Материктер климатының ерекшеліктері

Сабақтың мақсаты:

  • Әртүрлі материктерде орналасқан ұқсас климаттық белдеулерді салыстыру.

Мақсатқа жету үшін:

  • Климаттық картаны қалай оқу және жасау қажеттігін;
  • Климатограмманы қалай оқу және жасау қажеттігін;
  • Материктер климатын салыстыру жоспарын;
  • Түрлі материктердегі ұқсас климаттық белдеулерде орналасқан аумақтарды салыстыру жоспарын білуіміз керек.

   Ұқсас климаттық белдеулерді салыстыру тәсілдері

   § 1.2-де сендер салыстырмалы-географиялық тәсілді өттіңдер.

   Екі ұқсас климаттық белдеулерді салыстыру – екі (және одан көп) белдеулердің түрлі қасиеттерін (ұқсастықтары, айырмашылықтары, артықшылықтары мен кемшіліктері) сандық немесе сапалық тұрғыдан салыстыру үдерісі. Ол екі операциядан тұрады: алдымен ұқсастықтары, сосын айырмашылықтары анықталады. Егер екі компоненті де болса, салыстыру толық жасалды делінеді, тек біреуі ғана болса, демек, толық емес.
   ​Ортақ белгілері бар климаттық белдеулерді салыстыру қажет. Салыстыру олардың едәуір маңызды ерекшеліктері бойынша жүргізілуі тиіс. Алдымен сапалық, сосын сандық ерекшеліктерін салыстыруға кеңес беріледі. Тек содан кейін ғана екінші дәрежелі белгілерін салыстыруға болады.
   ​Түрлі материктерде орналасқан ұқсас климаттық белдеулерді салыстыру үшін олардың физикалық-географиялық сипаттамалары, климаттық карталар мен климатограммалар қолданылады.

  • климаттық карталар
  • климатограммалар
  • физикалық-географиялық сипаттамалар
  • картографиялық тәсіл
  • тәжірибелік тәсіл
  • салыстырмалы-географиялық тәсіл

   Климаттық карталар

   Климаттық картада қандай да бір аумақтың географиялық жағдайы бойынша анықталған көпжылдық күн райы режимі сипатталады (67-сурет). Ол белгілі бір кезең – ай, мезгіл, жыл ішіндегі күн радиациясының таралуын, температураны, қысымды, ылғалдылық пен жел режимін, атмосфералық құбылыстар мен басқа да климаттық көрсеткіштерді суреттейді. Климаттық карталар көпжылдық мәліметтер (бірқатар бақылаулар) бойынша орташа, төтенше, басым болған көрсеткіштерді, сол көрсеткіштердің жиынтық мәндерін, олардың ауытқу шегін, қайталануын, орын алатын мерзімдерін, сақталу ұзақтығын және т.б. көрсетеді. Климаттық аудандастыру карталарында климаттың типтері бейнеленеді.
   ​Климаттық карталар мазмұны бойынша тіптен алуан түрлі. Олардың ішінде жекелеген метеорологиялық элементтердің карталары үлкен топ құрайды, онда мыналар бейнеленеді:

  • күнге, айға, маусымға, жылға немесе басқа да аралықтарға қатысты орташа ауа температурасы;
  • температураның орташа мәннен, сондай-ақ осы немесе басқа да уақыт мерзіміне есептелген мәннен ауытқуы;
  • өзіне тән температурасы бар кезеңнің басталатын, аяқталатын күндері және ұзақтығы (мысалы, аязсыз кезеңнің ұзақтығы, температура +10°С-тан жоғары болатын кез, вегетациялық кезең және басқасы);
  • жел және ауа қысымы;
  • ауа ылғалдылығы және булану;
  • тұман, бұлттылық, найзағай;
  • түрлі уақыт кезеңдеріне есептелген жауын-шашын мөлшері (қатты және сұйық) т.б.

   Климаттың карталарында әрқашан да түрлі графиктер беріледі. Олар қисық сызықтар, бағаналы немесе сызықты диаграммалар, кешенді және нүктелі графиктер, сонымен қатар құрылымдық диаграммалар болуы мүмкін. Графиктік материалдың көмегімен климаттың лайықты карталарының мазмұны картадан алуға болмайтын мәліметтермен толықтырылады. Бұл температураның, ауаның салыстырмалы ылғалдылығының, жауын-шашынның және басқалардың уақыт ішіндегі ағымы (үзіліссіз) болуы мүмкін.

