Өзендердің гидрологиялық режимі

Сабақтың мақсаты:

  • Қазақстандық компонентті қосымша қамти отырып, өзендердің гидрологиялық режимін түсіндіру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Өзендер қалай қоректенетінін;
  • Өзен режимі қалай анықталатынын;
  • Әлемнің өзендері режим бойынша қалай бөлінетінін;
  • Жер шарының ірі өзендерін білуіміз керек.

   Өзеннің қоректенуі

   Өзендердің қоректенуі – өзенге түрлі көздерден судың келуі (ағын су). Өзеннің қоректенуінің басты типтері:

  1. Жаңбыр суы – экваторлық белдеудегі барлық және субэкваторлық, тропиктік және субтропиктік белдеулердегі көпшілік өзендерге тән.
  2. Қар суы – қоңыржай және субарктикалық белдеулерге өзендер үшін негізгі қоректену көзі.
  3. Мұздықтан – арктикалық және антарктикалық белдеулер мен биік таулар үшін.
  4. Жерасты суы (ыза су) – қоңыржай континенталды зоналардағы аймақтар үшін, тауалды өзендері үшін.
  5. Көл – ірі көлдерден бастау алатын өзендер үшін (Ангара, Нева, Маккензи және басқалары).
  6. Аралас – жаңбыр, қар, жерасты сулары қоңыржай белдеу көптеген аймақтары мен муссондық аймақтар үшін.

   Қоректену типінің әрқайсысы таза күйінде іс жүзінде кездеспейді, көбінесе аралас тип жиі ұшырасады. Қар, жаңбыр және мұздықтар – бұл қоректену көздерінің шығу тегі бір атмосфералық жауын-шашындар. Түсетін сұйық жауын-шашынның бір бөлігі белгілі бір жағдайда жерүсті ағысын түзеді және тасқын кезінде өзендердің қоректенуінің тікелей көзі болады. Қатқыл жауын-шашын жер бетінде қар жамылғысы түрінде шоғырланады. Жазық жерлерде және биік тауларда қыс бойы жинақталып қалған қар күн жылынғанда еріп, ол да өзендердің қоректену көзіне айналады. Тым биік тауларда кейбір жылдарда жинақталған қардың барлығы ерімейді. Олар мәңгілік қар қорын толықтырып, мұздықтың түзіле бастауына себепші болады.
   ​Ыза сулардың көпшілік бөлігі де жерге біршама тереңдікке сіңетін атмосфералық жауын-шашынның, батпақ, көл, суқоймасы мен өзен суының есебінен түзіледі.
   ​Төрт қоректену көзінің әрқайсысы үшін үш градация бар:

  1. «Бірыңғай дерлік». Негізгі қорек көзінде жылдық ағынның 80%-ынан астамы бар, қалған қорек көздері есепке алынбайды.
  2. «Айрықша» – егер негізгі қорек көзіне тиесілі жылдық ағынның үлесі 50-ден 80%-ға дейін құраса.
  3. «Басым» – негізгі қорек көзінің үлесі 50%-дан аспайды.
  • өйткені жер бедері климаттық белдеудегі өзеннің орналасу жағдайына байланысты
  • өзендерге түрлі көздерден судың келуі климат жағдайларына тікелей байланысты.

