыстауы – арнасы бойынша қоректену аймағынан мұздықтың шетіне қарай мұздың сырғанауы. Жылдамдығы мұздық қуатына, арнасының еңістігіне, температураға, уақытқа және мұздықтағы суға байланысты болады.
   ​Мұздықтардың негізгі сипаттамаларына: ауданы, ұзындығы, биіктік жағдайы, қалыңдығы, көлемі, мұздықтың салмағы, үсті мен арнасының сипаттамасы, температуралық режимі жатады.

Арктиканың жамылғы мұздықтары
Хан Тәңірі массивінің тау мұздығы

87-сурет. Мұздық түрлері

   Геодерек

   Кейбір елдер мен қалалардың бейресми атаулары бар. Жапония – Күн шығыс елі. Корея Республикасы – Таңғы самал елі. Ұлыбритания – Тұманды Альбион. Франция – Марианна. Нью-Йорк – «Үлкен алма». Рим – «Мәңгілік қала». Лима – «Мәңгі көктем қаласы». Санкт-Петербург – «Солтүстік Пальмира».

   Негізгі түсініктер

  • Байырғы жаға – көл қазаншұңқырын айналасындағы қоршаған жерден бөліп тұратын жаға беткейі.
  • Жиегі – көлдің байырғы жағасының жоғарғы шегарасы, іргелес жатқан жер бетімен баурайының түйісу сызығы.
  • Жағалаулы – судың әсеріне тек мерзімді түрде ғана: қатты толқын болғанда, тасқын кезінде және т.б. душар болатын құрғақ бөлікке, көл толқынының әсерінен пайда болған көл табанының саяз жері – суасты бөлігіне бөлінеді.
  • Жаға қайыры – жағалауының суасты бөлігінен басталып, суасты бөктеріне тіреледі.
  • Суасты бөқтері – көл беткейі мен көл қазаншұңқырының су болған бөлігі – табаны арасындағы шегара.
  • Қардың шегарасы/қардың шегі – атмосфералық жауын-шашынның жинақталуы оның еруі мен булануынан басым болатын биіктік.
  • Мұздықтың жылыстауы – арнасы бойынша қоректену аймағынан мұздықтың шетіне қарай мұздың сырғанауы.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Көлдердің ерекшеліктері қандай тәжірибелік мақсаттарда есепке алынады? Кем дегенде 3 мысал келтіріңдер.
  2. 22 және 26-параграфтарда өтілген терминдер мен түсініктерді пайдалана отырып, өздерің тұратын өлкенің көлдері туралы айтып беріңдер.
  3. 22 және 26-параграфтардың материалдары бойынша өз қалауларыңмен «Көлдер» және «Мұздықтар» тақырыбына оқулықтың айқара бетінің прототипін әзірлеңдер. Бір айқара бет – бұл оқулықтың ашылған екі беті. Негіз ретінде А4 пішінді 2 парақ қағаз алуға болады. Айқара бетте тақырыптың атауы, түсіндірме мәтін (теория), мысалдар мен нақты деректер келтірілген қосымша мәтін, иллюстрациялар мен тапсырмалар болуы қажет. Айқара бетті толтырғаннан кейін оны сыныптастарыңа тексеруге беріп, олардың айтқан ескертпелері бойынша түзету енгізіңдер. Бұл тапсырманы компьютерде орындауға және электронды түрде көрсетуге болады. Орындаған жұмыстарыңды сынып алдында таныстырыңдар.
Өтінемін күте тұрыңыз