67-сурет. Климаттық картаның көрінісі

   Климатограмма

   Климат типтерін салыстырудағы ыңғайлы құрал – климатограмма. Климатограмма – қандай да бір жердің айлық орташа температурасының жылдық ағымы мен жауын-шашынның айлық қосындысы көрсетілетін график (68-сурет).
   ​Климатограмма он екі тік жолақтан тұратын график – онда айлар санмен, нөмірмен немесе бастапқы әріптерімен көрсетіліп, төменгі жағына жазылады. Сол жағына температураның шәкілі, оң жағына – жауын-шашын мөлшерінің шәкілі жазылады, бұл шәкілдер тік масштабты береді.
   ​Орташа температуралардың нүктелерін сызықпен қосады. Нөлден жоғары температуралар қызыл түсті, нөлден төмен болса, көк түсті сызықпен біріктіріледі. Сызықтар қисық түрінде жүргізіледі.
   ​Климатты талдау үдерісінде зерттеушілер екі тапсырма орындауы мүмкін – мәтіндік мәліметтер бойынша графиктік материалдар тұрғызу және графиктік материалдардың деректері бойынша ауызша сипаттама жасау. Екі тәсіл де бірдей маңызды.

68-сурет. Климатограмма

   Климаттық белдеулер

   Тәжірибелі талдаушылар климатограмманы оқи отырып, температураның ауытқуы бойынша жоғары дәрежелі дәлдікпен климаттық белдеуді анықтай алады. Келесі заңдылықтарды айта кетуге болады:

  • егер жыл бойы температура +24–+26-ға тең болса, онда – бұл экваторлық белдеу;
  • егер +20-дан жоғарыда амплитуда t болмашы ғана (3–7 градус) болса, онда – бұл субэкваторлық белдеу;
  • егер амплитуда үлкен болса, бірақ қысқы температура +10-нан төмен түспейтін болса, онда бұл тропиктік белдеу;
  • егер қысқы температура нөл шамасында болса, +3–+5, онда бұл субтропиктер;
  • егер төмен температура пайда болса, онда бұл қоңыржай, субполярлық немесе полярлық белдеулер.

   Климат типін температура амплитудасы бойынша ғана емес, сонымен қатар жауын-шашынның мөлшері мен олардың түсу режимі бойынша да анықтауға болады:

  • егер жауын-шашынның жылдық мөлшері 2000 мм-ден көп болса – бұл экваторлық немесе теңіздік климат;
  • егер жыл бойы жауын-шашын көп түсетін, бірақ құрғақшылық болатын айлар да бар болса – бұл өтпелі-ылғалды климат;
  • егер жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 150 мм-ден төмен болса – бұл шөлейтті немесе шөлді климат;
  • егер де жазғы уақыттарда жауын-шашын өте аз, ал қыста – көп (жылдық орташа мөлшері 700-ден 1000 мм-ге дейін) болса, онда бұл жерортатеңіздік климат;
  • егер, керісінше қыс мезгілінде жауын-шашын аз, ал оның 2/3 бөлігі жазда жауатын болса, онда бұл – муссондық климат. Қоңыржай белдемде мұндай климатта жылдық мөлшері 800 мм-ден аспайды, ал субтропиктерде 1500 мм-ге жетеді.

   Ойлан!

  • Негізгі климаттық көрсеткіштерді картада және климатограммада көрсету арасындағы айырмашылық қандай?
  • климат типтерін салыстыру үшін климатограмманы қолдану тиімді
  • климат типтерін салыстыру үшін климаттық карталарды қолдану тиімді

   Геосергiту

   «Негізгі сөздерден коллаж»

   Сынып топтарға бөлінеді. Араластырылған бумадан жүргізуші әр топқа 5 карточкадан таратады, олардың әрқайсысына өткен тақырып бойынша негізгі сөздер жазылған. Әр топ олардан логикалық түрде үйлестірілген сөйлем құрауы тиіс.

   Материктердің климатын салыстыру

   Нақты бір материк шеңберінде Жердегі климаттың әртүрлілігін, әрбір климаттық белдеудің ерекшелігін түсіну үшін, салыстыру тәсілін қолданады. Материктердің климатын, әртүрлі материктерде, бірақ бір климаттық белдеудің ішінде орналасқан жер бетінің жекелеген бөліктерінің климатын, бір материктің ішінде бір климаттық белдеуде орналасқан аумақтың климатын салыстыруға болады.