   Гидрологиялық режим

   Гидрологиялық режим – бұл физикалық-географиялық жағдайлар. Ең алдымен климаттық жағдайлар себепші болған уақыт ішіндегі және кеңістіктегі өзен күйінің қайталанбалы заңды өзгерістері.
   ​Жылдың түрлі маусымдарында өзен суы ағынының негізгі сипаттамасы өзгереді. Мұнда уақыт ішіндегі өзгерісі өрнектеледі. Өзен ағымының түрлі жерлерінде су ағыны келесі жеріндегіге қарағанда ерекше болуы мүмкін. Ондай кезде кеңістіктегі режимінің өзгерісі өрнектеледі.
   ​Кез келген өзен гидрологиялық жинақтың көмегімен сипатталуы мүмкін. Онымен мектепке судың шығынын (ағыс режимін), су деңгейін (деңгейлер режимін), су температурасын (термиялық режимді), мұзды құбылыстарды (мұз режимі) зерттейді.
   ​Өзеннің су режимі су шығынымен және ағындысымен сипатталады. Шығын – бұл өзен арнасы бойымен бір секунд ішінде ағып өтетін су мөлшері. Әдетте шығын бір секундтағы текше метрмен өрнектеледі (м3/с). Ұзақ уақыт – ай, маусым, жыл бойғы су шығыны ағын деп аталады. Жылдық ағын – бұл өзеннің бір жыл ішінде ағызып өтетін су мөлшері. Қоректенуіне байланысты өзендегі су мөлшері жыл бойы өзгеріп отырады.
   ​Бұл өзгерістер өзендегі су деңгейінің ауытқуында байқалады.
   ​Cу деңгейі – салыстыру жазықтығының кейбір тұрақтыларына қатысты есептелетін су бетінің биіктігі.
   ​Өзеннің жылдық су режимінде әдеттегі деңгейі қайталанатын кезеңдер болады. Оларды саба, су тасу, тасқын деп атайды.
   ​Су тасу – бұл жыл сайын бір маусымда қайталанатын біршама ұзаққа созылатын және өзендегі су мөлшерінің айтарлықтай көбеюі. Су тасу еріген қар және жаңбыр суларынан пайда болады. Жазық жердегі қардың еруі көктемгі су тасуды, биік таудағы қар мен мұздықтардың еруі, сонымен қатар ұзақ уақыт және қатты жазғы жаңбыр (мысалы, муссондық климаты жағдайында) – жылдың жылы кезіндегі су тасуды (яғни көктемгі-жазғы немесе жаздағы су тасу) туындатады.
   ​Тасқын – қарқынды, әдетте судың шығыны мен деңгейінің қысқамерзімді көтерілуі, жаңбыр немесе еріген қар суынан туындайды. Бір реттік тасқын және өзенде тасқындар легі орын алғанда тасқын кезеңі болып бөлінеді.
   ​Су тасу (көктемгі, сондай-ақ жазғы) кезінде көбіне өзен жайылмасын су басады. Апатты жағдайларды қоспағанда, жайылманы су басу – әдеттегі, тұрақты жағдай және сондықтан да тұрғындар мен шаруашылық үшін күтпеген жағдай бола алмайды. Су тасудан айырмашылығы – тасқын әдетте тұрақты емес және алдын ала болжау қиын. Сондықтан күтпеген кезде орын алатын су тасу апатты зардаптарға әкеліп соқтырады.

   Cаба – жерасты сумен қоректену басым болған кезде, өзендегі су тұруы ең төмен болады. Суық климат жағдайында кішігірім өзендер қыста кейде түбіне дейін қатып қалуы мүмкін. Құрғақ климат жағдайында кішігірім өзендер жазғы сабада құрғап қалуы мүмкін.
   ​Өзен суы режимінің маусымдық өзгеруін сипаттау үшін әдетте жыл бойғы су шығыны өзгерісінің графигін (гидрограф) жасайды немесе оларды талдау үшін алын ала әзірленген гидрографтарды пайдаланады.

   Гидрограф – уақыт аралығында өзендегі немесе басқа су ағынындағы бір жыл, бірнеше жыл немесе жылдың бір бөлігі (маусым, су тасу немесе тасқын) ішіндегі су шығынының өзгеру графигі. Ордината осіне шығынның мәнін, ал абсцисса осінде – айларды көрсетеді. Су шығынының мәндері оларды сызықтармен қосады.

Су режимі бойынша
​өзендердің жіктелімі

   Ғалым Б. Д. Зайков ТМД аумағындағы барлық өзендерді үш топқа бөлді:

  1. Көктемгі су тасу орын алатын өзендер. Бұл топтың ішінде қазақстандық типтегі өзендер ерекшеленеді, оларға айқын байқалатын қысқамерзімді су тасу мен жылдың қалған бөлігінде, тіпті толық құрғап қалуға дейін орын алатын құрғақ саба тән.
  2. Жызғы су тасу мен тасқын болатын өзендер.
  3. Тасқын режимі бар өзендер.

   Геосергiту

   «Географиялық лимон»

   Жүргізуші масштабы бойынша маңызды географиялық нысанды, құбылысты немесе үдерісті атайды. Қолдарыңды төмен түсіріп, «оң қолымда шырынын сығып алу қажет лимон бар», – деп ойлаңыз. Шырынның орнына сендер ол туралы барлық танымал сапалы сипаттамаларды «сығып шығаруларың» қажет. «Лимонды сол қолдарыңа ауыстырып», одан барлық танымал сандық сипаттамаларын «сығып шығарыңдар».

   Өзендердің термиялық режимі

   Өзендегі су температурасы климатқа тәуелді болады.   
   ​Өзендердің термиялық режимі, негізінен күн радиациясынан келетін жылу теңгерімімен анықталады. Судың қызуы мен салқындауы баяу жүреді және оның массасына тәуелді болады; судың массасы қаншалықты аз болса, бұл үдеріс соншалықты жылдам жүреді. Су мен ауа температурасының жылдық жүрісі бір-біріне жуықтау, өйткені олар күн радиациясына тәуелді.
   ​Жылулық режимі бойынша өзендерді үш негізгі зоналық типке бөледі: 1) температураның маусымдық ауытқуынсыз тұрақты жылы сумен: Амазонка, Конго, Нигер және басқалары; 2) су температурасының маусымдық ауытқуы бар, алайда қыста қатпайтын: Сена, Темза және т.б.; 3) маусымдық температура ауытқуы жоғары болатын, қыста қататын: Волга, Амур, Макензи және басқалары.

Конго
Сена
Волга

   Өзеннің мұздық режимі

   Мұздық режим – су нысандарында заңды түрде қайталанатын мұзды түзілістердің туындау, даму және сөгілу үдерістерінің жиынтығы. Мұздық режим сипаттамасы бойынша барлық өзендер үш үлкен топқа бөлінеді: 1) қататын; 2) мұз қатуы орнықсыз; 3) қатпайтын. Қоңыржай климат жағдайында өзендер, әдетте, қыста қатады. Мұндай өзендерде үш сипатты кезең орын алады: 1) қату, немесе күзгі мұз құбылыстары; 2) мұз қату; 3) сөгілу немесе көктемгі мұз құбылыстары (85-сурет). Өзеннің қатуы мен мұзының сөгілуі ауа температурасы 0ºС-тан асқаннан соң бірнеше күннен кейін орын алады.
   ​Өзендердің мұздық режимінің негізгі сипаттамаларына мыналарды жатқызады:

  • мұздың қалыңдығын;
  • мұз қату мен мұз сөгілу кезіндегі су деңгейін;
  • мұз сөгілу кезіндегі мұздықтардың өлшемін;
  • жылымдардың, кептелістердің, сеңнің тоқтауының, қызылсулардың түзілген орны.
Судың күзде қатуы
Қыстағы мұз қату
Көктемгі мұздың еруі
  • Көктемгі су тасу орын алатын өзендер
  • Жазғы су тасу мен тасқын болатын өзендер
  • Тасқын және тасқындар легі орын алатын өзендер
  • Суы үнемі жылы болып, мұз қатпайтын өзендер
  • Суы температураның ауытқуына байланысты суыйтын, алайда мұз қатпайтын өзендер
  • Температураның өзгеруіне байланысты қыста қататын өзендер

   Ойлан!

  • Адамның тіршілік әрекетіне мұз қататын өзендердің беретін мүмкіндіктері мен кемшіліктерін бағалаңдар.

   Дүниежүзінің ірі өзендері

   Көптеген географиялық тақырыптарды оқыған кезде сендерге өзендерді сипаттау дағдысын қолдану қажет болады.

Өзендерді сипаттау жоспары

  1. Өзеннің атауы.
  2. Географиялық орналасуы.
  3. Бастауын қай жерден алады? Қайда құяды?
  4. Қандай бағытта ағады?
  5. Ағыс сипатының жер бедеріне тәуелділігін түсіндіріңдер.
  6. Ұзындығы.
  7. Сол және оң жақ тармақтары.
  8. Қоректенуі және өзен режимі.
  9. Өзен режимі қандай және ол климатқа қалай тәуелді?
  10. Шаруашылықта пайдаланылуы.
   Картада өзендер бастауынан бастап сағасына дейін ағыс бағыты бойынша көрсетіледі. Сипаттау жоспарына сәйкес өзенді көрсеткенде түсіндірмелер беріледі.