Материктердің климатын салыстыру келесі жоспар бойынша жүргізіледі:

  1. Негізгі климат түзуші түрткіжайттар.
  2. Аумағында материк орналасқан климаттық белдеулер мен аймақтар.
  3. Климаттық белдеулердің сипаттамасы: атмосфералық қысым аймағы; басым болатын ауа массасы; қаңтар мен шілденің орташа температуралары; температура ауытқуының жылдық амплитудасы; жауын-шашын режимі мен мөлшері; маусымдық және тұрақты желдердің бағыты.
  4. Климаттың жалпы ерекшеліктері мен оның халықты орналастыруға және шаруашылықты дамытуға әсері.
  5. Қорытындылар (ұқсастықтары мен ерекшеліктері, олардың түсініктемесі).

Әртүрлі материктерде, бірақ бір климаттық белдеуде орналасқан аумақтардың климаттарын

салыстыру үшін сипаттаудың келесі жоспарын қолданған абзал.

  1. Аумақтың (материк бөлігінің, орографиялық бірліктің, физикалық-географиялық аймақтың) атауы.
  2. Географиялық орны.
  3. Климаттық белдеу.
  4. Климат типі.
  5. Қаңтар мен шілдедегі орташа температура.
  6. Жауын-шашынның жылдық мөлшері.
  7. Жауын-шашын режимі.
  8. Қорытынды (ұқсастықтары мен ерекшеліктері, олардың түсінік- темесі).

   Графикалық мәліметтерді ұсыну

  • Жоғарыда келтірілген жоспар бойынша бір солтүстік және бір оңтүстік материктің климатын салыстырыңдар. Салыстыру нәтижелерін кез келген көрнекі түрде немесе олардың амалдарын өз қалауың бойынша көрсетіңдер. Картографиялық материал мен климатограмма болуы міндетті.
  • Түрлі материктерде (солтүстік және оңтүстік), бірақ бір климаттық белдеуде орналасқан екі аумақты салыстырыңдар. Салыстыру нәтижелерін кез келген көрнекі түрде немесе олардың комбинациясын өз қалауларың бойынша көрсетіңдер. Картографиялық материал мен климатограмма болуы міндетті. Салыстыру қолайлы болу үшін төменде берілген кестені пайдалануға болады.

   Геодерек

   Қазақстандағы елді мекендердің типі:

  • 1 млн адамнан артық тұрғыны бар республикалық маңызы бар қалалар;
  • 50 мың тұрғыны бар облыстық маңызы бар қалалар; 
  • тұрғындарының саны 10 мың адам болатын аудандық маңызы бар қалалар;
  • кенттер – тұрғындарының саны 3 мың адам болатын қалаға іргелес жатқан немесе өнеркәсіптік кәсіпорын, құрылыс, теміржол стансысы, демалыс орны жанындағы елді мекендер;
  • ауылдар – тұрғындары ауыл, орман және аңшаруашылығымен, омарташылықпен, балық аулау кәсібімен, балық өсірумен айналысатын, тұрғындарының саны 50 адамнан кем болмайтын елді мекендер.

   Негізгі түсініктер

  • Климаттық картада қандай да бір аумақтың географиялық жағдайы бойынша анықталған көпжылдық күн райы режимі сипатталады.
  • Климатограмма – қандай да бір жердің айлық орташа температурасының жылдық ағымы мен жауын-шашынның айлық қосындысы көрсетілетін график.

   Ойыңды тұжырымда

  1. Материктердің морфометриялық көрсеткіштері белдеулердің морфометриясына қалай әсер етуі мүмкін? Мысал келтіріңдер.
  2. Жер бедері климаттық белдеудің конфигурациясын қалай өзгерте алады? Мысал келтіріңдер.
  3. Қалай ойлайсыңдар, географтар неліктен «Солтүстік материктердің климаты» және «Оңтүстік материктердің климаты» сөйлемін қолданады? Өз жауаптарыңды растайтын кем дегенде екі дәлел келтіріңдер.
  4. Бұл параграфта климаттың қандай заңдылықтары сипатталған?
  5. Климаттық көрсеткіштері көп жағынан сен тұратын елді мекеннің көрсеткіштеріне ұқсайтын жер шарының кем дегенде екі орнын атаңдар. Оларды айқындау тәсілдерін сипаттап беріңдер. Ұқсас жақтары мен айырмашылықтарын түсіндіріңдер. Олардың бар екендігіне дәлел келтіріңдер.
  6. Өздерің орындаған тапсырмалар мен сыныптастарың жүргізген зерттеулердің нәтижелері негізінде әрбір материктің климатына көрнекі таныстыру (өз қалауларың бойынша) жасаңдар. Нәтижесін сыныпта таныстырыңдар.
Өтінемін күте тұрыңыз