   Географияны оқып үйрену барысында сендер дүниежүзіндегі ірі өзендер жайында білетін боласыңдар. Олардың тізімі төменде берілген.
   Еуропа: Волга, Дунай, Орал, Днепр, Дон, Печора, Днестр, Рейн, Солтүстік Двина, Эльба, Висла, Батыс Двина, Темза, Сена, Рона, По, Луара, Тахо, Маас, Неман, Одра, Эбро, Дуэро.
   Азия: Обь (Ертіс, Тобыл), Енисей, Ангара, Хатанга, Лена, Яна, Индигирка, Колыма, Амур, Аракс, Әмудария, Сырдария, Шу, Іле, Шатт-эль-Араб, Үнді, Ганг, Брахмапутра, Иравади, Меконг, Хуанхэ, Янцзы.
   Африка: Замбези, Конго, Лимпопо, Ніл, Көгілдір Ніл, Атбара, Нигер, Оранжевая.
   Аустралия: Муррей, Маррамбиджи, Дарлинг, Купер-Крик, Флиндерс, Дайамантина.
   Солтүстік Америка: Атабаска, Колорадо, Колумбия, Макензи, Миссисипи, Арканзас, Миссури, Огайо, Невольничья, Рио-Гранде, Саскачеван, Святой Лаврентий, Юкон.
   Оңтүстік Америка: Амазонка: (Мараньон, Укаяли, Тапажос, Мадейра); Риу-Негру, Магдалена, Парана, Парагвай, Сан-Франсиску.

   Картамен жұмыс

  • Қосымша ақпарат көздерінің және картаның көмегімен өз таңдауларың бойынша өзендердің біріне сипаттама жасап көріңдер. Сәйкесінше түсіндірме бере отырып, оны картадан көрсетіңдер.

   Геодерек

   Қазақстан Республикасының География институты өз жұмысын 1938 жылдан бастады. Институт гидрологияны, гляциологияны, геоморфологияны, ландшафттану, картографиялауды халықаралық деңгейге дейін жетілдірді. География институты экологиялық мәселелерді шешуге және табиғатты тиімді пайдаланудың географиялық негіздерін әзірлей отырып, республикамыздың табиғи-ресурстық әлеуетін бағалауға қатысады.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Қандай тәжірибелік мақсаттар үшін есепке алынады:
    • өзеннің су режимі;
    • өзендердің термиялық режимі;
    • өзендердің мұздық режимі қандай тәжірибелік мақсаттар үшін есепке алынады?
  2. Картаның және қосымша ақпарат көздерінің көмегімен дүниежүзінің өзендерін төменде көрсетілген топтар бойынша бөліңдер:
    • басым қоректенуі бойынша;
    • су режимі бойынша;
    • жылу режимі бойынша;
    • мұздық режимі бойынша.
  3. Өзеннің гидрологиялық режимдері (қоректенуі, деңгейі және су температурасы, мұз қатуы) мен:
    • тропосферадағы температураның жылдық жүрісі;
    • жауын-шашынның жылдық жүрісі;
    • жер бедері араларында қандай тәуелділік бар?
    • ​Әрбір тармақ бойынша кем дегенде үш дәлел мен мысал келтіріңдер.
  4. Алған білімдерің мен дағдыларыңды есепке ала отырып, өз өңірлеріңдегі ірі өзеннің гидрографиялық сипаттамасын жасаңдар. Мәтіндік сипаттаумен қатар, сипаттамада өзен жүйесі мен бассейнінің картасызбасы, гидрограф болуы тиіс.

Климат типі

Өзен

Өзеннің қоректенуі

Өзеннің су режимі

Өзеннің термиялық режимі

Өзеннің мұздық режимі

1

Экваторлық

  

  

  

  

  

2

Субэкваторлық

  

  

  

  

  

3

Тропиктік

  

  

  

  

  

4

Субтропиктік

  

  

  

  

  

5

Қоңыржай

  

  

  

  

  

6

Субарктикалық

  

  

  

  

  

7

Арктикалық

  

  

  

  

  

Өтінемін күте тұрыңыз